Отбасым

Бүгінгі кейіпкерлеріміз робот жасап, жаңалық ашпаған. Əн айтып, əлемге танымал болмаған. Əлдекімді құтқарып, ерлік те жасамаған. Соған қарамастан олар ерекше балалар. Олар дегеніміз – бала күнінен хоккеймен айналысатын ағайынды Мағзұм мен Мəулен. «Тəрбие тал бесіктен басталады», төрт жасынан бастап спортпен шұғылданған баланың болашақта жаңалық ашып, біреуге көмек қолын созып, əлемге танымал болуы əбден мүмкін. Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан ХХІІІ Қысқы олимпиада ойындарының қарсаңында ел спортшыларына отбасымен жанкүйер болатын, ұлдарының қысқы спорт түрін таңдауына əсер еткен Ғани Өтепбайұлымен əңгімелестік. «Хабар» арнасында жаңалықтың жаршысы боп жүрген диктор Ғани ағаның үш ұлы бар. Мағзұм – жетіде, Мəулен – бесте, Мирас бір жастан асқан. Үздік маман, үлгілі əкенің əңгімесін бəріміз бірге оқиық.

Ұлан: Бала тəрбиесіндегі əкенің рөлі қандай деп ойлайсыз?

Ғани Өтепбайұлы: Қыз болсын, ұл болсын, бала үшін əкенің рөлі өте маңызды. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда əртүрлі отбасында өсіп-өніп жатқан балалар бар. Жалғызбасты əкенің де, жалғызбасты ананың да тəрбиесі мықты ұл-қыз тəрбиелеуге қауқары жетеді. Пəлен деп айту қиын. «Əке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген сөздің аясынан асып кете алмаймыз. Əкесінің өмірге құлшынысын, қолынан келетін жақсы дүниесін істеп жүргенін көріп, бойына сіңіріп өскен бала жаман болмайды.

Ұлан: Қазіргі таңда əкелер де декреттік демалысқа шыға бастады. Бұл үрдіске қалай қарайсыз?

Ғани Өтепбайұлы: Негізі қарсы емеспін. Өзім мұндай демалысқа шықпаймын. Дегенмен əлеуметтік жағдайы əртүрлі отбасылар бар. Ешкімнің ортасына түсе алмайсың.

Ұлан: Ұлдарыңыз хоккей ойнайды екен. Ер балаларға арналған күрес, каратэ сияқты спорт түрлері көп қой. Неге хоккейді таңдадыңыздар?

Ғани Өтепбайұлы: Əлі кішкентай болса да, уақыттарын тиімді өткізсін деген ниетпен хоккеймен айналысқанын қаладым. Мағзұмның хоккейге барғанына үш жылдан асса, Мəуленнің айналысқанына бір жыл болды. Елордамыз Астана көп жағынан жайлы болса да, ауа райы жағынан қолайсыз екені мəлім. Алты ай қыс уақытында үлкен ұлым əлсіреп, желмен бірге ұшып кететіндей болды. Интернетті ақтарып отырып, мұздың үстінде жүрген баланың түрлі ауруларға төтеп бере алатындай иммунитеті мықты болатынын оқыдым. Содан төрт жасар Мағзұмды хоккейге беруді жөн санадым. Алғашында алып кетуі, командалық ойында əр үйдің бір-бір еркесімен тіл табысуы қиынға соқты. Десе де, бүгінгі күнде бастапқы пайымымыздың дұрыс екеніне көз жеткіздік. Қандай жағдай болса да, спортпен айналысқан баланың денсаулығы мықты болады. Аптасына кемі бес реттен жыл бойы демалыссыз «Алау» мұз айдынында «Барыс» балалар командасында жаттығады. Екінші ұлым Мəуленді де хоккейге беру жоспарда жоқ еді. Үлкен ұлдың киімдері кішірейген соң, соны Мəуленге кигізіп, оны да апардық. Командалық спорттың да өз ерекшеліктері бар. Күрес, бокс сияқты спорт түрлерінде тек өзіне ғана сенеді, ал командалық спортта бір-бірін көзқарасынан түсініп, ортақ тіл табысып, бала кезден ұжыммен жұмыс істеуге үйренеді екен. Психологиялық тұрғыда жетіліп, өзін өзгелердің алдында қалай ұстау керегін үйренеді. Хоккей өте дөрекі спорт екенін білесіздер. Ойын барысында бір-бірін соғып, əдейі құлатуы мүмкін. Қарсылас команда мүшелері де аяушылық білдірмейді. Сол себепті нағыз жігіттік мінезді қалыптастыру үшін септігі болар деген оймен осы спорт түрін таңдадық.

Ұлан: Қысқы Олимпиадада кімге жан-күйерсіз? Олимпиаданы отбасыңызбен бірге көресіздер ме?

Ғани Өтепбайұлы: Міндетті түрде көреміз. Фристайл могулден қола медаль алған Юлия Галышеваға жанкүйер болдық. Алдағы уақытта да қоржынымызда жүлделер болады деген үміттеміз. Өкінішке қарай, хоккейшілеріміз өте алмай қалды. Отбасымен ел спортшыларына жанкүйер болу ерекше эмоция сыйлайды. Əрі ұлдардың Отанға деген сүйіспеншілігі артады. Өзге елдерден қалыспай, көк туымыз желбіреп, əнұранымыз шырқалғанда мəз-мейрам күй кешеміз.

Ұлан: Қазақ отбасында балаларын əкесінің қаһарымен қорқыту дəстүрге айналып кеткен. Бұл дұрыс па?

Ғани Өтепбайұлы: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт» дейді. 7-ге келсе де дауыс көтермей, енді ғана кей нəрселерге шектеу қойдық. Көп нəрсеге рұқсат бердік, қысым көрсетпедік. Мақтауды да шегінен асырмадық. Егер балаға қалағанын істетсек, өзінің жеке пікірін, ойын еш қысылмастан жеткізеді. Өз қолымен істеген ісіне есеп бере бастайды. «Бұлай болмайды, олай болмайды» дей берсең, көпке ашылмайтын тұйық болып қалады. Өзіне таңдау еркін беріп, мақсатына қол жеткізуді бала кезден үйрету керек.

Ұлан: Жақында ұлыңызбен бірге əлеуметтік роликке түсіпсіздер. Мазмұны мен тақырыбын қысқаша айтып берсеңіз.

Ғани Өтепбайұлы: Бұл шара Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған еді. Мақсаты – елордадағы қарапайым отбасылардың қалай өмір сүріп жатқанын, бір-бірімен қандай қарым-қатынаста екенін боямасыз көрсету.

Ұлан: Ұлдарыңыздың болашағын қалай елестетесіз?

Ғани Өтепбайұлы: Ата-ана берген тəрбиеден соң, əр бала жеке тұлға ретінде мамандық таңдауы керек. Балаңның ержетіп келе жатқанында қандай салаға икемді екенін, қай саланы ұнататынын ойланып жүресің. Кəсіби спортшы болғанын қалар едім. Бірақ ол өте қиын. 30-35 жасында спорттағы мансабын аяқтауы немесе жаттықтырушы болып кетуі мүмкін. Осы бір тұсы ұнамайтындықтан экономика, заң саласында білікті маман болғанын қалаймын. Хоккеймен айналысқандары өмірлік тəжірибе боларына сенемін.

Ұлан: Танымал тұлға болғанын қалайсыз ба?

Ғани Өтепбайұлы: Мəпелеп өсірген ұл-қызының жақсы атын шығарғанын əрбір ата-ана армандайды. Таяқтың екі ұшы болатындай, танымал болудың да кері əсер ететінін жоққа шығармаймыз. Психологиясы танымал болуға дайын емес жастар да бар. Сөзінде тұратын, достарын қолдайтын азамат ретінде қалыптасқанын қалаймын. Халық арасында қарапайым болып өмір сүргенге не жетсін?!

Ұлан: Ұлдарды жаман əдеттерден қалай аулақ қылуға тырысасыз?

Ғани Өтепбайұлы: Жасыратыны жоқ, смартфон ұстайды, ойнайды. Одан қалса үйде компьютер бар. Ең бастысы, қандай желіде отырғанын, қандай мультфильм қарайтынын, қандай ойын ойнайтынын қадағалап отырамыз. Гаджетке тыйым салсаң да, заман үрдісінен, яғни трендтен қалып қоюы ықтимал. Өз заманында білуі тиіс дүниенің бəрін меңгергені дұрыс деп ойлаймын.

Ұлан: Бүгінде қарапайым қазақ отбасының ұлын хоккейге беруге жағдайы жете ме? Керек-жарағы, қатысу сабағы қанша тұрады дегендей…

Ғани Өтепбайұлы: Көпшілік қауым хоккейді қымбат спорт түрі деп ойлайды. Бір алып берген киім-кешегін 2 жылдан аса киеді. Бір рет алып бергенге əркімнің хоккей – қолжетімді спорт түрі. Негізгі мəселе баланы апарып-əкелетін бір адамның болмауында. Күнделікті витаминдерін беріп, арнайы уақыт бөлетін адам болмайтын отбасылар болады. Демалыс кезінде өзім апарсам, басқа күндері ұлдарды анасы тасиды.

Сұқбат соңында Ғани Өтепбайұлы: «Əркімнің баласы өзіне тəтті. Еуропада жүргенде Мəуленнің Прага қаласының алаңында қазақша би билеп, біраз жұртты тамсантқаны бар. Шетелде адамдар өздерін еркін ұстайды деген таптаурын көзқарас бар. Шын мəнінде қазақ ұл-қызы да қабілеттерін емін-еркін көрсете алады», – деді.

Бос уақытты өте тиімді пайдаланып жүрген ағайынды Мəулен мен Мағзұмның замандастары да спортпен айналысса деген игі тілек бар. Өзін физикалық тұрғыдан қалыпқа келтірген жігіттің рухани байлыққа ұмтылары сөзсіз.

 

Сұқбаттасқан
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ
Астана қаласы

«Ұлан» газеті, №8
20 ақпан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз