Достар, міне, жаңа оқу жылы басталды. Бəріміз де «жақсы оқимыз» деген сеніммен мектепке келдік. Алайда, зейіннің болмауы, шыдамсыздық  əсерінен көзіміздің көруі де нашарлайды екен. Ұялы телефоннан, планшеттен, компьютерден бас алмауымыз тым жақыннан ғана көре алатын жағдайға жеткізеді. Содан тақтада не жазылғанын көре алмай отыратын оқушылар көп. Нəтижесінде нашар баға алып қалуымыз мүмкін. Ал, нашар баға əлбетте сол пəнді оқуға деген ынтамызды түсіреді. Сол үшін де өзім жасайтын  «Көз жанарын жетілдіру»  жаттығуларымен бөліскім келеді. Ол жаттығулар адамның көңілін көтереді.

  1. «Жапалақ» жаттығуы

Ақ параққа түрлі көлемде 10 тышқанның суретін сал. Оныкөздің көруіне ыңғайлы орташа қашықтыққа қой. Енді көзіңді жұмып-ашып əр тышқанға мұқият қарап, ойша аулап, ұста.

  1. «Өрмекші торы» жаттығуы

Сабақ оқу кезінде бір нүктеге ұзақ қадалу көз алмасын қысымда ұстайды. Сол үшін терезе алдындағы бір ағашты таңдап ал. Енді сол ағашты көз қарашығын түрлі бағытта қозғап өрмекші тормен шырмап шық. Қалай тор құрғың келсе де, өз еркің. Бастысы, көз жанарының түрлі бағытта баяу қозғалуы. Тор құрылды. Көзіңді біраз уақытқа жұм. Онға дейін сана, көзіңді аш.

  1. «Сағат» жаттығуы

Көз алдыңда алып сағатты елестет. Енді көз жанарыңды сағат тілімен қозғап шеңбер жаса. Осы жаттығуды 5-6 рет қайтала. Көзіңді жыпылықтатып, сегізге дейін сана.

  1. «Айна бетіндегі жазу» жаттығуы

Бұл жаттығу зейінді тұрақтатып, көздің бұлшық етін жақсартады. Ірі жазулы сөздерді айна алдына қойып, айнадан қарап оқимыз. 4-7 сөз оқу керек. Сегіз рет көзді жыпылықтатамыз. Осы жаттығуларды көзің талғанда жиі жасап тұрсаң, көз көргіштігі қалпында сақталады. Төмен болса, жақсара бастайды. Мына өлең жолдарын  оқырман достарыма арнаймын.

 

Жаттықтыр ылғи көзіңді,
Əр істің бар пайдасы.
Күлімдеп жүр əрқашан,
Көз – көңілдің айнасы.

Нурикамал ПАЗЫЛХАҚОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы №139 гимназиясының
4 «Ə» сынып оқушысы.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №38
19.09.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз