Күз айы басталған шақ. Жаз бойы жайқалған бақтың бояуы солғын тартқан. Сарғыш түске енген. Қызғылт түстер де баршылық. Жазғы қапырық, аптап ыстық атымен жоқ. Бұның бәрі дене тоңазытпас салқынмен алмасқан.

Ауылдың сыртындағы жоңышқалық қана жасыл реңін бермеген. Ыстыққа да, суыққа да төзімді жоңышқа күздің желімен ақырын толқиды.Жол жиегінде қалың өскен жантақтың гүлдері бүгінде қауызы жарылардай дәнге толған. Беріктің атасы түйелерін қолда ұстайды. Жантақтан жиналған пішен қысқы мезгілде түйе үшін таптырмас азық-ақ.

Дәл осы мезгілде атасы қолына шалғы ұстап, жантақты аса бір епті ұқыптылықпен сартылдата орып шығады.

Кепкен соң айырмен жинап, дестелейді.

Бүгін де Берікті ерте оятқан атасы:

– Тұр, балам. Жантақты таңғы шық уақытында арбаға тиеп әкелейік. Жапырақтары төгілмейді, – деді жайдары үнмен.

Берік төсегінен тұрды. Үйдің алдындағы сәкі үстінде жатқан ол балалыққа, еркелікке салынған жоқ. Естілік аңғартты.

– Тұрдым, ата.

Берік аула ішіне көз салды. Арба өзінің байырғы жайында қаңтарулы. Атасы жегілетін атты әлі әкелмепті.

– Ата, атты өзім әкелемін.

– Тұсауын шеше аласың ба? Кеше ұзаққа кетіп қалмасын деп, тұсауды қаттырақ байлаған едім.

– Шеше аламын, ата. Уайымдамаңыз.

– Жарайды, жарығым.

Торы ала ат қырдың еңісінде жайылып жүр екен. Қарны тырсиып, жақсылап тойыпты. Берік пен атасы жегілген арбаға мініп, жолға шықты. Күні кеше атасы екеуінің десте-десте етіп үйген жантақтары көзге алыстан көрінді. Жиналған он шақты дестеден ары қарай өте бере, атқа жегілген арбаны атасы тоқтатты.

Атасы дестеленген жантақты арба үстіне ыңғайластыра жинады. Берік оларды қалың табанымен тепкілеп баса берді. Кепкен десте жантақтар саны елуге таяу екен.

– Ата, қырық тоғыз дестені арбаға арттық, – деді үйілген жантақтың үстінен төменге қараған Берік.

– Жантағымыз жақсылап тиелді. Енді үйге қайталық, – деді атасы ат тізгінін өз қолына алып.

– Берікжан, сен шөмеленің үстінде отыра бер. Мен атты өзім жетектеп жүремін.

– Ата, жаяу жүріп шаршап қалмайсыз ба?

– Жоқ, балам. Шаршағаны несі?! Үй – әнеки.

Көзге көрініп тұрған жоқ па? Оның үстіне жаяу жүрген де тәнге шипа. Шаршамаймын, жаным. Атасының сөзімен бірге ту-у көкте тыраулаған тырналар тізбегі көзге көрінді. Тырау, тырау, тырау…

– Ата, тырналар тізбектеліп ұшып барады, – деді Берік арба үстінде емін-еркін жайғасқан күйі дауыстай сөйлеп.

Тырау, тырау, тырау… – бұл тырналар үні.

Тынымсыз тыраулап барады. Туған жермен, жаз бойы мекен еткен өлкесімен қоштасқандай мұңдана үн қатады. Бүтін бір тізбек осынау құнарлы топырақты қимай, тым-тым ұзаққа жол тартқандай.

– Күз де келді, мінеки. Тырналар да өз мекендеріне, жылы жаққа бет алды, – деді атасы көкке қараған күйі.

 

«Балдырған» журналы, №10
Қазан, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз