Майра Омарды сахнадан я кинодан бір көрген талғампаз көрермен оның үлкен өнер бәйгесіне адасып келмегенін, нағыз бабы келіскен қас жүйріктің бірі екенін даусыз ұғады. Ол үшін актрисаның сыртқы фактура, көрік-сымбатынан бөлек, сахнада өзін ұстауы, үні өз алдына, энергетикалық көңіл әуенін, рухани тегеурінін, зиялы болмысын, қазақ әйеліне тән табиғи сұлулығын бір көріп, сезіну жетіп жатыр. Майра Омар эпизодтық рөлдің өзіне шыға қалса да, үлкен сахнаны толтырып, жайнатып жіберетін шынайы өнер иесі. Театр әлемінде толқын-толқынымен келетін Майра Омар сияқты мықты дарындар болмаса, өнер ордасы жұпыны тартып, ортайып қалар еді.

Өнер адамының атақ-марапатын түгендеу парыз болған соң айта кету керек: ол 1992 жылы белгілі жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» атты спектакліндегі Сағила рөлі үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. 2002 жылы актрисаға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.

Майра Омардың театр әлемін таңдауы, өнердің тұма бастауына балалық қиялшыл құштарлықпен ынтызарлығы туралы бір үзік сырды өнер жолында қос аққудай қатар жүрген құрбысы әрі жерлесі Гүлбаршын Қылышбай әңгімелеп айтып берді:

«Майра Омар екеуміз бір елдің қызымыз, бір сыныпта оқыдық, драма үйірмесіне қол ұстасып, бірге бардық. Ол уақытта кино деген керемет құбылыс еді. Жаңа фильмдерге ел шөліркеп тұратын. Халық үлкен-кіші қалаларда, аудандарда  кинотеатрға кезекке тұрып, билетті зорға алатын. 1962 жылы «Амфибия-адам» атты фантастикалық фильмнің атағы жер жарып тұрды. Фильмде басты рөлде ойнаған сұлу да нәзік Анастасия Вертинская миллиондардың піріне айналды. Бір күні шет қияндағы біздің ауылға осы фильмде полицейдің рөліне түскен актер Александр Захаров келді. Кинода шатыр үстінде кейіпкерді қуып жүреді. Клубта кездесу біткен соң Майра екеуміз актриса болғымыз келеді деген балауса аңсарымызды айтып, үлкен жерден келген актерден ақыл сұрау үшін сахна сыртына жүгіріп бардық. Бір әйел оның шешкен аяқ киімін алып қойып, костюмін іліп жатыр екен. Киноактерге бірдеңе деп сөйлеп қояды. Бұл кісінің қасында неге күтуші жүр деп таңырқай ойладым. Костюмері екенін ол кезде қайдан білейін. Александр Захаров сөзімізді жылы шыраймен тыңдап, біз актерлік өнерді шын қалайтынымызды айтқанда риза кейіппен қуана құптады, кәсіби білім алып, оқуларың керек деп айтты».

Мектептен соң Гүлбаршын мен Майра арман қуып, Алматыға бірге аттанды.

Майраның анасы Кәміш қайынағаларына бет-жүзін көрсетпейтін. Әкесі домбырашы, сері кісі болды. Майраның нағашы атасы Көкенай 1937 жылы атылып кеткен, Павлодар мен Омбының арасында пәуескемен алтын тасыған. Оның түрі, мұрты Чапаевқа ұқсайтын. Майра 10-сыныпқа дейін Көкенаева болып жазылып жүрді. Қиын-қыстауда нағашы атасы ұлы Жәмішті аман қалсын десе керек, балалар үйіне, интернатқа өткізіп жіберген. Анасы егізінің сыңары Жәміштің ұлы Қапшайды кейіннен іздеп тапты. Оған әкесі өле-өлгенше менің сыңарым бар, аты Кәміш деп кетіпті. Қапшай нағашысы майор, әпкесінің балаларына қамқор болды. Майра мектепте  ән, би, хор – көркемөнерпаздар үйірмесінің бәріне қатысты. Адам өнерге аяқ астынан келе салмайды. Кездейсоқ келгендер сәл қиындық туса, өнерді жеңіл тастап кетіп отырады.

Майра Омар үлкен өнердегі жолын 1979-80 жылдары Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрынан бастады. Сәкен Жүнісовтың «Өлара» атты пьесасын Қадыр Жетпісбаев қойды. Оның алғашқы рөлі – Күләнда. Күләнда кабинетке кіріп, телефонмен Ленинмен сөйлесетін жері бар. Майра шын сеніп ойнаған, күн көсем атанған Лениннің бұқара қара халыққа еңбегі зор деп білетін. Спектакльден соң театр көсемі Әзірбайжан Мәмбетов алғаш сахнаға шыққан 19 жастағы актрисаның ойынына риза болып, шашынан сипап, «Жарайсың! Осылай ойнау керек!»  – деуі нағыз ілтипатты баға еді. Майра Смаққызының айтуынша, Әзекең Әуезов театрында бір рөлге 20 актрисаны салатын. Іздегенін таппайынша, тыным көрмейтін бейнетқор һәм шындықты жаны қалайтын. Нәтиже аян: қазақта театр режиссурасында Мәмбетов мектебі қалыптасты, ол аузымен құс тістейтін небір таланттың бағын ашты. Қатаң іріктеу жасау арқылы Әзекең өнердің бағын жандыра түсетін. «Әзекең бір кішкентай рөл берсе, біз мәз болып жүгіретінбіз!»  – деп Майра Смаққызы ағынан жарылып, шынын айтты.

Қырғыз драматургі Мар Байджиевтің «Қалыңдық пен күйеу» атты пьесасында Майраға қалыңдық рөлін берді. Қазақ театр өнерінің алғашқы қарлығаштарының бірі, биыл туғанына 100 толған сахна шебері Хадиша Бөкеевамен он бес жыл әріптес болып, бұл өнердің қыр-сырын, құпияларын үйренді. Кәсіби актерлер көп біледі. Жас Майраның Төлеубек Аралбаев, Хадиша Бөкеева, Тілектес Мейрамовпен әріптес болғаны сәттілік, сол кісілерден көп нәрсені сіңірді, ала білді. Хадиша апай Майраға: «Сенің мүмкіндігің мол, соны көре білетін режиссер болса»,– деп әр спектакльден соң ақылын айтатын.

Түркіменстан, Қарақалпақстанның құмында жатқан қазақ ауылдарын аралап, спектакльдің алдында кейбір клубтар жақсы көрінсін деп жас актрисалар әктеп, сылап та жіберетін күн болған. Дүниедегінің бәрінен әдемілік іздейтін жастық романтикасы шығар. Гастрольге айлап кететін. «Сендер Әуезов театрында ғана жақсы өнер көрсетпеңдер. Халық сендерге үлкен таза жүрегімен, мөлдір көзімен қарап отырады», – дейтін театрдың үлкендері. Шетке шығу, гастрольге ел ішіндегі кеніш, жастардың көкірегінде үлкен өнерге сүйіспеншілікті оятады, бұлақ көзін ашады. Майраның зейіні мықты болды, қазір рөл берсе, сол заматында жаттап, сахнаға іркілмей шығып кететін. «Ана – Жер-Ана» спектаклінде Бұғы ананың рөлін түскі сағат 2-де алып, кешкілік сағат 6-да ойнап шықты. Екі құрамдағы актриса да жоқ, кино түсірілімге кеткен, көмекшілері елемеген.

Бұғы ана мен Шал екеуінің арасында диалог бар. Шалдың рөлінде – Әнуар Молдабеков. Ойын біткен соң Әнуар аға: «Майра, инфаркт ала жаздадым, тым болмаса, спектакльдің алдында бір өтіп алуға болатын еді ғой», – деді. Уақыт тапшы, Майра гримеркада отырды, қайдан үлгерсін.

Әуезов театрының тұтқасын Әзірбайжан Мәмбетов ұстап тұрған. Ол кісі мұндай дүниені құр қалдырмайтын. Жақсы рөлің үшін келіп құттықтайтын еді. «Жедел енгізілгені үшін» деп Майра Омарға 8 наурызда 30 сом сыйақы бергізді, үстеме грамотамен марапаттады. Ол уақытта артист жалақысы – 80 сом. Актердің өмірі күнделікті халық алдында есеп берумен тең.

«Қорған мен семсер» атты кеңес киносында Станислав Левшиннің кейіпкері, барлаушы көзімен суретке түсіреді. Майраға әсер еткені сондай, соған жаттықты. Соның әсері, адамның бетін 20 жыл өткенде де біледі. Адам өз қабілетін жаттықтыруы керек екенін сол фильмнен ұқты. 1996 жылы жас актриса ұлы жазушы-драматургтың тырнақалдысы «Еңлік-Кебек» трагедиясында Еңлікті ойнады. 1997 жылы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалі болып өтті. Майра Омар «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алды. Классик жазушының басының суреті бейнеленген күміс медальға «100 жыл» деп жазылған, сол белгіні кеудесіне тақты. Марапатталған соң Майраны Түркияға 10 күндік демалысқа жіберді. Еңбегі еленсе, өнер адамының көңіл шуағы көкжиектен асып, мәртебесі зорайып, рухы өсе береді.

Драма өнерінің түп нұсқасы – әдебиет. Олдос Хаксли мен Джордж Оруэллден көп бұрын антиутопиялық сатиралық роман жазған орыс жазушысы Евгений Замятиннің «Атилла» атты пьесасында Майра Ильдиконың рөлін иеленді. Спектакльді Юрий Иванович Ханинга қойды. Ильдико рөлі үшін ол 1996 жылы «Ең үздік актриса» атағын алды. Тар ұяда малтықпай, уақыт кеңістігі мен ұлттық шеңберден асу театр үшін әрдайым қажет. Драматургия жыл он екі ай сияқты дөңгелей келіп, әр мемлекеттегі қисапсыз сахнада ұдайы қайталана беруге арналған тірі өнердің жанры. Ғадетте, қайталау құбылысы – рефрен, бір оқиғаны шиырлап, айналшықтап, қайта-қайта айта беру көктен түскен делінген киелі діни кітаптарға тән нышан болатын. Неліктен қайталау жиілейді? Шындықты айтқан сайын қайталанады. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам, керек кезінде айтылып, жайына қала береді.  Шекспир мен Әуезовтің бір ғана трагедиясы театрларда қаншама рет қайталана бермегін санап жүрген ешкім жоқ. Актерлер қауымы үшін бұл құбылыс тұтас өмір тіршілігін қамтиды. Режиссер Оразхан Кенебаев сахналаған Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» Таңқабике рөлі сияқты кілең жас сұлуларды ойнап бастаған. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» атты трагедиясын марқұм режиссер Қайрат Сүгірбеков біраз модерн реңкпен қойып, 2009 жылы Сеулге апарды. Бұл спектакльді Әзекең қойғанда Мақпалды ойнаған. Майра Омар – Күнікей рөлінде, Оңтүстік Корея астанасында өткен 10 күндік фестивальге қатысты. Шекспирдің сахнадан түспейтін «Гамлет» трагедиясындағы Гертруда осал бейне емес. Королеваның қылмыстан ада немесе беймезгіл қазаға айыпты екені белгісіз, бұл жағы көрерменнің өзі шешетін жұмбақ. Уильям Шекспир драматургияда айсберг тәсілін, мұзтаудың су астындағы көрінбей тұратын құпия бөлігін һәм метафизикалық құбылыстардың заңдылығын тұңғиық білгендіктен, арада өткен уақыт мерзімі бес ғасырға аяқ басқанда алтын тақты ешкімге бермей келеді.

Түркімен халық артисі Какаджан Ашировтың қаламынан туған «Қабыл – Адам ата перзенті» атты пьесаны сахнаға Жанат Хаджиев қойды, Майра – Хауа ана рөлін сәтті шығарды. Овлякули Ходжакулиев Оскар Уайльдтың «Саломея» атты пьесасын қойғанда Бақтияр Қожа – Иродты, Майра Иродиаданы ойнады. Алматыдағы Лермонтов атындағы орыс театры «Лед и жар» атты пьесаны Германияға фестивальге апарған, жүлдемен оралды, мұнда да Майра ойнайды. Ерік-жігері мен адалдығы жас ұрпаққа үлгі боларлық ғалым-жазушы Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» атты хикаятының желісімен Есмұқан Обаев қойған пьесада оған Қарлығаш ананың рөлі бұйырды. Дударев, Вампилов драмаларының кейіпкерлерін көп сомдады. Майра Смаққызы антикалық, еуропалық сұлуларды ойнаса, оның сол дәуір мен образға етене бейімдігі, сол тарихи атмосфераға шашау шығармай ене алатыны таңғалдырады.

2009 жылы Майра Омар отбасылық жағдаймен Астанадағы Қ.Қуанышбаев театрына ауысты. Жазушы Думан Рамазанның «Кенесары – Күнімжан» атты тарихи пьесасын Қаллеки театрының  артистері екі ай тіл үйреніп,  түрік тілінде Стамбұл мен Анкарада қойды. Труппаны Қазақстан Республикасының Түркиядағы өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев өзі қарсы алды.

Француз жазушысы Фредерик Бегбедердің «Нағыз жаһандану – бұл әдебиет»  деген пікірі бар. Иоганн фон Гетенің «Әлем әдебиетінің дәуірі туды»  деп дәл танып айтқанына екі ғасырға тақады. Көрер көз, өнерді танитын әлеумет барда театр жандана береді. Режиссер Нұрлан Жұманиязов қойған «Күн сәулесі түспеген» спектакліндегі Майра Омардың жұмысын былай бағалаған екен: Мама двух братьев Висенте и Марио в исполнении Майры Омар просто шикарная! На протяжении всего спектакля я постоянно ловила себя на мысли – вот настоящая испанка! Нет, перед нами не казашка – испанка! Это надо же так словить все: интонации и манеру говорить, походку, испанскую особенную стать. Вот правда, раз – и оказалась среди степей Казахстана жительница страстной Испании. Чудно!».

Ресейлік театртанушы спектакльде нағыз испан әйелін көргеніне осылайша қайран қалып, қазақ актрисасы сымбатымен, жүріс-тұрысымен, үн ырғағымен, сөйлеу қалыбымен, сырт келбетімен испан ұлтынан аумай қалғанын мойындайды! Р.Отарбаевтың «Көлеңкесіз жолаушы», С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек», Е.Шварцтың «Күлше қыз», Т.Теменовтің «Аққудың көз жасы», тағы да басқа қойылымдардағы әртүрлі рөлдері Майраны даралап тұрады, көп ішінде жоғалып кетпейді. Жас режиссер Жұлдызбек Жұманбай қойған «Күлше қыз» атты ертегідегі Өгей шеше қандай керім, жауыздықтан ада,  сәл тоғышар, сәл ақымақтау өзімшілдігі болмаса мұндай өгей шешенің несі жаман деп ойлап қалуға болады. Майра Омардың кейіпкері Күлше қыздың бақытын бекіте түсердей жылы әсер ететінін қайтерсіз! Бұл классикалық спектакль жаңа жыл мерекесінде балалар үшін сиқырлы, тамаша қойылымға айналды. Декорациялары көрікті, артистік ансамбль құрамы оң іріктелген, қанша көрсең де жалықтырмайтын туынды.  Ж.Ануйдың «Жанна д,Арк» атты тарихи драмасында Майра Омар Жаннаның анасы рөлінде ойнайды. Сол қасіретті кезеңде өз халқының тәуелсіздігі үшін басын ажалға тігіп шыққан, өлім құшқан Жаннаның есімі еліне ардақты болуы, әулиеге айналуы үшін анасы жанын салып, мұратына жетеді. Қандай биік бейне! Бұл спектакль Қаллеки театрында әлі репертуардан түскен жоқ. Кинода Майра Омар негізінен аналардың рөлін жиі ойнады. Кинорежиссер Талғат Теменовтің «Балалар үйі» атты фильмінде тәрбиеші және «Менің күнәлі періштемде» кейіпкердің анасы рөлі; Болат Шәріптің «Күнә» атты фильмінде көрші келіншек, Ақан Сатаевтың  «Жаужүрек мың бала» атты фильмінде бәйбіше, Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» атты фильмінде Күңке, Жаңабек Жетіруовтің «Аққыз»  атты фильмінде ана рөлі бұйырды. Ана амплуасы сериалдарда жалғасын тапты. А.Сатаевтың «Ағайындылар», Ж.Пошановтың «Сұңқар»,  С.Өтепбергеновтің «Ұлжан», сондай-ақ,  «Армандастар», «Болашақ», «Шырғалаң» атты сериалдарда ана рөлдері Майраның үлесіне тиді.

«Біз өнерде жүрген соң, Алла тағала осындай бақыт берген соң соған бек лайық болуымыз керек. Өмірде әріптестеріңнің жанын тырнап, жаралауға тырыспау керек.  Сенсіз де әр адамның басында өз уайым-мұңы бар. Оның соңына түсіп, тіміскілеудің қажеті жоқ. Рөліңнің жақсы шығуының отыз пайызы сенің әріптесіңе тікелей байланысты. Әріптесің іліп әкетпесе, ол рөл сахнада шықпайды. Тоқыма қалай тоқылады? Сол сияқты. Әріптесті сыйлау керек. Сахна деген адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы екен. Мен бұл өмірде жұмақ пен тозақ бар екенін білдім. Сахнаның иесі бар.  Өскеменнің тумасы Раушан Әуезбаева, көзі баданадай, ән салғанда ғажап, самородок, ол сахнаға шыққанда жарылыс болатын. Қас таланттың табиғатында қорғансыздық бар, оның кейде қиянатшыл қара күштерден жолы қиылып кететіні болады», – деді Майра.

Ол өзінің кейде бір рөлге талас туа қалса, бас тартуға дайын екенін именбейтінін айтты. Бұған да мінез, жүрек, кеңдік керек! Өйткені жұлып-тартып алған дүниенің қасиеті болмайды. Ол – уақытша ғана жасалған дүние. Адамгершілік бойындағы дарынға сай келуі керек. Биік адамшылық болмаса биік өнер тумайды. Мұқағали мен Шәмшінің, Төлегеннің жазмышы соған дәлел. Халықтың жүрегінен алып тастай алмайды. Өмір – күрес, өмір – тартыс, кей кезде ренжіткен де күндер болады. Бір Құдайдан басқа қорғаның болмаған күндер болады. «Тоқпағы қатты болса, киіз қазық жерге кіреді» дейді қазақ.

Майра Омар – республикаға бек танылған ірі, күшті актриса. Ал, оның әлі күнге лайықты марапатқа  – ҚР Еңбек сіңірген артисі атағына ие болмағаны өкінішті. Биыл, бұйырса, Майра Смаққызының бақ жұлдызы жарқырап, мерейі өседі деп сенемін. Ылайым, соған жеткізсін!

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз