Мектепте оқып жүргенімде боянған қыздар маған сондай сұлу болып көрінетін. Бір саусағымның тырнағын бояп алып, тазалық секторы тексеруге келгенде тығып жүретін едім. Анам жоқта боянатын заттарын алып, жасырынып боянып алатынмын. Сол үшін қанша рет ұрыс естідім десеңші?!  Қаладағы əпкеме «ерінге жағатын далап, əшекей əкеп берші» дейтінмін. Бірде əпкем: «Көп боянатын қыздар тез қартайып кетеді. Егер бояна берсең, мектеп бітіргенше əже болып кетесің», – деді. Осы сөз қатты есімде қалыпты. Қазір бойжеткен болсам да, əпкемнің айтқан сөзі ойыма жиі оралады. Қыз бала сұлулыққа құштар келеді. Жасыратыны жоқ, мектеп жасындағы қыздар боянуға ерекше ынтық болады. Əсіресе, көктем мезгілінде тіршілік жаңарып, жасарып жатқанда, қыздар қауымы да жадырап, жайнап жүргісі келеді. Алайда табиғи сұлулық əрқашан сəнде екенін ұмытпаған абзал.

«Хабиби» сұлулық салонының негізін салған визажист Ботагөз Нұрлыбекқызы сұлулықтың сырымен бөліскен еді. Кішкентай арулардың кəдесіне жарасын деген оймен беруді жөн көрдік.

СҰЛУЛЫҚ ТАМАҚТАНУДАН БАСТАЛАДЫ

Ұлан: Өтпелі кезеңде жасөспірім қыздардың бойынан көптеген өзгерісті байқауға болады. Осы кезде қандай күтім көрсету керек?

Ботагөз Нұрлыбекқызы:  Мектеп жасындағы жасөспірім қыздар жаңадан бүр жарып келе жатқан гүл секілді. Оларды қазірден бастап дұрыс күтіп-баптаудың арқасында ғана əсем гүлге айналдыруға болады. Қыз бала нəзік келеді, сондықтан күтім мен қамқорлықты көп қажет етеді. Жасөспірім қыздар өтпелі кезеңдегі қиыншылықтардың əсерінен, сабақтың қиындауынан толып не қатты арықтап кетеді. Қыздарда осы кезеңде комплекс пайда болады. Толып кетемін деп құнарлы тамақтан бас тартуға болмайды. Қазір диета деген сөз үлкеннің де, кішінің де арасында сəнге айналып барады. Жасөспірім қыздарға айтарым, диета дегенге жоламаңдар.

Ұлан: Сонда сымбатты болу үшін қалай тамақтану керек?

Ботагөз Нұрлыбекқызы:  «Денсаулық – зор байлық». Сұлулық та денсаулықтан басталады. Ал ас  – адамның арқауы. Сұлу болу үшін алдымен міндетті түрде таңғы, түскі жəне кешкі асты уақытымен ішіп, дұрыс тамақтану қажет. Балық, майсыз ет, жұмыртқа, сүт, ірімшік, қара нан, йогурт, айран, ботқа, майсыз сорпа жəне көкөністер мен жемістер жасөспірімнің күнделікті тамақтану рационында болуы керек. Адам ағзасына күнделікті 1,5-2 литр су қажет екенін биология пəнінен оқысақ та, көпшілігіміз бұған аса мəн бере бермейміз. Мектеп жасындағы қыздарда жиі кездесетін косметологиялық кемшіліктің бірі – безеу. Безеу тікелей тамақтанудың əсерінен пайда болады.

Ұлан: Өтпелі кезеңде бет терісінде безеудің пайда болуы қалыпты құбылыс. Алайда бұл тек өтпелі кезеңге ғана тəн емес. Өтпелі кезеңнен кейін де безеуден құтыла алмай жүрген қыздар көп. Безеуден қалай құтылуға болады?

Ботагөз Нұрлыбекқызы: Иə, безеу де жасқа байланысты шығады. Қыздар алғаш 13 жасынан бастап безеумен күресті бастайды. Ол да жау сияқты. Алғашында бірден алдын алып, бетін қайтарып тастамасаң, жан-жағынан қаптап кетеді.

Медициналық-косметологиялық жағынан алып қарағанда, безеу майлы жасушалардың əсерінен пайда болады. Бауыр мен көкбауырдың жұмысы бұзылғанда да безеу шығады. Жоғарыда айтып өткенімдей, бəрі тамақтануға тікелей байланысты. Безеуден құтылғысы келетін қыздар өздерін тəтті тағамнан, майлы тағамнан жəне қуырылған тамақтан шектегені дұрыс. Ұйқының дұрыс болмауы да бет терісіне əсер етеді.

Ұлан: Кейбір қыздар секпілден құтылудың амалын іздейді. Секпілін жасыру үшін боянатын қыздарға қандай кеңес бересіз?

Ботагөз Нұрлыбекқызы: Секпіл негізі генге байланысты болады. Оның да туабітті пайда болатын жəне жүре қалыптасатын түрлері бар. Туабітті пайда болатын секпілден құтылу қиын. Қыздар мұны кемшілік деп емес, ерекшелік деп қабылдауы керек. Сонда əлдеқайда жеңіл болады. Ал жүре пайда болатын секпіл ағзадағы дəрумендердің жетіспеуінен пайда болады. Бетке арналған иісмайды дұрыс таңдамағандықтан, күнге көп күйгендіктен де секпіл пайда болады. Секпіл пайда болмас үшін күнделікті тамақтану рационына С жəне РР дəрумендері бар тамақтарды қосу керек. Секпілден арылу үшін ағартатын əсері бар кремдерді пайдалануға болады.

ҚЫЗДАР ЕРЕСЕК КӨРІНУ ҮШІН БОЯНАДЫ

Ұлан: Мектеп ережесіне сəйкес оқушы қыздарға боянуға болмайды. Алайда жоғары сыныптағы қыздар мұны ескере бермейді. Бұл сізге таныс жағдай ма?

Ботагөз Нұрлыбекқызы:  Өтпелі кезеңде жасөспірімдер моральдық қиындықтарды көтере алмай, ішкі ағзаға салмақ түсіріп, омыртқасын қисайтып алады. Қыздар қауымы биік өкше киюге, қысқа киінуге құмартып тұрады. Мұның бəрі жастықтың лебімен жасалатын дүниелер. Кейбіреулер мұны ересек болып көріну үшін немесе үлкендерге қыр көрсету үшін əдейі істейді.

Жасөспірімдердің көпшілігінде өзінің бет-əлпетіне көңілі толмайтын сəттер жиі кездеседі. Олар өздерінің кемшіліктерін жасыру үшін бояну керек деп ойлайды. Бірақ бұрын боянып көрмеген қыздар қателіктерге бой алдырып, ұятқа қалып жатады. Мұның өзі жасөспірім қыздар үшін үлкен психологиялық соққы.

Табиғи сұлу қыздар да бояуға құштар келеді. Олар мұны ересек көріну үшін жасайды. Жасөспірім кезеңде қыздарға көңіл бөлу жетпейтін сəттер болады. Барлығының назарында болсам екен дейді. Əрине, түрлі-түсті бояуға кез келген адамның көзі еріксіз түседі. Бірақ, бұл қыз туралы жақсы пікір қалыптастырмайтынын ескеру керек. Осы тұста ата-ананың, əпкелері мен жеңгелерінің қолдауы қыздар үшін аса маңызды.

Ұлан: Қыздардың табиғаты сұлулыққа құштар келеді. Соңғы жылдары табиғи сұлулық сəнге айналғаны мəлім. Мектеп жасындағы қыздарға күтіну үшін қандай кеңес бересіз?

Ботагөз Нұрлыбекқызы:  Қыз баланың сұлулығы – оның жастығы, балғындығы. Онымен ешқандай Голливуд жұлдызы бəсекелесе алмайды. Сондықтан бояудан гөрі, нəрлендіргіш маскаларды, жасөспірім қыздарға арналған иісмайларды дұрыс қолдана білген жөн.

Қыздар ең алғаш бояну процесін еріннен бастайды. Жасөспірім қыздарға еріндерін қанық түсті далаппен емес, құнарландырғыш гигиеналық далаппен бояуға кеңес беремін. Бұл ерінді ылғалдандырып, жарылудан қорғайды жəне еріннің табиғи түсін айшықтай түседі. Гигиеналық далаптың ерін терісіне ешқандай зияны жоқ. Керісінше, дəрумендерге бай. Мектеп жасындағы қыздарға қасын тергізудің, кірпік өсірудің қажеті жоқ. Бірақ мұны көп қыздар түсіне бермейді. Біздің салонға келетін оқушы қыздардың арасында жасанды кірпік жасататындар, қас боятатындар кездеседі. Жасандылыққа ерте бет бұрмағандарын қалаймын, ақыл-кеңесімді айтамын. Мұны тыңдайтындар да, құлақ аспайтын қыздар да кездесіп жатады. Негізі жасанды кірпік табиғи кірпігі жоқ немесе белгілі бір себептермен кірпігінен айырылған адамдарға арналған. Татуаж да сол сияқты. Бірақ бұлар соңғы уақытта қыздар арасында трендке айналған нəрсе болып кетті. Жасөспірім қыздарға қас-кірпігіне күтім жасауға кеңес беремін. Мысалы, қас пен кірпікті өсіру үшін, қалыңдату үшін майсана майын (касторовое масло) пайдалануға болады.

Ұлан: Ақыл-кеңестеріңізге рақмет!

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №12
20 наурыз 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз