Ол бала күнінен көпке кумир болды. Сәкен мен Төреғалилар оған еліктегенін айтады. Радиодан шынашақтай баланың зарлы үні естілетін. «Бозторғай» деп боздайды. Өзі де, әні де, дауысы да зарлы. Көзінде терең тұңғиық бар. Сол тұңғиық халықты бірден өзіне тартты.Мейрамбек өнердің зау биігінен пәске түскен емес. Көңілі пәсейген кезі де жоқ. Сахнадан сұңғыла, бірмінезді, байсалды Мейрамбекті көреміз.  Әннің ырғағымен қалың қасын қимылдатып қоятыны да әдемі.

Оқушы кезімізде Мейрамбектің, «МузАрт»-тың суреті басылған қалың дәптерлер шықты. Бәріміз соны алуға ұмтылатынбыз. Ол дәптерден бағалы дүние жоқтай көрінетін. Бала күнімде Тоқтар екеуі біздің Үлкен Шыған ауылына келді. Әлгі концертке барғым келгені-ай… Барғандардан қалай болғанын күніұзақ сұрағаным есімде.

ОНЫҢ ӘНІ…

Ол сезімнің әншісі. Таза сезімді жырлайды. Тамағына бозторғай ұя салған деп Мейрамбекті айтуға болар. Сүйіктісін өкпелетсе де, не деген көркем едің деп, тамсанса да әнге қосады. Сезімін әнмен жеткізеді. Бір жолы Төреғалиға сұқбатқа бардым. Республика сарайының дәлізінен Мейрамбекті көріп қалып, Төреғалиға қоятын бүкіл сұрағымды ұмытып қалғаным бар. Амандасып өте шықты. Шуағы сыртқа шығып тұратын, сәулелі жан екен. Мейрамбектің көп сұқбат бермейтіні жақсы. Ішіндегісін сыртқа түгел ақтара салатындардың қатарында емес. Жүрек түкпіріндегіні жасырын ұстайтын тәрізді. Сағындырып шығады. Көргенде сағынышыңды басасың.

Суретшілік қыры қызы Кәусарға дарыпты. Кәусардың салған суреттері сондай тамаша. Тіпті қасына дейін әкесінен аумай қалған.

Мейрамбек ұлды болғанда бүкіл халық қуанды. Өзге қалада жүріп, ол жаңалықты естімей қалыппын. Алматыға келсем, құрбыларым шулап жүр. Мархабат жеңгеміз шекесі торсықтай атқамінерді әкелген екен. «Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емееес!». Әке болған алғашқы сәтте Мейрамбектің айтқан әуелгі сөзі осы.

ОНЫҢ СӘНІ…

Жақұттан зерлі шапан тіккізіп, арқасына жапсаң, Мейрамбек кимеуі мүмкін. Өйткені ол қарапайым. Халықтың өз ішінен шыққасын ба, қарапайым киінеді. Қалыптағы түстерді қолай көретін жігіт. Рас, оның киімдері біз білмейтін қымбат брендтерден шығар. Сапасыз емесі анық. Бірақ көзге «ұратын» түстер емес. Әйтпесе оның сұлулығымен астасып, нәркес көзімізді қарықтырып жіберер.

Ол аяулы жан. Дауысы әлдекімді аялағандай, сазды шығады. Сөзі қандай қарапайым болса, жан дүниесі де қарапайым. Мейрамбектің ашуланғанын алғаш эфирден көрдім. Халық әнін «бұзып» айтқандарды екі ауыз сөзбен мінеді. «Қазақтың халық әнін нақышына келтіре орындай алмасақ, несіне жоба жүргізіп отырмыз?» – деп салды.

Халықтық дүниелерге шығарда жаны бөлек. «Әлқиссаны» тартқанда күймен бірге делебесі қозып, қалықтап, ұшар көкті айналып, жерге түсетіні бар. Әннен бұрын күй табиғатын жіті оқығандығы ма, әнінің сазы үйлескені сезіліп тұрады.

ОНЫҢ СЕЗІМІ…

Жүрегі шерге, ғашықтыққа толы жігіт. Жігіт дейміз-ау, бүгінде ол қырыққа толып, жігіт ағасы атанды. Әдетте біз 30-ға дейінгілерді кумир көретінбіз. Ал Мейрамбек 40-қа жетсе де, жолынан жаңылыспаған өнерпаз.

Халық алдында сүйкімін жоғалтып алған кезі жоқ. Ана бір ауырған жылдары ел-жұрт демін ішін тартып, соңғы минутқа дейін Мейрамбектің сауығып кетуін тіледі. Тіпті, «Сарыөзекте пәлен деген молда Мейрамбекті бар ауруынан айықтырыпты. Әнші разылығы ретінде әлгіге екі қабатты зәулім сарай салдырып беріпті» деген әңгімені желдей таратқандар бар. Мейрамбектің арқасында жаңағы емшінің дәурені жүріп, атағы ой мен қырға тарады сөйтіп.

Асылында Мейрамбекті емдеп жазған неміс дәрігерлер көрінеді. «Германия асқанда өзімнің аман қалатыныма сенімсіз болдым. Кетерде қоштасу сынды «Аяулыма» әнін жазып кеткенмін. Келсем, бүкіл елге менің ақырғы әнімдей тарапты», – дейді бозторғай үнді әншінің өзі.

Сол концертте жасы 80-нен асқан әзиз әже Мейрамбекке тұмар сыйлады. Халықтың ішінен шығып, сахнаға көтеріліп, батасын берді. Бұл да әншіге деген үлкен ілтипаттың белгісі.

ОНЫҢ «МАГИЯСЫ»…

Біз оқушы кезімізде Мейрамбекпен, «МузАрт»-пен «ауырдық». Жігіттер шаштарын Мейрамбек пен Сәкендікіндей сәндеп алатын. Солардың әнін айтатын. Өздерінше топ құрып, бірге жүретін. Базардан олардың таспасын сатып алып, магнитофонның түбінен шықпайтынбыз. Ол уақытта шоу-

бизнес өкілдері жайлы ашық сұқбаттар жоқ. Айына, жылына берген сұқбатын сарыла күтеміз. Интернет те қолжетімсіз. «Блютуз», «ИК-порт» деген сымсыз байланыс арқылы әндерін бір-бірімізден көшіріп тыңдайтынбыз.

Мейрамбектің қатары Тоқтар, Алма, Қарақаттар халықтық мәнерінен жаңылмаған әншілер. Қазақылық деген қазықтан ажырамаған дүлдүлдер. Қай додаға салсаң да, нар қазақ екендерін дәлелдеп шығады. Қай жылы бір басылымның редакторы қол жиып, «Мейрамбекке «Халық әртісі» атағын беру керек» деген бастама көтерді. Мұны білген Мейрамбек шат-шәлекей ашуланыпты. «Мен халықтан атақ сұрамаймын, доғарыңыз», – деп, әлгі басылымның жетекшісін орнына қойыпты. Анығында халықтық әнші деген теңеуді ел-жұрт әншіге баяғыда-ақ теліп қойған. Ол айтатын «Сағындың ба?», «Қоштасудың қиыны-ай», «Сен болмасаң» сынды назды әндер құлағымызға сіңісті болып қалды. Сандуғаштың назды үніне бозторғай қосылғанда сезімнің дүниесін сезіне алар жүректерге жеткізді. «Арман-айды» орындағанда жүрегіңдегі шер-шеменді қозғайды. «Қолжетпесім» әнін тыңдағанда қолжетпесіңе жете алмайтыныңды еріксіз мойындайсың.

ОНЫҢ МЫСЫ…

Қатарымыздан бір қыз әншімен сұқбаттасты. Бірақ, әлгі ару әншіні ашуды емес, камераның алдында өзінің сұлулығын көрсетуді ойлап тұрды. Онысы экраннан білініп қалды. Мейрамбектің қасында тұрғанын мақтан етіп, жыртыңдай берді. Ал Мәкеміз сол баяғы сырбаз қалыпта. Сұраққа салмақты жауап берді. Байсалдылығымен сұқбат соңында әлгі қызды сабасына түсірді. Осындай жағдай көп журналистің алдынан шығыпты. Қазақтың күйі мен халық әндеріне келгенде Мейрамбектің айтары көп көрінеді. Есенқұл Жақыпбектің Жібекке айтқан бүкіл айтыстарын жатқа айтады екен.

ОНЫҢ БИІ…

Сахнада билемегенімен, ғаламторда серінің құлашын кеңге жайып, билеп жүрген бірнеше видеосы бар. Өзіне биі де жараса қалған. Қолын кеңге жайып, қазақтың даласының, өзінің көңілінің кеңдігін көрсеткендей. Бір бағдарламада Айгүл мен Жанар әпкеміз Мейрамбекті қызбен билетті. Құдай біледі, әлгі қыздың көңілі жетінші аспанға шыға өрекпіді. Сол қыздың орнында болуды қанша қыз армандады екен. Өйткені Мейрамбек, «Шаншардағы» Жұлдызай айтпақшы, бүкіл Қазақстанның «бойдақ» қызының жігіті.

ОНЫҢ БАҚТАЛАСЫ…

Роза мен Мақпал Жүнісованы жарыстырғандай, халық Сәкен екеуін бәсекелестіргісі келетін сынды. Концерттерін салыстырып, әндерін жарыстырып дегендей. Бірақ, бұл жағдай екі өнерпаз достың арасын алыстатқан емес. Сәкеннің өзі: «Мейрамбек «Бозторғайды» айтып шыққанда-ақ, Мейрамбек болып, қалыптасып, халықтың көңілінен орын тапты» деп кесіп айтты бірде. Ал Мейрамбек кәсібилік жағы-нан Сәкеннің шеберлігіне қа-шанда риза екенін айтумен келеді.

ОНЫҢ ӨМІРІ…

Оның бүкіл өмірі халық назарында. Халық әлпештеген алақанынан оны бір сәтке де түсіре қойған жоқ. Әуезді әні әуеге тарап, күллі жұртты тербеп келеді. Ол менің де, сенің де жүрегіңді тербеген әнші. Тербеп келеді, тербей береді…

ОЛ НЕГЕ ЖАЛҒЫЗ?

Қазіргі жас жеткіншектерден кімді тыңдайтындарын сұрасаң, Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәліні, Ернар Айдарды атайды. Алайда… Бірі концертін шумен өткізіп аты шықса, бірі үлкенге сөз қайтарып, елді дүрліктірді.

Салған әндері де «біртүрлі». Сахнада көп қылжақтап, екі қасын кердеңдеткеннен аса алмай жүр көбі. «Төреш» деген еркелікті көтере алмай, халыққа сүйкімі кете жаздағаны да күні кеше. Артынша халықтан кешірім сұрап, әбігерленді өзі. Төрештің бұл қылығын Мейрамбек «өзге планетада жүргендей алшаң басып кеткендер бар» деп түйреп өтті өткенде. Осыған қарайсың да, бүгінгі буынды аяйсың. Кімді кумир тұтарын білмей қайраңға шыққан балықтай болып жүр. «Ninety one» деп, біресе шүнтигендерге ілеседі. Біресе Рымбаеваның баласының соңынан ереді. Жас қыздар жақсы көріп тыңдайтын Алмас Кішкенбаев та соңғы кезде көп көрінбей кетті. Айналып келгенде, әлгі әншілердің бәріне Мейрамбектен үйрену керек сынды. Ән айтудан бастап, жүріс-тұрыс, сөйлеген сөзге дейін. Күні кеше Қали аға Сәрсенбайдың қазақы рух туралы айтқан сөздері Мейрамбекке бекер қаратылды дейсің бе? Демек, аға буынның өзі Мейрамбектің жастарға кумир екенін біліп отыр. Бірақ жастар біз секілді сезімге берілмейтін сынды. Олардың сезімі қазіргі қоғам сынды ашық-шашық. Ал ашық-шашық қоғамға аласармайтын сезім керек. Ондай сезім Мейрамбекте бар. Біздің Мейрамбегімізде бар…

Қарлыға ИБРАГИМОВА

(Мұқаба суретін салған Ерлан Момбаев)

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз