Мадали тоғыз-ақ жаста. Футбол ойнайды жəне жанкүйер. Футболдан əлем чемпионатын теледидардан тамашалап жүрген. Ал чемпионаттың финалын стадионда тамашалайды. Тамашалап қана қоймай, финалға шығатын ойыншылардың бірінің қолынан ұстап шығуы нағыз бақыт емей немене?!

McDonald’s Қазақстан компаниясы 29 наурыз бен 31 мамыр аралығында «Əрбір түскі аспен жеңіске жету мүмкіндігі көбірек» деген науқан өткізген болатын. Бұл қызықты науқанға 1 миллионға жуық адам атсалысып, ұтысқа 150000 McDonald’s өнімі қатысқан.
Нəтижесінде 13 жеңімпаз анықталды. Оның бесеуі ширек финал ойындарына, төртеуі жартылай финалға барса, тағы үш адам ақтық ойынға сапарды жеңіп алды. Ал біреуі финалда ойнайтын команда ойыншыларының бірімен ілесіп шығу бақытына ие болды. Міне, осы бақыт кішкентай Мадалиге бұйырды.

Ұтыстар тəуелсіз қазылар алқасының жəне нотариустың қатысуымен өткізілді. Жеңімпазды кездейсоқ сандар генераторы анықтады. Барлық ұтыс əлеуметтік желілерде тікелей эфирде таратылды. Астана қаласының тұрғыны, 9 жасар Мадали Исабек футболдан əлем чемпионатының финалында алаңға шығатын ойыншылардың бірімен ілесіп шығуды армандамаған да болар. Ақтық ойын 15 шілде күні Мəскеудегі «Лужники» стадионында өтеді. Бұл сапарға Мадали əкесі Мейрамбек Исабек овпен бірге барады. Əкелі-балалы екеу финалды бірге тамашалайды.

Ал жуырда Алматы қаласында Мадалимен кездесу өтті. Салтанатты іс-шараға «Қайрат» футбол клубының ойыншылары, белгілі футболшылар Бауыржан Исламхан мен Андрей
Аршавин де қатысып, Мадалиге сəт-сапар тіледі. Ал бізге Мадалимен аз-кем əңгімелесу бақыты бұйырды.

– Мадали, бұл хабарды естігенде қандай сезімде болдың?

– Компаниядан хабарласып, финалға жолдама ұтып алғанымды айтты. Басында сенген жоқпын. Бірақ кейінгі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Атақты футболистердің қолынан ұстап шығатыныма, мені бүкіл әлем көретініне, Қазақстанның атынан баратыныма қатты қуандым.

– Өзің футбол ойнайсың ғой?

– Әрине! Футболмен шұғылданып жүргеніме бір жыл болды. Астана қаласында балаларға арналған футбол үйірмесіне  қатысамын.

– Қай командаға жанкүйерсің?

– Нақты бір команданы айта алмаймын. Маған негізі «Реал Мадрид» командасының ойын мәнері ұнайды.

– Үлгі тұтатын ойыншың кім?

– Криштиану Роналду. Алаңда Роналду сияқты қимылдағым келеді. Ол дер кезінде пасты да береді, қақпаға да соққы жасай алады.

– Бос уақытында немен айналысасың?

– Футбол және теннис ойнаймын. Комикс оқығанды жақсы көремін.

– Биыл 4-сыныпты бітіріпсің. Сүйікті пәндерің бар ма?

– Математика мен ағылшын тілі жаныма жақын. Болашақта футболшы әрі ІТ маманы болғым келеді.

– Финалда қай футболшымен ілесіп шыққың келеді?

– Осы Әлем чемпионатында Бразилия мемлекеті ұтқанын қалаймын. Неймардың қолынан ұстап шыққым келеді. Неймар да маған қатты ұнайды. Тіпті шашымды да Неймар сияқты бояғым келеді. Бірақ әкем рұқсат етпейді (күліп).

– Ресейге ұшайын деп жатырсың. Дайындығың қалай?

– Футболшылармен сөйлесу үшін әкем екеуміз ағылышын тілін үйреніп жүрміз (күліп).

– Біздің оқырманымызға айтар кеңесің бар ма?

– Кеңес емес, тілегім бар. Достарым, армандар орындалады! Осыған сеніңдер!

Мадалиге сыйлықты  Бауыржан Исламхан мен Андрей Аршавин табыстады.

«Мадали, жарайсың! Қандай команда финалға шығатынын білмеймін, бірақ сен – финалдасың! Болашақта біздің ұлттық құрамада болатыныңа сенемін», – деді ізгі тілегін жеткізген А.Аршавин.

«Мен футболға 10 жасымда келдім. Қазір сенің  «футболшы боламын» дегеніне қарап, баяғы  өзімді еске алып жатқандаймын. Аман-есен барып-келуіңе тілектеспін. Мұндай мүмкіндікке ие болғысы келетіндер көп, ал сен арманыңа жеттің. Жолың болсын!» – деп Бауыржан Исламхан да ұтыс жеңімпазын құттықтады.

Біз де Мадалиге сәттілік тілейміз! Тек алға ұмтыл, Мадали!

Ақерке Қасымбекқызы,

«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №27
10 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз