Белгілі қазақ ақыны Рза ҚУНАҚОВАНЫҢ туғанына 80 жыл

«Сурет», «Жас жүректер», «Жәннат жер», «Керімсал», «Ерке елік», «Кемпірқосақ», «Келеді көктем», «Аққулы жаз», «Менің достарым», «Қызыл жалау».

Осындай жыр жинақтары жарық көрген ақын Рза Қунақова әжелерің де кезінде «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде қызмет атқарды. Ол кішкентай бүлдіршіндерді жақсы көрді. Ұстаздар қауымымен қарым-қатынасын үзбей, оқушылармен жиі жүздесіп тұратын.

Мектеп өмірін жақсы білетін Рза Қунақова балаларға арнап көптеген өлеңдер жазды. Ол қыз балалардың қолы ұсынақты, шебер, ұл балалардың қайырымды, батыл болғанын қалайтын еді. Ақын өлеңдерінен де осыны аңғаруға болады.

ОЛАҚ

Қадаймын деп түймені,
Қолына алды инені.
Теріс ұстап тіге алмай,
Саусақтарын түйреді.

МЕНІҢ МАМАМ – ТІГІНШІ

Менің мамам – тігінші,
Сәнді киім тігеді.
Мамам шебер бірінші,
Ісін жақсы біледі.

Қандай әсем, қарашы,
Мамам тіккен жейделер.
Киген кезде баласы,
Ырза боп жүр жеңгелер.

ҚАҚПАШЫ

Күзетем деп қақпаны,
Жаны бір жай таппады.
Келе жатыр доп қуып,
Шабуылшы оң жақтағы.

Оң аяқпен тепті кеп,
Доп қақпаға жетті тек.
Қақпашы тұр айғайлап:
– Байқаусызда өтті! – деп.

АСАУ ТАЙ

Он тұрды, он жығылып,
Асау теңдік бермеді.
Кей балалар тығылып,
Маңайына келмеді.

Асау оны сүйретті,
Айырылмады бірақ та.
Қайта мініп үйретті,
Ауырды қол, құлақ та.

Батыр бала Тұйғын деп,
Бүкіл ауыл атады.
Сол тайымен құйғытып,
Шауып бара жатады.

ҚАҚПАН

Құрып сайға қақпанды,
Серік күнде мақтанды.
Түсті екен деп қандай аң,
Күнде ертемен аттанды.

Жасырмапты қақпанды,
Көрген аңдар сақтанды.
Күтуменен өткізді,
Қаңтар менен ақпанды.

«Балдырған» журналы, №12
Желтоқсан, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз