Жаздың күні. Аспан шайдай ашық. Жапырақтары жайқалған жасыл ағаштың қою көлеңкесінің астында бір топ бала асық ойнауда. Бәрі де ойынның қызығына батқан. Қолдарындағы қорғасын сақаларын шиырып, қаз-қатар тізілген асықтарды дәлдеп соғуда.

– Менің сақам керемет. Бүгін оңқай асықтарымның арасынан осы біреуін таңдап, өткір де үшкір пышақпен ойып, ішіне қорғасынды балқытып құйдым, – деді Сапар.

– Оңқай асық деген не? – деп сұрады қаладан ауылдағы атасына жазғы демалысқа келген немересі Әли.

– Оңқай асық алшы тұрғанда, қайырылған басы оң жаққа қарай бағытталады. Сол жаққа бағытталса, ондай асықты соңқай, кейде солаңқай асық деп те атайды.

– Тәйкесінің тұсын да әдемілеп егеулепсің ә? – деді Сәбит байқампаздық таныта оның қолындағы сақаны меңзеп.

– Иә, тәйке тұсы теп-тегіс болғандықтан, сонда ғана асық алшысынан мықтап тұрады, – деді Сапар.

Сапар осы сөзді Әлиге әдейі арнап айтқандай, көз жанарын оған қарата үн қатты.

– Дұрыс айтады Сапар, – деді Әлидің атасы немересінің асық жайлы түсінігі мен танымын нықтай түскісі келіп.

– Асықтың алшысы дегеніміз не, ата? – деді Әли.

Сапар Әлидің асық жайлы түсінігі мүлдем жоқ екенін байқағанымен, оны кемсіткісі келмеді.

– Не, соны да білмейсің бе? – деген ішкі ойы жылт ете қалғанымен, оны сыртқа шығармай, ойынның қызығына лезде берілді.

Асық ойыны қызғылықты болды. Бүгін, шыны  керек, Сапар жақсы ойнады. Асық тігіп ойнау барысында ол он шақты асықты ұтып алды. Солардың арасынан және бір асықты таңдап алды да:

– Мына бір асық маған өте ұнап тұр. Қолға ұстайтын мықты сақа болатындай екен. Бұны мен қызыл бояуға бояп, ішіне қорғасын құямын, – деді ол.

Сөйтті де, қалған асықтарының бәрін де екі уысына толтырып алды. Содан соң бәрі де үйді-үйлеріне қарай бет алды.

Әли мен атасы да өз үйлеріне қарай жүрді. Атасы осы жолы Әлиге көлемі алақандай бір қапшықтың ішіндегі асықтарды ұсынды. Бұларды өзі немересіне арнап, біраз уақыттан бері жинап жүрген еді.

Әли тосын сыйға қатты қуанды. Асықтарды қолына алып, әрбірін жеке-жеке ұстап, оларға едәуір уақыт бойы таңырқай қарады.

Атасы содан соң Әлиге асықтар жөнінде өзі білетін кейбір мән-жайларды тәптіштеп түсіндіре бастады.

– Балам, – деді ол немересіне, – әлгінде асық жайлы Сапар мен Сәбит айтқан біраз мәліметтерге қанық болдың.

– Иә, ата. Бірақ асықты көп ойнамағандықтан, балалар айтқан бүк, шік, тәйке, алшы деген сөздерді де онша ұғына алмадым, – деді Әли шын ниетпен.

– Асықтар тұрысына қарай алшы, тәйке деп аталады. Жатысына қарай бүк, шік дейді. Томпайып жатса – бүк, ал шалқайып жатса – шік болады, балам,– деді атасы. Сөйтті де, асықтарды өз қолымен алшысынан, тәйкесінен тұрғызды. Содан соң бүгінен және шігінен жатқызып көрсетті.

– Түсіндім, ата. Енді ешқашанда ұмытпаймын, – деді Әли.

Ертесіне Әли балалармен бірге асық ойнауға кірісіп кетті. Бірте-бірте асық ойынының тәсілдеріне бойы да үйренді. Тіпті, Сапар және Сәбиттермен бірге асықтардың арасынан сақа сайлауды да тап басып табатын болды.  Олармен  асыққа қорғасынды балқытып құюды да тез арада меңгеріп алды.

Ал бір қатарға тізілген асықтарды дәлдеп, өз сақасымен дөп тигізуі де, күн өткен сайын өзгелерден кем түскен жоқ.

Шымкент қаласы.
«Балдырған» журналы, №6
Маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз