Баяғыда бір кемпір мен шал өз күндерін өздері көріп жатыпты. Олардың бір пырылдауық мысығы болыпты. Бірде сол мысық күнге қыздырынып жатады. Шуақтың жанына жаққаны соншалық, ол рақаттана көзін жұмып мүлгіп жатыпты. Бір кезде дəп қасынан шыққан:

– Шық-шық! Шық-шық! – деген дыбысты естиді.

Көзін ашса, бір торғай маңында тұрған шылапшынның жиегіне отырып алып, əлденені шоқып жеп жатыр екен. Мысық дүр сілкініп, ширығып алады да, ұстап алса ғой деген құмарлығы қозып арқасындағы жүні дүрдиіп шыға келеді. Торғай шылапшынды жағалай секіріп-секіріп, оған тіпті жақындай түседі. Сол кезде мысық серіппедей атылып секіреді де, торғай əп-сəтте оның тырнағына ілігеді. Ол кəрі, əрі тіс қаққан торғай еді.

– Ақылды пырылдауық мысық, сен мені кез келген уақытта жей аласың ғой, бірақ, есіңе түсірші, бүгін таңертең оянған бетте жуынып па едің? – дейді торғай. Əрине, жуынбағаның көзіңнен көрініп тұр. Ақылды, жақсы пыр-пырлар жаңа күнді жуынудан бастайды, – дейді торғай.

Мысық шынында да таңертең жуынбағанын есіне түсіреді. Қайдағы бір торғайдың əдепке үйреткеніне жəбірленіп қалады, сонда да оның жөн сөзіне қалай қарсы тұруға болады?

Мысық торғайды тырнағынан босатып, шөптің үстіне жатқызады да, жуына бастайды. Тілімен табанын, сосын ол табанымен құлағының түбін, одан аяғын мұртына дейін апарып бүкіл бет-аузын сипалап, тазалықтың не екенін торғайға көрсеткісі келгендей жуына бастады. Ал торғай болса, мысықтың қалай жуынғанына қарап-қарап сəл отырады да, ұшып кетеді. Ақылды мысық оны байқап қалғанымен, тым кеш қалған еді. Уысында дəмді таңғы асы бар еді, ұшып кетті де жоқ болды.

Содан бері мысық тамақтанар алдында емес, тамақтанып болған соң ғана жуынатын болыпты. Ал оған қарап барлық мысық атаулы солай істейді екен.

 

Орыс тілінен аударған
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ.
«Балдырған» журналы, №6
Маусым, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз