«Қазақфильм» киностудиясы балаларға арналған толықметрлі екі анимациялық фильмді жарыққа шығарды. Бірі – «Мұзбалақ», екіншісі – «Күлтегін» картинасы. Өткен аптада «Мұзбалақтың» тұсаукесері өтті. Мәдениет жә­не спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Ұзақтығы – 65 минут. Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының бірлескен жұмысы. Фильмге адам баласының бүркітті қолға үйретуі арқау болған. Оқиға желісі бойынша адам мен құс бір-біріне дос болып, бауыр басады. Қазақтың саятшылық дәстүрі де суреттеледі. Екі жыл көлемінде фильмді жасауға 40-қа жуық маман тартылған. 2D және 3D форматында жасалып, әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. «18 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрында бір ай бойы үзбей көрсетіледі. Келесі айда толықметрлі «Күлтегін» мультфильмінің көрсетілімі болады.  Осы шығармашылық топ «Алтын адам» картинасының жұмысын бастады»,  – дейді баспасөз хатшысы Айнұр Исаева.

Тұрдыбек МАЙДАН,  режиссер-мультипликатор:

– Екі жыл уақыт ұзақ мерзім емес. Шетелдік режиссерлер бір мультфильмді жасау үшін бастапқы екі жылын дайындық кезеңіне жібереді. Тақырыпты зерттеп, қаңқасын жасайды. Бәрімізге таныс «Мулан» картинасын жасауға бес жыл уақыт кеткен. Режиссерлері екі жылын тек зерттеуге, кейіпкермен танысуға жұмсаған. Жылына бір рет толықметрлі анимациялық фильмді жасап шығару жоспарда бар. «Мұзбалаққа» екі жыл жұмсасақ та, тез аяқтадық. Бұрынғыдан көшілгері келеміз. Біздің мақсатымыз балаларға қазақтың саятшылық өнері мен  бүркітті таныстыру болды. «Қазақ пен бүркіт қалай танысты?» деген сұрақты басты назарға алдық. Қазақ бес жасар бүркітті Мұзбалақ деп атаған. Бір ұлт бола тұра, тұрғылықты жеріне байланысты қазақтар бүркітті әртүрлі тәсілмен қолға үйреткен. Құсты қолға үйретудің шеберіміз. Бабы келіскен кезінен бастап аңға қалай салатынын дәл қазақтай меңгерген халық жоқ.

Адай ӘБІЛДА, анимациялық шығармашылық топтың жетекшісі:

– 2017 жылы қазақ анимациясына 50 жыл толыпты. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінен кейін осынша уақыт өтіпті. Елу жылда қазақ анимациясының басынан түрлі жағдайлар өтті. Қазіргі таңда жаңа буын өкілдері келіп, аяқтан тұрғызды. Жаңашыл буын жаңа идея және жаңа жоспармен іске кірісті. Бір жылда толықметрлі екі мультфильм жасау қазақ анимациясының тарихында болмаған. Бұл мақтанарлық жағдай. Көпсериялы анимациялық мультфильмдерді дүниеге әкелу жоспарда бар. Ресейдің «Маша мен аюы» секілді көпсериялы туынды жасап шығару қазақ аниматорларының да қолынан келеді. Күні кеше ғана Ресей мамандарының алдында екі фильмді көрсеттік. Жоғары бағасын алдық. Түркиядағы анимациялық топтан ұсыныс түсті. Жазда «Күлтегін» Португалияда өтетін фестивальге жолдама алса, «Мұзбалақ» Татарстанның Қазан қаласындағы кинофестивальде көрсетілді.

Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ, режиссер-мультипликатор:

–  Бұл туындыны жасап шығаруға шығармашылықтан топтан бөлек, еліміздің мықты аниматорлары да қатысты. Солардың ішіндегі 99%-ы қазақтілді мультипликаторлар болды. «Мұзбалақты» толығымен тек қазақ аниматорлары жасап шығарды деп мақтанышпен айта аламыз. Мультфильмнің басты кейіпкері – Мұзбалақ. Құстың жандүниесін, сезімін әнмен беруді мақсат еткендіктен, саундтрекке көп көңіл бөлдік.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, анимация бөлімінің редакторы:

– Осы жылдар аралығында қазақ анимациясы түрлі кезеңдерден өтті. Әмен Қайдаров қазақ анимациясының негізін қалады. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінен кейін талай сәтті де, сәтсіз де туындылар дүниеге келді. Кеңес өкіметі құлағанша жүз елуге жуық анимациялық фильм жарыққа шықты. Алайда, олардың барлығын қала қазақтары түсіргендіктен орысша жағы басымдау еді. Ұлттық сипатта түсірген аниматорлар да болды. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңдерде марқұм болып кетті. Тәуелсіздік алған жылдары қаржы болмады. Сол кезде анимациялық буын үзіліп қалды. 2009 жылдардан кейін қазақ анимациясына жан кіре бастады. Осы жігіттер алғашқылардың бірі болып, құлайын деп тұрған өнерімізді аяғынан тұрғызды.Талай кедергіге тап болғандарына мен куәмін.Үйлеріне бармай, ұйықтамай  жұмыс істеген кездері болған. «Жас келсе – іске» деген сөздің дәлелі жігіттердің еңбегі. Ресей аниматорларымен бірігіп «Ер Төстік» мультфильмін жасадық. Ұлттық сипаты кемдеу болғандықтан, сәтсіз туынды болды. Ұлттық нақышта болмаса, салынған қаржы да, мықты маман да туындының өміршең болатынына кепілдік бермейді. Бұл жігіттердің барлығы ауылдан шыққан. Қалада өскен қазақ баласының ойына күбі мен сүтті мультфильмге кірістіру келмеуі мүмкін еді. Ұлттық ертегі кейіпкерлерін де сәтті таңдап алған. Шетелдік анимациялық топта екі мыңға жуық маман еңбек етеді. Бұл туындыны небәрі 40-қа жуық маман жасап шығарды. Рухани ерлік деп бағалауға болады. Бір жылда екі мультфильмнің тұсауын кесу де үлкен жетістік.

P.S. Осыдан үш ай бұрын Астана қаласында өткен «Еуразия жүрегінде» кинофестивалінде «Мұзбалақ» тұңғыш рет көрсетілді. Мультфильмді көрген балалар екі қолын бүркіттің қанатынша қомдап шығыпты. Фильмге көрерменнің берген ең үлкен бағасы осы болса керек.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан газеті», №43
23 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз