Сегіз жасар Мұса – Ақтөбе өңірінің мақтанышы. Еліміздегі ерекше қабілетке ие балалардың бірі. Қатарластары қалам ұстауды енді үйреніп жатқанда, ол Гиннестің рекордтар кітабына енуді көздеп отыр. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын балақайдың бағындырған биігі де аз емес.

Мұса қазір танымал. Ол туралы көп айтылады, жиі жазылады. Бұл жағдай балаға қалай əсер етіп жатыр екен? Жалпы, Мұса өмірде қандай бала? Осы сауалдарымызды əкесі Асхат Туркумбаевқа қойған едік.

– Мұса үш жасынан бастап спортқа құмар болды. Анасымен бірге аулада ойнап жүргенде белтемірдің жанынан кетпей қойды. Ол кезде спортқа қызығатынын білмедік. Бір күні «далаға шығамын, белтемірге тартыламын» деп жылайтынды шығарды. Содан кейін мəн бере бастадық. Ол кезде бес рет қана жасай алатын. Төрт жасқа келгенде 15 рет тартылды. Қазір 50-ге дейін жеткізе алады. №23 мектептің 1-сыныбына қабылданды. Сабаққа кірмей тұрып, мектеп ауласындағы белтемірге күн сайын 15 рет тартылады. Содан кейін күні бойы сергек жүреді. Планшет, смартфонға құмартқан емес. Бос уақытында кубик-рубик құрастырғанды жақсы көреді. Менен гөрі анасының жанында көп болады. Кішкентай күнінен бастап «жасай алмаймын, істей алмаймын» деген сөздерді ұмытуды талап еттік, – дейді жаттықтырушы əке.

Мұса денесін жерден еркін көтере алады екен. Төрт жасында кеудесін жерден 50 рет көтерсе, қазіргі көрсеткіші 1600-ге жетіпті. Естігенде сенімсіздік танытқанымыз жасырын емес. Рас екенін əкесінің мына сөзінен аңғардық:

– Барлық адам сенбейді. Бірақ, рас. Кейде ұлымның іс-əрекеттеріне өзім де таңғаламын. Спортпен айналысқаныма біраз уақыт болды. Еркін күрестен спорт шеберімін. Кеудемді жерден 80 рет қана көтере аламын. Одан артық қимылдасам, əлсіреймін. Мұса екі сағат тоқтамастан жасады. Арнайы жаттығудың алдында 200-500 рет денесін қыздыру үшін жасап алады. Жеңіл салмағына қарай көп жасайтын шығар деп ойладым, бірақ «street workout» спортының зерттеушілері мыңнан асырып жасайтын спортшылар сирек екенін айтып, таңдай қақты. Ең кішкентай  «workouter» атанған. Астанада өнер көрсеткеннен кейін көп жерден ұсыныс түсті. Əлі шешім қабылдаған жоқпыз. Конор Макгрегор командасын таңғалдырдық. Енді ресейлік «Лучше всех» бағдарламасына шақырту алдық. Кезегіміз келгенде барамыз, – дейді Асхат Туркумбаев.

Кейіпкеріміз отбасындағы үш баланың ортаншысы. Ата-анасының кішкентай қолғанаты. Бауырларына да көмектеседі. Сыныптастарының алды. Танымалдықпен ісі жоқ. Сабақтан қалған емес. Сынып жетекшісі «біздің болашақ чемпион» деп қанаттандырып қойыпты. Қатарластарына үлгі етіп, үнемі айтып жүретін көрінеді.

Белтемірге көп тартылғаннан саусағы аздап зақымданыпты. Бірақ жаттығу залынан ұзаған емес. Оны Мұсаның өз сөзінен аңғардық…

– Маған спортпен айналысқан ұнайды. Аптаның бес күнінде жаттығу орталығына барамын. Демалыс күндері үйде боламын. «Youtube» желісінен əлемдегі белтемірге тартылудан чемпион спортшылардың бейнежазбаларын қараймын. Жаңа жаттығу қимылдарын үйренемін. Отбасымызбен қыдырамыз. Мектепте достарым өте көп. Қосымша дзюдомен де айналысамын. Болашақта осы спорт түрінен үш дүркін чемпион болғым келеді. Бос уақытымда сабағыма дайындаламын.

Кубик-рубик құрастырғанды жақсы көремін. Инстаграмдағы парақшамды əкем жүргізеді. Менде ұялы телефон жоқ. Арманым – Гиннестің рекордтар кітабына ену. Сол үшін дайындықты бүгіннен бастадым, – дейді жас рекордшы.

Берген жауабына сүйсініп қалдық. Қатарластары соңғы үлгідегі смартфондармен селфи жасап жүргенде, Мұса «рекорд орнатам» деп жаттығу залынан шықпай жүр. 

Асхат мырза ұлының мінезі туралы да айтып берді:

– Ұлым əлі кішкентай болса да мойнындағы жауапкершілікті сезінеді. Оған ешкім «сен рекорд жасауың керек» деп айтқан емес. Спортқа даонша қызықтырмадық. Бала күнінен бастап спортқа қызықты. Қазір Мұсаның айналысатын спорт түрін көп адам түсіне бермейді. Армрестлинг деген спорт түрімен шатастырады. Менің балам көшеде жасайтын жаттығуларға (street workout) кіретін белтемірге тартылу спорт түрімен шұғылданады. Енді əлемдік рекорд жасауды көздеп отыр. Мұса белтемірге тартылудан спорттық рекорд орнатты. 8 жаста болса да, белтемірге 42 рет тартылып, «КИнЭС-2017» деген Қазақстанның рекордтар кітабына енген. Астанадағы бірқатар жаттығу залының ашылу салтанатына Мұса арнайы қонақ ретінде шақырылды. Ұлым əлемнің спорт шеберлерін көріп, қанаттанып қайтты, – дейді ұлының қуанышын жасыра алмаған əкесі.

P.S: Міне, Ақтөбеде осындай ерекше бала өсіп келе жатыр. Мұсаның əлемдік деңгейде рекорд орнататынына еш күмəніміз жоқ.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №6
06.02.2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз