Бұрын қазақша мультфильм жоқ дейтінбіз. Қазір балаларға арналған мультфильмдер ана тілінде түсіріліп жүр. Сондай-ақ әлемнің үздік туындыларын қазақ тілінде сөйлететін шаралар қолға алынған. Солардың бірі «Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен жүзеге асып келе жатқан «Өзіңнен баста» жобасы. Аталған жобаның мақсаты – Голливуд фильмдері мен мултьфильмдерін қазақ тіліне дубляждау. «Өзіңнен баста» жобасы қазақ тілін дамыту аясында «Болашақ» корпоративтік қорының төрағасы Бауыржан Байбектің ұсынысымен жасалып отыр. Бүгінге дейін «Көліктер», «Алиса айнаның арғы бетінде», «Батыл жүрек», «Жаңа өрмекші адам» мултьфильмдерін дубляждаған олар жақында тағы бір танымал мультфильмді қазақ тілінде сөйлетті. Ол «Монстрлар демалысы – 3» деп аталады. Бұл «Болашақ» қорының қазақ тіліне дубляждаған 25-фильмі.

«Ұлан» ұжымы «Монстрлар демалысы – 3» мультфильмінің алдын ала көрсетіліміне барып қайтты. Аталған туындының қазақша нұсқасы Астана және Алматы қалаларында әлемдік ресми премьерадан бір апта бұрын көрсетілді. Себебі, SONY PICTURES студиясы әлем бойынша өз фильмінің алғашқы премьерасын қазақ тілінде көрсетуге эксклюзивтік құқық берді. Осылайша, Адам Сэндлер мен Селена Гомездің басынан кешкен оқиғалары көрермендерге қазақ тілінде бірінші болып жол тартты. Мультфильм отандық кинопрокатқа қазақ және орыс тілінде шығады.

Екі сағатқа созылған киноның алдын ала көрсетіліміне жобаның идеялық жетекшісі Бауыржан Байбек, дубляждың бас демеушісі, BI Group холдингінің Президенті Айдын Рахымбаев, дубляж актерлері және мәдени, шығармашылық қауым өкілдері, блогерлер, жастар ұйымдары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері келді.

Мультфильмнің қазақ тіліндегі нұсқасы өте қызық. Қазақылықтың иісі аңқып тұр. Себебі «Монстрлар демалысы – 3» мультфильмінің құқық иелері қазақ аудармашыларына шығармашылық еркіндік берген. Басты кейіпкерлер Дракуланы қазақша сөйлеткен Нұркен Оттыев болса, Мэвис Назерке Серікболованың дауысымен сөйледі. Актер Дәурен Сергазин Джонниді қазақша сөйлетті. Дубляжға барлығы 30-дан астам актер қатысқан.

«Монстрлар демалысы – 3» анимациялық фильмінің сюжеті бойынша Дракула және оның достары Мэвистің ұйымдастыруымен үлкен, сәнді лайнерге мініп теңізге аттанады. Теңіздегі монстрлар круизі күтпеген оқиғаларға толы болады. Дракула жұмбақ та сұлу капитан адам Эрикаға ғашық болады. Мұны сезген қызы Мэвис бұл сапардың сұмдыққа айналатынын түсінеді. Өйткені Эрика барлық монстрлардың өміріне қауіп төндіретін қорқынышты құпияны білетін еді. Монстрлар құпияны ашу жолында көптеген шытырман жағдайларға тап болады және анимациялық фильмнің соңы күтпеген оқиғамен аяқталады.

Фильмнің қазақ тіліндегі дубляжының режиссері Айжан Жәмшитова дубляж процесінің өте қызықты әрі әсерлі болғанын айтады.

– Мультфильмді дубляждау барысында кейіпкерлерді қазақы көзқарастағы көрермендерге жатық етіп көрсетуге тырыстық. Дубляж жасау кезінде актерларға ешқандай жасандылықсыз дыбыстауға мүмкіндік бердік. Қарапайым сөйлемдерді образға сай фразеологизмдермен көркемдедік. Ағылшын тіліндегі түпнұсқамен салыстырып отырған адам оның қазақ тіліндегі нұсқасының сәл басқаша екенін аңғаруы мүмкін. Алайда бастапқы сюжеттен, негізгі ой мен идеядан ауытқыған жоқпыз. Дракула негізі түпнұсқада «Ла-ла-ла» деп әндетеді. Біз оны көрермендерімізге жақсы таныс «ләй-ләй-лім, хай-ләй-лім» деген мақаммен алмастырдық. Шындығында Дженнди Тартаковски балаларға өте қызықты, тәрбиелік мәні бар, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын тамаша туынды түсірген. Ал қазақ аудиториясы біз дубляждаған бұл туындыны жақсы қабылдап жатса, бұл – қазақ дубляжының жетістігі, – дейді Айжан Жәмшитова.

Бұрын әлемге танымал мультфильмдер алдымен орыс тіліне аударылып, орысшадан қазақшаға аударылатын. «Өзіңнен баста» жобасының аясында шетел туындылары бірден түпнұсқадан қазақ тіліне аударылатын болды. Сондықтан шығармашылық топқа қазақ тіліне еркін аударма жасауға мүмкіндік беріліп отыр. Осының арқасында туындыдағы оқиғаларға қатысты әзіл-қалжың, тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелдер қазақ тіліне, күнделікті қолданыстағы сөздерге ыңғайланып қолданылған. Мысалы, басты кейіпкер Дракуланың қазақтың «Хайләйлімін» «ләй-ләй-лім, хай-ләй-лім» деп шырқап тұрғаны қандай керемет! «Таспен атқанды аспен ат» деген қазақ мақалын фильмнің сюжетіне қалай үйлестіріп қолдана білген?!

– Бүгінгі көрсетілім біз үшін өте маңызды болды. Себебі қазақ тіліндегі көрсетілім әлемдік премьерадан бұрын өтті, бұл әлемдік студиялардың бізге деген жоғары сенімін білдіреді. Осылайша, SONY Pictures компаниясы қазақ тілін дамыту және дәріптеу бойынша «Өзіңнен баста» жобасына елеулі қолдау көрсетіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі уақытта «Кинематография туралы» заң жобасы бойынша жұмыстар қарастырылуда. Біз жұмыс тобының мүшелері ретінде қазақ тіліндегі сеанстарды кинотеатрларда көрермендерге ыңғайлы уақытта көрсетуге ынталандыратын жүйелік ұсыныстар енгіздік. Біз Sony мен Дисней сияқты киноиндустрия алыптарының Қордың қазақ тілін дамыту жобасына қолдау көрсеткеніне қуаныштымыз. Осы кезеңде Үкіметпен жұртшылықтың қолдауы біз үшін өте маңызды, – деді «Болашақ» Корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова.

P.S: Мультфильмнен шыққан соң «ұландықтар» шығармашылық топтың еңбегіне тәнті болып қайттық. Мұндай мультфильмді көрген соң жай қайтуға болмайды. Ой түйіп шығуға міндеттісің. Риза болуға да.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №29
17 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз