Менің Фридам! Оның болмысы сұлулық пен қайсарлықтың ошағы. Мен оны алты жылдан бері «танимын». Осы уақыт аралығында жан-жақты зерттеген нысаным – менің танымымдағы 3 ұлы суретшінің бірі. Ол – Фрида Кало. Фриданың картиналары бір қарағанда өмірде жоқ, ойдан шығарылған бейнелерді, өң мен түстің арасындағы тылсым құбылыстарды құс сынды санаңызға қондыратын құдіретке ие. Сыншылар өткен ғасырдан бері Фридаға «сюрреализмнің шеңберіндегі суретші» деп диагноз қойған. Алайда, бұл пікірмен  келіскім жоқ. Себебі оның шығармашылығы – өзі бастан өткерген сезім мен сағыныштан, қалықтау  мен құлдыраудан құралған. Яғни, реализмге жақын туындылардың авторы ғұмыр бойы тағдырын қағазға түсірген.

Айнадағы өмір

Мексиканың мақтанышына айналған Фрида Кало ата-анасының мейірімі мен қамқорлығына қанып өседі. Оның талантын ұштаған Тағдырдың өзі! Дәлірек айтқанда – автобус. 17 жасында көлік апатына ұшырайды. Күнделікті үйіне апаратын автобус трамвайға соғылады да, автобуста түрегеп тұрған Фриданың денесінде сау жері қалмайды. Дәрігерлердің айтуынша төсекке таңылып, үш ай ес-түссіз жатқан Фриданың өмір сүруі неғайбыл еді. Алайда, әкесі күндіз-түні қасынан кетпей, қызының әрбір демін жеңіс санап, оның оянатынына сеніпті. Шынымен де, Фрида дүние есігін екінші рет ашты. Бұл жолы ол өмірге суретші болып келді. Жарық әлемді көріп, жарты жылдай өткен шағын есіне түсіре алмай қиналған Фрида қағаз бен қарындашты қолынан тастамайды. Ол осылайша өткенін қағаз бетіне түсіре бастайды. Фриданың ауыр соққыдан тез ес жиып, өмірге оралғанына қуанған әкесі төсектен тұра алмайтын қызының сурет салуына бар жағдайды жасайды. Тіпті, бөлмеге айналасын көріп жатсын деп оны үлкен айнамен қоршап тастайды.

Былтыр жазушы Хейден Эррердің «Фрида Кало» атты кітабын оқыдым. Сонда Фрида жайлы: «Айна! Менің күлкісіз күндерім мен ұйқысыз түндерімнің куәсі… Ол менің әрбір қимылымды, демімді, өмірге қайта бейімделгенімді көрді. Күн сәулесі түскенде оның жарқылымен шағылысқан нұрды жақсы көретінмін. Мен әр сәт сайын айнадан өзімді көрдім. Іште де Фрида, сыртта да Фрида. Барлық жерде сол бейне. Соның салдарынан өмірге құштарлығым оянып, сурет салуға құмарттым», – дейді. Айнаның құдіретіне бас иген Фрида кейіннен өзінің автопортретін жиі салады. Суретшілер үшін өзін-өзі салу ең қиын шаруа. Дегенмен, Фрида өз бейнесіне сырттай қарай алатын талант иесі ғой. Мұны суреттерінен-ақ байқауға болады.

Аспандағы Фрида немесе бренжке айналған бейне

«Өз бейнемді жиі салуымның себебі, әрқашан жалғызбын. Бұл – ішкі жалғыздық. Айналамдағылардан бөлектеніп жүретінім де сол. Өзімді өзімнен артық білетін ешкім жоқ. Портретімді де ешбір суретші сала алмайтын сияқты», – дейді ол күнделігінде. Жандүниесі жарқын сәттерге, шуақты шақтарға толы дарынды жандардың көптен бөлектеніп, саяқ жүретіні белгілі. Бұл пікірімен келісуге болады. Бірақ, «портретімді ешкім салмайды» деген тұсымен келісе алмаймын. Себебі қайсар әйелдің бейнесі бүгінде брендке айналған. Ешкімге ұқсамайтын стилі бар Фридаша киініп, оның шаш үлгісі  мен киім үлгісін қайталайтындар да көп. Жақында Түркияда оқитын досым Фриданың бейнесі бар суреттерді арнайы жіберіпті. «Әлемге әйгілінің» осы санын Фридаға арнауыма түрткі болған да сол суреттер…

Айтпақшы, 1993 жылы бельгиялық астроном Эрик Вальтер Эльст 27792 нөмірлі жаңа астероид ашыпты. 2007 жылы сол аспан денесіне Frida Kahlo есімі берілді.

1939 жылы Парижде өткен көрмеде Фриданың туындылары көрерменнің зор ықыласына бөленіп, енді ғана аяққа тұрған суретшіге сенім мен шабыт сыйлайды. Фрида осы көрмеден соң Луврға шақырылып, туындыларын көпшілікке таныстыру мүмкіндігіне ие болған екен. Ал 1940 жыл Фриданың шығармашылығының пісіп-толған шағы. Әлемнің әр елін суретшінің қайталанбас картиналары шарлап кеткен шақта, есімі тарихта қалар тұста оның денсаулығы тағы да сыр беріп, аяғына үсті-үстіне бірнеше операция жасалады. Өмірді шексіз сүйген талант иесі көп ұзамай 1954 жылы Отанындағы кезекті көрмесінен соң көз жұмады. Сөйтіп Фрида атты жарық жұлдыз көк төрінен орын алды. Аяулы да азапты ғұмырға нүкте қойылды. Фрида Кало жер бетіне трагедияға толы тағдыр, 33 операция және 145 картина қалдырып мәңгілікке аттаныпты.

Бүгінде біреулер аңызға айналған қайсар әйелдің, дарыны шексіз суретшінің картиналарын бағасына қарамай таласып сатып алса, біреулер оның тығырыққа толы тағдырына таңғалады. Ал енді біреулер оның ғұмырнамасын «Әлемге әйгіліден» оқып, іштей тұжырым жасап, әсерлерін газеттің келесі санына міндетті түрде жазбақ ниетте отыр…

Бұл – менің Фридам! Сенің санаңдағы Фрида қандай?!

Əлия ІҢКƏРБЕК

«Ұлан газеті», №37
11 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз