Алғаш рет Мөлдірді теледидардан көргем. «Бұлбұлды» құйқылжыта орындағанда, əжем: «Өзі бармақтай болып, дауысы қайдан шығып жатыр?» – деген еді…

Одан бері арада қанша уақыт өтті. Сахнаға əншілер шыққан сайын баяғы бұлбұл үнді Мөлдірді іздейтінмін. Өткенде ғаламтордан «Мөлдір Бақытжанқызы Мəскеуде өтетін халықаралық байқауға қатысады» деген ақпарат оқыдым. Көзіме оттай басылды. Иə, баяғы бота көзді бала Мөлдір…

Ақын Жүрсін Ерман жас əншінің талантына риза болып: «Мұндай дауыс мың жылда бір туады», – деп баға беріпті. Дара дарын Мөлдір Бақытжанқызымен жақын танысудың сəті түсті.

Ұлан: Мөлдір, жеңісің құтты болсын! Сахнадан неге көрінбей кеттің?

М.Бақытжанқызы: Рахмет! Мəскеуде өткен халықаралық «Пироговский рассвет – 2017» эстрадалық əндер байқауынан 1-орын алдым. Конкурсты ұйымдастырушылардан  ұсыныс түсті. Өзім опера əншісімін. Ал байқау эстрада жанрында өтпек. Ұсыныс түскесін, қатысу керек деп шештім. Бұл эстрада жанрында қатысқан ең алғашқы байқауым болды. Елу мемлекеттен үміткерлер қатысып, оның он бірі финалға өтті. Қазақ жəне орыс тілінде əн айттым. Уақыт тығыз болып, əн дайындауға үлгермедім. Жанар Дұғалованың орындауындағы «Ізін көрем» əнін орындадым. Байқау кезінде Испаниядан келгендер сол елде өтетін конкурсқа шақырды. Алла қаласа, байқауда бағымды сынамақпын. Былтыр туған жерім Шардара қаласында жеке шығармашылық концертімді бердім. Көрерменнің көп келгені соншалық, залға сыймай қалды. Опера жанрындағы арияларды үлкен кісілермен бірге жастардың ұйып тыңдағанына қарап, өзім де таңырқап қалдым. Нағыз өнерді бағалайтын тыңдарман – қарапайым адамдар. «Операны халық түсінбейді» деген кейбір адамдардың пікірімен келіспеймін. Шын өнер мен еңбек ешқашан елеусіз қалмайды, өз көрерменін табады. Концерт екі бөлімнен тұрып, ұзаққа созылса да, залдан ешкім кете қойған жоқ. Қазақтың халық əндерін қол шапалақтап отырып қалай тыңдаса, əйгілі Моцарт, Вивальди сынды композиторлардың операсын да жылы қабылдады.

Сахнадан алыстаған жоқпын.«Ұнатамын» деген əніме бейнеклип түсірдім. «Неге конкурстық əнге бейнеклип түсірмедің?» деп сұрап жатыр. Конкурстық əнге клип түсірген ыңғайсыз.

Ұлан: Эстрадаға келуіңе не себеп болды?

М.Бақытжанқызы: Қызықтым. Əн жаза бастадым. Ойымды сіңлім де қолдай кетті. Былтыр қараша айында бейнеклип түсірдім. Негізі опера əншісінің эстрадада əн айтуы қиындау.

Ұлан: Сені «Бұлбұл» əні арқылы таныдық. Əнді алғаш рет естіген кезің есіңде ме?

М.Бақытжанқызы: Бибігүл апамызды тыңдадым. Шардарада операмен əн айтатын адам жоқ. Майра, Нұржамал апайларымның əндері теледидардан жиі берілетін. Тыңдаймын да, қайталаймын. Неге опера ұнағанына өзім де таңғаламын. Кез келген əнді операмен айтатынмын. Мектептегі апайларым «Неге сен кəдімгі дауыспен айтпайсың?» деп ренжісе, «басқа дауысым жоқ» деп жылайтынмын. Қай жасымнан бастап əн айтқаным есімде жоқ. Əйтеуір, ес білгелі əн айтып келемін (күліп).

Ата-анам өнерге жақын. Əкемнің дауысы баритон, тембрі өте əдемі. Бірақ, мамандығы басқа. Анам да өнерге жақын, жас күнінде əнші болуды армандапты. Ал атам естіген нотасын жатқа білетін адам болған. Əн айта бастағанымда, анам бірден түсінді. Əкем де қарсы болмады.

Ұлан: Дауысыңды қалай күтесің?

М.Бақытжанқызы: Əрине, ерекше күтім жасаймын. Төменгі жəне жоғары ноталарда еркін айта беремін. Содан болар, көпшілік айыра алмай жатады. Əнді дұрысайтпай, дауысты қинауға болмайды. Дауыс дегеніміз – денсаулық. Ұйқың қанбаса, дұрыс тамақтанбасаң, көңіл-күйің болмаса, дауысыңнан көрініп тұрады.

Теледидардан «Ақ көгершін» байқауын көріп, «байқауға барамын» деп жылағанымды білемін. Үйге қонақ келсе немесе өзіміз қонаққа барсақ, «əн айтамын» деп тұрып алатынмын. «Жарысқа барамын» деп қоймағасын, ата-анам аудандық жас өнерпаздар байқауына апарды. Ол жерден бас жүлде алып, республикалық «Ақ көгершін» байқауына жолдама алдым. Одан Германияға халықаралық байқауға қатысып, жеңімпаз болдым. Сапар соңы Испанияға жалғасты.

Ұлан: Қатысқан байқауларың туралы айтып берші…

М.Бақытжанқызы: 12 жасымда АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында өткен «WCOPA World championship – 2006» əн байқауында жасөспірімдер арасында бас жүлдені жеңіп алдым жəне 5 түрлі номинация бойынша жеңімпаз болдым. Əлемнің алпыстан аса елінен 75 мың үміткер қатысты. Байқау бір айға созылды. Екі мыңыншы болып сахнаға шыққанымды білемін. Əртүрлі жанрда бес əн орындап, Голливудтағы Оскар сыйлығын табыстайтын Полладиум сахнасында алтын медаль алдым. Байқаудан соң əлемге əйгілі опера əншісі Пласидо Домингоның вокал мектебіне оқуға шақырды. Бірақ, ата-анам елде қалғанымды дұрыс көрді.

Сегіз халықаралық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алдым (Халықаралық «Бозторғай» жəне «Романсиада» əн байқауларының бас жүлдегері; Халықаралық «Зажги свою звезду» байқауында бас жүлде; Испанияда өткен халықаралық «Sun ways» титул «Алтын дауыс» иегері; Германияда өткен халықаралық «Pearls of Berlin» конкурсында 1-орын). Қазақ радиосының «Алтын қорына» менің орындауымдағы 8 əн кірді.

Жамал Омарова атындағы музыкалық мектепте білім алдым. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқыдым. Мамандығым – опера əншісі. Қатарластарымнан үш жыл ерте бітірдім. Мектепке ерте бардым. Жақсы оқитын оқушыны келесі сыныпқа «аттатып» жіберетін. Жақсы оқығаным үшін мен де бір сынып «аттадым». Орта мектепті осылай тəмамдадым. Консерватория дауыс мүмкіндігіме қарап, бірден 2-курсқа оқуға қабылдады.

Ұлан: Ендігі мақсатың қандай?

М.Бақытжанқызы: Тек қана алға. Байқауларға қатысып, өнерімді көрсету.

Ұлан: Арманыңа жет!

Әңгімелескен Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан», №33
15.08.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз