Өте ақылды әрі тынымсыз бала болдым. «Әй, сен бір жерден шығасың» дейтін үлкендер. Қыдырғанды жақсы көретінмін. Барған үйімде атасы, апасы ұнап қалса, ата-анамнан қалып қоятынмын. 1-сыныпта оқып жүргенімде құдамыздың үйіне қонаққа бардық. «Үйге қайтпаймын» деп өзен жағалап қашып кеткенім бар. Бала кезде бәрі қызық қой. Қызығушылық басылғасын үйге өзім келетінмін.

Отырған жерім күлкі болатын. Әкемнен шемішке мен сағызға деп тиын аламын. Дүкен иесі орыс кісі болатын. Тиынды берем де: «5 копеек назад», – деймін. Мұны естігендер ду күлетін.

Бірде үйдегілер қонақ шақырды. Бәрі үлкен әжемізді күтіп отырған. Үйге әжемнің дауысын салып, кіріп келдім. Апалар орындарынан атып тұрып, абыр-сабыр болып кетті. «Өй, өркенің өскір, сен екенсің ғой», – деп артынан бәрі бір күліп алды.

Сабақта ең бірінші партада отыратынмын. Негізгі орным – соңғы парта. Сабақта тыныш отырмағасын, апайлар алдына отырғызып қояды. Ауылдағылар Мадияр емес, Мәди дейді.

Мектеп жақта бау-бақша болатын. Сабақ арасында бақшаға барып, көк алма мен өрік жейміз. Кейде сабақты ұмытып та кетеміз. Бір күні математиканы ұмытып кетіппіз. Апай іздеп келіп тұр. Бәріміз өрік ағашына шығып алғанбыз. Сіріңкенің қорабына тұз салып алғанбыз. Өрікті тұзға батырып жеп отырмыз. Қалтамыз көк өрікке толып тұр. Қанаттың екі қалтасы толған өрік. Мен қайта аз алыппын. Қалтадағы бар өрікті партаның үстіне қойдық. Апайымыз: «Ал, жеңдер!» – деді. Екі ұртымыз көк өрікке толып кетті. Содан кейін тәртіп бұзбайтын болдық.

Сабақтың арасында футбол, волейбол ойнап кетіп қалатынбыз. Бұл жолы мектеп директорының қолына түстік. Апайдың қызымен бір сыныпта оқитынбыз. Басымыздан нұқып, өкпелеп сөйлеп келеді. Қызының самайынан тартып, «Мына баста ми бар ма? Сен ғой бәрін бастап жүрген», – деп қатты ұрысқан. Біз апай қызын ұрмайтын шығар деп ойлағанбыз. Ұстаздарды анамыздан артық жақсы көретінбіз. Апайдың сөзінен соң ойланып, адам болуға ұмтылдық.

Дене шынықтыру мен еңбек пәнін жақсы көретінмін. Сыныптағы орысшасы тәуірлеу мен едім. Орыс тілінен олимпиадаға барғаным бар.

Ауылда бір адамда ғана бейнемагнитофон болатын. Жұмыртқа беріп, кино көретінбіз. Сондай бейнемагнитофонды туыс ағамыз сатып алды. Ағам екеуміз сол үйдің жұмысын істейміз, қорасын тазалаймыз. Силвестор Сталлоне полицей боп ойнайтын кино көрдік. Қарақшылармен күресіп, тәртіп орнатады ғой. Секіріп, айналып түсетін жері қатты әсер етті. Ағам екеуміз ат үстінде үйге жеткенше атысып келдік. Жарықты өшіріп, Силвестор сияқты айналып түсіп, төсекке жатам дедім. Жүгіріп келіп, қолымды тіреп қалғаным, темір төсекке басымды соғып, көзімнен от жарқ ете қалды. Төсекке бір қадам жетпей қалыппын. Темірдің ізі қалып қойды. Кейін Брюс Лиге еліктеп, қырдың басында күннің суығына қарамай, күннің батуын күтіп отыратынмын. Бала кездегі киноға деген қызығушылық актер болуыма әсер етті. Ауылдың ақсақалдарын жақсы көретінмін. Әңгімесін тыңдап, бірге жүретінмін. Сахнада ақсалдың рөлін ойнайтыным да содан шығар.

Балаларыма қазақы тәрбие беремін. Үлкен қызыма тамақ алатын ақша берсең, артылғанын жұмсамайды. «Мұқтаж адамға беремін» дейді. Балалар үйіне барып тұрамыз. Балаларым біреуге көмек бергісі келіп тұрады. «Әке, көмек керек деген жазуы бар қорапты оқысам, жылағым келеді», – дейді қызым. Жүректегі мейірімді ояту да тәрбие.

Жазып алған Гүлфарида Зейнуллина

«Ұлан» газеті, №23
5 маусым 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз