Ойда жүрген, ойға түйген

Ауылда өстік. Театр, кинотеатр дегенге кірмегенмін. Киноны сонша үлкен экраннан, ұзақ қойылымды үлкен сахнадан көрмегенмін. Тек оныншы сыныбымда ғана Алматыға бір келгенімде киноға бардық. Орнымыз ортасында екен. Жолдағы адамдардан ғафу өтініп, өттік. Басында қалай өтсем екен деп, ойланып тұрып қалдым. Адамдарға қарайын ба, əлде сахнаға ма? Əлде керісінше өту керек пе? Ақыры бетімді сахнаға қаратып өтіп, орнымды таптым. Олай өту қате екен. Кейін білдім. Фильм фантастика жанрында түсіріліпті. Өзімді экранның ішіне еніп кеткендей сезіндім. Біреудің мазасын алып қоям ба деп, попкорнды да жемей, суды да ішпей тып-тыныш көріп шықтым. Бірақ, жанымдағылар назарымды бөле берді. Кинодағы актерларды  əңгімелейді, күлмейтін тұста күледі, чипсыдың сыртын шықырлатады. Əй, бір мазамызды алды. Ұнатпай отырмыз. Балалар, сендер кинода өздеріңді қалай ұстайсыңдар? Мəдени орындардағы мəдениетті білесіңдер ме?

ҚОЙЫЛЫМҒА КЕШІКПЕЙ БАРЫҢДАР

Театр – биік мəдениет орны. Мұнда кешкі, сəнді немесе классикалық үлгідегі киіммен келген абзал. Спорттық үлгідегі киімдер мұнда жараспайтыны əбден белгілі. Театрға қойылым басталардан 15-20 минут бұрын келген дұрыс. Ол уақытта киіміңізді шешіп, бағдарламаны алып, орныңызды тауып аласыз. Қабырғаға ілінген артист, режиссерлердің портреттерін қарап шығасыз. Сонымен бірге, театр музейіне де кіріп шығуға болады. Таныстарыңызды көріп қалсаңыз, аз-кем əңгімелесіп қалуға да уақыт табылады. Кешікпеу керек. Үш қоңыраудан соң, залға кірудің қажеті жоқ. Үзілісті күтіңіз немесе рұқсат сұрап, екінші қабат арқылы өткеніңіз жөн. Кешігіп кірген адам артистердің де, көрерменнің де назарын аударады. Кешіккен жағдайда шеткі орындардың біріне отыра салыңыз. Отырғандардың алдынан өтерде арқаңызды сахнаға, жүзіңізді отырғандарға қарата өту керек. Өтіп жатып, кешірім сұрауды да ұмытпаңыз. Телефоныңызды дыбыссыз режимге қойыңыз. Сондай-ақ, фотоға, видеоға түсіруге болмайды. Киноға келгендей тамақ, сусынды алып кірмеңіз. Театрға ешкім тамағымен бармайды. Қойылым барысында қол соғуға тыйым салынады. Спектакль жүріп жатқанда зал тып-тыныш болуы керек. Актерлерге қатты риза болсаңыз да, қол шапалақтау үшін қойылымның аяқталуын, артистердің сəлем беруін күтіңіз.

ЭКСПОНАТТЫ ҰСТАУҒА БОЛМАЙДЫ

Музейде бүтін бір ұлт тарихынан хабар беретін экспонаттардың түпнұсқасы сақталады. Сондықтан оларға мұқият қарау керек. Қолмен ұстауға болмайды. Музейге кірерде гардеробқа сырт киіміңізді іліңіз. Сөмкеңіз үлкен жəне ауыр болса, оны да қалдырып кетіңіз. Ұрылар затты сондай сөмкеге салып алып шығуы мүмкін. Музейді немесе көрмені аралап жүргенде абыр-дабыр сөйле-

сіп, шулаудың қажеті жоқ. Нұсқаушының берген ақпаратын құрбыңызбен талқылағыңыз келіп жатса, ақырын ғана айтқаныңыз дұрыс. Сонда нұсқаушының айтқанын естуге өзгелерге кедергі жасамайсыз. Бір экспонатты не картинаны көруге алқынып-жұлқынып, таласпау керек. Алдыңыздағы кісінің көріп бітуін күте тұрсаңыз жеткілікті. Залға тамақ пен үй жануарларын алып кіруге болмайды. Сурет галереялары болсын, мұражай болсын, диктофонды қосуға, фото, видеоға түсіруге рұқсат жоқ.

Балалар, кітапханаға кіргенде бəрі бір-бірімен сыбырласып сөйлесіп жатады. Негізі зал тып-тыныш. Оны өздерің де байқайтын боларсыңдар. Кітапханаға адам кітап оқу үшін барады. Əр оқырманның ойын бөліп жіберуге, көшеде жүргендей еркін сөйлесуге болмайды. Кітапты парақтағанда да ақырын парақтаңыз. Кітапқа қаламмен жазуға, мəтінді белгілеп, астын сызуға болмайды. Ол – кітапхананың дүниесі. Сізден соң да адамдар алып, оқу керек. Кітапты алған соң, уақытында қайтаруды дағдыға айналдырыңыз. Сізден басқа да оқырмандар ол кітапты алуға кезегін күтіп жүргенін естен шығармаңыз.

ПОПКОРНДЫ ШАШЫП КЕТПЕҢДЕР

Киноға кешіксеңіз, елді алаңдатпай бос орынға отыра қалыңыз. Киноны камераға түсіруге заңмен тыйым салынған. Ол қылмыс болып есептеледі. Телефон экраны артта отырған кісіге кедергі келтіреді. Қоңырауға жауап беру керек болса, ақырын ғана дəлізге шығып кетіңіз. Тазалық қызметкерлері келушілерден соң залды толықтай жинастыруға тура келетінін айтады. Сусынның сыртын, попкорнның қорабын қалдырып кетпеңіз. Залдан шыққан кезде қоқыс жəшігі болады. Соған тастаңыз. Қалдырып қана кетпей попкорнды төгіп, еденге шашып кететіндер бар. Мүмкіндігінше өзіңіз қайта жинаңыз. Жинай алмасаңыз, залдағы бір қызметкерге ескертіп, кешірім сұраңыз. Құрбы-құрдастарыңызбен қатар отырып, қалжыңдасып қалғыңыз келсе де, əңгімеңізді кинодан шыққан уақытқа қалдырыңыз.

 

P.S: Жоғарыда жазылғанның барлығы барлық адам білетін дүние болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұл мəдени орындарға əлі бармаған балалар бар. Барса да, тəртібімен енді танысып жатқандар да кездеседі. Сондықтан материалды жиі-жиі қайталап, оқып жүріңдер, достар!

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №48
28.11.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз