АБАЙ АТА

Мәңгі мұра көп еңбегі,
Көркем,
Шыншыл өлеңдері!
Ең сүйікті ақын ата,
Ел-жұртының кемеңгері!

КҮНБАҒЫС

Күнбағыстар бақтағы,
Кекілдері сап-сары,
Күнге қарап бұрылар,
Күн секілді бастары…

ЖАЛҚАУ БАЛА
(мазақтама)

Бұндай жалқау жоқ бала,
Қуатыны доп қана…
Таэквондаға баратын
Қосылмайды топқа да…

Сөйте тұра сотқар, ә?
Тойып палау, ботқаға,
Тұрмай қояр таңертең,
Сағат онды соқса да…

АҢЫЗ АТА

Өзі – өнеге,
Аты – аңыз,
Қабыл болар батаңыз.
Қаһарманы халқының,
Бұл – Бауыржан атамыз!

САЯЖАЙДА

Маңындағы қаланың
Саяжайға барамын.
Атам менен әжеме
Қолғабысқа жарадым.

Құйтақандай баламын,
Бау-бақшаға барамын.
Құлпынайдың піскенін
Таңдап теріп аламын.

Әжеме еріп келемін,
Өрік теріп беремін.
Өйткені мен әжемді
Өте жақсы көремін!

Өзімді өзім тежеймін,
Әжем көрсе не деймін?
Жуылмаған жемісті
Же десе де, жемеймін!

МЕН БЕСТЕМІН…

Ең әуелі еңбектедім,
Енді бүгін мен бестемін!
Ұмытыппын анашымның
Бесігімді тербеткенін.

Тәй-тәй басып құлағаным,
Қарным ашса жылағаным
Есімде жоқ… Енді, міне,
Өз бетіммен тұра аламын!

Ақыл айтса құп аламын,
Шаттанамын, қуанамын.
Кенет кейде сүрінсем де,
Бақырмай-ақ жұбанамын.

Қаперде жоқ қауіп деген,
Шыбық мініп, шауып келем.
Қажет кезде кәрі әжемнің
Көзәйнегін тауып берем!

Темірақын ЖАҚЫП

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз