Адамзат жаратылғалы бері адам құпиясы әлі зерттеліп келеді. Адам баласы өз ішкі ағазаларының сырын әлі толық ашып болған жоқ. Өзге тіршілік иелерінен айырмашылығы ойлана алуында. Ой ми арқылы жүзеге асады. Фантастика жанрында түсірілген «Люси» (Lucy) фильмінде адам миының он пайызын ғана қолданады дейді. Бұл жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Ал еліміздегі жалғыз нейробиолог Кәмила Сәлібаева мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, кез келген адамның миы өз мүмкіндігінің жүз пайызында жұмыс істейді. Миды пайызбен өлшеу – адами әрекеттерді пайызбен есептегенмен тең дейді. Алайда бізді қызықтыратыны ол емес. Оған қарағанда миымыздың қалай жұмыс істейтіні маңыздырақ. Біз бұл мақаламызда ми жұмысын ғылыми тұрғыда емес, қарапайым мысалдармен түсіндіруге тырысып көрмекпіз.

Ми адамды жиі алдайды. Барлығы миға байланысты. Сізді алдаған логикаңыз емес. Өмірде адам миында бейсаналы түрде қалыптасқан нәрселер бар. Адам оны басқара алмайды. Айталық, біз жақсы киінген, түр-сипаты әдемі адамды жақсы адам деп ойлаймыз да, үсті-басы лас, түсі суық адамды бейсаналы түрде жаман адам деп санаймыз. Себебі бейсанамыз солай қабылдайды. Бейсана (подсознание) бала кезден бастап қалыптасады. Әрине, бала шақта жүйке талшықтары өте аз болады. Өсіп-жетіле келе олар да көбейе түседі. Өмірде саналыдан гөрі бейсаналық адамға көбірек әсер етеді.

Мектепте өткен биология пәнінен білеміз, мидың бірнеше қабаттары болады. Мидағы қыртыстардың көптігі ақылға әсер етпейді. Сонда біз ақылды адам деп кімді айтамыз? Оған былай жауап беріп көрейік. Зерттеулер дәлелдегендей, кімде нейрондардың (жүйке талшықтары) байланысы көп болса, сол адамды ақылды деуге болады. Адамның күнделікті іс-әрекетінің бәрі нейрондық байланыстың нәтижесі. Оны үзу мүмкін бе деген заңды сұрақ туындайды. Мидың өзіндік картасы болады. Әр бөлік әр органға жауап береді. Оның бірі көруге, бірі қимылға, енді бірі естуге жауап береді. Егер сіз көп қимыл-қозғалыс жасамасаңыз, ми картасы басқа жаққа ауады. Көртышқанды мысалға алып көрейікші. Неге оның көзі көрмейді? Себебі ол жердің астында өмір сүруіне байланысты көзді аса қажет етпейді. Эволюция барысында көздің қажеттілігі жойылған. Сол секілді егер адам бір нәрсені күнделікті істемесе, уақыт өте келе ол жоғалады. Өйткені мидың картасында қолданылмайтын нәрсе өз күшін жояды.

Күнделікті өмірімізден мысал келтірейік. Бүгінгідей шет тілдерін меңгеру қажеттілік деп саналған уақытта адамдар ағылшын тілін үйренуге ұмтылуда. Әртүрлі курсқа барады, оқиды, үйренеді. Бірақ түптеп келгенде үйренгенінің бәрі ұмытылады. Тәжірибе болмағандықтан, күнделікті қолданылмағандықтан ол жоғалып кетеді. Мидың ең бірінші қасиеті (пластичность) – қолданылмайтын нәрсе жойылады. Енді біз осыны адам өмірінің маңызына айналған мақсат тақырыбымен байланыстырып көрейік. Неге көп жағдайда адам мақсатына жете алмайды? Жоғарыда айтып өткен нейрондық байланыстың болмауы себепті адам көздеген нысанасына жете алмайды екен. Сөзіміз құр шықпас үшін өмірден мысал алып көрейік. Мәселен, бір адамның айлық табысы жүз мың теңге. Әр түрлі себептерге байланысты осы айдың соңына дейін бес жүз мың теңге табам деп мақсат қойды. Алайда айдың соңында ойлаған ақшасын таба алмады. Шамамен есептегенде, оның айлық шығыны 40-50 мың. Ақылға салып ойланып көрсек, шығынын жаба алмаған адам айлық табысынан үш-төрт есе ақша таба алмайды. Неге? Өйткені оның миында бұған дейін нейрондық байланыстар болмаған. Егер адам бір нысанадан екінші нысанаға жетсе, онда мида нейрондық байланыс қалыптасады. Яғни сіз айына жүз мың теңге тауып жүріп, одан екі есе табам десеңіз ми оған сенеді. Өйткені ол ақылға қонымды. Ал бес жүз мың теңге дегенге миыңыз сене қоймайды. Себебі ол тым үлкен әрі бұған дейін оған жететін нейрондық байланыс болмаған.

Сіз бір керемет іс тындырдыңыз. Қатты қуандыңыз, ләззат алдыңыз. Дәл осы кезде ми дофамин (рахат, бақыт сезіміне деген құштарлық) бөледі. Дофамин нейромедиаторы адамға рахат сезімін сыйлайды. Мысалы, нашақор адам наша қабылдады дейік. Бір рет қабылдады, екі рет, үш рет… Одан кейін ол оған автоматты түрде тәуелді боп қалады. Ол кезде ми көп дофамин бөледі. Неліктен адам мақсатқа жетуден гөрі казиноға барып құмар ойынын ойнайды, неге шылым шегеді, не үшін ішімдікке әуес болады? Өйткені сол адам өзінше ләззат алады. Мида бөлінген дофамин дозасы рахат сезімін одан сайын күшейтеді. Анықтап қарасақ, мақсатқа жетуден де ләззат алуға болады. Бірақ көп жағдайда адам біріншісін таңдайды. Себебі бірінші жол оңай. Зиянды әдеттер адамға көп жұмыс істетпейді, бірақ рахат сезімін сыйлайды. Осы арқылы мида автоматты түрде алқа (цепочка) қалыптасады. Былайша айтқанда, адам көбірек рахат сезіміне бөлену үшін аталған нәрсеге үйреніп қалады екен. Сондықтан жаман әдеттерден (шылым шегу, ішімдік ішу, наша қабылдау) арылу қиындай түседі. Бір қызығы, адам оны білмейді. Дофаминді көбірек алу үшін ол күнделікті әдетін қайталай береді.

Ал мақсатқа ұмтылу, жету – ол бірінші жағдайдағыдай емес. Мұнда адам жұмыс істейді, әжептәуір күш жұмсайды. Адам миы өте ақылды. Ол сіздің демалғаныңызды қалайды. Егер мақсатқа жету жолындағы жасайтын жұмыстарыңыз сізге ләззат сыйламаса, онда нейрондық байланыстың қалыптасуы қиын. Біз миымызды басқарамыз деп ойлаймыз, бірақ керісінше, миымыз бізді басқарады екен. Кішігірім қалыптасқан нәрселер біздің мақсатқа жету жолындағы кедергілеріміз десек болады. Алдыңызға үлкен мақсат қоясыз, бірақ жете алмайсыз. Неге? Өйткені, бұған дейінгі А нүктесінен В нүктесіне дейінгі аралықта ешқандай нейрондық байланыс жоқ. Нейрондық байланыс қалай қалыптастыруға болады? Ол кішігірім нысаналар арқылы қалыптасады. Кішігірім нысаналарға жеткеннен кейін ғана ми үлкен мақсатқа жетуге болатынына сенеді. Кішкентайдан басталған тұрақты іс-әрекет үлкен істерге жол ашады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей ми адамды алдайды. Таңертең оятқыштың дауысын естісек те, бес минут, он минут жата тұрам деп, қалай бір сағат ұйықтап қалғаныңызды білмейтін кездер болған шығар. Оның бәрі миыңызға тікелей байланысты. Ол бізді сәл жата тұр, үлгересің деп алдарқатады. Жаңа нейрондық байланысты қалыптастыру үшін бұрын жасамаған істі жасап көру керек дейді зерттеушілер. Сол кезде ғана бұрынғы нейрондар істен шығып, жаңа байланыс қалыптасады. Ойыңызда бұрын істей алмаймын, қолымнан келмейді деп жүрген дүниелер болса,  істеп көрген абзал. Ерте тұрып жүгіру керек еді деп жүргеніңізге қанша уақыт болды? Бүгіннен бастаңыз. Жұмысқа күнде бір жолмен барасыз ба? Енді басқа жолмен барып көріңіз. Бұрын жасамаған нәрсені жасаған кезде ғана барып ми жаңа нәрсеге сеніп, соған қарай бағытталады. Тұрақтылық маңызды. Әрекетіңіз тұрақты болған кезде ғана мықты нейрондық тізбек қалыптасады.

Сөз соңында айтқымыз келген нәрсе, адам мүмкіндігі шексіз. Біздің бойымызда ашылмай, бұғып жатқан қаншама қабілеттеріміз бар. Соларды ашуға талпынып, үнемі жаңа дүниеге ұмтылған кезде ғана жетістік есігі ашылады. Адамның күнделікті іс-әрекеті мида қалыптасқан нейрондық тізбектің нәтижесі. «Өзіңде бұрын болмаған нәрсенің болуын қаласаң, бұрын жасамаған нәрсені жаса» дейді әйгілі оратор, өзін-өзі дамыту бойынша маман Брайан Трейси. Миыңызға салмақ түсіруден қорықпаңыз. Керісінше, ми дұрыс жұмыс жасау үшін үнемі қозғалыс, үнемі жаңа іске ұмтылу қажет.

Ғылыми еңбектер бойынша дайындаған
Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз