– Ата, ата, айтқа қой сойғалы жатырсыз ба? – деп Қасым атаның қос немересі қасына жүгіріп келді.

– Құрбандық шаламыз, – деді аталары қызыл ісектің аяғын байлап жатып.

– Алақай, бүгін құлақ жейміз! – деп қол шапалақтады үлкен немересі Азат.

– Бұйырса жейсің, ботам, – деді атасы. Сөйтті де күбірлеп құран оқып, бата жасады. Əкесі пышақты қолына алып, қойдың басын құбылаға бұрды.

Ал Алматтың қызыл ісекке жаны ашып тұрды. Қозы кезінде ол сондай сүйкімді болатын. Енесі жоқ қозыны емізікпен емізіп өсірді. Ол қасына қорықпай келіп, ернімен саусақтарын тістелеп, бетін иіскелейтін. Жеңінен тартатын. Сонда оған қытығы келетін. Оған мейірімін төгіп, алақаны мен маңдайынан сипаушы еді. Енді оны арашалап қала алмағанына іштей күйініп, теріс айналды. Ағасы Азат үлкендігін танытып, əкесіне жəрдемдесіп жүр. Алмат атасының қасына тізерлеп отыра кетіп:

– Ата, жаңа құрбандық шаламыз дедіңіз ғой, ол не? – деді құрбандық шалудың мəнін түсінбей.

Қария екінші сыныпта оқитын немересінің басынан сипады.

– Құрбандық шалу, зекет беру – əрбір мұсылманның парызы. Құдайға құлшылық қылып, отбасымыздың амандығын тілеп, мал шаламыз. Оны ел-жұртқа таратамыз. Сауап үшін. Аруақтарға бағыштап құран оқимыз. Енді түсіндің ғой? – деді атасы немересіне қарап.

– Түсіндім, ата, – деп Алмат басын изеп. – Ал зекет деген ше?

Атасы немересінен мұны күтпеген еді. Сұрағына таңданса да, аңғарымпаздығына қайран қалып, бауырына басты.

– Зекет пе? Зекет – дүние-мүлік арқылы жасалатын ғибадат. Ол жүректі сараңдықтан сақтайды. Сондықтан жағдайы бар адамдар жетім-жесір, тұрмысы төмен отбасыларға садақа, малдан зекет береді, ботам.

– Ата, біздің малымыз көп қой. Біз де зекет береміз бе?

– Əрине, ботам. Зекет қойды бөліп қойдым. Əне, – деді атасы.

Бала қорада жалғыз байлаулы тұрған қойды көріп:

– Ата, сол зекетті бермей-ақ қойсақ қайтеді. Қозымыз азайып қалатын болды ғой, – деді «қызыл ісекті сойғаны аздай, енді менің марқамды да бермек пе?» деген оймен.

– Бері кел, тіземе отыр. Мен саған бір ертегі айтып берейін,– деді қария немересінің көңіл күйін жүзінен танып.

– Ата, қандай ертегі? Қызық па өзі? – деді Алмат атасының тізесіне отырып жатып.

– Тыңда! Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, – деп бастады атасы ертегісін əдетінше. – Қарынбай деген бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты.  Бірақ ол жетім-жесірге, кедей-кепшікке қарайласпайды екен. «Сендер жұтып отырған ауа да менікі» деп малшы-жалшылардың маңдай терінің ақысын бермейтін көрінеді. Соны естіп, бай ауылына қолына таяқ ұстаған бір ақсақал келеді. Жұпыны киінген қартты Қарынбай үй маңына жуытпай, қуып тастайды.

– Ей, пенде, тəубеңе кел! Аллаға құлшылық ет! Жетім-жесірге, кедей-кепшікке қарайлас! Мал-дəулетіңнен зекет бер! – дейді ақсақал əудем жерден.

Қарынбай оны тағы қуады. Бірақ ертеңінде де, оның арғы күні де ақсақалды сол орнынан тағы көреді. Қария Қарынбайды тəубеге шақырады. Ашуға мінген бай «Бұл жердегі Құдай менмін, керек болса сені де жазалаймын» деп ақырып, қамшысын ала ұмтылады. Ол жақындай бергенде ақсақал таяғын жерге ұрып қалады. Сол сəт аюдай ақырған байдың табан асты кенет ойылып, аяғы тізесіне дейін жерге кіріп кетеді.

Көзі қанталап, шөкімдей шалға шамасы келмегеніне Қарынбай қатты ызаланады. Аяғын ордан шығара алмай аласұрады. Қолындағы қамшымен жер сабалап, тісін қарш-қарш қайрайды.

Ақсақал таяғымен жерді екінші ұрғанында, бай кіндігіне дейін батады. Қария оны енді тəубеге келер деп үміттенеді. Бірақ Қарынбай райынан қайтпайды. Жер тырмалап, жаралы жолбарыстай айбат шегеді. Ақсақал таяғын үшінші рет сілтегенде байдың басы ғана қылтиып қалады.

– Жаның үшін – садақа, ал мал-дүниеңнен зекет беремісің? – дейді ақсақал соңғы рет тіл қатып. Жаны мұрнының ұшына келсе де, Қарынбай малын қимай «жоқ» дейді. Сөйтіп, сараң бай жерге сіңіп кете береді.

– Ата, ертегіңіз қызық екен. Соншама малы бола тұра Қарынбай неге сараң болды, а?..

– Соны айтпайсың ба! Бəрі пейілден ғой. Адам сараң болуға болмайды. Бар болса, беру керек. Сараң адамды жұрт та құрметтемейді, – деді атасы Алматқа сынай қарап.

Сол сəт əлгіндегі сөзі есіне түскен Алматтың ақ сары жүзі қызарып кетті. Ұялып  төмен қарады.

– Ата, – деді бала сəлден соң кемшілігін түзетпек болып.– Менің сыныптасым Сəкеннің үйінде мал жоқ. Анасы екеуі ғана тұрады. Менің марқамды соған берейік!

– Дұрыс, – деді атасы оны бірден қолдап. – Сен енді менің ботама ұқсадың.

Жуалы ауданы,

Жамбыл облысы.

«Балдырған» журналы, №4

Сәуір, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз