Мұрат Жұрыновтың атақ-дәрежесін тұтас жазатын болсақ, газеттің жарты бетін алуы мүмкін. Бірақ, ғылымға деген талап қатты кезеңде ауылдан шыққан қазақтың баласы Мәскеу төрінде 28-ақ жасында кандидаттық диссертациясын қорғағаны айтуға ғана оңай тірлік. Араға он жыл салып, ғылым докторы атанды. Содан бері тек қана ғылым-білімнің қазанында қайнап келеді. 130 патенттің авторы.

Мұрат Жұрыновты әдемі қартайған ақсақалдардың қатарына жатқызуға болады. Жастарға берер батасы қандай! Дегенмен, көпті көрген, көп түйген Мұрат ағамыздан бүгінгі күні ғылымға бет бұрған жастарға ақыл-кеңесін сұраған болатынбыз. Мұрат Жұрынов мектеп бітіріп жатқан уақытта химия ғылымының маңызы қандай жоғары болса, бүгінгі күні де дәл солай. Өйткені, химиясыз өмір жоқ.

Еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің бір бағыты осы химия-биология  екені де тегіннен-тегін емес. Ал аға ғалымның бала ғалымдарға айтары аз емес.

– Химия саласына ден қойып, ғылымға бет бұрған жастардың көптігі қуантады. Дегенмен, таңдап алғаннан кейін бағытын өзгертпегені дұрыс. Қалауы сол ма, онда талмай-қажымай зерттеу керек, – деп бастады ағамыз əңгімесін. – Химияның толып жатқан саласы бар. Пайдаланып жүрген тұрмыстық заттарымыздан бастап, мұнай-газ өңдеуге дейін түгел химия.  Осы уақытқа дейін алдымнан мыңдаған студент өтті. Сонда байқағаным, кім шын ниетімен беріліп, бар зейінімен ден қойса, ол жетістікке жетеді. Ғылым жүрдім-бардым қарауды көтермейді. Жыл өткен сайын адамның тəжірибесі молаяды. Жұрт сенім арта бастайды. Ғалым ретінде де қалыптасады. Ана саланың табысы көп екен, мына салада пайда шаш-етектен екен деп, əрі-бері ұшып-қонып жүрген адамның жетістікке жетуі неғайбыл. Мейлінше бір орында істеген дұрыс.

Кеңестік кезеңде сағат жөндейтін шеберлердің дені еврей ұлтынан болатын. Бұл кəсіп əкеден балаға жалғасатын. Оның құпиясы – мамандық ауыстырмайды, жан-жақты зерттейді, кəсібін терең игереді. Сондықтан, мамандықты таңдаған уақытта аса мұқият болу керек жəне оны өзгертпеу керек. Заман өзгерген сайын жаңа заттар пайда болып жатыр. Егер пластмасса, полимерлер болмаса, адамзаттың қажетін өтеуге металл жетпейтін еді. Ал қазір жетіліп, жаңа материалдар шығып жатыр. Олар темірден де мықты. Техникадағы жаңа материалдар деген өте қызықты сала. Химияның қай саласын таңдасаңдар да, өміршең дер едім.

ҚАЙ ЕЛГЕ БАРСАМ ДА, ЗЕРТХАНАСЫН КӨРЕМІН

Осы уақытқа дейін əлемнің отыз шақты елінде болдым. Ғылыми конференцияларға барып, баяндама жасаймын. Сонда міндетті түрде жоғары оқу орындарындағы химия кафедраларын көрсетуді өтінемін. Жағдайдың қандай екенін бір көргеннен білемін. Осы көргеніме сүйеніп айтсам, Қазақстанның химия саласы Азия көлемінде Жапония мен Қытайдан кем емес. Ал басқа Азия елдерінің алдында. Қазір шетелде оқып келген жастарды көкке көтеретін бір үрдіс бар. Бұған келісе қоймаймын. Шет мемлекетте оқып келіп жатқанның барлығы бірдей мықты маман демес едім. Гарвардты бітірді ме, өз университеттерімізді бітірді ме, айырма болмауы керек. Барлығына ортақ талаптар болуы керек. Талантты адам тек қана бір жерде дүниеге келеді, белгілі бір оқу орнында оқиды деген заң жоқ. Талантты, талапты адам кез келген елден, кез келген ортадан шығады. Гарвардта миын ашып, ішіне ми салып бермейді ғой. Ал ағылшын тілін осы елде жүріп те үйренуге болады. Оның барлығы адамның өзіне байланысты. Өзім ауылдан шыққан баламын. Мəскеуге барып оқыдым. Ол кезде екінің бірінің қолы жетпейтін ең мықты оқу орнының студенті болдым. Аспирантура бітірдім. Кафедраның тарихында бірінші рет үш жылға жеткізбей қорғап кеттім. Өйткені, уақытынан кешіксем, қосымша уақыт бермейтінін түсіндім.

«АМЕРИКА» ЖУРНАЛЫ және ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУДІҢ ҚҰПИЯСЫ

Мəскеуде тек қана кітаптан бас алмай оқыдым деп өтірік айта алмаймын. Кəдімгідей ел қатарлы өмір сүрдім. Киноға да бардым, қыдыруға да үлгердім. Сол заманда «Америка» деген журнал шығатын. Жаппай сатылымда жоқ болатын, жасырын сатылатын. Негізінен елшіліктерде тарататын. Бізде оқыған шетелдіктер арқылы сол журнал қолымызға тиіп қалатын. Бірде осы «Америка» журналынан Ричард Никсон деген президенттері туралы оқыдым. Өте кедей отбасынан шыққан. Көшеде хот-дог сатып жүріп оқуын бітірген. Əйелі де орташа ауқатты фермердің қызы болған. Кейін Никсон Америка президенті болғанда журналистердің бірі: «Нью-Йорк көшелерінде газет сатып жүрдіңіз. Сол кезде президент боламын деп ойладыңыз ба?» – деп сұрақ қояды. Бұл сұраққа Ричард Никсон былай деп жауап береді: «Дəл президент боламын демедім. Бірақ, жоғары дəрежеге жететінімді білдім. Өйткені, мақсат қойғанда идеалистпін, ал оған жетуде реалистпін».

Кеңес Одағының кезінде бесжылдық жоспар деген болатын. Жоспар жасайды, соған жету керек, жетпей жатсаң да жеткізу керек. Ал Америкада мұндай жоспарлар болмаған. Олар мақсат қойып, соған жету жолындағы нəтижеге назар аударды. Соның арқасында бізді басып озып кетті. Кеңес Одағында керемет база болды, ғарышкер де ұшырды. Ал АҚШ «Джемини» деген бағдарлама жасап, тек жер серігін ұшырып қана қоймай, астронавт ұшыруды ойлады. Соған қол жеткізді де. Яғни, оларда тек мақсат қана емес, нəтиже де бар.

БІЗДІҢ ҒЫЛЫМҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫМЫЗ ҚЫЗЫҚ

Бұрын əлемнің көптеген елдерінде адамның пайда болуын дарвинизм ілімімен үйрететін. Қазір бір Жаратушы бар деп оқытады. Ислам дінін əлемнің мықты деген ғалымдары қабылдап жатқаны тегін емес. Өйткені, ғылым бəленбай жылда дəлелдеген дүниенің барлығы Құранда тұр.

Бірақ, біздің ғылымға деген көзқарасымыз қызық. «Миллиондап қаржы бөлініп жатыр, ғылым неге дамымайды?» деген көзқарас дұрыс емес. Біздің ғалымдарымыздың да шетелдің мықты ғалымдары мойындаған жаңалықтары бар. Оған ұзақ уақыт, ресурс керек. Бүгін ақша беріп, ертесіне жаңалық сұрау ғылымға келмейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға қарай ғылымға бөлінген қаражат ішкі

жалпы өнімнің 2 пайызына жететінін айтқан болатын. Бірақ, қазір бізде ол көрсеткіш төмен, 0,25 пайыз ғана. Салыстыру үшін айтсақ, Əзербайжанда қазірдің өзінде 1 пайыз, Еуропада 3 пайыздан жоғары. 2020 жылы 2 пайызға жетсек, онда үлкен серпіліс болады. Еуроодаққа кіретін елдерге қойылатын талаптар арасында «ғылымға бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің 1 пайызынан кем болмасын» деген тармақ бар. Өйткені, ғылымы дамымаған ел артқа тартуы мүмкін. Қазіргі жағдайымыз жаман емес, ТМД елдері арасында алғашқы бестікке кіреміз деп ойлаймын. Азия көлемінде Үндістаннан көп көрсеткіш бойынша алдамыз. Қытаймен, Жапониямен тең түсетін тұстарымыз бар. Сондықтан болашағымыз туралы тек жақсы болжам жасауға болады.

Жазып алған
Жұлдыз ƏБДІЛДА

«Ұлан» газеті, №34
22.08.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз