Шыжыған ыстық. Қолдарында ол-пұл заттары бар, терлеп-тепшіген үш адам
автобус аялдамасына келді. Бірі – Болжан атты кішкене бала, екіншісі – соның шешесі, үшіншісі – әжесі. Көп күттірмей автобус та келе қалды. Жолаушылар жерге түскен соң, аялдамадағы он шақты кісі ішке кірді.
Оң жақтағы орындарға күн сәулесі түсіп тұр. Басқа жолаушылар сияқты Болжан да сол күн жақтағы орындардың біріне отырды. Әжесі мен шешесі көлеңке бетке жайғасыпты.
– Басың істемейді, бірінші сыныпты бітірсең де!.. Мұнда кел! Көлеңкеге отыр! Үйіміз алыс, екі сағаттық жер.
Шешесінің шаршап-шалдыққанда осылай ренжіп, ауыр сөз айтатыны бар.
– Әже! Апа! Мұнда келіңдер! Автобус қаладан шыққан соң, кілт солға бұрылады. Сонда осы жаққа үйге жеткенше күн түспейді.

– Барлығы да күн жаққа отырыпты. Көпшілік қой, бірдеңені білетін
шығар. Көшіп отырайық, келін.
Сөйтіп, екеуі Болжанның қасына келді. Кісі көбейіп, бос орынның бәріне жолаушылар отырып болған кезде, автобус жүріп кетті. Қаладан шыққасын, солға қарай шұғыл бұрылды. Енді көлеңке Болжандар отырған жаққа түсті.
Бұлар көпке дейін сөйлескен жоқ. Әжесі мен шешесі қала аралап шаршағандықтан үндемейтін шығар. Ал Болжанның көкейінен
апасының: «Басың істемейді!» – деген сөзі кетпей қойды. Балалар қателессе, үлкендерден ылғи кешірім сұрайды. Үлкендер неге балалардан кешірім сұрамайды екен осы, ә?!
Автобус жарты жолға жеткенде:
– Ақылыңнан айналайын, қоңыр қозым! – деді әжесі емірене.
Көлеңкеде отырғанымыз – сенің арқаң ғой.
Болжанның көңілі жадырап сала берді.
Қалғып отырған шешесі нақ бір әжесінің сөзін мақұлдағандай, автобустың екпінімен теңселіп, басын изеп-изеп қойды.

«Балдырған» журналы, №11
Қараша, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз