Сәті келгенде немерелерін қасына жинап алып, әңгіме айтуды Әлдибек ақсақал әдетке айналдырған. Бүгін де үйіне жан-жақтан жиналған немерелерін қасына отырғызып, әңгімесін бастап кетті.

– Бұрынырақта өздерің сияқты бір  бала күйшілердің тартқан күйін сүйсіне тыңдайды екен. Ауылға күйші келсе жанынан қалмай ілесіп жүретін болыпты.

– Сен менің жанымнан неге қалмайсың? Ана ауылға барсам да, мына ауылға барсам да ала тайыңды мініп алып, маған ілесіп жүресің? – депті оған күйші. Сонда бала:

– Домбыра әуенін жақсы көремін, сіз сияқты күйші болғым келеді, – депті.

– Мұның өте жақсы. Онда менің ақылымды тыңда. Бірінші жақсы домбыра сатып ал, сонан соң маған кел. Саған домбыраны қалай шертуді үйретемін, – депті.

Бала әкесіне келіп болған жайды айтыпты. Әкесі:

– Балам, күйші болғаныңа мен қарсы емеспін. Алдымен қолыңа орақ ал да көлдің жағасынан бір арба қамыс ор, – депті.

Бала әкесінің айтқанын істеп, көл жағасындағы қамысты кешке дейін орыпты. Кешке әкесіне келіп:

– Әке, бір арбадан да көп қамыс ордым. Қиын екен, алақаным ойылып қалды, – деп күлдіреп тұрған алақанын көрсетіпті.

– Жарайсың, балам! Қолың ойылса жазылады.  Қазір қолыңды жақсылап таңып берем. Сонан соң атқа жегулі түрған  арбаны айдап барып, орған қамысыңды соған тиеп, үйге алып кел, – депті әкесі.

Сонда баласы:

– Әке, шаршап кеттім, ертең істейінші, – деп жыларман болыпты.

– Онда өзің біл. Бірақ домбыра туралы ойламай-ақ қой, – депті әкесі түсін жылытпай.

Әкесінің айтқанын істемесе домбырасыз қалатынын ойлаған бала шаршағанына қарамастан ат арбаға тиеп, орған қамысын үйіне алып келіпті. Ертесіне әкесі баласын қамыс тиелген атарбаға отырғызып, базарға барыпты. Бір арба қамыс ілезде қомақты ақшаға сатылып кетіпті. Әкесі баласын екінші базарға ертіп барып, сол жерден таңдап жүріп әдемі домбыра сатып әперіпті. Баланың қуанышында шек болмапты.

– Әке, мынау шынымен менің домбырам ба? – деп, әкесін құшақтай алыпты.

Бала ертесі күні-ақ домбырасын көтеріп әлгі күйшінің ауылына барыпты. Күйші балаға күндіз-түні домбыра үйретіпті.  Бала домбыраны әбден меңгерген соң, күйші білетін күйлерді де түгел үйреніпті. Өзі де күй шығарып, кейін әйгілі күйшіге айналыпты. Сөйтіп аңсаған арманына, мұратына жетіпті. Еңбек пен өнер егіз, еңбек мұратқа жеткізеді деген осы, –деп әңгімесін аяқтаған ақсақал өзін беріле тыңдап отырған немерелеріне сүйсіне қарады.

 

Шымкент қаласы

«Балдырған» журналы, №12
Желтоқсан, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз