2012 жылғы әдебиет саласындағы сыйлығын қытай жазушысы Мо Иәнға беретін кезде Нобель комитеті оның шығармаларына «Галлюцинациялық (hallucinatory) реализді ел арасындағы аңыз-әңгімелермен, өткен тарихпен және бүгінгі өмірмен біте қайнастырып жібергені үшін» деп сипаттама беріпті. Алып-қосары жоқ, дәл мінездеме. Мұны білу үшін бізде бұған дейін мүмкіндік болған жоқ, бірақ, енді жағдай өзгерді. Жазушының басты шығармаларының бірінен саналатын «Қызыл гаулияң» қазақ тіліне аударылды. Біз, асығып, соның алдыңғы тарауларының бірін «Ақ желкен» журналының бетінде жариялап отырмыз. Мо Иән туындыларын ана тілімізде алғаш оқыған оқушылардың біздің басылымның оқырмандары болатыны анық.

Ал «Қызыл гаулияң» қандай шығарма дегенге келсек, жоғарыда айтылған сипаттамаға сай келетін қызық шығарма. Қызығы сол, мұнда әдебиеттегі дәстүрлі баяндау тәсілі көп сақталмайды, ұзын арқауға өрілген үлкенді-кішілі оқиғалардың бірде ана тұсын, бірде мына тұсын, бірде алдыңғысын, енді бірде артқысын еркін айтып кете береді. Бір тараудың өзінде неше жерде қосылып, неше жерде айырылатын түрлі оқиғалар әйтеуір бір қисынмен үйлесім тауып, жымдаса тоғысып, соңыра бір тұлғаға айналып, зорайып бара жатады. Бір сәт өткен жайлар қаузалса, бірде осы шақ кезек алады, енді бірде, өте-мөте кейіпкерлердің ішкі халі баяндалатын кезде, жазушы тосын әдіске барып, оны қиялында сәулеленген  өң мен түстің арасындай бұлдыр елеске, жоқ көрініске енгізіп жіберіп, бір сәт сонда өмір сүргізіп, сәлден соң қайта осы шаққа алып келетін, оны кейде кейіпкердің өзі де сезбей қалатын қарапайым мәнермен суреттеп жеткізеді. Міне, бұл ерекшеліктер шығарманың тартымдылығын арттырып қана қоймай, қаламгердің өзіне тән оқшау стилін де айқындай түсіпті. Бас кейіпкер «меннің» аузынан берілетін ұзақ хикаяда жазушы тарихты айтатын кезде «меннің» атасынан немесе әжесінен естіген әңгімелерін суыртпақтаса, таяу уақытты баяндамақ сәтте әкесін алға шығарады. Дегенмен, кейде «ойын ережесі» толық сақталмай жататыны да бар, «мен» бәрін өзі көргендей, өзі бастан кешкендей қылып «соғып» жіберіп те жатады. Былай тосындау сезілгенмен, бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, онда тұрған «дәнеңе» жоқ. Бәлкім, жазушының ұтқан жері де осы тұс болар. Бәрін оқығаннан кейін оны толық сезінуге болады.

Енді бір-екі ауыз сөз романдағы адамдардың аты-жөні туралы. Мо Иәннің есім-сойы бұған дейін Мо Янь деп орысша нұсқада жазылып келді. Қазақ тілінің мүмкіндігі тұрғысынан қарағанда бұлай жазу дұрыс емес. Себебі біздің ана тілімізде «ә» дыбысы бар. Қытай тіліндегі жазылғанда «а» (бұл қытай тіліндегі дыбыстарды латынша таңбалау) боп жазылғанмен, оқылғанда «ә» болып оқылатын дыбыспен толық сәйкес келеді. Мысалы: Мо Иән, Най нән. Әрине, бұл әріптің кейде «а» боп оқылатынын да ұмытпаған жөн. Ол алды-артындағы дыбыстармен үндестігіне байланысты. Орыста жоқ, бірақ, қазақ, қытай тілдерінде бірдей дыбысталатын дыбыстардың тағы бірі – «ң». Мысалы: Бейжіңдегі «ң». Тарихтағы «Таң» династиясы. Орыста «ң» болмағандықтан «н» қолданылып, «Тан» деп жазылып кетіп, ұғымда көп қиындық тудырып жүр. Сондықтан тікелей аударма жұмыстары енді қолға алынған қытай тілінен аудармада қазақ тілінің әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Біз осы аудармада кейіпкерлердің аты-жөнін жазуда осы қағидатты басшылыққа алдық.

Аудармашыдан.

ГАУЛИЯҢ АРАҒЫ

І

Гаумидің Дұңби ауылында қызыл гаулияң арағының иісі қалай мұрын жарып, ішкен соң таңдайыңда қалар шырын дәмі тіпті де күшейіп, кәйіп қылғанмен, ақыл-есіңді аудармайтын ғажап араққа айналғанын анам маған айтып берген болатын. «Бір әулетке ғана тиесілі арақ ашыту әдісін, жеңілтектік қылып, басқаларға айтып қоюға болмайды. Сыр ашылып қалса, әулетіміздің бетіне шіркеу болатыны өз алдына, күндердің бір күнінде зәузатымыздан шыққан біреу арақ ашытуды қайта қолға алса, басқалар бәсекелес бола алмас басымдықтан мүлде айрылады» дегенді де қайта-қайта таптаған-тұғын. Біздің елде, аз-көп өнер қонған шаңырақтар, түгелімен дерлік, өзгеше нәрселері кейінгіге қыздарының қолымен емес, келіндері тарапынан жалғанатын болыпты. Бұл, тіпті, кей мемлекеттегі заң ғұрлы қатаң сақталатын ережеге айналыпты.

Анамның айтуынша, біздің әулеттің арақ қайнататын қазаны әкем жалғыз айналысқан кезде кәдімгідей үлкен болыпты, ол тұстағы гаулияң арағының дәмі әжептәуір жақсы болғанмен, дәл кейінгідей жұпар иісті, бал татыған шырын дәмді емес екен. Біздің шаңырақтың арағының ерекше дәмге ие болып, Гауми ауданындағы басқа әулеттерден оқ бойы озып шығуы атамның әкелі-балалы ана екеуін жер жастандырғанынан кейін, әжемнің талай күнге созылған уайым мен үрейді бастан өткеріп, белін әрең бекітіп, ес жиып, аяғынан тік тұрғаннан соңғы іс екен. Көптеген ғылыми жаңалықтардың тосыннан және ың-жыңсыз ашылғаны секілді, біздің үйдің арағының аяқ асты дәмденіп кетуі де атамның арақ күбісіне ойда жоқ сарып қоюынан болыпты. Сарыма қалай бір күбі жай арақты бір күбі ерекше сұрыпты гаулия арағына айналдырды?  Бұл, әрине, ғылым анықтайтын нәрсе, мен өтірік айтып, әуреленбей-ақ, мұны ғалымдардың зерттеуіне қалдырайын. Кейін әжем бар, Лохан ата бар, бәрі қайта-қайта сынақтан өткізіп, құлшына ізденіп, тәжірибелерді қорытындылай келе, ескі несіп құтысының орнына сідік сілтісінің қызметін атқаратын қарапайым да қолайлы, дәлдігі жоғары ауыстырмалы қолөнер бұйымын жасап шығыпты. Құпия болғаны сонша, заманында мұны әжем мен атам және Лохан ата, үшеуі ғана біліпті. Айтуларынша, ауыстыру жұмысы жеті түнде атқарылады екен,  ел аяғы басыла аулаға шыққан әжем иістендіргіш шам тұтатып (діни рәсім), үш жүз қағаз жармақ өртеп (діни рәсім), сонан соң барып дәріні қапаққа орап алып, үлкен күбідегі араққа араластырады екен. Ауыстыру кезінде әжем әдейі түрлі қалыпсыз әрекеттер жасап, біреулер жасырынып келіп ұрламақшы болса, шатастыру үшін, біздің үйдің жын-перілермен әлдебір қатысы бардай, сауда-саттығын Тәңір демеп, қолдаған қылып көрсету үшін, сан түрлі қимыл-қозғалыс көрсетеді екен. Сол себепті де біздің үйдің арағы маңайдағыларды басып озып, базарды жалғыз иеледі деуге тұратын биік деңгейге жетіпті.

ІІ

Әжем төркініне қайтып келеді. Ептеп үш күнді өткізсе, аржағында қайын жұртына қайтар уақыт та төбе көрсетпек. Ал бұл үш күннің ішінде әжем асқа тәбеті тартпай, іштей сарсаң болып, анасының айтқан тәтті сөз, шырын лепестері құлағына кірмей, қаққан қазықтай болып отырып алыпты. Дегенмен, үш күн бойы жарытып тамақ ішпегеніне қарамастан, маңдайы жарқырап, екі беті нұрланып, күреңіткен қабақ астындағы көз ұясынан шоқтанған жанары бұлт арасынан көрінген жарық айдай жарқ-жұрқ етіп, ажарлана түсіпті. «О, менің кішкентай ғана әке-шешем, сен ішпейсің, не жемейсің, періштеге айналдың ба, әлде әулиеге? Анаңды әбден ішқұста қылып біттің ғой!» дейді шешесі қайта-қайта келіп ызыңдап. Әжемнің терең  мінәжатқа отырғандай үн-түнсіз түрін көргенде ол кісінің кірпіктерінен екі тамшы мөлдір жас ыршып кетіпті. Жанарының терең түкпірінен әрі-сәрілік пен абыржуға толы екі шоқ сәуле ұшқындаған әжем анасына құдды бір зәулім жағалаудан арындаған өзен суында жан-дәрмен тырбанып жүрген қап-қара кәрі балыққа қарағандай назар тастапты. Әкесі әжем үйіне келген соң екінші күн дегенде қалың мастықтан әрең есін жияды. Дән Тиіңшиу әкеп берем деп уәде еткен құнан шығар қара қашырды әлі ұмытпапты. Тақтайдай тегіс тақтақ жолда бір ырғақпен құйындата шапқан қара қашырдың тапырлаған тұяқ дыбысы құлағында жаңғырған ол, ояна сала оны бірден есіне алады. Қашыр! Көздері шоқтай жанып, тұяқтары тостағандай дөңгеленген қара қашыр! «Кәрі қақпас, қызың тамақ жемесе, маған не қыл дейсің?» дейді ол жітірмелете. Мастық тарамаған көз қиығымен бір қарап қояды да: «Өртеп жібер оны! Түгін қалдырмай өрте! Ол кімнің шежіресін жалғастырар дейсің!» дейді.

Әжемнің алдына келіп, ентіге дем алған әкесі:

– Қызым, сен не істемексің? Өмірбойыңа жалғасар некені болмашы себеп қана ұстап тұрады. Сүйіспеншілік болмаса, ешкім де ерлі-зайыпты бола алмайды, өшпенділік болмаса да ерлі-зайыпты бола алмайды. Басың тауыққа байланса, тауықпен кетесің, итке байланса, итпен кетесің. Әкең болған мен елден асқан адам емеспін, сен де алтын ағаштың асыл жапырағы емессің. Мынандай дәулетті кісіге кез болуың – сенің де бағың, әке болған менің де бағым. Қайын атаң алғаш ауыз ашқанда-ақ маған бір тұяқ қара қашыр беретін болған, бұл қандай ірілік десеңші!…

Әжем орнынан қозғалмайды. Екі көзі тарс жұмулы. Дымқыл тартқан тал-тал, жуан кірпіктері құдды бір қою бал жағып қойғандай бір-бірімен айқаса созылып, қабағының астында қарлығаштың қанатындай доғаланып тікірейіп тұрады. Мұны көрген әкесі одан сайын ызаланып:

– Жақсы, сен көзіңді ашпай-ақ қой! Мен керең болған болайын! Сен өліп кеткен күннің өзінде де Дән шаңырағының кісісісің, Дән шаңырағының бейітінде саған орын жоқ, – дейді.

Әжем қарқылдап күліп жібереді.

Қолын көтерген әкесі оны шапалақпен осып қалады.

Шарт еткен дыбыспен бірге әжемнің миығындағы қызыл нұр кенет сейіліп, жүзі демде сұрланып шыға келеді. Қаны тартылған ақ жүзге бірте-бірте қайта нұр жүгіріп, құдды бір таңертең шыққан күндей нарт түске енеді. Артынша жанары шоқтанып, тісін тістене басып, әкесіне бұрылып зәрлене күледі де:

– Тек сен әлгі қашырдың бір тал түгін де көре алмай қала ма деп қорқам, – дейді.

Солай деп көзін алған әжем қолына сақпысын (қос таяқ) алады да, алдындағы әлі буы бұрқырап тұрған тамақты сыпырып-сиырып соғып салады. Соңынан босаған кесенің біреуін төбеге қарай әуелете жібереді. Кеңістікке көтерілген кесе шыркөбелек айланған күйі маңына жарқ-жұрқ сағым шашып, арқалыққа барып соғылып, ондағы неше жылғы шаң-тозаңға бір бөгіп алып, қайыра еңіс құлдайды. Еденге түскен соң шамалы домалап, жарты шеңбер айналып барып, түбі көкке қарап бүк түседі. Әжем келесі кесені де лақтырады, қабырғаға барып тиген ыдыс екіге қақ бөлініп құлайды. Қайран қалған әкесі аузы ашылған қалпы көпке дейін тіл қата алмай  отырып қалады. «Ақыры жедің-ау, балам» дейді қасында тұрған әжемнің анасы.

Кеселерді шағып болған әжем іле еңіреп кеп жылайды. Құлындағы дауысының көкке жеткені сонша, көкірегін жарып ұшқан аяр үн үйге сыймай, есік-терезеден лап қойып, сырттағы егістік алқапқа жамырап, ондағы жаз соңына қарай әбден піскен гаулияңның жапырақ сыбдырымен тоғысып, жайылып кете барады. Алысқа шалқыған өз өксігін тыңдап отырып әжем осыдан аз күн бұрын күймеге отырып ұзатылып кеткенін, одан есекке мініп қайтып келген үш күндегі бастан кешкендерін есіне алып, ой елегінен бір өткізеді. Үш күндегі әрбір сурет, әрбір дыбыс, әрбір иіс жадында қайта жаңғырады.

Қиқылдаған-шиқылдаған, бақырған-шақырған, дүрсілдеген-тарсылдаған… ысқырған-пысқырған дыбыстар… ұзаққа созылғаны сонша, жап-жасыл гаулияң қызыл түске енгендей, тұп-тұнық аспаннан кенет жаңбыр тамшылары сорғалып қоя бергендей… жай оты жиі жарқылдап, есіре соққан жел іргені қозғап, бірде өр, бірде еңіс лақтырған нөсер өтіндегі тынымсыз тербелістен жүрегі аузына тығылып, лобыған бір сәттер…  осы бір кедір-бұдыры көп күдір жолда күйме көтерген ана бір шомбал жігіттің ерекше қимыл-әрекеті әжемнің көз алдында қайта көрініс береді. Өзі бір қалың қасқыр ішіндегі арландай, осы топтың ортасындағы серкесі екен. Жас мөлшері жиырма төрт шамасында болар деді, қараағаштай қатқан бетінде бір сызық әжім жоқ. Осы аралықта әжем оның жүзінің өзінікіне соншама жақын келгенін, маржан құртының қабығындай қатты ернінің өз ернін қалай суыра сорғанын ойлап өтеді. Дәл сол сәтте әжемнің жүрегі кенет тоқтап қалып, атынша қайта атқалақтап соға жөнеліп, бойына тараған ыстық қаннан кеудесіне діріл жүгірген екен. Бақай сіңірлері тартылып, құрсақ еттері бүлкілдеп қоя береді. Сол мезеттегі олардың тұтқиыл әрекетіне айналадағы рухтана тербелген қалың гаулияң дем береді. Ендене жайылған гаулияңның мөлдір тозаңы дым сезбегендей әжем мен ана жігіттің үстіндегі ашық кеңістікті қымтай торлап, қорғалап тұрады… Әжем бар ынты-шынтысымен тіленіп, бастан кешкен жастықтың керемет ләззатты сәттерін қасында ұстап қалғысы келеді-ақ, бірақ, бәрібір, ұстап қала алмайды…  бар болғаны, шұғыл жарқ етіп ана бір жігіттің жатталып қалған, шіріген сәбіз текті жүзі көз алдында көлбеңдейді қашанда… қарға тұяғынан аумайтын ана он саусағымен қоса. Тағы әне бір төбесіне тұлым өрілген шал, беліне іліп алған бір тізбек сап-сары жез кілттерімен. Қазір отырған жері ол арадан неше шақырым қашық болғанына қарамай, қолқаны қабатын гаулияң арағының исі мен тұншықтырып әкететін ашытқы лебі дәл қазір танауының астында үйіріліп тұрғандай болады. Әлгі бір әйел құсап жүретін екі еркек те есінде қалыпты, екеуі де арақ күбісінен жаңа ғана шығарып алған, терісіндегі әрбір тесіктен арақ сорғалап тұратын мас қаздан аумас еді… қолындағы жүзі майырылған кішкене қылышпен талай жердің гаулияңын шауып құлатып, құлаған гаулияңды сабағын реттеп ат тұяғының астына тастағанда, сол арадан жасыл түсті қою сұйықтық жылып ағар еді, құдды бір гаулияңның қаны дерсің. Оның «Үш күннен кейін қайтып кел!» дегені жадында. Сол сөзді айтқан сәттегі сығыр көзінен қанжар жүзіндей өткір сәуле шашырағаны да есінде. Осы жайлардан-ақ алда өзін үлкен оқиғаның күтір тұрғанын шамалауға болатындай.

Белгілі бір мағынадан алғанда, батырды Тәңір жаратады, оның ержүрек рухы тасада тығылып жатады да, сырттағы әлдебір жағдайдың себеп болуымен сұрапыл әрекетке айналады. Әжем ол кезде бар болғаны он алтыда, көз ашқаннан кесте тігіп, біз түйреген, ісмер болуға талпынып, ине ұштап, қайшы қайраған, аяқ орайтын ұзын кездеме мен шаш майлайтын жүйхуа майын серік етіп күн өткізген қарапайым бойжеткен еді. Бар көрген-баққаны көрші үйлердегі әпеке-сіңілілері болған қызда ойда жоқ жүз берген үлкен оқиғаларды бір жақты ететін қабілет пен жүрек… басқа түскен ондай ауыр күнді еңсеруге дайындық қайдан болсын?! Бірақ, бәрібір, ол қиялға кірмеген өр өжеттік көрсетеді. Бұл енді бір айтып жеткізу қиын жай.

Әжем сонша ұзақ жылағанда жүрегін тырнаған ешбір қайғыны сезбейді, қайта іштегі булығып жүрген бір құсаның тарап бара жатқан рақатын түйсінеді. Солығын тарта отырып, өткен шақтың қуанышы мен қайғысын, мехнаты мен ләззатын кезек татады, өксіген үн өзінің өңешінен емес, құдды бір сонау шалғайдағы, санасында қабаттала сәулеленген көрікте де сүреңсіз суреттердің қосалқы күйі боп шертілгендей шетін әсерге бөленеді. Әжем ақыр-соңында: «Дүниеге келген екенсің, көретінің бір көресі! Тәуекелге бас тіксем, онда тұрған не бар?!» деген шешімге келеді.

– Жиу-ар, кететін уағың болды, – дейді әжемнің анасы.

Кетсек, кеттік!

Әжем бір шылапшын су әкеліп бетін жуады, опасын жағып, далабын сүркейді. Айнаға қарап тұрып желкесіндегі түюлі торын тартып алғанда, ішіндегі шоқпардай қолаң шашы тарқатыла құлап, тұтас иығын жауып қалады. Ұзындығы сондай, күлтелене төгіліп, сәкіде тік тұрған әжемнің қылтасына жетіп бірақ тоқтайды. Оң қолына тарақ ұстаған әжем, сол қолымен шашын иығынан асырып әкеліп, алдына жаяды да, бөліп-бөліп тарай бастайды. Әжемнің шашы өте қалың әрі жылтыр қара, тек ұшына таман ғана қоңырқай тартатын. Тарап болған шашын түйреуішпен түйреп, неше түйнек қылып түйіп, қара жібектен тоқылған ұзақ көзді тор дорбаға нығай тоғытып, төрт тал күміс бекіткішпен мықтап бекітіп тастайды. Маңдайындағы кекілін қайшымен тура қабағының үстінен тегістеп қияды. Сонан соң аяғын қайта орап, ұзын шалбарын киіп, балағын қаусыра байлап, кестелі аяқ киімін кигенде, ана бір тік бақайлары тіпті де ерекшеленіп, қазық боп шыға келеді.

Дән Тиіңшиудің назарын ең алғаш аударған да әжемнің осы ши аяқтары болатын. Күйме көтерген жігіттің есін аударып, талағын тарс айырған да осы тік сирақтар еді. Әжем оны әрқашан мақтаныш тұтатын. Егер осындай кішкене аяқтарың болса, жүзің толы шұбар болғанына қарамастан отырып қалмас едің, ал аяғың талыстай болса, бетің перизаттың жамалындай болса да, ешкімге керек болмай қалар едің. Аяғы кіші, ажары нұрлы әжем сол тұстың армандағы аруы болыпты. Менің ойымша, сол бір ұзақ тарихи уақытта әйелзатының аяғы жыныстық белгілердің ішіндегі бөлекшелеу біреуі болғаны анық. Үп-үшкір, сүп-сүйкімді, тік бақайлар сол замандағы еркек затының нәзік жыныстылардан табатын, арасында әуейі сезім де бар, айырықша ләззаттырының бірі болғанында күмән жоқ.

Әжем тап-тұйнақтай болып реттеліп, дік-дік басып үйден шығады. Көрпесін салып, есегін жетектеп алдына әкелген әкесі көлденең тартады. Есектің жәудір көздерінен әжем өзінің сұлу суретін көреді. Өзіне қараған үлкен көздерін аңдаған сәтте онда адамды түсіне алатын бір сұңғыла түйсіктердің ұшқындап тұрғанын байқайды. Әжем есекке қарғып мінеді. Сол кездегі әйелдердің ат, қашыр, есек мінгендегі орныққан дағдысына сай қырымен отырмай, есектің қос қапталы екі тақымының астында қалдырады. Анасы оны түзеліп отыруға шақырады, бірақ, әжем өкшесін сермеп, тебініп қалады да, қитыңдап жүріп кетеді. Бойын тіктеп алған әжем назарын іле алдыға салады.

Сол қозғалғаннан артына қайырылмайды. Алғашында есектің тізгінін ілгері озған әкесі жетектеп жүреді, ауылдан шыққан соң, жинап өз қолына алады. Әкесі амалсыз артқа өтіп, сөлпектеп еріп отырады.

Үш күннің ішінде бір рет алапат нөсер жауып өтіпті. Әжем жолдың оң қапталынан диірмен тасының биіктігіндей өскелең, жапырақтары шамалы солғын тартқан жасыл түсті гаулияң жынысының арасынан анық сарғайған, бірден көзге ұратын бірнеше шоғырдың бар екенін байқайды. Оның найзағай түскен жер екенін іштей шамалайды. Есіне осыдан бір жыл бұрын құрбысы Чиән-арға жасыл түскені келеді. Он жеті жастағы қыздың шашы ұйпалана үйтіліп, киімдерінен сау-тамтық қалмапты. Арқасынан көлбей тартылған сызық табылған. Кейбіреулер оны аспандағы шөмішбалықтың (жұлдыз) ізі деп жүрді.

Жұрт Чиән-ардың бір сәби ғұмырға қастандық жасап, оң жақта отырып туып қойған қыздың шақалағын қыршынынан қиғанын көзбен көріп, қолмен ұстағандай аңыз етті сол тұста. Айтуларынша, Чиән-ар базарға бара жатқан жолында жол бойы нәрестенің жылаған дауысын естиді. Барып қараса, әлгі бөбектің құндағы екен. Бетін ашқанда ішінен қызыл шақа ұл шығады. Тағы бір парақ қағаз. Онда мынандай сөздер жазылыпты дейді: әкесі мұның он сегізде, ал шешесі он жеті, ай ауғанда батысқа, туды, есімі Лу Ши. Кейін әкесі батыс ауылдан Жаң Арже деген талыс аяқ қызды алды, шешесі шығыс ауылдық тыртық көзге  қосылып, тастады бөлшек еттерін. Әкесі мұрнын сіңбіріп, шешесі сүртті көз жасын. Жүргіншілер естір деп, жылай алмай тұншықты. Лу Ши деген, бұл – олжа, кім алса – соның перзенті, орадық асыл шағиға, жиырма жамбы (күміс ақша) тағы бар. Өтініш, қамқор жолаушы, құтқарып мұны сауап ал.

Жұрттың сөзінше, Чиән-ар шағи мен жамбыны алғанмен, баланы алмай, гаулияң алқабына тастап кетеді. Сол себепті Тәңірдің қаһарына ұшырап, жай түсіпті дейді. Әжем Чиән-армен жақын құрбы болғандықтан, мұндай аңызға сенбеген. Дегенмен, адам өмірінде болжаусыз нәрселер көп болатынын ойлағанда, көңілін көлеңке жауып, уайым торлағаннан аман қалмапты.

Назағайлы нөсер жауғалы көп уақыт өтпегендіктен, жол әлі батпақ екен. Жауын суы шайып өткен жол қыртысы таза, ойлы-шұңқыр тұстарын ұйыған сұйық лай тегістеп тастапты. Есек тұяғының бадырайған айқын іздері ылғал сүрлеуде сайрап жатты. Ерте бүр жарған ошаған гүлдері солғын тарта бастапты, қауашағы мен жапырақтарында шашыраған балшық тамшылары көрінеді. Шөп сабағына, гаулияң жапырағына қонақтап алған көк шегірткелер ұзын мұрттарын дірілдетіп, күн көрінетін жұқа қанаттарын қағып, зарлы үнмен тынымсыз шырылдайды. Ұзаққа созылған жаздың соңы көрініп, маңайдан күз белгілері біліне бастапты. Соны сезген топ-топ көк бас шегірткелер дәнге толы қарындарын тырситып гаулияң аңызынан ығысып, жол бойындағы қатқақ жерге жиналыпты. Алда сонда құйрықтарын тығып алып балалайтыны күмәнсіз.

Әжемнің әкесі гаулияңның ұзын сабағынан біреуін үзіп алып, тұяғын сылбыр қыбырлатып келе жатқан есектің шабынан түртіп қалады, құйрығын шыжбың еткізіп бір қаққан шабан көк біраз жерге қитыңдап барады да, жайбасар қалпына қайта түседі. Өз ісіне масаттанған болу керек, арт жақта келе жатқан қарт іле сол тұста Гаумидің Дұңби ауылына кең тараған «Хай мау зы чиаңды» бастап кетеді. Өлең сөздерін өтірік құрап, озандай әуелетеді: У дәрі ішкен У Далаңның іші әлемтапырақ… жеті тарау тоқ ішек, сегіз жапырақ өкпе бәрі астаң-кестең… ақымақ қатын алған бәкененің басына бұлт үйірілді… а-а-а,  о-о-о, оу-оу… іші ауырып жаны қиналған У Далияу… тек қана інісінің тезірек келуін күтеді… келіп, ана сұмырайдың көзін құртса екен дейді…

Әкесінің өтірікті соғып келе жатқанын біле тұра әжем тебіреніп, жүрегі шоршып, аузына тығылады. Үш күннің алдындағы ана бір қолына қанжар ұстаған жігіттің қою қасты, өткір жанарлы кескіні көз алдына тағы көлденеңдей қалады. «Бұл кім, не қылған жан?» дегенді ойлайды әжем. Ешқашан кездеспегені, көрмегені анық. Солайда, балық пен судай етене, әлдеқайдан бір көргендей, кездескендей, санасында бір жақындық сезіліп, түс көргендей күй кешеді. Рухтары шарпысып, жандары тоғысқандай бір халде. «Тағдыр жазуы деген осы шығар» деп ойлаған әжем демін тереңнен алып, күрсініп жіберді.

Есектің шылбырын еркін қағып келе жатқан әжем әкесінің У Далаңның қайғы-қасіреті туралы толғаған ұзақ толғауын тыңдап, бір суып, бір ыси жүріп, жолдағы құрбақаның секіртпесіне қалай келгенін білмей қалады. Басын оқыс көтеріп қайта түсірген есек танауын тартып, жеткен жерінде төрт аяқтап тұрып алады. Әжемнің әкесі гаулияң сабағын құйымшағына сұққылап, жамбасынан қанша ұрғанмен қозғалмайды. «Жүр, оңбаған! Әй, жүр деймін, оңбаған есек!» – деп одан ары сұққылайды. Есек жүргеннің орнына кері шегініп, көткеншектеп, қылтасы майыса түседі. Осы аралықта әжемнің мұрнына жүрек айнытар жаман иіс келеді. Есектен қарғып түскен ол жеңімен танауын басып, шылбырдан мықтап ұстап, алдыға қарай тартады. Басын кегжитіп, аузын шайнаңдатқан есектің көзі көп өтпей жасқа толады.

– Әй, есек, тістеніп алып өтсеңші! Жер бетінде асу бермес тау, өткел бермес өзен жоқ! – дейді әжем.

Есек әжемнің сөзінен әсерленеді. Келістіріп бір аңырап алады да, басын көтеріп, алға қарай тұра ұмтылады. Әжемді аяғын-аяғына тигізбей сүйреген беті қолындағы түйіншегімен қоса жел ұшырған бұлттай ала жөнеледі. Өткен жерде адамның мәйітін көреді. Сәп сала қараған әжемнің көзі атыздай болады: әбден семірген сан мың қорқау қоңыз әлгі кісінің етін жеп, тек сүйек-саяғын ғана қалдырған екен.

Әжем есегін сүйреп құрбақаның секіртпесінен өткен соң орнына қайта қонжияды. Көп ұзамай алдынан шығыс-терістік желі желпіп әкелген гаулияң арағының иісін сезеді. Әжем өзін қанша жерден бекемдеп, нық ұстауға тырысқанмен, ақыр-соңы, бәрібір, ішкі бір әрі-сәріліктен жеңіле береді. Күн көтеріліп, әбден ысыған бір тұста көк жүзінен қазбауыр бұлттар көрініп, әжем сонда барып сәл де болса дамыл тапқандай болады. Бірақ, сонау алыста мұнартып жатқан ауылын көріп, қоюлана түскен арақ иісін иіскегенде, сүйек майының қатып қалғандай болғанын аңдайды. Батыс қапталдағы қалың гаулияң арасынан әлдекімнің созақтата ән салған қарлығыңқы дауысы естіледі.

Тістері болат,

Сүйегі құрыш,

Сен алға жүр, қарындас, қаймықпа!

Күнге барар жол тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз,

Сен алға жүр, қаймықпа!

Шық енді сен гүлге оранған қызыл мұнараға,

Лақтырған кестелі қызыл добың,

Тисін менің басыма.

Өзіңмен сосын ішейін бір шәйнек гаулия арағын, – дейді қырылдап.

– Ей, бәйітші, шық бері! Ана әуенге бір, мына әуенге бір соғып, әбден жұлмалап біттің ғой! – деп айғайлайды бір кезде шыдамай кеткен әжемнің әкесі алқапқа қарап.

ІІІ

Қарма нанын жеп болған әкем батар күннің қызыл арайына шомылған қалың шалғынды кеше жүріп, өзен жиегімен аяңдаған беті жағадағы суға тойып, нілі тасыған жасыл өлеңді ендей өтіп, аяғының ұшымен аңди басқан күйі су бойына келіп тоқтайды. Мошүй өзеніндегі тас көпірдің үстінде төрт мәшине қаңқиып тұрады, алдыңғы екеуінің дөңгелектерінің балоны быт-шыт болған, үстіндегі кебеже тақтайларына, шатырларына жұғып қалған қою қан дақтары мен езілген ми бөлшектері алыстан көзге ұрады. Бір жапон әскерінің жарты денесі тіркеменің жақтауына асылып, төмен құлаған темір дулығасы мойнына ілініп қалыпты. Мұрнынан аққан қызыл қан дулыға ішіне тырс-тырс тамады. Өзен суы ырғала толқып ыңырана ағып жатыр. Әбден піскен гаулияң масағы қинала ысқырады. Күннің мол, шүлен шұғыласын су бетінің ұсақ толқындары орай жұтып, дымын құртады. Күздің ұсақ жәндіктері шөп түбіндегі ылғал жерлерге тығылып алып, күңірене ызыңдайды. Үшінші, төртінші мәшинелер отқа оранып, өртеніп бітуге жақын қалыпты, қарайған қалың тақтайлары шытынай жанып, шартылдай өртенеді. Осы бір сан сарынды үн мен түрлі түсті бояулар ортасында маңына үңіле қарап тұрған әкем көретінін көріп, арасында жапон әскерінің біз тұмсығынан ағып, дулығасына тамып жатқан қанның ұсақ толқынға айналып сырғыған сырылы мен тасқа тамған тамшыдай құлақты тескен өткір үнін де естиді. Қырықтан жаңа асқан шағы. Мың да тоғыз жүз отыз тоғыз, ескіше тамыздың тоғызыншы жұлдызы, алтын күннің жанып бітуге таяп, қоламтаға айналған қалдығы аспан астындағы бар тіршілікті қызыл нұрына малындырған шағы, бір күндік кескілескен шайқастан әбден арып, қу сүйекке айналған әкемнің бетінде бір қабат күлгін түсті топырақ қалыпты.

Әкем Уаң Уынидің әйелінің мәйітінің үстіне жүрелей отырып, қос шеңгелін көсеп су ішеді. Саусақтарының арасынан аққан мөлдір тамшылар төмен сорғалап, үн-түнсіз төгіледі. Әкемнің тобарси жарылған еріндері суға тиген кезде қатты ауырады. Іле қан татыған сұйықтық азуын аралап өтіп, кеңірдегіне барып құйылады. Сол сәт әнтек түйіле қалған жұтқыншағы қырылдата бір кекірген соң барып әрең әуелгі сау қалпына келеді. Мошүй өзенінің жып-жылы суы әкемнің өңешінен өткесін, кеуіп қалған кенезесін жұмсартып, бойына қиналысқа толы рахат сезім сыйлайды. Қан татыған сұйықтық асқазанын астаң-кестең еткеніне қарамай,  уыстап алған суды көмейіне құя береді, құя береді… тек өзен суы құрсағындағы қарма нанды толық жібітіп біткенде барып, белін жазып, жайлана дем алады. Бұл қараңғы түсуге таяған, қызыл күннің соңғы сәулесі көк күмбезінің етек жағына жиек болып тартылған мезет екен. Тас көпірдің үстіндегі үшінші және төртінші мәшинеден тарап жатқан күйік иісі де сейіле бастапты. Дәл осы кезде гүрс ете түскен күшті дауыс әкемнің зәресін алады. Басын көтеріп қарағанда, жарылыстан соң быт-шыты шыққан мәшине дөңгелегінің құдды бір қара көбелек секілді қалықтап барып өзенге түскенін көреді. Әуелеп ұшқан ақ-қара күріш дәндері де су бетіне жаңбырша жауып жатады. Бұрыла бере әкем қызыл қанмен боялған өзен суының шетінен өрмелеп бара жатқан Уаң Уынидің кішкене қызын көреді. Өзен арнасының қырына шыққан әкем:

– Әке! – деп қатты айқайлайды.

Бір-ақ күнде жүзінің еті қашып, қарайған терісінің астынан арса-арса бет сүйектері сыртқа теуіп шыққан атам өзен жиегінен төбе көрсетеді. Жап-жасыл іңір мезгілінде әкем оның бір елідей өсіп кеткен тіп-тік шашының түгел ағарып кеткенін байқайды. Таңғалыс пен қорқыныш арасында үркектей жүріп таяп барады да, қолымен ақырын түртіп:

– Әке! Әке, саған не болды? – дейді.

Жүзінен екі тарау жас аққан атамның кеңірдек тұсынан шыққан гүрілдеген дыбыс бір-біріне ұласып кете барады. Лың рота бастығы рақым етіп лақтырып тастаған жапон әскерінің жаусатпа қаруы арлан қасқырдан аумай, атамның аяғының астында теңкиіп жатыпты. Үңірейген ұңғысын құдды бір ежірейген иттің көзі дерсің!

– Әке, сөйлесеңші… нан же! Нан жеп, аз-кем су іш! Ішпесең, жемесең, қаталап өлесің, аштан қатасың!

Атамның мойны алдына қарай сәл иілгені сол басы сылқ етіп омырауына құлап түседі. Басының зіл салмағын көтере алмағандай денесі де бірте-бірте солып, шөге береді. Ақыры өзен жиегіне тізерлей отырады. Қос қолымен басын ұстап, шамалы дамылдаған соң, оқыс басын көтеріп: «Ду гуан! Менің ұлым! Біздің осылай біткеніміз бе?» – деп айғай салды.

Әкем атама тіксіне қадалып ұзақ тұрады. Бақырая ашылған үлкен көздерінің ішіндегі алмастай өткір қарашығынан о баста әжеме тән болған әлгі бір өжет батылдық, тізгін-шылбырға бас бермес асау аттай өр рух, түнек қараңғылық түбінен қылаң беретін өміршең нұр қатар атойлап, әкесінің жүрегіне де сәуле құяды.

– Әке! – дейді менің әкем. – Сен тым қамықпа! Мен мылтыққа жақсылап жаттығып, құдды өзің жас кезіңде су иірімдерін айналып балық аулағаныңдай әбден машығып, құралайды көзге атар мерген болып шығып, ана Лың Мазы деген иттен туған оңбағанды тауып, есеп айырысатын боламын.

Атам орнынан оқыс қарғып, секіріп кетеді. Не күлген емес, не жылаған емес, қырылдаған үн шығарады. Езуінен бір жолақ қарақоңыр қан кетеді.

– Айтқаның рас, ұлым… дұрыс айтасың!

Атам жер беті – қара топырақтың үстінен әжем өз қолымен пісірген қарма нанды алып, қарпыта жей бастайды. Сарғыш тартқан тістерінде қарма нанның қыртысы мен қан көпіршігі қатар көрініс береді. Әкем атамның нан шайнағандағы малжаңдаған үнін естіп, қоймалжыңға айналған таңдайындағы астың кеңірдегінен асып, жоғалып бара жатқанын көріп тұрады.

– Әке, енді өзенге түсіп су ішіп, ішіңдегі нанды жібіт, – дейді әкем.

Атам тәнтіректей жүріп өзен жағасына барады да, жағадағы шөпке тізесін тірей бере, қашыр құсап мойнын созып, суға бас қояды. Су ішіп болған соң, екі қолын жазып жіберіп, басымен қоса мойнын суға бойлата тыққанын, кедергіге тап болған ағыннан дөңгелене үйірілген бұйра толқын пайда болғанын әкем анық байқайды. Атам басын суға бір шама уақыт тығып тұрады – жағадан бақылған әкем оны тарбиған үлкен мыс бақаға ұқсатып, жүрегі дірілдей соғады – атам суға малшынған басын жұлып алып, ырсылдай дем алады. Орнынан тұрып, жағаға көтеріліп, әкемнің алдына келіп тоқтайды. Атамның басынан төмен құлап жатқан мөлдір моншақтарды әкем ап-анық көреді. Ал атам басын шайқап-шайқап қалғанда қырық тоғыз милиграмм үлкендіктегі, бір-біріне ұқсамаймын мөлдір моншақтар құдды бір мерует маржан шашылғандай жан-жаққа серпіле жамырайды.

– Ду гуан, – дейді атам. – Әкеңмен бірге барып бауырластарды көр.

Атам жолдың батыс жағындағы гаулияң алқабын ендеп, сүрініп-жағылып келе жатады. Артында әкем. Қоғадай жапырылған гаулияң сабақтары мен өлеусірей жылтыраған оқ жездерін кешкен күйлерінде, оқтын-оқтын еңкейіп, көлденең жығылған, тік сұлаған, аузы ашылып, тісі ақсиып қалған жасақ мүшелерін түгендеумен болады. Олардың бәрі өлген екен. Атам мен әкем тірі біреуіне кездесіп қаламыз ба деген үмітпен оларды аударып, қозғай береді. Бірақ олар түгелімен мерт болыпты. Әкем мен атамның қолдары қызыл қанға боялады. Аралықта батыс жақта жатқан екі кісіні әкемнің көзі шалады: мылтық ұңғысын тістеген біреуінің желке тұсы құдды бұзылған бал арасының ұясындай быт-шыт болыпты; ал жантая құлаған екіншісінің кеудесіне қадалған қанжар бары анық көзге ұрып тұрады. Атам барып аударып жатқызғанда, әкем олардың аяқтарының сынып, іштерінің жарылғанын байқайды. Қатты бір күрсінген атам олардың аузындағы мылтықты алып, кеудесіндегі қанжарды суырады.

Әкем атама еріп, іңір қараңғылығынан өзгеріп жарқырай түскен тас жолдан өтіп, жолдың шығыс жағындағы сұрапыл атылған оқтан қырқылып түскен гаулияң сабағының маңына жеткенде тағы да анда бір, мұнда бір құлап жатқан ауылдастарын көреді. Қос қолымен дауыс күшейткішін тас қылып құшақтаған Лиу Дахау әлі сол орнында, кернейін үрлеуге әзір қалпында, жүгінген күйі жатыпты. Әсерленіп кеткен атам: «Лиу Дахау!» деп айғай салады. Дахау үндемейді. «Көке!» деп айғай салады әкем де қасына барып. Дауыс күшейткіш сырғып жерге түседі. Еңкейіп қарағанда, кернейші кісінің беті қара тас болып қатып қалғанын аңдайды.

Өзен бойынан ұзап, аса қатты бүлінбеген гаулияң алқабына жеткенде атам мен әкем ішегі сыртына шығып қалған Фаң Чи мен «Лаулау сы» (құрт төрт) аталып кеткен жасақ жауынгерін (ол кезек бойынша төртінші, кішкене кезінде құрт ауруына шалдыққан еді) тауып алады.  «Лаулаусының» қара санына оқ дарып, қан көп кеткендіктен, есінен танып қалыпты. Атам қанға боялған саусақтарын оның тұмсығына қарай апарғанда, танауынан ескен болмашы ыстық лепті сезеді. Фаң Чидің ішегін ішіне салып, жараланған жерін гаулияң жапырағымен жауып, бітеп тастайды. Тіршілік ісінен әлі қол үзе қоймаған ол атам мен әкемді көре сала ернін зорға қыбырлатып: «Сардар… мен біттім! Менің қатынымды көрсеңіз… аз-тола ақша беріңіз… басқа күйеуге шығып кетпесін деңіз… менің артымда… егер ол үйден кетсе… Фаң әулетінде шырақ жағушы үзіледі…». Әкем оның бір жастан асқан ұлының бар екенін білетін. Қатынының ожауқабақтай сүт тіреген емшегі сәбиінің шөлін құнарлы да шырын сусынмен толық қамтамасыз ете алатын.

– Бауырым, мен сені көтеріп алып кетемін, – дейді атам.

Соны айтады да отыра қалып, Фаң Чидің екі білегін иығына салып, көтереді. Фаң Чи баж ете қалады, әкем оның әлгінде жараланған жерін бітеген гаулияң жапырағының түсіп қалғанын, ақбоз ішектерінің буы бұрқыраған қалпы тілінген қарнынан шығып тұрғанын көреді. Атам Фаң Чиді қайта жерге қояды. Ауырсына ыңыранған Фаң Чи: «Аға… болды… мені қинамаңыз… одан да мені бір оқпен жамсатыңыз…» дейді.

Жүгініп отыра қалған атам Фаң Чидің қолын ұстай алып:

– Бауырым, мен сені көтеріп Жаң Шіниге апарамын. Жаң мырза жарақатыңды жаза алады, – дейді.

– Аға… тезірек… мені қинама… мен мал болудан кеттім…

Атам көзін жұмған қалпы он неше жұлдыз өшіп-жанып, зорға көрініп тұрған тамыздың бозалаң аспанына қарап, ұзақ өкіре жылап алады да, әкеме қарап:

– Ду Гуан, сенің мылтығыңда оқ бар ма? – дейді.

– Бар, – дейді әкем.

Атам әкем лақтырып берген браунік наганын қағып алады да, серіппесін қайырып, ала көлеңке жарықта жақсылап бір қарап, оқ салатын айланба шығыршықты айландырып қалады.

– Чи інім, сен алаңсыз кете бер… мен барда ешкім талғажаусыз қалмас, келін мен ұлды аш қоймаймын, – дейді артынан.

Басын изеген Фаң Чи көзін жұмады.

Атам браунік наганын көтереді, сол сәт құдды бір тау арқалағандай күйге түсіп, тұтас тұла бойы дірілдеп кетеді.

Көзін ашып алған Фаң Чи:

– Аға… – дейді.

Атам жүзін ала береді. Наган аузынан лақ еткен бір құшақ от Фаң Чидің жалтыр басын бір сәт нұрлы жарыққа бөлейді. Жартылай жүгініп отырған ол алдыға қарай құлап, ақтарылған іш-қарнын кеудесімен басып қалады. Әкем адамның ішіне осыншама ішек сыятынына сене алмай аңырып тұрады.

– Лаулаусы, сен де жолыңа түс. Ерте қайтсаң – тірлік мехнаттан ерте құтыласың! Сосын қайтып келіп мына шығыстық азғындармен айналысарсың! – Атам наган таңдайындағы тағы бір оқты  соңғы демдері ғана қалған Лаулаусының жүрегіне қадайды.

Жақындарын қырып салған атам Лаулаусыны өлтірген соң, қолындағы браунік наганы жерге құлап түседі. Білектері өлі жылан құсап былқ-сылқ етіп, қаруын қайта көтеріп ала алмай қалады.

Құралды әкем көтеріп алып, беліне қыстырады да, есі кіресілі-шығасылы атама қарап:

– Әке, үйге қайтайықшы… үйге кетейік… – дейді.

– Кетейік… кетейік … – дейді атам.

Әкем атамды жетектеп өзен қырына шыққан соң, теңселе басып батысқа қарай жүріп кетеді. Тамыздың тоғызында жартылай толған ай тік төбеге көтеріліп, төгілген салқын нұры әкем мен атамның үстіне жарық түсіріп, терең де ұлы хан мәдениетіне ұқсаған Мошүй өзенінің бетіне сәулесін сеуіп тұрады. Қанды су арбап, рухы тасқындаған ақ жылан балықтар өзен бетіне қарғып шығып, бұратылып ойнайды, сызық-сызық боп тартылған күміс жолақтар ашық айдында алыстап барып, кері қайтады. Өзен бетінен көтерілген сап-салқын көгілдір бу мен гаулияң алқабынан тараған қып-қызыл жылы бу өзен жиегінде тоғысып, араласып, аржақ-бержағы анық көрінетін ақбоз тұманға айналады. Әкемнің есіне таңсәрі жорыққа аттанар алдындағы сағызша созылып, шудаша шұбатылған қалың тұман түседі. Күн бір қарағанда он жылдай ұзақ сезілгенімен, енді бір қарағанда, қас қаққандай тез өтіпті. Әкем тағы сол тұтасқан тұман ішінде анасының өзін жолға шығарып салғанын ойлайды. Жер түбінде қалғандай көрініс, кірпік ұшында тұрғандай тым жақын екен. Әкем және әскерлердің гаулияң атызындағы көрген көресісін –  гранаттың Уаң Уынидің құлағына дәл тигенін, елу неше жасақтың тасжолда құдды бір қой құмалағындай қаптап көпірге лап қойғанын, үнсіз қылпылдаған өткір пышақ, қан толған оқты көз, әуеде қалқыған жаудың басы, дұшпанның қатып-семген арық құйрығы… қанатын жайған самурықтай өзен қырына шыға келген анасы… қарма нан… қырымен домалап бара жатқан қарма нан… іркес-тіркес жапырылған қызыл гаулияң… құдды бір қаһармандар секілді арт-артынан құлаған қызыл гаулияң… бәрі-бәрін жадына түседі.

Атам ұйқы меңдеп келе жатқан әкемді көтеріп алады, жарақат алған білегі мен екінші сау білегі де әкемнің тақымының арасында қалады. Әкемнің ышқырына қыстырулы браунік наган арқасына батып, атам іштей қатты ыңғайсызданып келе жатады. Бұл наган жоғары білімді, келбеті де келіскен, қатқан арық қара Рын орынбасардың құралы екен. Атам дәл осы қарумен Рын орынбасарды, Фаң Чиді және Лаулаусыны атып өлтіргенін ойлағанда, жек көргені сонша, жексұрын пәлені Мошүй өзеніне лақтырып жібергісі келеді. Лақтыруды ниет етіп, белін сәл иіп, арқасындағы ұйқыдағы ұлын жоғары қарай сілки көтергенмен, бұның өзі тек жүрегін тырнаған азапты қайғыны сәл жеңілдетіп алу үшін ғана болады.

Атам жүре береді, жүре-жүре аяғының қандай жерді басып келе жатқанын сезуден қалады. Бұл жүрсем деген күшті ниеттің жетегінде, ұйып қалған ауаның серпіме толқынында қиналып жанталасу еді. Есі кіресілі-шығасылы күйде келе жатып бір кезде алдыңғы жақтан талығып жетқен толқын тәрізді шуылды естиді. Басын көтеріп қарағанда, алыстағы өзен жағасынан айдаһар тектеніп ұзаққа созылған иір-қиыр от тізбегін көреді.

Атам тіксіне қарап аз тұрады, көз алды бірде тұманданап, бірде тұниды. Тұманданған кезде әлгі бір ұзын айдаһар аузын аша айбат шегіп, бұлт үйіріп, боран соқтырып, зорая түскен денесіндегі алтын қабығы тынымсыз сыңғырлап, оған қоса, жел ысқырып, тұман ұйытқып, күн күркіреп, найзағай жарқылдап, бар дыбыс жиыла тоғысып, дүлей дауыл дүние бетін тазалап жатқандай болады; ал ашық тартқан тұста тоқсан тоғыз алау ұстаған неше жүз адам жөңкіліп жүгіріп келе жатқандай хал кешеді. От жарығы алаулап, өзеннің оңтүстік, солтүстігіндегі қалың гаулияңды нұрға бөлейді. Ілгері тараптағы от арт жақтағы адамдарды, ал арт жақтағы от ілгері тараптағы адамдарды жарыққа шомдырады. Атам арқасындағы әкемді жерге түсіріп, тесіліп тұрып бар күшімен:

– Ду гуан! Ду гуан! Оян! Тез оян! Ауылдастар бізді қарсылауға келе жатыр… ауылдастар келді… – деп айқайлайды.

Әкем атамның қарлыға шыққан дауысын естиді. Және атамның көзінен жас тамшыларының ыршып кеткенін де көреді.

VI

Әкелі-балалы Дән Тиіңшиуді өлтірген кезде атамның жасы жаңа ғана жиырма төртке толыпты. Әжем екеуінің гаулияң алқабында ынтық самұрықтардай жасырын жанасып жүрген кезі, сол бір жартылай бақытты, жартылай қасіретті күндерде әжем кейін ерлігімен елге танылып, заманында Гаумидің Дұңби ауылында аңызға айналған менің әкемді көтеріпті. Әжем ол кезде Дән әулетінің араға елші салып, айттырып алған келіні болғандықтан, атаммен кездесуі қиюы келмес қиын іске айналады, еріксіздікке, кездейсоқтыққа, тұрақсыздыққа толы жай болады. Оның сыртында, әкемнің әлі жарық дүниеге келмеген кезі ғой, сол себепті, ол кездегі оқиғаларды жазғанда, мен оған Үй Жанау деген ат бергенді дұрыс деп таптым.

Сол күндерде қайғыдан қан жұтқан әжем Үй Жанауға өзінің заңды күйеуі Дән Пиянлаңның ақпа кеселіне шалдыққан бейбақ екенін айтады. Мұны естіген Үй жанау қолындағы қылпылданған өткір қанжарымен екі тал гаулияң сабағын шауып түсіреді. «Үш күннен кейін ештеңеден алаңдамай үйіңе қайтып кет» дейді әжеме. Махаббат иіріміне тұншығып, басы айналған әжем оның сөз астарында басқа мағына жасырынғанын ойлап жатпайды. Үй Жанау сол кезде адам өлтіру ниетіне келген екен. Әжемді гаулияң алқабынан ту сыртынан қадалған қалпы шығарып салған ол гаулияң сабақтарының арасынан әжемнің ақылды есегін дауыстап шақырғанын, сол аралықта әбден мас болып ұйықтап қалған әкесінің оянғанын көріп тұрады. Артынша шала ес кісінің тілі күрмеле былдырлап:

– Қызым… сен… бір сигенде жарты күн сидің ғой… сенің қайын атаң… бізге бір бас қашыр берем деген, – дегенін ап-анық естиді.

Әжем әкесінің сандырақтаған сөздерін елемейді, есегіне мінеді де, самал сипап, ажарланып кеткен ақ жүзін жолдың оңтүстік жағындағы гаулияң алқабына бұрады. Ана бір күйме көтеруші жас жігіттің өзіне қарап, бағып тұрғаны көңіліне аян еді. Әжем өзінің ішін өртеп, жүрегін жандырып бара жатқан әлемтапырақ халінен әрең сытылып шығып, алға қарай қарағанда, көз алдына мұнарлана тартылған шыт жаңа, мүлде бейтаныс, бетіне үлкендігі гаулияң дәндеріндей қызыл меруерт төселген даңғыраған кең жолды, екі қапталдағы терең арықта мөлдірей ағып жатқан гаулияң арағын көреді. Қос жағалау онсыз да теңіздей толқып, сабасында сапырылып жатқан қызыл гаулияң ғой, осы өмірде бар қызыл гаулияң мен әжемнің санасында сәулеленген қызыл гаулияң біте қайнасып, ара-жіктері ашылмай, жымдасып кетеді. Әжем осындай бір елес пен шындық мидай араласқан, болған істің бараны анық танылмас әңкі-тәңкі күйде ұзап бара жатады.

Үй Жанау гаулияң сабағына сүйенген қалпы әжем бір тұмсықтан айланып кеткенше қарап тұрады. Іле сұмдық шаршағанын сезген ол ештеңеге қарамай Фаң Сәйдің ауласына келеді де, айналасы бітеу үлкен құмыраға құлап, қорылдап ұйқыға кетеді. Содан күн ұясына батқанда бір-ақ оянады. Көзін ашар алдында сыңсыған гаулияң сабағына, гаулияң масағына бір қабат қалың қан қызыл бояу жағылғанын көреді. Жейдесін жамылып, гаулияң атызына шығады. Жолай болмашы желемік есіп, гаулияң сабақтарын ән салдырады. Өзінің сәл жаурағанын сезген соң жейдесін қымтап, қусырынып алады.  Білегінің құпсағына тиіп кеткені сол, ішек-қарнының шұрылдап қоя бергенін аңдайды. Сол сәт есіне осыдан үш күн бұрын ана бір жас келіншекті ауылға көтеріп кіргенде, ауылдың бас жағында, бір жанындағы бағанада жел жеп, жаңбыр тоздырған ескі арақ туы желбіреген үш бөлмелі сабан үйдің дөдегесін  көргені түседі. Ашқан қарны көтін қоныс таптырмайды. Тәуекелге мінеді де, гаулияң алқабынан шығып, адымдай басып арақ дүкеніне қарай тартады. Дұңби ауылына келіп, «Үйленгендерге қызмет көрсету» серіктестігіне жұмысқа тұрғаныма әлі екі жыл болған жоқ, айналадағылардың мені тани қоюы екіталай, ауылдың басындағы арақ дүкеніне барып, тоя жеп, шөлімді қандырайын да, орайын тауып, көздеген шаруамды бітірейін. Сонан соң қайта шегініп, гаулияң арасына еніп, теңізге сүңгіген балықтай алысқа жүзіп кете берейін деп ойлайды. Ойлай жүріп, кешкі шапаққа маңдайын сүйгізіп, батысты бетке алып кете береді. Күн ұясының үстінде қызғылт түсті бұлт көбейіп, құдды бір мудан гүлі ашылғандай, жоғарғы қабаты өрт шалғандай алтын жиектеніп, көрер көзге тым қорқынышты көрініп қалыпты. Солай қарап аз жүрген соң, қайта солтүстікке бұрылып, тіке әжемнің атастырылған күйеуі Дән Пианлаңның ауылына қарай тартады. Адам қарасы сейілген алқап әлдеқашан тыныштыққа шомыпты. Ол кезде ас ішіп, аяқ босата алатын адамның бәрі ерте жарықта үйіне қайтатын. Кеш қалуға жүрегі дауаламайтын. Қараңғы түсе сала, гаулияң алқабы қарақшы мен тонаушылардың ордасына айналатын. Ол күндері Үй Жанаудың салымы жаман болмаған-ды, жол торыған көлденең көкіректің ешбірі кездесіп, әуреге салмаған-тын. Түтіні ың-жыңсыз көкке көтерілген ауылдың көшесінен әлдебір еркектің қос құмырасын суға толтырып алып, құдықтан келе жатқан бараны байқалды. Шылпылдан су дыбысы алыстан жетеді.

Үй Жанау көнетоз ту ілінген сабан үйге кіріп барады. Үй іші аңырайған ашық, кедергі болар кереге жоқ екен. Тек балшық кесектен жасалған биік сөре ғана үлкен бөлмені екіге бөліп тұрыпты. Ішкі жақтан жылы сәкі, ошақ және құмыра көзге шалынады. Беріде сирағы қисық, жүзі айқаш-ұйқыш сызыққа толған абажадай екі үстел. Қасында қалай болса солай жасай салған үш-төрт ұзын орындық. Балшық сөренің үстіне үлкен арақ құмырасы қойылыпты. Араққұйғыш құмыраның ернеуінде ілулі тұр. Сәкіде бұған тесіле қарап етжеңді шал отыр. Үй Жанау бір қарағаннан жазбай таниды, «кәрісшоқпар» атанып кеткен, ана бір ит союмен айналысатын кісі екен. Үй Жанау бір жолы Мадианжиде оның бір минуттың ішінде бір иттің жанын алғанын көріп еді. Мадианжидегі ит біткен оны көрсе жүндері үрпиіп, қыңсылап қоя беретін. Бірақ ешқашан тап бермейтін.

– Қожайын, бір жарты арақ беріңіз, – дейді Үй Жанау ұзын орындықтардың біріне отырып жатып.

Семіз шал орнынан қозғалмайды, тек ана бір сұрғылт көздерін аударып-төңкеріп қояды.

– Қожайын! – Үй Жанау айғай салады.

Семіз шал сонда барып тізесіндегі ит терісін алып, сәкіден түседі. Ол қара иттің терісін жауып, ақ иттің терісін астына төсеп отырған екен. Үй Жанау тамда ілулі тұрған тағы жасыл, көк және ала иттердің терілерін байқайды.

Шал текшенің қуысынан қызыл қоңыр түсті кесені алып шығып, оған араққұйғышпен арақ құяды.

– Тіске басарға не бар? – деп сұрайды Үй Жанау.

– Иттің басы, – дейді шал ызбарланып.

– Менің иттің етін жегім келеді, – дейді Үй Жанау.

– Иттің басы ғана бар, – дейді шал.

– Иттің басы болса, иттің басы болсын, – дейді Үй Жанау.

Семіз шал қазанның қақпағын ашады, Үй Жанау онда бүтін бір иттің былқып тұрғанын көреді.

– Менің иттің етін жегім келеді! – деп айғайлайды Үй Жанау.

Семіз шал оны елемейді, қолына үлкен пышақ алып, иттің мойнына қарай сілтеп қалады. Шалп етіп сорпа шашырайды. Кесілген басты темір істікпен шаншып алып, сөренің сыртына қарай тастайды. Көкірегін ашу кернеген Үй Жанау:

– Аға-шөнеңнің иттің етін жегісі келеді! – дейді айғайлап.

Иттің басын текшеден асыра тастаған шал:

– Жесең – же, жемесең, көзіңді жоғалт! – дейді ашуланып.

– Мені боқтауға қалай дәтің барды?

– Тып-тыныш жайыңа отыр, бала, – дейді шал. – Сен иттің етін жеуге жараған жоқсың! Оны Хуа Бозыға алып қойғам.

Хуа Бозы Гаумидің Дұңби ауылындағы аты шулы қарақшылардың серкесі еді, атын естігенде Үй Жанау әнтек тіксініп қалады. Айтуларға қарағанда, Хуа Бозының қолында керемет бір жақсы мылтық бар, аты «Үш басты самұрық». Жұрт осы мылтықтың дауысын естігенде-ақ Хуа Бозының келгенін біледі екен. Үй Жанау іштей аса мойынсал болмаса да, ашуын жұтып, үнсіз қалады. Бір қолымен кесені көтеріп, екінші қолымен иттің басын алып, арақтан бір ұрттап алады да, сосын әлдеқашан шегіне жете піссе де, өзінің қабаған қатыгездігінен арылмаған иттің көзіне тіктеп қарап, арандай ашылған ауызын иттің мұрнына туралап, ызалана барып қауып алады, бал тамған дәмі тілін үйіреді. Шыныман-ақ ашыққан екен, езуін жалап, тамсанып жатуға үлгермейді, иттің көзін жұтып, миын обады, тілін сорып, жағын мүжиді, кеседегі арақты да демде басына көтереді. Ол иттің аршылып, жалаңаштанған бас сүйегіне қадала қарап аз отырып, жақсылап бір кекіреді.

– Бір теңге, – дейді шал.

– Менде жеті тиын ғана бар. – Жеті тиынын алып шыққан Үй Жанау үстел үстіне тастайды.

– Бір теңге!

– Менде бары тек жеті тиын.

– Бала, сен мұнда садақа ас ішуге келіп пе едің?

– Менде бары жеті тиын ғана. – Үй Жанау орнынан тұрып, жүруге ыңғайланады. Семіз шал сөре ішінен жүгіріп шығып, Үй Жанауды ұстай алады. Ұстаса бергендері сол, еңгезердей біреу дүкенге кіріп келе жатады.

– Кәрісшоқпар, неге шам жақпағансың? – деп сұрайды әлгі.

– Садақа ас ішетін біреуге кездесіп қалып, – дейді семіз шал.

– Тілін кесіп таста оның! Шам жақ! – дейді әлгі түнерген қалпы.

Шал Үй Жанауды босатады. Сөренің ішіне кіріп, шақпағын шағып, білтелі шырағданды жағады. Шалқыған шам жарығы әлгі кісінің қара сұр жүзіне түседі. Үй Жанау оның қара торқадан киім киіп алғанын көреді. Жейдесінің шалғайы толған түйме екен, бұтында ерепайсыз кең жұқа шалбар, оның балағын жіңішке қара баумен мықтап байлап тастапты. Аяғында бір жұп үшкір тұмсық кездеме шоқай. Сұңқиған ұзын әрі жуантық мойын біткен азаматтың сағағында алақанның үлкендігіндей ақ тері бар екен. Үй Жанау іштей дәу де болсаң Хуа Бозы боларсың деп тұспалдайды.

Үй Жанауға шола бір көз жүгірткен Хуа Бозы кенет сол қолының үш саусағын шығарып, маңдайына басады. Түкке түсінбеген Үй Жанау оған бақырая қарайды.

Үмітсізденген бейнемен басын шайқап-шайқап қойған Хуа Бозы:

– Көмектеспейсің бе? – дейді.

– Мен жүк көтеріп күн кешкен күймекешпін, – дейді Үй Жанау.

– Иықпен ас айырған адам екенсің ғой, – дейді Хуа Бозы көзге ілмей. – Қалай, менімен қарма нан жескің келе ме?

– Жоқ, – дейді Үй Жанау.

– Қараңды батыр! Жас болғаның үшін тіліңді аман қалдырайын, қыздарды өп! – дейді Хуа Бозы. – Сыртқа шыққан соң аузыңды бағып жүр!

Үй Жанау өзінің ашуланғанын, әлде қорыққанын білмеген күйі кері шегініп, қабақхандан шығып кетеді. Қарақшыда болуға тиіс негізгі қасиеттерді толық әзірлегенмен, шын қарақшының қасында жетпейтін тұстары әлі көп екен. Оларға қосылмай келуінің себебі де жетерлік еді. Жинақтап айтқанда, бастысы мына үш себепке саятын: біріншісі, ол алған ахлақ тәрбиесінің шектемесі, оның ойынша, қарақшылық – зорлық, Құдай заңын бұзу болып есептелетін; онда билікке деген өте зор соқыр сенім бар еді, «адал» жолмен мал тауып, қатын алуға болады деген үміті әлі сөне қоймаған-ды. Екіншісі, әзірше шарасыздан «Лияң шанға шығатын» қиын жағдайға тап келмеген, өз алдына тырбанып күн кешіп жатқан,  тірлігі әлі тұйыққа тіреле қоймаған болатын. Үшіншісі, оның өмірге деген көзқарасы толық қалыптасып үлгермеген, балаң қалпы, жеке тіршілік пен қоғам туралы түсінігі дәл қарақшылардікіндей әлінен асып, шегінен шығып кетпеген-тұғын. Алты күннің алдындағы ана бір жол торыған тонаушылардың көмекші тобын жаусатып салған кескілескен шайқаста ерекше ерлік, төтен батырлық көрсеткенімен, оған себеп болғаны таза әділетшілдік пен аяушылық сезім еді, қарақшыларға тән бассыз асаулық жоққа тән болатын. Үш күннің алдында менің әжемді алып қашып гаулияң алқабының терең түкпіріне кетіп қалуы да, негізінен, әйел сұлулығына деген сұмдық ынтызарлықтың жарқын көрінісі, жабайылықтан мүлде ада-тын. Гаумидің Дұңби ауылы қарақшылардың ұясы, ал қарақшылардың құрамы өте күрделі еді. Менде Гаумидің Дұңби ауылындағы қарақшылар туралы үлкен кітап жазайын деген ұлы жоспар, нақты дайындық, соған қоса, жасалған терең зерттеулер бар болатын – алдын-ала үлкен-үлкен сөздер айтып, әлдекімдерге қоқаңдап отыруым содан еді.

Үй Жанаудың жүрегінде қарақшылар серкесі Хуа Бозының іс-әрекеттеріне деген жасырын құрмет әрі жек көру бар-тын.

Үй Жанау кедей отбасында дүниеге келген-ді. Әкесі ерте қайтыс болып, шешесі екеуі үш жеті соток жерге егін салып күн көрді. Қашыр саудасын жасайтын көкесі Үй Дая анда-санда қол ұшын беретін, дегенмен, мөлшері тым аз еді. Ол он үш жасқа шыққан жылы анасы Тиян Чи бұтханасындағы бір монақпен барыс-келіс жасай бастайды, қолында бар монақ үнемі ұн, күріш әкеп беріп тұрады. Ол келген сайын анасы Үй Жанауды әлдеқайда жұмсап жіберіп, есікті жауып алады. Іштен шыққан көңілді әуенді естігенде бозбаланың көкірегін ашу кернегені сонша, жек көруден үйге от қойып, өртеп жібергісі келетін. Ол он алтыға толған жылы анасы мен монақтың барыс-келісі тіпті де қалыптан шығады, ауыл ішіне түрлі қауесет тарайды. Ауылдас досы Шың шияу темірші бір күні оған алмас қанжар ұсынады, көктемнің бір жаңбырлы кешінде, Үй Жанау әлгі монақты алмұрт гүлдеген бұлақ бойында пышақтап өлтіреді. Әлгі бұлақтың жағасы толған алмұрт ағашы екен, монақ өлген кезде күні толып, жаппай гүлдеп жатады. Себезгілеген жауын арасында алмұрт гүлінің жұпар исі жайыла тарайды. Монақты өлтірген соң Үй Жанау ауылдан кетіп, қиыр жайлап, шет қонады, басынан талай іс өтеді, ақыры құмар ойынының құрығына ілінеді. Ай аунап, жыл жылжыған сайын шеберлігі арта түседі. Мыс теңгенің нілі екі қолын жасыл түске бояйды.

Сау Мыңжиу Гауми ауданына келген соң күн-түн демей құмарпаздарды қуғындайды, сонда ол әлдебір қабырлықта қолға түсіп, аяқ киім табанымен екі жүз дүре жейді. Тағы бір бұтына қызыл балақ, екінші бұтына қара балақ шалбар кигізіліп, аудан орталығында екі ай көше сыпыру жазасына кесіледі. Босап шыққан соң, Дұңби ауылында сенделіп жүріп, кірекештің жұмысына тұрады. Монақ өлген соң анасының да есік кәзинегіне асылып өлгенін естиді. Түн жамылып барып бір рет көреді. Артынан гаулияң алқабында менің әжеммен болған іс жүз береді.

жалғасы келесі санда…

Қытай тілінен аударған Серік НҰҒЫМАН

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз