Қазір де «қазақтың Мессиі» атанып кеткен Еркебұлан Сейдахметтің болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Жасындай жарқыраған жас таланттың арманы асқақ, мақсаты айқын. Еркебұлан Англия мен Испанияда чемпионатында доп тепкен  алғашқы қазақ болғысы келеді. Отандасымыз шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толықтыру үшін Ресей премьер-лигасындағы «Уфа» командасы құрамына ауысты. 18 жастағы футболшы командаға сіңіп, алғашқы ойынына да қатысты. Еркебұланмен командадағы жағдайы, жалпы Ресей премьер-лигасындағы болашағы жайлы сұқбаттасуды жөн көрдік. Алайда, ол сұқбат бере алмайтынын, сұқбаттасуға тыйым салғанын айтты.

Арада бірнеше уақыт өткен соң, Еркебұланға қайта хабарласып, қазақ баласының да әлемдік аренада доп теуіп, жетістікке жете алатыны туралы жазғызымыз келетінін айттық. Бұл жолы Еркебұлан: «Бірінші жетістікке жетейін, сол кезде жазыңыз», – деген жауап естідік. Жас футболшының бұл сөзінен мойынына артқан жүктің қаншалықты ауыр екенін, қазақ жанкүйерлерінің үкілеп үміт артып отырғанын сезінгенін түсіндік. Дегенмен, «қазақтың Мессиі» анасының байланыс нөмерін беріп, сол кісіден аз-кем ақпарат алуға болатынын айтты.

Рига апайымызға хабарласып, Еркебұлан туралы сұрақтарымызды жаудырттық.

– Еркебұланның футболға деген қызығушылығы кішкентай кезінен басталды. Бірінші сыныпқа бармай тұрып, күніге аулада балалармен доп тебетін. Мектепке барғаннан кейін, футболмен кәсіби түрде айналыса бастады. Көршіміздің баласы футболға қатысып жүргенін айтып, Еркебұланды да бірге қатысуға шақырды. Еркебұланды басында сабағыңна үлгермейсің, оқу үлгерімің төмендеп кетеді деп жібергем жоқ. Бірақ ол үш күн бойы қатысуыма рұқсат беруін сұрап, өтініп жүрді. Сөйтіп «Монтажник» футбол клубына барды. Сол клубта өнер көрсетіп, футболдың қыр-сырын үйренді. Әртүрлі жарыстарға қатысып, команда сапындағы үздік шабуылшы атанып, неше түрлі жүлделерге де ие болды. Еркебұланның футболға қатысқалы бос уақыты мүлдем болмайтын. Таңертең жаттығуына кетіп, түсте сабағына баратын. Футболға да қатысып, сабақта да үлгерімі жақсы болды. Баламның бір ойынын жібермей, алаңда жанкүйер болып отырамын. Ол футболдан бөлек, волейболды да жақсы көреді. Волейболан мектепаралық, аудандық жарыстарға да қатысты. Еркебұлан команда сапында үздік ойыншылардың бірі болып, әр матчта жақсы қырынан көзге түсіп жүрді. Нәтижесінде Ұлттық құрама сапына да ауысып, жарыстары да көбейіп кетті. Бұның сабағына сәл кері әсерін тигізгені рас. Дегенмен, балам ҰБТ-дан өз күшімен 98 балл жинап шықты.

Еркебұлан отбасында төрт ағайынды. Үлкен әпкесі,8 сыныпта оқитын қарындасы мен 8 жасар інісі бар.

– Еркебұланның інісі Арман да «Монтажник» футбол клубына қатысады. Бапкерлері Арманды Еркебұланнан да жақсы ойнайды деп мақтап, болашағынан үлкен үміт күтетінін айтады. Үйімізде тек футбол жайлы әңгіме айтамыз. Баламның бар арманы әлемдік аренада қазақ баласының атой сала алатын көрсету, ағылшын мен испан премьер-лигасында ойнаған алғашқы қазақ болу. Ресейге де сол мақсатқа жету үшін кетті. Алғашында, Ресейге кетемін дегенде жүрегім дауаламай, жібергім келмеді. Елімізде де бірнеше мықты клубтардан ұсыныс түскен болатын. Бірақ балам Ресей премьер лигасында көзге түссем, көтерілуіме оңай болады деді. Еркебұлан бүкіл өмірін тек футболмен ғана байланыстырады, футболсыз елестете алмайтын сияқты. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде тақымын қысып отырады» дегендей, Еркебұланның бағы жанып, елі артып отқан үмітін ақтаса екен деп тілейміз.

Еркебұланның мінезі сыпайы, артық ауыз сөйлемейді. Адамдармен тез тіл табысып, өзін салмақты ұстайды. Қыдыру дегенді аса ұната бермейді. Еркебұлан қазір отбасының бүкіл жағдайын жасап, бауырларына да қол ұшын беріп жүр. Анасы баласы «Уфа» командасына ауысқалы жұмыстан шығып, үйде отыр екен.

Біз Еркебұланның шынайы жанкүйері ретінде тасы өрге домалап, өзі айтқан армандарына жетуіне тілектеспіз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

“Ақ желкен” (№3, 2018)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз