Кішкентай кезімнен зерек болып өстім. Оған көмек берген əпкем – Жансая. Ол маған жазуды, оқуды, санауды үйретті, алғашқы ұстазым болды, мен оны ұстаз деп те атайтынмын. 6 жасымда Шымкенттегі №58 мектептің табалдырығын аттадым. Сыныбымдағы үздік оқушылардың бірі болдым. Сабағымды тек «бес» деген бағамен оқыдым. Көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алдым.

Ал сегіз жасымда Назарбаев зияткерлік мектебі туралы білдім. Сол уақыттан бастап оған түсу арман болды. Оның қасынан өткен сайын өзімнің алдыма жаңа мақсаттар қоятынмын. 5-сыныпта ағылшын тілі курсына жазылдым. 6-сыныптан бастап Назарбаев мектебіне түсуге арнайы дайындайтын «Достық» білім беру орталығында қосымша білім алуға кірістім.

Тест күні жақындағанда, достарыммен бірге дайындалдым. Қатты қобалжып, түнімен көз ілмедім. «Осы емтиханды жақсы тапсыруым керек, туыстарымның үмітін ақтауға тиіспін» деп алдыма мақсат қойдым.

Емтиханның бірінші кезеңінде математика, орыс тілі, ағылшын тілі, қазақ тілі пəндерінен тест тапсырдық. Тестте 100 сұрақ болды. Оны 1000 балмен есептейді. Жалпы 759 балл жинадым. Ал екінші кезеңде логикалық ойлау жəне есте сақтау қабілетімізді тексерді. Фигуралардың бөлшектерін таптық.

Емтихан аяқталған соң жауабын ұзақ күттім. Жауабының шыққанын сыныптастарымнан білдім. Өзімнің арманымдағы мектепке түскенімді білгенімде қалай қуанғанымды айтып жеткізе алмаспын.

Қазір осы мектепте оқып жүрмін. Сыныбымызда 20 оқушы бар. Бəрі алғыр, білімді. Кураторымыз – Гүлжайна Мамикова. Мектеп маған қатты ұнады. Мұғалімдері өте жақсы. Бізге білгендерін аянбай үйретеді. Білім алуға барлық жағдай жасалған. Тек оқуға ынта мен алдыңа қойған мақсатың болса жеткілікті. Оқуға қосымша 44 үйірме бар. Білім алып қана қоймай,  өнермен, спортпен, шығармашылықпен айналысуға болады.  Мен фотожурналистика, оригами, заманауи би үйірмесіне қатысамын. Алдыма қойған алғашқы мақсаттарымның біріне жеттім жəне мен мұны үлкен жеңіс деп санаймын.

 

 

 

Аружан ƏМІРОВА,
Химия-биология бағытындағы
Назарбаев зияткерлік мектебінің
7-сынып оқушысы.
Шымкент қаласы

«Ұлан» газеті, №44
31.10.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз