Жаңа жыл мерекесінен соң Семей қаласындағы нағашыларыма қонаққа бардым. Бұл жақтың қысы қатты. Қаңтар мен ақпан айларында ауа температурасы -30 градустан төмен болады. Жергілікті халық жыл сайын қайталанатын бұл құбылысты Сібір аязы атап кеткен. Біздің сапарымыз дəл осы Сібір аязына тура кепті. Бұл кезде Семей көшелерінде адам баласын сирек кездестіресіз. Алайда, «Спартак» орталық стадионы маңында қызу тіршілік. Футболға арналған форма киіп алған кішкентай футболшыларды көріп жөн сұрастық. Астанадан арнайы келген футболшы балалар екен.  Аязды күні балаларды Астанадан қандай жел айдап келді десек, Ертіс жағасындағы «Жасыл алаңда» мини-футболдан турнир өтіп жатқан көрінеді. Балалардың барлығы жарысқа сақадай-сай. Киімдері де, əңгімелері де кəдімгі кəсіби футболшылардыкіндей. Сөйтсек, олар «ВііМ» футбол мектебінің шəкірттері екен. 2017 жылдың сəуір айында BiiM League ЖШС-нің қолдауымен құрылған футбол мектебінің шəкірттері көптеген байқауларда бақ сынап, жеңіске жетіп үлгеріпті. Жас спортшылар доп тебу мəнерін меңгеріп қана қоймай, жақсы əңгіме де айта біледі екен. Кезінде осы топырақтың тумасы Мұхтар Əуезов те осы балалар секілді доп тепті емес пе?..

Ұлан: Футболмен айналысқандарыңа қанша жыл болды? Доп тебуді алғаш қайдан үйрендіңдер?

Нағи: Мен Қарағанды қаласынанмын. Футболға қатысқаныма үш жылдан асты. Ата-анам бала күнімнен доп ойнауды үйреткен. Мектепке бармай тұрған кезімде-ақ доппен неше түрлі трюктер жасайды екем. Сосын ата-анам мені футболға беруге шешім қабылдапты. Өзіме доп ойнаған ұнайды.

Мансұр: Менің жасым тоғызда, футболмен алты жасымнан бастап айналысамын. Өзім Астана қаласында оқимын. Екі жаста болғанда тəтем маған доп сыйлаған екен. Қызығушылығым сол кезде басталса керек. Ал кəсіби түрде футбол академиясында алты жасымнан бастап жаттығамын.

Ұлан: Болашақта футболшы болуды армандайсыңдар ма? Алата-аналарың бұған қалай қарайды?

Мансұр: Əрине, өскенде Қазақстанның намысын қорғайтын футболшы болғым келеді! Ата-анамның тарапынан ешқандай қарсылық жоқ. Егер олар қарсы болса, мені футбол академиясына оқуға бермейтін еді деп ойлаймын.

Нағи: Менің де футболшы болғым келеді. Бірақ кейде анам: «Егер күндердің бір күнінде футболшы болудан бас тартатын болсаң, «ҚазМұнайГазда» жұмыс істейсің», – деп айтады.

Мансұр, жас спортшы
Мансұр, жас спортшы

Ұлан: Кімді үлгі тұтасыңдар?

Нағи: Лионель Мессиді үлгі тұтамын. Мен футбол көрген уақыттан бері ол тек қана «Барселона» сапында ойнап келеді. Кейбір футболшылар бір клубтан екіншісіне оп-оңай ауыса береді ғой. Ал Месси ондай емес, ол өз командасына адал. Менің арманым – өзімді Лионель Месси ойнаған «Барселона» сапында көру.

Мансұр: Менің кумирім – Криштиану Роналду. Негізі бұрын «Челси» футбол клубындағы Оскардың жанкүйері болатынмын. Ол Қытайға ауысып кеткен соң Роналду менің фаворитіме айналды. Ал қазақстандық футболшылардан Жуниор Кабананга мен Твумасиға еліктеймін.

Ұлан: Футболдан басқа немен айналысасыңдар?

Нағи: Қазір сабақ уақыты болғандықтан оқуым мен футболдың уақытын үйлестіріп жүрмін. Болашақта тенниспен айналысқым келеді.

Оқу үлгерімі нашар оқушылар футбол академиясына қабылданбайды

«Жігіттің жақсы болуы – нағашыдан», ал футболшының жақсы болуы –жаттықтырушыдан. «ВііМ» футбол академиясының негізін қалаған Талғат Мұратұлы бала күнінде өзі де футболшы болуды армандапты. Алайда ата-анасының қалауы бойынша басқа мамандықта білім алған. Өзінің бала арманы орындалмағасын, көп баланың арманын жүзеге асыратын жасөспірімдерге арналған футбол академиясын ашқан. Жүзге жуық жас спортшының футболдағы «əкесі» атанған 24 жастағы Талғат бізге қазақ балалар футболының ахуалы туралы əңгімелеп берді.

Ұлан: Футбол академиясын ашуға не себеп болды? Өзіңіз футболмен қанша уақыт айналысқансыз?

Талғат Мұратұлы: Мектепте оқып жүргенде футболды жақсы ойнайтынмын. Қазақта «Доп ойнаған тозар» деген сөз бар ғой. Ата-анам менің доп қуғанымды емес, білім қуғанымды қалады. 6-сыныптан кейін Қазақ-түрік лицейіне қабылдандым. Сосын футболмен айналысуға мүмкіндік те, уақыт та болмады. Жаман оқушы болмадым, ата-анам артқан үмітті ақтадым. Астана қаласына университетке түстім. Бірақ бала арманым ұмытылмады. Университетті бітірген соң Астана қаласынан BiiM League ЖШС-мен бірігіп «BiiM» футбол академиясын аштым. Қазір футбол мектебінің Семей қаласындағы «Спартак» стадионында да орталығы бар. Жүзге жуық баланы доп тебу мəнеріне үйретіп жүрміз.

Ұлан: Қазақ футболы дамып келе жатқанымен, қоғамда «қазақ баласы доп тебе алмайды» деген теріс пікір бар. «BiiM» футбол академиясы кез келген қазақ баласынан футболшы жасай ала ма?

Талғат Мұратұлы: Менің тəжірибеме сенсеңіз, кез келген қазақ баласын доп тебуге үйретуге болады. Тек ниет түзу болса болғаны. Допты ұстап көрмеген балалар да біздің орталыққа келіп, дайындалып, футболшы атанып жүр. Жер бетінде адам баласының қолынан келмейтін дүние аз. Ал доп тебу көп еңбекті, машықтануды талап етеді. Осы күнге дейін «мен доп тебе алмаймын» деген ер баланы көрмеппін. Қазір Қазақстанда балалар спортына көп көңіл бөлінуде. Себебі, алдыңғы толқын спортшылардың алаңнан шығатын уақыты жетті. Оларды алмастыратын футболшыларды дайындау – біздің міндетіміз.

Ұлан: Өзіңіз ата-анаңыздың қалауымен оқуға көп көңіл бөлдім дедіңіз. Қазіргі шəкірттеріңіздің ата-анасы футболға қалай қарайды? Дайындықтар мен жарыстар оқушылардың оқу үлгеріміне зиянын тигізбей ме?

Талғат Мұратұлы: Біздің ұжым əрбір тоқсан сайын шəкірттеріміздің оқу үлгерімін тексеріп, ұстаздары мен ата-анасының келісімін алып отырады. Мектеп бағдарламасын дұрыс меңгермеген, оқу үлгерімі нашар балаларды футбол академиясына қабылдамаймыз. Себебі, футбол – математикалық сауаттылық пен геометриялық есептеулерді де қажет ететін спорт саласы. Бізде аптасына үш рет жаттығудан бөлек, аналитикалық ғылым саласының мамандары, теориялық сабақ беретін ұстаздар, психологтар мен дəрігерлер арнайы дəрістер өткізеді.

Спортшыларға білімді, сауатты болудың қажеті жоқ деген жаңсақ пікір. Біздің кейбір шəкірттеріміз футбол академиясына қатысу үшін сабақты жақсы оқуға тырысатындарын айтып жатады. Мұның өзі біз үшін үлкен жетістік.

Ұлан: Білуімізше, футбол мектебі тек Астана жəне Семей қалаларында жұмыс істейді. Жақсы футболшылар ауыл-аймақтарда да көп. Олармен байланыс орнату, академияда оқыту жағы жоспарда бар ма?

Талғат Мұратұлы: Дұрыс айтасыз, нағыз доп тебудің шеберлері ауылдарда. Мен бұл футбол академиясын табыс табу, бай болу мақсатында ашқан жоқпын. Менің мақсатым – қазақ жастарының спортқа, футболға деген қызығушылығын арттырып, кəсіби мамандар дайындау. Сондықтан, бізде қайырымдылық шаралары жиі өтеді. Қала маңындағы балалар үйлерінің тəрбиеленушілері бізде тегін жаттығады. Алдағы уақытта ауыл-аймақтарды аралап, командаға жақсы шəкірттер жинау жоспарда бар.

P.S: Біз мектепте оқыған тұста футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, коньки, шаңғы деген спорт түрлерін үйрететін əмбебап мамандар бар болатын. Олар біздің əкеміз бен анамыз, ағамыз бен əпкеміз еді. Ал қазіргі балалар көңілі қалаған дүниені арнайы маманнан, өз ісінің шеберлерінен үйрене алады. Бүгінгі балалар қандай бақытты.

 Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №2
9 қаңтар 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз