Медет Балтағарин ағылшын тілінде емін-еркін сөйлейді. Оған қоса қытай тілін меңгерген. Қытай тілін меңгеру үшін бір жыл сол елде тұрып оқыған. Медеттен тіл үйренудің қыр-сырын сұрағанбыз. Қытай сапары туралы да қызықты əңгімесі көп екен.

– Көкшетау қаласында дүниеге келгенмін. М.Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебін жақсы бітірдім. Алматыға келіп, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін «машина жасау» мамандығы бойынша  тәмамдадым. Қазір Ақмола облысының кәсіпкерлер және өнеркәсіп басқармасында қызмет етемін. Мектептің соңғы жылдарында оқып жүргенде, елімізде гуманитарлық сала, заң және экономика мамандықтары басым екенін байқап, техникалық мамандықты игеру міндетін алдыма қойдым. Сол себепті ҰБТ тапсыру үшін төртінші пән ретінде физиканы тандадым. Достарыммен техника мен технологияларды игеруге қызығушылық танытып, емтиханға бірге дайындалуға шешім қабылдадық. Ол кезде нақты қандай мамандық бойынша білім алу керектігін толығымен тандаған жоқпын. Ең бастысы, жоғары балл алу міндеті тұрды. Тестілеу қорытындысы бойынша қалаған төрт мамандыққа мемлекеттік грант иелену конкурсына құжаттарымды тапсырып, нәтижесінде төртінші тандаған мамандық, яғни машина жасау бойынша оқу грантын жеңіп алдым. Басында үміттенген «Мұнай-газ», «Телекоммуникация» мамандықтарына өте алмағаныма көңіл-күйім түскенімен, уақыт өте келе, машина жасаумен жақынырақ таныса бастағанда, пәндерге деген қызығушылық артып, мамандықты мүмкіндігінше жетік меңгеруді мақсат етіп, оқуды аяқтадым.

– Тіл үйренуге қызығушылық қалай оянды?

– Елбасы әр жолдауында айтып жүр ғой, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеру – еліміздің болашағы. Бұл – заман талабы. Әлем жаһанданып келеді, болашақ ұрпаққа көптілді ортада өмір сүре білу маңызды. Өзге тілдерге  қызығушылық және оларды игеру осыдан 2-3 жыл бұрын пайда болды. Бұрын тіл үйрену маған қиын болып көрінетін. Жұмыстағы әріптесім екеуміз ағылшын тілін оқытатын арнайы курсқа жазылып, университетте оқытқан базалық деңгейімізді одан ары қарай жалғастыруға шешім қабылдадық.  Алайда, арнайы курстарда 2-3 ай шамасында оқып, одан ары қарай жеке даярлауға бет бұрдым, өйткені топпен оқу баяу болып көрінді. Сол себепті жеке дайындалуға шешім қабылдап, өзімнің құрастырған әдісім бойынша шамамен бір жыл ішінде деңгейімді көтердім. Қазір де бос уақытымда ағылшын тілін ұмытпау үшін ағылшын тіліндегі кітаптар мен ғаламтор желісіндегі бейнебаяндарды қарап, баяндамаларды оқып тұрамын. Екінші тандау қытай тіліне түсті. Себебі Қытайдың әлемдік нарықтағы ықпалы күн сайын артып келеді. Бұл жағдайда қытай тілі біз үшін ағылшын тілінен кем болмайды. Көкшетау қаласында арнайы қытай тілін үйрену курстары болмағандықтан және өз бетімше үйрену қиындық туғызғандықтан, қытай тілін оқу үшін арнайы Қытай Халық Республикасына барып оқуды жөн көрдім. Қалыптасқан ортада тілді игеру тез және сапалы болатынына сендім.  Сөйтіп былтыр Гуйлинь туризм университетінің шетел азаматтарына қытай тілін үйрену бөліміне оқуға бардым.

– Қытайда тіл үйренудің қандай артықшылығы бар?

– Менің ойымша, кез келген тілді сол тілдің табиғи ортасында меңгерудің артықшылығы көп. Бұл мұғалімдермен ғана емес, жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас арқылы тілдің тез дамуына, сөйлесу дағдыларының дұрыс қалыптасуына әсерін тигізеді. Қытай тілі өте күрделі болып саналады, қытай тондары мен пиньинь алфавитін үйрену керек. Әрбір сөздің дұрыс айтылу маңызы зор, бізге бейтаныс күрделі иероглифтерді жақсы меңгеру керек.  Көптеген сарапшылар Қытайда қытай тілін үйрену жақсы екеніне келіседі. Бұл сөз бен сөйлемдерді құлаққа қабылдауды жылдамдатады және сөйлеу ерекшеліктерін қалыптастырады. Сонымен бірге басқа шет ел азаматтарымен қарым-қатынас жасауға, елдің тарихы, салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарымен тікелей танысуға жақсы мүмкіндік туғызады. Осы артықшылықтарды ескере келе, көптеген адамдар шет тілін жетілдіру мақсатында Қытайға келіп, қытай тілін үйренеді.

– Тіл меңгеруде қандай қиындықтар кездесті?

–Әрбір тілдің қиындығы бар. Қытай тілі ең қиын тілдердің қатарында. Қытайлардың өздері үшін де тілді толық менгеру және қолдану оңай емес.  Қытай халқының үштен бір бөлігі ресми қытай тілін білмейді. Әр провинция өзінің қалыптасқан диалектісінде сөйлеседі. Тілді бір жыл ішінде меңгеруге болады, бірақ толық жазу, оқу және сөйлеу үшін 2-3 жылдай уақыт керек. Бұл қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен салыстырғанда ерекшелігі көп тіл. Иероглифтер біздің үйреншікті жазуымызға мүлдем ұқсамайды. Дыбыстардың алуандығы өз алдына, қандай тонмен айтылғаны да әртүрлі мағына береді. Көптеген студенттер үшін бірнеше тонды ажырату бастапқы кезде қиындық туғызады. Қытай грамматикасы жеңіл болып көрінгенімен, өзіндік ерекшелігі жетерлік.

– Қазіргі таңда қытай тілін қандай деңгейде білесің?

–Қытай тілін меңгеруді кезеңдерге бөлер едім. Алғашқы кезең ең маңызды болып саналады. Ол қытай тілімен танысу, оның дыбыстық құрылымымен, пиньиньдердің дұрыс айтылуымен басталады. Одан кейін маңызды 4 тонды жаттап, оларды бір-бірінен ажырата білуді игеру керек. Қытай тілдерінің кілттерін оқып үйрену, олардың жазу мен мағынасын есте сақтау керек.  Иероглифтердің жазылу ережелері оқытылады. Бастапқы иероглифтармен танысып, оларды дұрыс жазу және оқу әдісін үйренесіз. Ортаңғы кезеңде иероглифтердің саны арта бастайды, оларды жазып және оқып, сөздік қорыңызды көбейте бастайсыз. Осы кезеңде біліктілігіңіз жалғаса береді, грамматикамен танысасыз, сөйлем құрап, сөйлей бастайсыз. Сабақ бірте-бірте күрделене бастайды. Орташа қиындыққа бейімделген кітаптар оқи бастайсыз, сөйлеу қарқыны үдей түседі, осы кезде тілді меңгеріп алуға қызығушылық ерекше болады. Аралық кезеңде айтарлықтай денгейіңіз өседі, алуан тақырыпта адамдармен қарым-қатынас жасай аласыз, сөздік қорыңыз көбейеді. Өткен лексикалық, фонетикалық, грамматикалық тақырыптарға ерекше көңіл бөлінеді. Көлемді және күрделі мәтіндерді оқу қолжетімді болады. Еркін сөйлей бастайсыз. Соңғы деңгейде сөздік қорыңыз одан сайын асады. Мамандандырылған тақырыптарда байланыс жасай аласыз, иероглифтердің толық жазу жүйесін меңгересіз, әртүрлі тақырыпта әңгімелесу сізге қиындық туғызбайды. Айтылған кезеңдерді ескере отырып, өз деңгейімді орта кезеңге бағалаймын. Қазір тіл үйренуді жалғастырып жатырмын. Болашақта тілді толық меңгеру мақсаты тұр.

– Қытай мен Қазақстанның ерекшелігі көп пе екен?

– Әрине, екі ел арасында көптеген аспекті бойынша айырмашылық бар. Мысалы, тарихи даму және мәдени мұрасын айтуға болады. Қазақстанды қарастырсақ, аумағы ауқымды, территориямыздың Еуразия құрлығының ортасында ыңғайлы орналасуы, пайдалы қазбалардың молшылығы, саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуын белгілеуге болады. Қытай Халық Республикасы да кең аумағымен, халық саны бойынша дүниежүзінде бірінші орында болуымен, ашық теңізге шығу мүмкіндігі, жоғары дамыған көлік коммуникациялары, қарқынды экономикалық өсімі, инфрақұрылымның жетік технологиялармен жабдықталуы, тауарларды экспорттау желісімен әлемге танымал. Бірақ жалпы алғанда, бұл ерекшеліктер елдер арасындағы құрмет пен сенімге негізделген  көршілік қарым-қатынас құруға кедергі жасамайды. Соңғы жылдары Қытай Қазақстанның сыртқы сауда-саттық бойынша басты әріптестердің бірі болып саналады және әрі қарай екі ел арасындағы қарым-қатынас жалғасып келеді.

– Алдағы уақытта қандай тілдерді меңгерсем дейсіз?

– Ағылшын, қытай тілдерін жетік меңгеруді жалғастыра беремін. Ары қарай оқуымды жалғастырып, шетел университеттерінің бірінде білім алу да жоспарда бар. Қосымша тіл ретінде болашақта неміс тілін үйренуді жөн санадым. Өйткені Германия – дүниежүзі бойынша өнеркәсіп саласында алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Қазіргі кезде Германия машина жасау, электротехника, автомобиль және химия өнеркәсібі бойынша әлемдегі жетекші орынға ие. Германиядағы бұл тәжірибелерді зерттеп, оны еліміздің индустриялық дамуына пайдаланса, жақсы әсер береді деп ойлаймын. Қазақстанда Индустрия 4.0. элементтерін кәсіпорындарда енгізу жұмысы жүріп жатыр. Осыған орай неміс тілін білу Германия компанияларында Индустрия 4.0 технологияларын енгізу үлгілерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Неміс тілі ғылым мен технологияларды игерудегі әлем бойынша екінші тіл болғандықтан, бұл тілге қызығушылық пайда болды. Кез келген шет тілін үйрену оңай емес. Бұл үшін тандалған тілге деген сүйіспеншілік жеткіліксіз, меңгеру үшін табандылық пен шыдамдылық керек. Қалаған нәтижеге қол жеткізгенде моральдық қанағат сезімі пайда болады.

Қандай кітаптар мен киноларды ұнатасыз?

– Нақты өмірге негізделген фильмдерді ұнатамын. Өмірдің өзі жазған сценарий бойынша баяндалған, режиссердің шеберлігімен жеткізілген фильмдерді көру әрқашан қызық. Мысалы, «Сила воли», «12 лет рабства», «Перл Харбор», «Триумф», «Невидимая сторона» және басқа да фильмдер. Көбінесе мамандырылған техникалық кітаптарды оқимын, оның ішінде машина жасау, құрылыс, электроника, информациялық технологиялар тақырыбындағы оқулықтар бар. Арасында қазақ жазушыларының кітаптарын да оқып тұрамын.

Назым САПАРОВА,
əл-Фараби атындағы ҚазҰУ
филология жəне əлем тілдері
факультетінің 2-курс студенті.
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан газеті», №41
9 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз