Мұражайлар (музейлер) – адамдардың қолымен жасалған бағалы бұйымдар мен табиғаттың өзінен табылған әртүрлі көркем де әсем заттардың жиынтығынан көрме жасап қоятын орын. Қазір дүние жүзіндегі мұражайлардың саны өте көп. Олардың ішінде – өнер, ғылым, тарих, өнеркәсіп, космос, әртүрлі соғыстар, табиғат, жан-жануарлар сияқты тек белгілі бір тақырыпқа ғана арналған мұражайлар да бар.
Біз көп жылдар бойы айтып келген «музей» сөзі грек тілінде «музалардың ордасы» деген ойды білдіреді. Ал, муза – мифтік көзқараста көркемөнер мен ғылымның қамқоршы құдайы деген ұғымды береді. Мұражай деп атауға болатын алғашқы мекеменің бірі Египеттегі Александрия қаласынан табылған. Зерттеушілер оны біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырға жатқызады.
Александриядағы мұражайдың мақсаты – сонда жатып білім алатын шәкірттерді қызықтыру үшін әртүрлі мәліметтер беретін заттарды жинау болған. Мұражайға өнер бұйымдары сол кездегі астрономия мен хирургияда пайдаланылған таңғажайып құрал-жабдықтар, пілдің тістері, сирек аңдардың терілері қойылған.
Содан бастап ХІХ ғасырға дейін мұражай санатына жатқызуға болатын көптеген коллекциялар да болған. Бірақ бұлардың бәрі жекелеген бай адамдар мен атақты отбасылардың үйінде болғандықтан, көпшілік оны тамашалай алмаған. Тіпті XVIII ғасырдың орта кезінде салынған Британ Мұражайына да санаулы адамдар ғана жіберілген. Тек Франциядағы төңкеріс француз мұражайларының есігін көпшілікке айқара ашып берді. Төікеріс кезінде республика үкіметі Париждегі Луврды ұлттық мұражай деп жариялады.
Ал ХІХ ғасырда алғаш рет мұражайлар үшін арнайы ғимараттар салына бастады. Берлиндегі Альтес Мұражайы – сол алғашқылардың бірі. 1830 жылы толықтай салынып біткен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз