Біздің балалардың робототехникаға қызығушылығы артып келеді. Республика деңгейін айтпағанда, халықаралық сайыстарда жүлдегер атанып жүргендері қаншама. Алматыда ұйымдастырылған робототехникадан оқушылар арасындағы III республикалық «IITU Robocon Games» чемпионаты сөзімізге дәлел.

Алматы қаласы мен Алматы облысының 15 мектебі қатысқан чемпионатқа «Шеврон» компаниясы қаржылай қолдау көрсеткен. Бұл жолғы жарыстың тақырыбы – «Жасыл ғаламшар». Алты ай бойы оқушылар ағаштарды отырғызатын автоматтандырылған және мехникалық робот жасап шығарды.

– Роботтар берілген уақыт ішінде ұяшыққа ағаштарды отырғызуы керек. Ағаш ретінде конустар пайдаланылды. Роботтар Arduino микробақылаушысы платформасында жасалынған. Ол әдеттегі LEGO EV3-ға қарағанда қиынырақ, – дейді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің маркетинг және PR департаментінің директоры Шыңғыс Қарабаев.

Makerspace Almaty шеберханасының тәрбиеленушісі Батырхан Қанатұлы механикалық роботымен мақтанды.

– Ол тез, өз функцияларын түгел орындайды. Екі ай бойы құрастырдық. Робот құрастыруға сенім мен төзім керек. Ол мың рет бұзылуы мүмкін, бірақ мың бірінші рет ойыңыздағыдай функция атқарып шығады, – дейді өзі.

Чемпионат қорытындысы бойынша III орынды Makerspace Almaty шеберханасының тәрбиеленушілері иеленіп, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне (ХАТУ) 25 пайыздық грант жеңіп алды. II орын бұйырған «Мирас» мектебі ХАТУ-да оқуға 50 пайыздық грантқа ие болды. Ал I орынды Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясының оқушылары жеңіп алып, ХАТУ-дың 100 пайыздық грантын иемденді. Жеңімпаз командаларға 3D принтерлер табысталды. Ұйымдастырушылар «IITU Robocon Games» чемпионатын халықаралық деңгейге шығаруға ниетті.

 

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №51
19 желтоқсан 2017 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз