Жақын араласатын əпкем сұлулық салонында жұмыс істейді. Үш қыз, бір ұлы бар. Үлкен қызы 9-сыныпты бітіреді. Өткенде үйіне барсам, сіңлім «перманентті татуаж жасатамын» деп қиғылық салып отыр екен. Анасы да «осы жазда көреміз» деп «желпіндіріп» қояды.

– Жетінші сыныптан бастап, қасымды мамамның салонында тергіземін, – деп бастады əңгімесін.

– Терің жап-жас, татуаждың керегі не, уақыт өте келе зиян болады бетіңе, – деп өзімше ақыл айтып  жатырмын.

– Сыныптағы қыздардың барлығы татуаж жасатқан. Мамалары рұқсат етіпті. Алты айға дейін шыдайды, – деп қалысатын емес.

– Демек, мамаларының қыздарына жаны ашымайтын болғаны, – дедім.

Өзі үш ай демалыста сауда орталықтарындағы бутиктерде жұмыс істеп, ақша тапқысы келеді екен. Тапқанына татуаж жасатпақшы. «Бұлар бізді тыңдай ма?» – деп əңгімемізге əпкем араласты. Тура осы сөзді қаншама ата-ана айтады. Мектепте оқып жүргенде биік өкшелі аяқ киімге қатты қызықтым. Сонда анам: «Бұл аяғыңның тамырына зиян. 22 жасқа толғанда киесің», – деп тыйып тастаған. «Көп уақыт бар ғой…» деп бұртиғанмын сол кезде. Бəріне үлгердік. Қазір тіпті сол биік өкшені кигің де келмейді. Бір жақсысы, бетіміздің терісін бүлдірген жоқпыз.

Перманентті татуаж – сəн нарығында кең тараған косметикалық өнім. Татуаждың тарихы алты мың жыл бұрын басталған. Ежелде ол көне тайпа адамдарының ұлттық ерек шелігі ретінде саналған. Ал кей тайпаларда жазаланған адамның денесіне осылай сурет салып, мас қаралау үшін таңбалаған. Бұл тəсіл Египетте, кейінірек Жапонияда, Қытай мен Мексикада, Никарагуада қылмыскерді жазалау үшін пайдаланылыпты. Батыс елдері татуаж бен пирсинг қатерлі ісік ауруына себепші болады деп елге əкелуге тыйым салған. Португалия, Америка да денеге ине тигізудің зиян екенін зерттеп, бас тартқан. Кейіннен денені піскілеп сурет салу мен тесудің ешқандай пайдасы жоқ екенін, керісінше зияны көп екенін анықтады. Біздің халқымыз үшін де денеге сурет салдыру жат қылық. Алла тағала Қасиетті Құран Кəрiмде: «Адам баласын ең көркем мүсiнде жараттым», – дейдi. Күллi əлемдi жаратушы жалғыз Алла болғандықтан адамның денесiне пышақ тигiзiп, қолынан сұлулықты жасауы да сол əмiршiге қарсы келумен бiрдей. Алла тағала байлық пен мансапты ғана емес, сұлулықты да бiреулерге сынақ ретiнде «үйіп-төгiп» бередi, ендi бiреулердi осыған мұқтаж етедi. Ондайда қолдан жасауға ұмтылыс көбейеді. Ал денсаулық сақшылары  дабыл көтеріп, татуажға тыйым  салдыруды көздеп отыр.

«Татуировка» Тынық мұхитындағы сансыз аралдарды мекендейтiн аборигендердiң «татау» сөзiнен шыққан. Мұны ғылыми айналымға енгiзген əйгiлi саяхатшы Джеймс Кук болды.

Ден саулықтың қадірін білетін жекелеген мемлекеттер оған заңмен тыйым салып та үлгерді. Қазақстанда тыйым жоқ. Қазiр «бесiктен белi шықпаған» жасөспірімдер де ойланбастан денесiне сурет салдырады. Татуаж жасайтындардың дəурені жүріп-ақ тұр. Бұл аз десеңiз, адам денесiн қойып, көздiң қарашығына сурет салдыруға болады қазір. Ал көз – ең нəзiк мүше. Былтыр көзін үлкейтуге барған павлодарлық бойжеткеннің қарашығы күйіп қалғаны əлі күнге дейін ел есінде. Сурет салуда қолданатын бояулардың құрамында денатурат (спирт түрi), этиленгликоль, альдегидтер жəне тағы басқа зиянды заттар болады. Сурет салынған терiге күннен қорғайтын май жақпаса, синтетика киiм кисе, кейбiр косметика түрiн қолданса, аллергияға ұласуы ғажап емес. Татуаждың көлемi үлкен болған сайын оның залалы да соншалықты молая бередi екен. Оны косметолог құрбым Сəбираның  əңгімесінен аңғардық.

«Қас пен кірпік адамға əр береді. Сондықтан қас-кірпігін жасататын қыздар көп. Перманентті макияжға қолданатын пигменттің түрі көп. Германияда шығарылатын «Purebeau» пигментін қолданатындар бар. Дүние-жүзінде сұранысқа ие бояу. Перманентті макияжды 16-65 жас аралығындағылар жасата алады. Тек оны жасатар алдында шеберден барлық құрылғыны зарарсыздандыруды сұрау керек. Бояуды енгізетін инені көз алдыңызда ашуын қадағалаңыз. Себебі көптеген жұқпалы аурулар құралдардың жеткілікті зарарсыздандырылмауынан жұғуы мүмкін. Қандай да бір затқа аллергияңыз болса, бұл туралы маманға айтыңыз. Татуаж жасатар алдында қасыңызда, көзіңізде, ерніңізде жара болмауы керек. Перманентті макияждың кемшілігі де бар: бояулы түріңізден жалығасыз. Бір сəт бетіңізді нəрлендіріп, демалдырғыңыз келетіні рас. Егер өшірткіңіз келсе, лазерлі құрылғылар пайдаланылады. Одан түрлі ауру тарайды. Бiр өкiнiштiсi, бұл аурудың қандай себептермен тарағанын науқас көпке дейiн бiле алмауы да мүмкiн. Өйткенi аурудың алғашқы белгiсi тек бірнеше айдан кейін ғана білінеді. Қатерлі тері аурулары осыдан пайда болады», – дейді ол.

Назерке Қанатбекова, №177 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі:

– Оқушыларды əлеуметтік желіден ажырата алмайтынымыз анық. Сұлулық салондарының парақшалары өте көп. Өтпелі кезеңдегі оқушы қыздарымыз сол парақшаның «тұрақты оқырманы». Бірақ шектен шығып, теріс əрекетке барған емес. Біздің мектеп Алматы қаласындағы тəртібі жағынан үлгілі білім ордаларының қатарында. Мектебіміздің жанынан қыз балалардың тəртібін қадағалайтын ұйым ашылған. Мектеп ережелеріне бағынбайтын оқушылардың ата-анасын шақыртып, жиналыс жасаймыз. Қыздарымыз сабаққа боянып, шашын жайып келмейді. Кірпік жапсыруға, татуаж жасатуға рұқсат бермейміз.

Жанар Қалмағанбетова, төрт қыздың анасы: 

– Үлкен қызым 11-сыныпта оқиды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатыр.  Сыныбында он екі қыздың барлығы мектеп ережесіне бағынады деп айта алмаймын. Тым қысқа белдемше киіп жүреді. Біздің отбасында тəртіп қатал. Күзде мектепте дайындық жасағанда əкеміздің бос уақытын күтеміз. Сауда орталықтарынан мектеп формасын сатып аламыз. Сенесіз бе, қыздарымның құлағын да былтыр жазда ғана тестірдік. Екі қызым бастауышта оқиды. Тетелес өсіп келе жатқан қызым тоғызыншы сыныпта. Бір күні сыныптас құрбысы қасын өзгертіп, татуаж жасап келіпті. Барлығы қызықтапты. Үйге айтып келді. Естіп отырған əкесі қатты ренжіді. «Қас теріп, кірпік жабыстырсаңдар ісім сендермен болады» деп қатаң ескертті. Содан кейін ешқайсысы ауызға алған емес. Қазіргі балаларды, əсіресе қыздарды тəрбиелеу өте қиын. Сұлу болудың да саналуан жолы шығып жатыр. Қыздарыма оны нарықтағы маркетинг деп қана түсіндіремін.

Қиылған қас, қайқиған кірпік əдемі де шығар. Бірақ оның жасанды екені көзге ұрып тұрады. Сахнада, мерекелік кеште жарасса да, күнделікті өмірде артық. Оның үстіне табиғи сұлулыққа тең келер ештеңе жоқ. Сəн қуғаннан гөрі тəн тазалығына мəн берсек, сол дұрыс.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №19
8 мамыр 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз