Жас дос, өзіңнің ішкі дауысыңды жиі тыңдайсың ба? Сыртқы келбетіңе көңілің тола ма? «Кім болам?» емес, «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеп көрдің бе? Қандай өнерің бар? Қане, қолыңнан не келетінін қағазға тізбектеп жазшы…

Бұл сұраққа бала түгіл өзіміз де жауап бере алмай қаламыз…

Біздің арамызда болашақта кім болатынын білмейтін балалар бар. Көбі грант көп бөлінетін немесе оқу ақысы арзан мамандықты таңдайды. Оқу орнын бітірген соң қайда жұмысқа барарын білмей, уақытын өткізіп алады. Əлемде 75 миллионға жуық адам кəсіби бейімін білмегендіктен, жанына жақын жұмыс таба алмайды екен. Ал біздің елде жоғары оқу орнын бітірген түлектердің жартысына жуығы өз мамандығымен жұмыс істемейтін көрінеді.

EDTECH халықаралық білім беру орталығының басшысы, психолог Ғани БЕЙСЕМБАЕВ осы мəселенің шешімін табуға талпыныпты. Сөйтіп, мамандық таңдауға бағытталған «Мамандық таңдау кілті» атты алғашқы көмек құралын құрастырыпты. Үш мың таралыммен шыққан кітапты алматылық оқушыларға тегін таратуды ұйғарыпты.

«Францияда білім заңы бойынша бастауыш сыныптан бастап оқушылардың кəсіби қабілетін анықтауға күш салады екен. Бізге де осындай жүйе керек.

Мамандық таңдау – тағдырды таңдау. Себебі адамның өмір сүру салты мен бағыты мамандығына байланысты қалыптасады. Мамандықты таңдаймыз деп ойлаймыз. Алайда мамандық та бізді таңдайды.

Алматы қалалық Білім басқармасымен бірге жұмыс істедік. Оқулықты оқушыларға түсіндіру үшін арнайы психологтарды оқытып, дайындадық. Балалармен, ата-аналармен қалай жұмыс істеу керектігін пысықтадық. Кітаптың маңызы оқушының қолына жеткенде белгілі болады.

Кітап мыңға жуық оқушының қолынан өтті. Мазмұны бес сатыдан тұрады. Бірінші саты: «Сенің қолыңнан не келеді?», «Əуестігің не?» деп сұрайды. Кітапты оқыған барлық бала: «Ағай, жылап жібердік», – деді. Қызым да жылады. Себебін сұрағанымда: «Бəрі оңай көрініп еді, қолымыздан ештеңе келмейді екен. Уақытымызды босқа өткізгенімізге өкіндік. Бізге жұмыс істеу керек. Жұмысты ата-анаға көмек беруден бастаған жөн», – деді. Балалардың еңбекке деген сүйіспеншілігі осылай оянады деп мүлдем күтпеген едім.

Ұстаздың көмегінсіз оқушының өзі еркін оқи берсе деген арман болды. Кітапты  төрт жыл жаздым. Жиі өзгерттім. Кейбір ауыр сөздерді алып тастадым. Заманауи, жастарға түсінікті тілде жазуға тырыстым. Əдебиетші, тіл мамандарына кітапты бермедім. Балаларға оқытып, түсінбеген жерін сұрап, оңай əрі ұғынықты болғанын қаладым. Кітаптың алғашқы атауы «Əліппе» болатын. Оқушылар оқулықпен шатастырамыз деп «Кілт» деген атауды ұсынды. «Мамандық туралы мəлімет беретін, біз үшін беймəлім есіктің кілтін ұсынатын кітап», – деді балалар. Кітап 9-11 сынып оқушыларына, мектеп психологтарына, сынып жетекшілеріне, ата-аналар мен өмірде жолын табуға асыққан көпшілік қауымға арналған. Əзірге алматылық оқушыларға ғана таратылады. Ешқандай пайда табуды көздегеміз жоқ. Біздің мақсатымыз – жастарға қызмет ету.

Бірінші қазақ тілінде жаздым. Орыс тіліне аударуда қиындықтар болды. Қазір ағылшын, түрік, араб тілдеріне аударуға ұсыныс түсті», – деді кітап авторы.

Сонымен, «Кілт» не туралы? Болашақта қандай мамандықтар жойылады? Ең жоғары жалақыны кім алады? Кітапқа қысқаша шолу жасадық.

Адам – табиғат

Егер өсімдіктер мен жануарлар əлемін бақылап, оларға күтім жасауды ұнатсаң жəне биология пəні саған жақын болса, онда сен осы типке сəйкес келесің. Бұл мамандықтар ауыл шаруашылығы, тамақ өндірісі, медицина жəне ғылыми зерттеулермен байланысты. Бұған ландшафт дизайнері, агроном, кинолог, геолог, зоотехник, микробиолог, тазалық қызметі жəне мал дəрігері сияқты мамандықтар кіреді.

Адам – техника

Егер саған физика, химия, электротехника саласындағы жұмыстарды орындау ұнаса немесе тұрмыстық техникаларды жөндеуден жəне əртүрлі модельдер жасаудан хабарың болса, онда осы типтегі мамандықтарға сəйкес келесің. Бұл мамандықтар техникалық жүйелер, машиналар, аппараттар мен қондырғылар, материалдар жəне энергиямен байланысты. Бұл типке: столяр, техник-металлург, инженер-механик, архитектор, электромонтаж маманы, радиомеханик, құрылысшы, компьютер құрастырушы, IТ жəне телекоммуникация мамандары жатады.

Адам – адам

Бұл жерде еңбек объектісі – ұжым. Бұл типтегі мамандықтарда табысты еңбек ету үшін қоғаммен байланыс орната білу, адамдарды түсіну жəне олардың қарым-қатынас ерекшеліктерін үйренуі қажет. Қабілетің қызмет көрсету саласы, медицина, педагогика, заң саласының қызметкері, дəрігер, мұғалім, психолог, шаштараз, саяхат, экскурсия жетекшісі, менеджер, тəрбиеші, ұйымдастырушы сынды мамандықтарға жақын.

Адам – белгі

Егер есеп шығаруды, сызу, жобалар жасауды ұнатсаң, сонымен қатар шартты белгілер, шифрлар, кодтар, кестелермен жұмыс істеуді қаласаң, «Адам –белгі» типіндесің. Бұл салаға экономист, инженер, топограф, бухгалтер, қаржыгер секілді мамандықтар кіреді.

Адам – көркем бейне

Бұл мамандықтардың еңбек объектісі – көркем бейнелер, олардың рөлдері, элементтері мен ерекшеліктері. Музыкант, суретші, өнер маманы, жазушы, əртіс сияқты мамандықтар жатады. Бұл жерде еңбектің басты, жетекші пəні – көркем бейне, оны құру тəсілдері. Олар əртіс, суретші, музыкант, дизайнер, тас қашаушы, əдебиет қызметкері…

БОЛАШАҚТЫҢ МАМАНДАРЫ НЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛУЫ КЕРЕК?

  1. Кросс-функционалды болу. Яғни мамандықтар аралығында жұмыс істеу;
  2. Қашықтан жұмыс істей білу;
  3. Big date кəсіби маманы болу. Ауқымды ақпаратты жинап, оны бас-қара білу;
  4. Өз бетінше білім алуға икемді болу. Себебі IT технологиялардың дамуы қарқындай түспек;
  5. Жан-жақты, бесаспап болу. Бірнеше тіл білу, шығармашыл ойлау, soft skills игеру – сабырлы, мейірімді болып, өз мақсатыңа жеткенше тынбау;
  6. Өмір бойы білген-түйгеніңді үнемі жаңартып отыру;
  7. IT технология негіздерінен хабардар болу;
  8. Бүкіл өміріңде кəсіптің 10 түрі бойынша мамандығыңды ауыстыруға дайын болу;
  9. Ғылыми пəндерге қабілет керек. Өйткені жұмыс түрлерінің көпшілігі компьютерлік технологияларға негізделген;
  10. Мəдениетаралық қозғалыстарға дайын болу. Жаһандану жағдайында əртүрлі елде жұмыс істеу мүмкіндігі туындауы мүмкін.

КЕЛЕШЕКТІҢ 10 МАМАНДЫҒЫ

Ұлыбританияның атақты Fast Future компаниясы болашақтың ең қажетті, ең табысты деген 10 мамандығын атап, зерттепті.

Органның жəне дененің сыртқы бөліктерін өндірушілер. Бұл мамандық иелеріне өзіңізге қажетті жаңа бүйрек, бауыр, тіпті миға да тапсырыс бересіз.

Нанодəрігерлер. Бұл дəрігерлер адамды тек емдемей, оларға қажетті жаңа күштер қосады. Жаңа күш адамды бұрынғыдан да ақылды етеді екен.

ГМО фермер.

Виртуалды ұстаз.

Бұл мамандық иелері қазіргі уақытта да кездеседі. Келешекте біздің түсінігіміздегі университеттер, мектептер жоғалып, оның орнына бəрі виртуал жұмыс істеуі мүмкін.

Электронды қоқыс мамандары.

Олар жылдам əрі тез интернеттегі керексіз адамдарды өшіреді.

МЕХАНИКТЕР ЖЕТІСПЕЙДІ

Біздің қоғамға кəсіби салада – механик, слесарь, дəнекерлеуші, жүк жəне арнайы көлік жүргізушісі, құрылғы операторы, электр монтаждаушы, IT мамандары, Нано жəне биотехнология маманы, қызмет көрсету мамандары жетіспейді.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №
6 наурыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз