Ол 1994 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Əкесі шекарашы болғандықтан, жұмыс бабымен көшіп жүріпті. Тек 2004 жылы ғана Алматыға тұрақтайды. Балабақшада тəрбиешісі Мадина- ның салған суретін көріп, ата- анасына баласының талантты екенін, оны сөндіріп алмай, үйірмелерге қатыстыру керектігін айтады.

– Бірақ, ата-анам жұмыс деп жүріп ұмытып кеткен болуы керек, ешқандай үйірмеге бармадым. Тоғызыншы сыныптан соң О.Таңсықбаев атындағы Алматы сəндік қолданбалы өнер колледжіне түстім. Сценография факультетін бітірдім. Мамандығымыз – сахна декорациясы. Бұл оқу орнына екі суретші үшін ғана түстім. Біріншісі – Əли Бақтыгереев. Ол суретті өте жақсы салады. Колледжалды дайындық курстарында суретшінің жұмыстарын байқап қалдым. Қай мамандыққа сабақ беретінін біліп алдым да, соған тапсырдым. Бірақ, мамандығым аса ұнамады. Екіншісі – Гүлфайрус Ысмайылова. Ол да осы колледжді менің мамандығым бойынша бітіріп, кейін Санкт- Петербургтегі əйгілі Репин университетінде оқыған. Сол кісіге еліктеген болуым керек. Өзімнің суретшілік қабілетіме сенімді болмағандықтан, бірден кескіндеме өнеріне тапсыра алмадым. «Əли ағайдан сурет салып үйреніп алайын, ары қарай қай салаға кететінім анық болады» деп ойладым.

Мадина Нарбаева, жас суретші, дизайнер

Төрт жыл колледжде оқып, 2014 жылы Т.Жүргенов атындағы академияға станокты кескіндеме мамандығына түседі. Ол – станокқа қойып салынатын, үлкен көлемді емес сурет салу өнері. Академияға түсу үшін алдымен кешенді тесттен өтіп, шығармашылық емтиханда үш түрлі тапсырма орындайды. Кескіндеме мен суретте талапкердің алдына натура, яғни белгілі бір затты не адамды қойып қояды. Сол сəтте бейнелеп беруі керек. Ал композицияда берілген тақырып бойынша қиял мен сурет салады. Суретшінің сүйікті жанрлары – портрет пен анималистік жанр. Суретшілер ауа райына қарамай сыртқа шығып, натурадан қарап салғанды жақсы көреді екен. Қылқаламды серік еткен Мадина оның да өз қызығы барын, тəжірибе екенін айтты. Көз алдыңдағы затқа не табиғатқа қарап отырып сурет салудан да сайыстар ұйымдастырылады.

Жақында суретші Қанапия Телжановтың тоқсан жылдығына орай ұйымдастырылған байқаудан екінші орын алыпты. Оның айтуынша, акварельмен салған қиын. Өйткені қылқаламды тек бір-ақ рет тигізе аласың, артқа шегінерге жол жоқ. Қағазға қалай түссе, сол күйі қалады. Үстіне тағы бояу жағып, түзетуге келмейді. Жас суретшінің майлы бояудан кейінгі жақсы көретін техникасы да акварель. Сонан соң гуашьпен салғанды ұнатады екен. Гуашьтың акварельден айырмашылығы – бояуы сумен араластырылады жəне қоюлау келеді. Кепкен соң түсін өзгертеді. Онымен сурет салғанда үсті-үстіне бояуды жаға да алмайсыз. Екі-үш қабатпен бітіріп тастау керек.

– Ең сүйікті суретшім – Қанапия Телжанов. Оның қарап салғандағы дəлдігі мықты. Адамның пропорциясын, сүйектерін, денесін тура салады. Атақты «Көкпар» мен «Атамекен» жұмыстарының композициялары өте қызықты. Мысалы, «Көкпарда» адам мен жылқының қимылын дəл келтіріп, жұмысты «қинамаған». Жақсы өлеңнің «қиналып» тумағанын сезесің ғой. Сурет те сондай. Суретшінің өзіне сенімді екенін қылқаламды жаққанынан-ақ көріп тұрасың. Оның үстіне ол кісі əйгілі И.Репин академиясын бітірген. Жаңатай Шəрденовтың пейзаждары керемет. Майлы бояуды аямай, қалың қылып жағады. Кескіндеме шебері Жұмақын Қайранбаевты қатты құрметтеймін. Шетелдік кескіндемешілерден Бенджамин Биеркланд есімді швед суретшісі жиырма беске енді толса да өз стилін тапқан адам. Анималистік жанрдағы өте шебер суретші. Оның шеберлік сабақтары əлемнің əр қаласында өтіп жатады. Ақылы əрі қымбат. Оның шеберлік сабағына қатысу арманым. Колледжден соң Репин академиясына түсуге ұмтылдым. Бірақ, ата-анам алысқа, өзге менталитеттің ортасына жібергісі келмеді. Басқа ұлтқа шығып кетеді деп те қорыққан болар. Аумалы-төкпелі, тым жас кезім ғой. Əкем өте патриот кісі. Əке-шешемді ренжіткім келмеді.

Мадина Нарбаева, жас суретші, дизайнерҚастеев музейінде суретшілер шеберлік сабағын өткізіп тұрады. Шеберханасында қылқаламын сілтеп отырған суретшінің қалай сурет салатынын көру – жас суретшілерге үлкен тəжірибе. Мадина ондай сабақтардан қалмауға тырысады. Əрі жазда өзі де дэмо шеберлік сабағын өткізіпті. Яғни, адамдар көрермен ретінде отырып, суретшінің cурет салғанын тамашалайды. Бірге қылқалам ұстамайды. Өзі күткеннен де көп адам келгендіктен, алда тағы да өткізуді жоспарлап отыр екен.

28 қараша күні Мадина өзінің анималистік жанрдағы бір топ суреті мен дизайнерлік киімін Астанадағы «Құланшы» арт орталығында қоймақ. Оны «The fi rst», яғни «Алғашқы» деп атапты. Екі айға жалғасатын көрме талантты қыздың суретшілік жəне дизайнерлік жұмыстарының бірінші жеке көрмесі. Онда негізгі жиырма бес картина мен əртүрлі он бес тоқыма киім қойылмақ. Кескіндеме ақысы форматы мен жұмыстың қиындығына байланысты 250 доллардан басталады. Бұған дейін көрмеге қойған бір жұмысын Нидерланды азаматы сатып алыпты.

Мадина Нарбаева, жас суретші, дизайнер

 – Өткен жазда «Made in Astana» көрмесіне қатыстым. Аяқталған соң ұйымдастыру- шылар галереяларында менің жеке көрмемді өткізгісі келетінін айтты. Жасым бар болғаны жиырма үште. Сенімсіздік болды. Тым болмағанда, отызға толайын, жеке көрме үшін тым жаспын деп ойладым. Анаммен ақылдасып барып қана келістім. Байқауымша, біздің елдің азаматтары пейзаж бен портретті жақсы көреді. Жиі сатылатыны да осы жанрдағы суреттер. Сонан соң ұлттық тақырыпқа жақын. 

Он сегіз жасынан модель агенттігінде жұмыс істеп жүріп, көп дизайнерлердің жұмысымен танысқан. Сонан соң жас дизайнерлердің «Open way» байқауына қатысып, екінші орын алған ол анасымен бірге «Mandarin Narbayeva» брендімен киім тіге бастайды. Макетін өзі сызады. Тоқыма болса, анасы тоқиды. Ал сырт киім немесе шалбар болса, арнайы тігіншілерге береді. 2014 жылы Қазақстан сəн апталығына тоқыма киімдері қойылады. Қазіргі мақсат – жеке showroom ашу. «Mandarin Narbayeva» бренді көбіне күз бен қыстың киімдерімен танылып келеді. Брендтің Инстаграм парақшасында киімді жарнамалау, сəнгерлерге кигізіп, фотоға түсіруі ерекше.

Мадина Нарбаева, жас суретші, дизайнер

– Шетелдік дизайнерлердің кəсібін қалай жүргізетінін, парақшаларға фотоларды қалай жүктейтінін қарап, үйреніп жүремін. Біздің парақшадағы фотоларды арнайы фотографтар түсіреді. Арасында өзім де түсіретінім бар. Басында біздің киімді тек жастар киеді деп жоспарлағанбыз. Қазір үлкен жастағы кісілер де қызығып, сатып алады. Ешкімге шектеу қоймаймыз. Парақшамыздан көріп, Мақпал Исабекова, Лидо, «BN» тобы, Нұржан Керменбаев сынды əншілер сатып алып жүр.

«Mandarin» брендінің шалбарларын 15 мыңнан 30 мыңға дейін, ал сырт киімдерін 35 мыңнан 100 мыңға дейінгі бағада сатып алуға болады. Мадинаның бұрымы белінен түседі. Ылғи екіге бөліп, өріп қояды екен. Атасы мен əкесі шашын кесуге қарсы. Өзі де ұзын шашын қимайды.

– Биыл төртінші курста оқып жатырмын. Əлі бір жылым бар. Академияда диплом суретшінің дебюті есептелінеді. Əзір бір тақырыпқа тоқталмадым. Бітірген соң осы екі саланы қатар алып жүре бергім келеді. Өйткені, тек бір нəрсемен айналыса берсем, жалығып кетемін. Сондай-ақ, əн айтып көргім келеді. Жұрт даусымның жақсы екенін айтып жатады. Бірақ, əзір өзіме сенімді емеспін. Мүмкін оқу бітірген соң арнайы вокалистке барып көрермін. Сурет салуды үйрететін студия ашуды да жоспарлап отырмын. Егер адамдарға қызық болып жатсам, өзімнің үйренгенімді үйреткім келеді. Ылғи ізденісте жүретін, өзін дамытуға жұмыс істейтін адамдармен араласуға тырысамын. Бірнəрсе істегісі келетін адамның ортасы да қимылдайтын жандар болуы керек, дейді Мадина.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №46

14.11.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз