Белгілі балалар жазушысы Марат Қабанбайдың туғанына 70 жыл

Марат Қабанбай – балаларға да, үлкендерге де арнап көп кітап жазған жазушы Оның  «Кермек дәм», «Айшылық алыс жол» деп аталатын романдары да бар.

Оның «Бақбақ басы толған күн» хикаятының негізінде «Он екі жасқа толғанда» деген толық метражды телефильм түсірілген. Ол талай рет балаларға арналған шығармалардың жабық бәйгесінде жүлделі орындарды жеңіп алған. Марат аталарың Қазақстан Жазушылар одағының Мұхтар Әуезов атындағы, Халықаралық Г.Х.Андерсен атындағы сыйлықтардың лауреаты. Жазушының жекелеген туындылары украин, молдован,  латыш,  неміс тілдеріне аударылған.  Біз бүгін өздеріңе жазушының «Жиһанкез Тити» атты әңгімесінен үзінді ұсынып отырмыз. Әңгіменің толық нүсқасын тауып алып оқысаңдар, талай қызыққа кенелетін боласыңдар.

I

Түн. Көшеде ғана түн. Ал пәтер iшi күндiзгiдей жарық. Төбеден салбыраған люстраның жарығы, әрине, күн жарығына сәл-пәл жетпейдi. Бес жасар Таймасқа жарықтың қайта әлсiз болғаны жақсы. Жарық әлсiз болса жақсы ойланасың. Бөлме iшiндегi заттар көзге анық шалына бермейдi, ой бөлiнбейдi. Сонымен Таймас – Тити ойланып отыр.

Шындығында Таймастың Таймас екендiгiн балалар бақшасындағы, подъездегi тетелестерiнiң көбi бiле бермейдi, бәрi жаппай Тити деп атайды. Оған кiнәлi Таймастың өзi. Екi жасқа жете бере тiлi шығып, былдырлай бастаған. Дәл осындай қысқы кеште папасы мен мамасы: «Таймас, сен дәу жiгiтке айналып, есейiп қалдың. Әр заттың, әр баланың өз есiмi болады – осыны бiлiп қой. Мәселен, әне, анау төрдегi, саған күнде кешке мультфильм көрсетiп беретiн сирақты қобдидың аты – телевизор. Кәне, телевизор дешi?»– деген. Таймас папасы мен мамасына бiр, экранды қобдиға екi қараған. Сосын сұқ саусағын жып еткiзiп аузына апара берiп, қайтадан арқасына жасыра қойды да (ауызға саусақты тек жаман балалар салады): «Девиз!»– дедi. Папа, мамасы бiр-бiрiне бақырайып қарады. Таймас содан-ақ бiрдеңенi бүлдiргенiн сезе қойды. Және, бүлдiргенде де, әлгi экранды қобдидың төңiрегiнде қателiк жасағанын анық бiлдi де, сасқанынан «девиздi» түзеттiм деген оймен: «Севиз!»– деп салды.

Әке-шешесi едәуiр күйгелектендi. Мамасы бетiн шымшыды. Сосын папасының құлағына бiрдеңе сыбырлаған. Папасы басын изедi. Мамасы Титидiң алдына тiзерлеп отыра қалып:

– Ұлым, ендi Таймас деп көршi!– дедi.

Таймас ерінiн икемге келтiремiн деп бiраз бүрiстiрдi. Ақыры әжептәуiр қиналып барып:

– Ти-ти…– дедi.

Папасы да, мамасы да күлiп жiберген. Екеуi бiрдеңенi бiлiп күлiп тұрған шығар деген оймен Таймас та жымиды, әке-шешенiң қылығын қайталасаң, көп қателеспейсiң. Ендi папасы Таймастың ойынын келтiретiн ең сүйкiмдi көзқарасымен ұлына қарап:

– Кәне, «менiң атым Таймас» деп тағы бiр қайталашы!– дедi.

Таймас бұл жолы ернiн бүрiстiрiп, қайыстырып қиналмады. Бiр нәрсенi анық бiледi – «Тити» деген сөз папасы мен мамасына ұнап қалды. Ұнағанда қандай! Ұнамаса, екеуi қосылып күле ме? «Қайтала» деп айта ма? Сондықтан бұл жолы мүдiрмедi, жауапты сақ еткiздi.

– Ти-ти…

Папасы басын сипады.

– Мейлi, Тити болсаң, Тити бол. Есейгесiн өзiң-ақ Таймас атыңды тауып аларсың.

Сол күннен бастап Таймас ұмытылды. Жаңа есiм көршi пәтердегi, подъездегi, балалар бақшасындағы құрбы-құрдастарына, тәрбиешi апайларына да тым-тым сүйкiмдi естiлдi ме, әрi бiрден қағып алып, тез жаттай қойды. «Тити!». Қып-қысқа әрi айтар ауызға бiртүрлi құйқылжып-құйқылжып кетедi. Өзi тауып алған ат болғасын ба, Тити Таймастың өзiне де бек ұнап қалып едi.

…Сонымен, Тити люстрадан себелеген әлсiздеу жарық астында ойланып отыр. Үйдегiлердiң әрқайсысы өз iсiмен әуре. Алтыншы сыныпта оқитын ағасы Алмас көршi бөлмеде алгебрамен жанын қинап отыр. Қиналып отырғандығы сондай: «Икс тең болады түбiр астында а және игрэк» деген дауысы да шығып кетедi. Тити ойын сәл бөлiп, есiк қиығынан көршi бөлмеге көз жiберiп едi, ағасының маңдайы тыржиып, алайыңқырап кеткен көзiн төбеге қадапты. Ағасынан ақыл сұрамақ едi. Бүйтiп быржиып-тыржиып отырған адамнан қандай жөндем ақыл шығады дейсiң.

Папасының да қолы бос емес, креслоға жайғасып ап, үстiңгi ерінi жыбырлап, астыңғы ерінi қыбырлап, туырлықтай газеттi аударып-төңкерiп оқып отыр.

Тити iштей күрсiнiп салды да, алдында бауырсақтай шашылып жатқан ойыншықтарды жиып тастап, орнынан тұрды, ас үйге беттедi. Мамасы кешкi астан қалған ыдыс-аяқтарды жуып, үстелді сүртiп, мұрнына су жетпей жүр екен. Көзiне түскен шашын алақанымен бiр сыпырып тастап:

– А? Ойнап бiттiң бе?– дедi де, қайтадан шанышқы, қасықтарымен алысып кеттi.

Тити шешесiнiң етегiнен тартты:

– Мам, ә, мам! Мен қалай жиһанкез боламын?

Шешесi баласының сұрағына оншалықты мән бермедi бiлем, басын көтерместен күңк еттi:

– Жиһанкез? Болсаң, бола ғой!

Бала ендi быртиған кiшкене қолын шешесiнiң бiлегiне салды:

– Қалай жиһанкез боламын, мама?

Жуып жатқан шыныаяғын қолынан түсiрiп алған мамасы Титиге жалт қарап едi. Қарамай-ақ қойғаны жақсы едi. Тым ашулы екен:

– Жиһанкез, жиһанкез? Онысы несi тағы? Ерiгiп тұрған ешкiм жоқ… Ыдыс-аяқ жуып жатқанымды көрiп тұр емеспiсiң? Бар да, жатып ұйықта. Төсегiң салулы. Ертең қыңқылдап оянбай қоясың да, балалар бақшасынан кешiгiп қаламыз. Апайларың ұрсады.

Ұрты қомпиып, ерінi бұртия қалған Тити ұйықтайтын бөлмеге беттедi. Мамасына деген өкпесi қара қазандай. Жиһанкез болудың жолдарын айта салса қайтедi? «Таңертең оянбайсың, балалар бақшасынан кешiгiп қаламыз»,– дейдi. Мәселенiң өзi балалар бақшасынан шығып кеткенiн мамасы қайдан бiлсiн.

Бүгiн тәрбиешi апай Титилерге, яғни ересектер тобына жиһанкездер жайлы әңгiме айтып берген. Сөйтсе, жиһанкездер теңiзге кеме салып жүзiп, түйе, атмiнiп, тау-тасты аралайды екен. Кейде джунгли деп аталатын қалың ормандарды да кезiп жүре бередi. Тәрбиешi апай Колумб, Пржевальский, Шоқан Уәлиханов деген саяхатшы ағайлардың суреттерiн көрсеттi.

Ұлдар жағы бұл әңгiменi ауыздарының суы құрып тыңдады. Сыртқа шығысымен әркiм әрқалай шуласты-ай кеп. Ақыры сөз аяғын «Бәрiмiз де жиһанкез боламыз» дегенге тiредi. Сол сәтте жиһанкез болу оп-оңай секiлдi едi. Үйге келгесiн ойланып көрiп едi, оның өзi қиын мәселе екен. Бәсе, қалай, қандай жолмен жиһанкез болады? Теңiздер мен мұхиттарда жүзетiн кеменi қалай жасайсың? Тити тiптi бұл төңiректе суға жүзетiн кiшкене бассейннен басқа теңiз, мұхит бар дегендi естiмеген. Ат, түйе, ну ормандар қайда?

Осыны ойлағанда Титидiң басы қатты. Өстiп жатып қалғып кеткенiн байқамай қалды…

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз