Ақбота Салғараева жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, қатарластары секілді магистратураға тапсырмады. Мүмкіндігі бола тұра бас тартты. Өйткені оқудан гөрі, шетелде жұмыс істеп, тәжірибе жинау әлдеқайда пайдалырақ екенін түсінді. Таңдауы Малайзияға түсті. Жарты жыл бойы шетелдік компанияларда тәжірибе жинап келген жиырма үш жастағы бойжеткеннің бір-екі жобасына шетелдіктер назар аударыпты. Екі апта бұрын ғана елге оралған Ақботаны әңгімеге тарттық.

– Түркістан қаласында дүниеге келдім. Мектеп бітірген кезде ҰБТ-дан ең жоғары ұпайды қала бойынша мен ғана жинадым. Сол кезде мен туралы сюжет түсіріп, «жұлдыз» болғанмын, – деп әңгімесін әзілмен бастады. – Балалар басылымы болғаннан кейін сізбен әңгімелесуге асығып келдім. Балалар тақырыбы маған жақын. Үндістанда «Бастауыш сынып оқушыларына экология туралы білім берудің әдістемесі» атты жобамды қорғап, тәжірибе алмасып қайттым. Оған «AIESEC» коммерциялық емес қоғамдық қоры демеушілік жасады. Сол уақытта балаларға не қызық деген сұраққа жауап іздедім. Бізге оларды қандай тақырып қызықтыратыны да беймәлім болды. Мектеп бағдарламасына экология деген пән енгізілмеген. Дүниетану пәнінің оқытылу аясы да тар. Балаларға дұрыс ақпарат берілмегендіктен, олар қарапайым табиғат пен өсімдікті ажырата алмай жатады. Осы олқылықтың орнын толтырғым келеді. Екі ай бойы үндістандық жоба менеджерлерімен осы тақырыпты талқыладық. Олар да елдерінің экологиялық ахуалы мен қоршаған ортаның ластануына қапалы. Ормандар қалай қорғалу керек, жасанды теңіз-көлдер мен аралдардың зияны мен пайдасы қандай, сол төңіректе мәліметтер жинадық. Тропикалық елдерден келген менеджерлер де болды. Олардың оң жамбасына келетін тақырып екені анық. Бәріміздің басымызды құрап, он екі адамнан тұратын топ құрды. Қазақстаннан жалғыз мен бардым.

 

Негізгі мамандығым – экономика саласы. Әр елге ұсынған жобаларымның бағыты мен міндеті әртүрлі. 2016 жылы Германияға мамандығыма байланысты жоба ұсынып көріп едім, хабар кеш жетіп, виза дайын болмай, үлгермей қалдым. Былтыр Түркия елінде ұйымдастырылған екі апталық семинарға қатыстым. Әлеуметтік мәселелерді көтеретін «CO-OPINION» қоғамдық ұйымынан шақырту алдым. Екі-ақ қазақ қызы болдық. Қырғызстаннан бір қыз барды. Азия елдерінен үшеумізді ғана шақырды. Бізге «Мемлекеттеріңдегі қоғамдық мәселелер» деген тақырып бойынша тапсырма берілді. Осы жоба арқылы туған жерімізді кеңінен танып қалдық. Суицид пен жұмыссыздық рейтингінде алдыңғы орында екенбіз. «Не үшін?» деген сұраққа жауап іздедік. Тарихты ақтаруға тура келеді. Сол жолы ешқандай тәжірибесіз бара салғанымның зияны болды ма, екінші мәрте шақырмады. Мүмкін айтар ойымды анық жеткізе алмағандықтан шығар. Қырғызстаннан барған замандасыма жол бердім. Осыдан алты ай бұрын Малайзия еліне тәжірбие алмасқым келетінін айтып, өтініш жаздым. Мамандығыма байланысты экономика тақырыбында жоба ұсындым. Онлайн сауда-саттықты дамытуға арналған бағдарлама болатын. Онлайн сауда, электронды бизнеске олар әлдеқашан көшіп кеткен. Бұл шаруашылықтың қарқыны елімізде баяу дамып жатыр. Шығыс-Азия елдері сауда-саттық саласындағы бәсекелестікке төселген. Олардың экономикалық нарығына Америка мен Қытай әлі күнге дейін кіре алмай жатыр.

Әлеуметтік-экономикалық жобам ұнап, шақырту алдым. Алты ай мерзімге келісімшартқа отырып, бір күнде табаным тимеген елден бір-ақ шықтым. Ол кезде қандай мақсатпен бара жатқанымды білгеніммен, не үшін баратынымды білмедім. Ел көріп, саяхаттаймын деп қуандым. Барған кезде көрерміз деген селқостық пайда болды. Alibaba секілді алпауыт компанияның негізіндегі компанияда жұмыс істеймін деп те ойлағам жоқ. Бизнес дамытушы қызметкер ретінде жұмысқа орналастым. «АSEAN» деген қоғамдық қорға мүшелікке өттім. Сенесіз бе, қордың табыс айналымы 700 миллиард доллар екен. Сингапур мен Гонконг секілді мықты елге айналу үшін қарқынды еңбек етеді. Менсінбей барған Малайзия елі өзіме рентген сәулесі секілді болды. Барлық кемшіліктерім мен қателіктерімді көзіме шұқып көрсетті. Еңбегіме қарай жалақымның жартысын ғана алып жүрдім. Кейін бар күшімді салдым. «Қазақтың қызы түк білмейді» деген жаман атақ алып қалмауды ойладым. Біраз уақыт өткеннен кейін еңбекқорлығым мен білімімді ескеріп, көмектесе бастады. Үш ескертуден кейін тағы тәртіп бұзсаң, мекеменің басшысы айғайлап, жүйкесін жұқартып әуре болмастан, жұмыстан шығарылғаның туралы бұйрықты күлімсіреп тұрып қолыңа ұстатады. Малайзияның тұрғындары елдегі тәртіпті бұзбауға жанын салады. Олардың менталитеті мен адамдармен  араласуы да қатты ұнады. Шетелдегі жарты жыл жарты ғасыр секілді болды.

Ақбота шет жерде жүріп қиналғанын да жасырмады. Әр мемлекеттің ұлттық ерекшелігі бар екені белгілі. Әлем елдерінің қай-қайсысы да мәдениеті, тағамдары, талай ғасырдан бері тойланып келе жатқан мейрамдары арқылы жаһанданудың жойқын дауылына қарсы тұрып, ұлттық кодын сақтауға тырысады. Әлемде мультимәдениет орталығы ретінде аталатын шағын мемлекеттің ұлттық ерекшеліктері туралы да сұрадық. Бұл ретте де Ақботаның айтары аз емес:

– Малайзия – түрлі мәдениеттің тоғысқан жері. Мұндағы халықтың дені қытай, малай және тамил үнділері. Соңғы уақытта білім алу мақсатымен келетін еуропалық жастар көбейген. Малайлар – ұлттық намысын ешкімге таптатпаған халық. Алпысыншы жылдары ел бизнесінің 73 пайызын қытайлықтар иеленіп, небәрі 3 пайыз ғана үлес алған екен. Сонда жергілікті халық бір-ақ күнде тосын  мінез танытады. Осы оқиғадан соң Малайзия парламенті жергілікті халықты мемлекеттік деңгейде қолдау туралы арнайы заң шығарады. Қазір елдегі ұлттық келісім саясаты бір халықтың құқына екінші ұлттың қол сұғуына мүлде жол бермейді. Сингапур көрген құрбымның әңгімесінен кейін сол жаққа білімімді жетілдіру туралы ой келді. Оның айтуынша, Сингапурда оқытушылар өте беделді. Ғылым докторы, профессорлар үшін университет әкімшілігі тарапынан барлық жағдай жасалған. Гарвард, Лондон экономика мектебі, Колумбия университеті сияқты халықаралық деңгейдегі белді білім ордаларының профессорлары мен академиктері университетке жиі келіп, арнайы дәріс оқиды екен. Әңгімесін естігеннен кейін, барып көретін жер екен деген ой келді.

Ақбота жобасын арқалай жүріп, саяхаттағанды да жақсы көреді екен. «Еуропаға білім алуға барамын. Саяхатымның жалғасын Кения, Непал, Алжир секілді елдерден бастауды көздеп отырмын. Осы ел тұрғындарының тыныс-тіршілігін, білім беру мәселелерін білгім келеді. Жаяу жүріп саяхаттағаннан жаның жай табады», – дейді Ақбота. Қайда жүрсең де жолың болсын дедік біз.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан», №25
19 маусым, 2018

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз