Қазақстан құрамасының су жаңа бас бапкері Михаил Билек өз еліндегі ақпарат құралдарының біріне сұқбат беріпті. Билек 17 қаңтар күні Чехияда баспасөз мəжілісін өткізіп, «Фастав Злин» клубынан кететінін мəлімдеген болатын. Қазақстан футбол федерациясы 53 жастағы маманмен «1+1» негізінде келісімшарт жасады.

– «Фастав Злин» сізге мүмкіндік берген команда. Бірақ орта жолдан тастап барасыз. Клубтың болашағына күмəнмен қарағандықтан ба?

– Мен үшін оңай шешім болған жоқ. Мүмкіндік бергені үшін барлығына алғысымды айтамын. Бізде жақсы қарым- қатынас болды. Жұмысты соңына дейін жеткізбей қашты деп жатқандар да бар шығар. Бірақ өзіме түскен ұсынысты қабыл алдым.

Ұлттық құраманың бас бапкері болу – үлкен құрмет. Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде ойнау қызықтырды. Сондықтан осындай мүмкіндік сыйлаған Қазақстанға алғыс айтамын.

– Алайда, қолайлы емес сəтте кеттім деп ойламайсыз ба?

– Əрине, қолайлы емес кезең. Жағдай күрделі. Дегенмен, команда ақырындап аяққа тұрады деп ойлаймын. «Злин» клубының маған мүмкіндік сыйлағанын бағалаймын. Соның арқасында тағы бір мəрте ұлттық құраманы жаттықтырмақпын. Əрдайым клубтың жұмысын бақылап отырамын. Жаңа бапкердің қолынан барлығы келетініне сенім білдіремін.

– Ойыншылармен қоштасып үлгердіңіз бе?

– Иə, мұндай жағдай менің карьерамда бұған дейін де болған. Қоштасу ешқашан оңайға түспейді. Сондай-ақ фанаттарға қызу қолдауы үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Бəлкім, бұл клубқа тағы бір мəрте келіп қалармын. Ондай мүмкіндік болып жатса, қуана келісемін.

– Ұлттық құрамада күнделікті оқу-жаттығу деген жоқ…

– Рас айтасыз, маған ойыншылармен күнделікті жүздесіп тұрған ұнайды. Енді жағдай басқаша болады. Бұған дейін Чехия құрамасын жаттықтырғанмын. Сондықтан айырмашылығын жақсы білемін.

– Қазақстанмен келіссөз қалай жүргізілді?

– Олар менімен жеке кездескілері келетінін айтты. 14 қаңтарда Қазақстанға ұшып барып, ертеңінде қайтып кеттім. Барлық шарттар бойынша жылдам келістік. Енді жұмысым 1 ақпанда басталады. Ақпанда екі жолдастық кездесу өткіземіз, ал наурызда Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі басталады. Шотландия жəне Ресей құрамаларымен ойнаймыз.

– Сіздің жұмысыңызды қандай параметрлер бойынша бағаламақ?

– Біз əлі ол туралы сөйлескен жоқпыз. Бірақ əр команданың алға жылжу, даму секілді мақсаты болады. Қиын болатынын жақсы түсінемін.

– Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі қарсыластарыңыз туралы не айтасыз?

– Бəрі де қарымды қарсыластар. Бельгияның қандай деңгейде екенін жақсы білесіздер. Ресей əлем чемпионатында керемет ойнады. Шотландия құрамасының ойынын Чехияны жаттықтырған кезден білемін.

– Бұл орынға жалғыз кандидат болдыңыз ба?

– Басында көп болған. Бəрі де шетелден.

– Қазақстан неліктен сіздің кандидатураңызға тоқталды?

– Қиын сұрақ. Маған грузиялық агент хабарласты. Онымен Тбилисидің «Динамосында» жұмыс істеген кезден таныспын. Қазақстан құрамасына бас бапкер болу мүмкіндігі туындап тұрғанын айтты.

– Қазақстан құрамасын бұған дейін тағы бір чех Мирослав Беранек баптаған болатын. Онымен бұл жөнінде сөйлесіп көрдіңіз бе?

– Мирославқа əлі хабарласпадым. Бірақ бұл тақырып жөнінде сөйлесу жоспарымда бар.

– Жалпы, Қазақстан футболы туралы не білесіз?

– Қазақстандағы беделді команда «Астана» жыл сайын Еуропада ойнап жүргенінен хабардармын. «Славия» былтыр сол клубтан ұтылып, плей-оффқа шыға алмады. Жап-жақсы футболшылар бар. Əзірге барлық ойыншының мүмкіндігін бақылап көрген жоқпын. Жақын арада ойындарға қатысып, тексеріп көруді ойластырып отырмын.

– Қазақстанға қоныс аударасыз ба? Əлде Чехиядан барып-кетіп тұрасыз ба?

– Келісімшарт аяқталғанша сонда боламын. Астанадан пəтер жалдаймын. Тұрмыстық мəселелер мені алаңдатпайды. Шекара асып жұмыс істеу үшін бапкерлік жолды таңдадым. Бір кездері Коста-Риканы да жаттықтырғанмын. Менімен бірге Қазақстанға жұбайым еріп барады.

– Футболшылармен қай тілде сөйлесесіз?

– Менің ағылшыншам өте жақсы деңгейде. Мектепте жүргенде орыс тілін оқыған- мын. Қазақстанда орысша сөйлейтіндер көп. Сондықтан еске түсіруге тура келеді. Айта кетейік, Михаил Билек Прага қаласында 1965 жылы 13 сəуірде дүниеге келген. Футболшы кезінде Чехо- словакия жəне Чехия құрамаларының жартылай қорғаушысы болған. Бапкерлік қызметін Чехияның «Теплице» клубында бастады. Сонымен қатар, «Картахинес» (Коста- Рика), «Хмел», «Виктория Плзень», «Спарта Прага», «Высочина» (барлығы – Чехия), «Ружомберок» («Сло- вакия»), «Динамо Тбилиси» (Грузия) футбол клубтарын жаттықтырды. Соңғы жұмыс орны – Чехияның «Фастав Злин» командасы.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №5
29 қаңтар 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз