Мандарин субтропиктік және тропиктік аймақтарда өсетін болса да, тасымалдауға өте қолайлы болғандықтан да, ол әлемнің кез келген өңіріне жеткізіледі. Ал сол жемісті климаты қаталдау аймақта ашық жерде өсіруге болмағанмен, үй ішінде өсіруге әбден болады? Қазір үйдің ішінде ірі гүлдерді, айтарлықтай көлемдегі лимон, мандарин өсіруге болатын көлемді ыдыстар жеткілікті. Оны кез келген қаладағы гүл, жеміс-жидек, көкөніс тұқымдарын сататын дүкендерден таба аласың. Жалпы мандарин оншалықты кірпияздығы жоқ, өсіруге қолайлы жеміс. Тұқымын да көп іздеп жатпайсың, жеу үшін алынған мандариннің (әрине, таңдаулысының) дәнін аласың да, біраз күн кептіріп, сол сатып алған ыдысыңдағы (алғашында кішірегіне) топыққа себесің. Ал топырақ таңдағанда, оны да сол гүл, тұқым дүкенінен табуға болады. Торфты көп қосудың қажеті жоқ. Цитрустық өсімдікке арналған кез келген жеңіл қоспа жарай береді. Ылғалды топырақты мандарин дәні 2-3 аптада, бәлкім бір айда өсіп шығып, бой көрсетеді. Тіпті кейде өсуінің кідіретіні де бар. Жоғарыда кірпияздығы жоқ десек те, оған күтім жасауда біраз жайды ескерген жөн. Ең алдымен оған күннің жарығы керек. Қыста ыдысын күн түсетін жарық бөлмеге қояды. Күн жылыған кезде ыдысымен аулаға, бақшаға қойып өсіруге болады. Жалпылай айтсақ, жыл бойы тәулігіне оған 12 сағат жақсы жарық түскені абзал. Жазда суды көп қажет етеді, қыста топырағы кепкен кезде жылы сумен аз суарады. Көктемде сәуірден қыркүйекке дейін апта сайын тыңайтқыштармен қоректендіреді. Ауаны ылғалдандыру үшін өсімдіктің жанына ыдыспен су қояды. Жапырақтарына күніне екі-үш рет бөлме температурасындағы су шашады. Ылғалы аса көп немесе аз болса жапырақтарына дақтар түсіп, өсмдік шіри бастайды. Екінші бір қажет нәрсе – су. Әсіресе, жазда қандырып суғару қажет. Бірақ суға бөктіруге болмайды. Алдында шағын ыдыста өсірілсе, ағаштың өсуіне, көлемінің қомақтануына байланысты оны үлкендеу ыдысқа ауыстырады. Барлық ағаш сияқты үй ішіндегі мандаринге де тыңайтқышпен қоректендіру қажет. Бұған минералдық та, органикалық та тыңайтқыштар жарайды. Үй жағдайында мандариннің биіктігі 1,5 метрге дейін жетеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз