Дәрігер – ең жауапты мамандықтардың бірі. Ал дәрігер нұсқаулықтарының дұрыс орындалуы науқастың хал-жағдайына тікелей әсер етуші фактор. Сондықтан медицина саласында дәрігерлерден қарағанда мейіргерлерге көп жауапкершілік жүктеледі. Мейіргер дегеніміз – дәрігердің кәсіби көмекшісі.

Бізге мейіргер сөзінен қарағанда медбике сөзі жақсы таныс. Қажет кезінде ақ халатты абзал жандарды алмастыра алатын мамандар туралы не білеміз? Осыдан он ғасыр бұрын пайда болған медицина мамандарының негізгі қызметі қандай? Ер мен әйелге ортақ мамандықты қазақ қоғамы қалай қабылдайды?

Ең алғаш XI ғасырда Нидерланды мен Германияда науқас адамдарға күтім көрсететін ерікті әйелдер қоғамы құрылды. Ал XIII ғасырда Елизавета Тюрингенская күтімге мұқтаж адамдар мен тастанды балаларға арналған арнайы емхана ашып, өзі де сол жерде жұмыс істеген. 1617 жылы Францияда Викентий Поль есімді азамат алғашқы «Мейірімді әпкелер» қауымдастығын құрды. «Медбике» деген атау да осы кезде қалыптаса бастады. Бұл қауымдастыққа алғашында тек жесірлер мен жұмыссыз бикештер тартылса, кейіннен оқуға, қызмет етуге құлқы бар кез келген қыз баласы қабылданатын болды. Сондықтан, қоғамда мұны төменгі дәрежелі қызмет санайтын көзқарас қалыптасқан және бұл мамандықты тек қыз балалар оқиды деген түсінік бар.

Уақыт өте келе күтуші қыздарға медициналық білімнің қажеттігі сезіле бастады. Сосын оларға медициналық білім беріп, алғашқы көмек түрлері үйретілді. Соғыс кезінде, басқа да шұғыл жағдайларда мейіргерлер тіпті, дәрігердің қызметін атқаратын болған.

Түрлі апатты жағдайлар мен соғыс кезінде медбикелерге дәрі-дәрмектерді жеткізу, ауыр жағдайдағы науқастарды тасымалдау, шұғыл шешім қабылдау қиынға соқты. Сондықтан бұл мамандыққа ер адамдар да тартыла бастады. Қазір қазақ қоғамында да осы салада қызмет етіп жүрген ер адамдар көп. Ресми түрде әйелдер қауымын «медбике» деп атасақ, ер адамдарды «медаға» дейміз. Шындығында олар «Мейіргер ісі» мамандығында білім алады.

Дәрі егу, дәрігер нұсқаулығын жүзеге асыру, науқаспен тілдесіп, қажетті күтім көрсету тек медбикелердің ісі десек, қателесеміз. Семей мемлекеттік Дүйсенбі Қалматаев атындағы жоғары медициналық колледжінің студенттері Талғат Әмірханов, Нұржан Абдулхамитов пен Алмас Әбдібай неліктен мейіргер ісі мамандығын таңдағандары және бұл мамандықтың болашағы туралы айтып берді.

«Мен қалай мейіргер болдым?»

Алмас Әбдібай: Бала күнімнен медицина саласына қызықтым. Ата-анам таңдауыма қарсы болды. Мектеп бітіретін жылы өзімнің айтқанымнан қайтпай, биология пәнін таңдадым. Өзім Алматы облысында туып-өстім. Бірақ ағаларым Семейде медицина саласын жақсы оқытады деген соң осы колледжге оқуға тапсырдым. Биыл соңғы курстамын. Семей мемлекеттік Дүйсенбі Қалматаев атындағы жоғары медициналық колледжінің білімі жоғары оқу орындарымен теңестірілген. Медколледжді бітірген соң үш жыл еңбек өтілінен кейін білім толықтыру бөлімінде 1,5 жыл оқып, ЖОО-ның дипломымен теңестірілген бакалавр құжатын алуға болады.

Талғат Әмірханов: Бұл мамандыққа кездейсоқ келдім. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында оқыдым. Мектеп бітірген соң қалаған оқуыма түсе алмадым. Әулетімізде медицина саласында білім алғандар көп. Ағам мен әпкемнің ақыл-кеңесі бойынша медколледжге тапсырып, грантқа түстім. Кәсіби пәндерді оқи бастаған соң мейіргер болуға деген қызығушылығым арта  түсті. Биыл оқу бітіріп, қолыма диплом алған соң ЖОО-на тапсырып, медицина саласында қызмет еткім келеді.

Мейіргер мен дәрігердің айырмашылығы неде?

Нұржан Абдулхамитов: Адамдар дәрігер мен мейіргердің міндеті мен қызметін дұрыс айыра алмайды. Мейіргер дәрігерден қарағанда науқаспен көбірек қарым-қатынаста болады. Дәрігер қабылдауында болған науқастың шағымын тыңдап, диагноз қояды. Науқасқа қандай ем-дом шараларын жүргізу керегін ғана айтады. Ал оны жүзеге асыру, науқастың аурудан айығып кетуі – тікелей мейіргер атқаратын шаруаға байланысты. Мейіргер емдеу процесінің 70 пайызына жауапты.

Алмас Әбдібай: Ертеден бері мейіргерлердің қоғамдағы рөлі зор. Ауылдық жерлерде немесе қиын жағдайлар болса мейіргер дәрігердің қызметін атқарады. Олар тіпті, болжамалы диагноз жасап, алғашқы ем шараларын өздері қабылдап, жүргізуге де құқылы.

Талғат Әмірханов: Мейіргердің дәрігерден айырмашылығы – науқасқа тек медициналық емес, психологиялық тұрғыдан да көмек көрсетуінде. Бізде коммуникативті дағдылар деген пән оқытылады. Онда науқасқа психологиялық тұрғыдан жақсы әсер ету туралы айтылады.

Алмас Әбдібай: Қазір Қазақстанның көптеген аймақтарында білікті дәрігерлердің жетіспеушілігі сезіледі. Мейіргерлер дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуге ғана қызмет етпейді. Оның да өзіндік маңызды рөлі бар. Мысалы, адамдарды кем дегенде жылына бір рет медициналық байқаудан өткізу керек. Қазір ер азаматтардың арасында түрлі ауру үдеп тұр. Олар емханаға келіп қаралуға мүдделі емес. Сондықтан, медициналық тексеріс кезінде түрлі аурулармен ұшырасып жатамыз. Әскерге жарамсыз жігіттердің көбейіп жатқаны да осыдан. Соңғы уақытта елімізде тек ер адамдарды қарайтын арнайы кабинеттер ашу бастамасы қолға алынып жатыр. Демек мейіргер, медағалардың маңызы арта түседі деген сөз.

Талғат Әмірханов: Қоғамда мейіргер мамандығын меңгергендердің тек әйел адамдар деп ойлап қателесетіндер көп. Негізі медағалар медбикелер атқара алмайтын көптеген шаруаны жасай алады. Қанша дегенмен, науқастарды жедел жәрдеммен тасымалдау кезінде ер азаматтың күш қуаты керек екені түсінікті. Әйел адамдар физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да әлсіз болып келеді. Мейіргер мамандығын таңдаған адам алдымен өзінің бойындағы қорқынышты жеңе білу керек. Екінші керек нәрсе – жауапкершілік. Адамның өмірі мен денсаулығы үшін жауап беру – ең қиын дүние.

Қоғамда қандай мәселе алаңдатады?

Алмас Әбдібай: Мені үлкен қалалардағы экология мәселесі алаңдатады. Бұл мәселе ғасырлар бойы айтылып келеді және оның алдын алу, жақсарту шаралары да жүргізіліп жатыр. Алайда жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру салты осы табиғат жағдайларына тікелей байланысты екенін аңғара бермейміз. Ауаның ластануынан, зиянды заттардың көбеюінен жергілікті тұрғындардың денсаулығында кінарат пайда болады. Сондықтан адамдардың дені сау болсын десек, алдымен экологияны тазарту керек. Ал экологияны тазарту үшін әркім өзінен бастау керек. Өзінің денсаулығы мен болашағын ойлайтын адам табиғатты таза ұстауға, таза жүруге тырысады. Тек дұрыс үгіт-насихат жасасақ болғаны.

Талғат Әмірханов: Жастарды ғылымға тарту керек деп ойлаймын. Қазір медицинада емі жоқ түрлі қатерлі аурулар бар. Қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап табу үшін әлемнің бүкіл ғалымдары атсалысуда. Біздің қазақ қоғамы да осы процеске үлес қосуға қауқарлы деп білемін.

P.S: Қазақ қоғамында «элиталы мамандықтар» синдромы әлі де бар. Балалар үлкендердің айтуымен жоғары және төменгі топтағы мамандықтар тізімін жасап алған. Егер мамандықтардың мәртебесін оның қоғамға, адамдарға пайдасымен өлшесе, таразы басы басқа арнаға бұрылатын еді. Биыл мектеп бітіруші түлектердің саны 75 мың болса, оларға бөлінген грант саны 56 мыңға жуық. Демек кез келген талапкердің мемлекеттік грант жеңіп алуға мүмкіндігі болды. Бірақ бұл көрсеткіштің ішінде грант саны мамандықтар бойынша әртүрлі бөлінген. Мемлекет қоғамға аса қажет мамандарды дайындауға көбірек көңіл бөледі. Сондықтан мамандық таңдауда қателеспеу үшін қазірден бастап қоғам қажеттіліктерін қалай өтейтініміз туралы ойланып алған абзал.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан газеті», №38
18 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз