Мақпал ақын «мақамды жырларымен» ерекше. Сондай-ақ  Мақпал – ана, Мақпал –  журналист. Былтыр «Мақпал шер», «Жалғызым» атты альбомдарын жарыққа шығарды. Бірнеше қалада шығармашылық кештерін өткізді. Ал жақында «Балапан» телеарнасына басшылыққа келді. «Балапандықтар» үшін бар ой-қиял, біліктілігін алға тартып, іске кірісіп те кетті. Осы сәтте біз оны өз балалық шағынан бүгінге дейінгі қалыптасу жолы туралы сырласуға шақырдық.
– «Мен өмірді сүйіп жүрмін ес-түссіз, Балалық шақ, сені сүю арқылы…» дейсіз өлең жолдарыңызда. Балалық шақ дегенде ойыңызға ең алдымен қандай естеліктер оралады? Нені армандайтын бала болдыңыз? Әке-шешенің сізге берген тәрбиесіндегі ең маңызды қағидаларды атасаңыз?
– Балалық шақ дегенде тəуелсіздік алған жылдар ойға оралады. Əрине, оның тəуелсіздік келген кезең екенін есейе келе түсіндік. Сол күндердегі ел басына түскен қиындықты бүгінгі заманның балаларына айтсақ, қорқынышты ертегідей көрінуі мүмкін. Бірақ менің санамда сол суреттер сайрап жатыр. Аналарымыздың ала дорба сүйретіп, көшеде шемішке сатып кеткені, кəсіби мамандардың жалақы бермейтін жұмысын тастап, базарға шығып кеткені… Жаңа əлем орнап жатқанын ата-анамыздың мазасыз əңгімелерінен байқайтынбыз. Мұның бəрін бүгінгі танымымның биігінен айтып тұрғаныммен, бала көзіммен дəл осы жағдайды көргенімді енді ғана ұғынамын. Енді ғана оның не болғанын түсінемін. Ол кезде ойыны мен қызығы қатар өрілген балалық шақ еді ғой, бірақ бала қиялына жат бір жайсыздық ауадан да сезілетін. Сол кездер туралы бұл күні арнайы ойланамын. Өйткені сол естеліктер – нүктесі қойылмай қалған сөйлемдей маза бермейді. Адамның санасы ештеңені ұмытпайды, естеліктеріңнің өзі жыл өткен сайын жаңа мағынаға ие болады. Кейбірінің сыры енді ғана ашылады. Алматының іргесіндегі бұрынғы ГРЭС (қазіргі Өтеген батыр) кентінде өскендіктен, үлкен қалаларға тəн ортада өмір сүрдік. Ата-анамыздың табандылығының арқасында қазақы болып өстік. Бірақ осының өзі олардың орасан күшін алыпты. Мұны есейе келе түсіндім. Бір ғажабы – менің ата-анам оптимист адамдар болып шықты, жақсы күндердің келеріне кіршіксіз сенді. Бізге армандауды үйретті. Біздің армандарымызға сеніммен, құрметпен қарады. Армандарымызға күмəнданғаны есімде жоқ. Оһ, бұған қандай күш керек десеңізші?! Сенім мен арманның дəні сол кезде салынған  екен. Ерекше арманшыл жəне шыншыл болып өстік. Ата-анамыздың тəрбиесіндегі ең басты қағида – олар бізден білімге ден қоюды талап етті. Біздің үйде жақсы оқу қалыпты дүние болды. Мысалы, мен тек білімді болсам ғана арманға жете аламын деп ойлайтынмын. Шынында да солай екен.

– Жоғарыда мысалға келтірген «Қағаз самолеттерім» өлеңіңіз ары қарай «…Қандай тәтті ең дәмі бала-өкпенің» деп жалғасады. Бала Мақпал өкпешіл ме еді? Ересек Мақпалдың өкпе-реніштері қандай сипатта? Ал балаларыңыз көбіне не нәрсеге бола бұртияды?
– Мен сынықтан сылтау табатын ерке болғанмын. Таңертең сабаққа тұрғысы келмейтін, бірақ сабақтан да қалғысы келмейтін оқу озаты жəне топ басшысы болдым. Таңертең есікті тарс еткізіп жаппай кететін жəне сабаққа күліп шығатын кезім сирек еді. Бірақ есіктің алдында-ақ қылығым үшін ұялып, тек соны мойындауға батылым жетпей, артыма бұрылмай кете баратынмын. Ең қызығы, менің өкпемнің өзегі осы «таңертең ояну оқиғалары» екен. Десе де, «дұрыс емес əрекетті» қолдау қолымнан еш келмейтін. Тіпті көршінің бағынан біздің үйге төгіліп жатқан алманы бір тістемей-ақ кеттім ғой деймін. Ал қазір мен ештеңеге де, ешкімге де өкпелемеймін. Ренжуім мүмкін, бірақ өкпелемеймін. Ал балаларым бұрынғы мен сияқты өкпешіл емес, бірақ ерке.
– Қазақта ата-аналар балаларымен кей тақырыпта ашық сөйлесіп, сырласа алмайды. Содан да кейде қазақ балалары ұяңдау болып өседі. Өзіңіз бала күніңізде, бойжеткен шағыңызда анаңызбен, әкеңізбен қандай тақырыптарда сырласқыңыз келіп, бірақ айта алмаушы едіңіз, мәселен? 
– Бұл өте қиын тақырып. Шығармашылыққа, кəсіпке, жұмысқа байланысты болмаса, өз балаларымнан өзге ешкімге өмір сүруді үйретпеймін деп өзіме сөз берген едім, сондықтан, айып етпеңіз. Əйткенмен бір өмірлік тəжірибеммен бөліскім келеді. 4-сыныпқа дейін сабақ кезінде ішім сайрап тұрғанымен, ашылып кете алмайтын тұйықтығым бар еді. Бұл мінезім өзіме ұнамайтын. Ал өзгеруге күшім жетпеді. Жоғары сыныпқа ауысатын жазғы демалыста «5-сыныпқа жаңа Мақпал болып барамын» деген саналы  шешім қабылдадым. Өзіме ұнамаған мінезімнің бəрінен арылып, жоғарғы сыныпқа өттім. Айтқандай-ақ, бір айда сынып старостасы атандым. Ұстаздар «Жұмабаева, сен сөйле, əлде мен сөйлейін» деп ескерту жасайтын болды. Оқудағы үздіктігіммен қатар, мүмкін боларлық барлық жарыстың басында жүрдім. Сол кездерде өзіме өзім ұнағаным есімде. Дəл осындай өзгеріске деген қажеттілік оқуға тапсырардың алдында пайда болды. Мен балаң түйсікпен «жаңа ортаға жаңа Мақпал боп баруым керек» екенін сезіндім. Сөйттім де, өзгердім. Өзгердім дегенде, өзімді дамыттым. Бұдан кейін де өмірдің əр кезеңінде қаншама рет «өзгердім».  Осы қасиетім өмір бойы жаңаны үйренуге, жаңаша ойлауға, өзімді үздіксіз дамытуға жетелеп келеді. Айтқым келгені, өз жаныңызға үңілуден қашпаңыз. Тоқтаңыз да, ішкі жан дүниеңізге үңіліңіз. Осы кезде не істеу керектігін өзіңіз-ақ түсінесіз.

– «Қарсылық» атты мақамды жырыңыз бар. Ол – ересек Мақпалдың айтқан қарсылығы. Ал бала, бойжеткен Мақпалдың қандай «қарсылықтары» болатын?
– Дүниеде, айналасында болып жатқан қат-қабат өмірге, ондағы түсінікті де түсініксіз жағдайларға қалыпты деп қарап, қарсыласпайтын адамнан өнер адамы шықпайды. Өнер адамын бұл əлемде бар етіп тұрған осы қарсылығы деп ойлаймын. Ол тіпті сарғайып, сырт етіп үзілген жапырақ үшін де мезгілдерге қарсылық танытуы мүмкін. Мұндай сезімдер барлық адамның басында болады. Ал өнер адамының өзгешелігі – оны өнер тілімен жеткізе алғаны емес пе? Өнер адамы тұтас əлемге, ешкімге бағынып көрмеген мəртебелі уақытқа да қарсы шығуы мүмкін. Өйткені оның қуатты құралы бар. Ол – өнері. Ал баланың жайы – бөлек. Бала дүниені «Неге?» деген сауал арқылы таниды. Келіспейтін, келісе алмайтын сұрақтары болады. Дегенмен оны қарсылық деуге келмес.
– Екі баланың анасысыз. Қазіргі күні «бала және интернет» деген мәселе пайда болды. Бала тәрбиесіндегі осы интернет пен теледидардың рөлі туралы не айтасыз?
– Маман ретінде баланың интернетті мақсатсыз пайдаланғанын қолдамаймын. Əр нəрсені қолданудың өз тəсілі, мөлшері, ережесі, тіпті мəдениеті болады. Осы жағы ата-аналар тарапынан ескерусіз қалып отыр деп ойлаймын. Біздің замандастарымыз баласына гаджет əпергенімен, оны қалай дұрыс қолдану керектігін үйретіп, қадағаламайды. Біздің балалардың интернетті қолдану деңгейі «Ютуб» желісінен видео көрумен шектеліп жатыр. Əлеуметтік желіде босқа, қараусыз уақыт өткізіп жатқан қанша бала бар? Баланың өмірде қараусыз қалғанынан да, интернетте қадағалаусыз қалғаны əлдеқайда қауіпті. Баланы ақпарат ағынына қадағалаусыз қалдыру – жауапсыздық. Ал шын мəнінде интернетке жау ретінде қарайтын адамдардың қатарынан емеспін. Мен жаңа технологияларды барынша қолданатын, қолдануға шақыратын жаңашыл адаммын. Тек оны дұрыс қолдануды білуіміз керек. Дұрыс қолдану деген – интернеттегі пайдалы ресурстарды білім алуға, өзіңді өзің дамытуға, қоғам өмірін жеңілдетуге қолдану. Бүгінгі күні əлемнің ақыл-ой байлығы интернетке қатталып салынып жатыр. Ашық қолдануға рұқсат етіліп жатқан бағалы контент қаншама? Оған барар жолды біліп, оны қолдану тəсілін игеріп алсаңыз, сіздің алдыңыздан білімнің жаңа кені ашылады. Мысалы, бүгінде интернет арқылы даңқты музейлерді кезіп, əлемнің жауһарларын қолмен ұстағандай  көре аласыз. Қол жетпейтін құнды кітаптарды тегін оқи аласыз. Аңсаған оқу орныңыздан онлайн білім ала аласыз. Бүгінгі күні əлемнің білім қоры цифрланып, əр адамға қолжетімді болып барады. Сондықтан да баламызға сол білімге барар жолды көрсетейік.  Телевизияға  қатысты пікірім де осындай. Оны да көрудің өз мəдениеті бар. Бірақ кей ата-аналардың балаларын «Балапанға» аманаттап тапсырып қойғанын байқаймын. Бұл –түбірімен қате ұстаным. Телеарна да – тек белгілі бір уақытта көрерменнің жас ерекшелігін ескеріп, мақсатты түрде көретін құрал.

– «Балалы әйел және қызмет» тақырыбы. Жауапты қызметтер атқарамын деп жүргенде, бала тәрбиесіне көңіл бөлінбей қалмай ма?
– Жұмыс істейтін ана, жұмыс істемейтін ана деп аналарды бөлуге болмайтын тəрізді. Ана – баласы үшін əрқашан үлгі, өнеге.   Адам ретінде, маман ретінде бақытты адам – бақытты ана болады.  Бақытты анадан бақытты балалар тəрбиеленіп шығады. Баланы тəрбиелеу үшін арнайы уақыт, арнайы ереже қабылдаудың қажеті жоқ. Біз тұтас өмірімізбен, бар болмысымызбен балаларымызға үлгі болуымыз керек. Менің балаларым мамасының жауапты жұмыста екенін біледі, оны қалыпты процесс ретінде қарастырады.
– Былтыр шығармашылығыңызда жоспарлаған біраз ісіңізді жүзеге асырдыңыз. Енді басшылық қызметке келген соң, «Мақпалдың мақамды жырлары» тоқтап қалмай ма?
– Бұл кезең де шығармашылығымды жаңа көзбен бағамдауға берілген мүмкіндік деп ойлаймын. Жауапты жұмыста жинаған күн сайынғы іс-тəжірибем міндетті түрде ертеңгі күні шығармашылығым үшін қызмет ететін болады. Бұл аралықта шығармашылығымның ішкі мазмұны артарына сенемін.
Сұқбаттасқан
Қарлығаш ДОСАНОВА
«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз