«ҰЛАННЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ:

Туған жылы: 1985 жыл, 24 қыркүйек

Туған жері: Алматы облысы, Талғар қаласы

Білімі: Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, Кино жəне телевидение факультеті

Қызметі: Қазақстанның ашық кітапханасы –

www.kitap.kz сайтының бас редакторы

Ақын құрбымыз Мақпал Жұмабай «Мақпал шер» атты үнтаспасын жарыққа шығарды. «Үнтаспа? Өлеңдерін өзі оқи ма?» дерсіңдер. Жоқ, мақамға салып орындайды. Бұл үнтаспамен қоса тағы бір кітабы баспада дайындалып жатыр. Ал үнтаспаға келсек, ол өз өлеңдерін жырсүйер қауымға өзгеше форматта ұсынып келеді. Əр өлеңін жай ғана қағазға жазып, жай ғана оқи салмайды. Жо-жоқ, ақын атаулының мұндай əрекетін бұрысқа баламаймыз. Тек, Мақпал əр өлеңін өзіне сай əуенмен жеткізеді. Өзі гитарамен сүйемелдеп орындайды. Əр жырының мақамы бөлек, қайталанбайды. «Əр өлең өз мақамымен туады» дейді өзі. Расында, ол қазақтың жыраулық дəстүрінде бар дүние ғой. Ал Мақпал оны заманауи жалғастырушысы, түрлендірушісі деп қабылдаған жөн болар. Бұл туралы əдебиет сыншысы Əлия Бөпежанова: «Мақпал уақыт ағымына, дамуына, қоғамның өзгеруіне байланысты көне замандарда қалған жыраулық дəстүрді түрлендіріп бізге алып келген сияқты», − деп еді.

«Мақпал шер» альбомында 10 мақамды жыры бар. Бұл альбомымен Президент қорының мəдени жобалар грантын жеңіп алды.

Үнтаспаның жарыққа шығуына бес жыл уақыт кетті. Тіпті, кітаптағы əр өлеңіне сай суретті салу үшін өзі суретшілік курсқа да қатысты. Енді Мақпалдың өлеңдері мақаммен ғана емес, өз суретімен дүниеге келетін болды. Гитараны шебер орындау үшін арнайы мамандардан сабақ та алып жүр.

Мақпалдың Алматы мен Астанада тұрақты тыңдармандары қалыптасқан. Өйткені, осы екі қалада 5-6 жылдан бері ай сайын шағын кештер өткізіп келеді. Сол көпшілік «Мақпал шердің» сəуір айындағы тұсаукесерін асыға күтіп жүр. «Біз қалай тыңдасақ болады?» десеңдер, «Мақпал шерді» келесі айдан бастап «Меломанның» дүкендерінен таба аласыңдар.

– Мен əр өлеңімді сол шығармаға ғана тəн мақаммен жеткіземін. Бұл ізденісіме «мақамды жыр» деген ат бердім. Өзіме тыңдармандарымның «Мақпалдың мақамды жырлары» деп атағаны ұнайды. Иə, гитарамен өзім айтамын. Бұл қазақтың дəстүрлі поэзиясында бұрыннан бар. Мұның жарқын үлгісі – жыраулар поэзиясы. Өзімді сол асыл дəстүрдің заманауи жалғастырушысы деп санағым келеді. Ақиқатында, қазақ поэзиясы оу бастан музыкалы болған. Ақындар күні кешеге дейін алқалы топтың алдында өлеңдерін əуелете əуенмен жеткізген. Бұл көшпелі ғұмыр кешкен, кең даланы еркін жайлаған қазақ болмысының ерекшелігі болатын. Ұлттық əдебиетіміздің бүгінгі күнге жетуіне де осы ерекшелік арқау болған дер едім. Бір замандарда өзі автор, өзі орындаушы, өзі аспап иесі, өзі сазгер ретінде танылған бұл шығармашылық иелері – ақын деп аталған. Ал бүгінгі кезде поэзия мұндай біртұтастығынан, негізгі төрт элементінен айырылып, жаңа түрге ие болды. Менің ізденісім – поэзияның сол байырғы болмысын қайтаруға талпыну, оны өздігінше зерделеу деп бағамдауға болады. Бұл ұстаныммен келіспейтіндер «Мақпалдың мақамды жырларын» поэзияның жаңа бағыты деп қабылдаса да, ол ешқандай маз-мұнынан айырылмайды.

Жүрек тастар хикаясы

Əр адам өз идеясына, істеп жүрген ісінің бұл əлемге қажет екендігіне мүлтіксіз сенуі керек. Сенің қадамың бір адамға ой салса, идеяңның өмір сүруге құқы бар. Солай емес пе?! Өзім идеяма, қолға алған ісіме жан дүниеммен сенемін. Сондықтан да, оның орындалуы үшін бар күшімді жұмсаймын. Ойлағаным толық орындалмай жатса да,  оны жүзеге асыру үшін қолымнан келгеннің бəрін істегенім – өзіме деген құрметімді жоғалтпауыма жəрдемдеседі. Мəселен, осы бір шағын кітап үшін əр кезде 3 иллюстратормен жұмыс істедім. Ойымды түсінгендей болғанымен, түрлі себептермен жұмыс нəтижелі болмады. Көркемдеу ісінің түбі көрінбестей болған еді, шешім бір күні өзі келді. Бұл туралы кітабымның кіріспесінде толық жаздым. Алакөл жағалауынан кішкентай ұлым 27 жүрек тəріздес тас тауып алды. Мен болсам, 1 ғана тас таптым. Ұлымның дүниеге деген осынау кіршіксіз көзқарасы маған үлкен ой салды. Дүниеге тұнық көзбен қарай білсең, дүние де саған жүрегін ұсынады екен. Осы оқиғадан соң, ертесіне сурет салғым кеп ояндым. Өз кітабымды өзімнен артық ешкім көркемдей алмастай, айтқым келгенді сөз де, саз да жеткізе алмастай бір сезімді бастан кештім. Ұлымның «жүрек тастары» барлық ережені бұзды, барлық сауалыма жауап тауып берді. Сосын сурет курсына жазылдым да, дəріс алдым. Нəтижесінде, əр өлеңге иллюстрация салдым. «Əркім өз кəсібімен айналысуы керек» деген қасаң, шеңберге кіргізіп қойып, шығармай қоятын тұжырымға қарсымын. Оған салсақ, менің мақамды жырым жөнінде де «композитор емессің» деушілер табылуы мүмкін. Ондай пікірге сенсем, онда бұл жолда бір адым да жасай алмас едім. Мұқағали атамыздың «шеңберден шығуға шақыратын» сөздері бар ғой. Мен де шеңберге еш сыймайтындардың қатарынан екенімді мойындаймын. Тағы да қайталаймын, өзіңнің идеяңа сеніп өмір сүр, оның құлауына жол берме!

Ақын ананың жан дауысы

Бұл кітабым адам мен қоғам, туған топырақ пен сол топырақтан шыққан бір қыздың тағдыры туралы. Соның жан тебіреністері, ойлары, арпалыстары мен ашулары, қарсылықтары туралы. Жалпы, бұл кітапты ақын ананың жан дауысы деп қабылдасаңыздар болады. Мұның алдында «Қырандар мен қазақтар» атты жинағым шыққан болатын. «Келесі кітабымды мақамды жырларымның үнтаспасымен бірге шығарамын» деп ойлап қойғанмын. Осы аралықта өте қызықты əрі мағыналы шығармашылық процестерді басымнан өткердім. Ең алдымен, «Мақпалдың мақамды жырлары» деп атаған жолымның не екенін оқырман мен тыңдарманға түсіндіруім керек болды. Сол үшін жүйелі түрде шағын кештер өткізе бастадым. Осы күнге дейін 60-тан аса мақамды жыр кештерін өткізіппін. Кəсіби музыканттармен де жұмыс істей бастадым. Мақамды жырларымның болашағы үшін аранжировкашының (əн əрлеуші) рөлі шешуші десем де болады. Қазақтың жанын түсінетін, өз жаны да тұңғиық музыкант Бейбіт Ақошпен таныстым. Бірлескен ісіміздің алғашқы нəтижесі – осы «Мақпал шер» альбомы. Енді жаңа концептуалды альбомды жазуға кірістік.

Мақпалдың шығармашылығынан

ӨМІР ИІСІ

Тұрғанда жаным күрсініп,

Кеткенде жаным тұншығып,

Маңдайын неге ұлымның

Иіскеймін ылғи ұмсынып?!

Аналар кешер мың күйдің

Ішінен мен де сыр түйдім:

Аңқиды екен адамнан

Бұрқырап иісі əлдидің!

Анасы ғана сезер күй,

Əкесі ғана сезер күй.

Сездірген өмір жұпарын

Құдайым неткен шебер-ді.

Азайып кетсе мейірім,

Тарылса адам пейілі.

Балаңды қысып құшаққа

Бір иіскеп көрші, бауырым!

Ізгілік кешер сəтің бұл.

Бақыттымын дер сəтің бұл.

Адам боп жаратылудың

Қасиетін ұғар сəтің бұл.

Құлағыма келіп тұнық əн…

Мені ұстап тұрған – Ұлы əн…

Ұлымды құшып отырып,

Ана бауырына тығылам!

Қарашығыма мұң сіңіп,

Жылап жатсам да ұмсынып,

Сəбидің иісі аңқыған

Сүйемін сені, Тіршілік!!!

Қарлығаш ДОСАНОВА,

 

«Ұлан» газеті, №11

14 ақпан, 2017 жыл

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз