Ол кезде мен тоғыз-он жасар бала едім. Қыстың аязды күндерінің бірінде  біздің ақ саулық қоздады. Бірақ, сол күні өзі өліп қалды. Қозысы жетім қалды.

Қозыны үйге алып келген соң апам емізікпен сүт беріп, оны ауыздандырды. Артынан әбден тоңған қозының кеудесіне жылы тоқыма кигізіп қойды. Қошақанның атын «Аққозы» деп қойдық. Денесі шап-шағын әрі жеңіл еді. Көзі мойылдай қара. Жүні ақша қардай үлпілдеген аппақ, жұмсақ.

Бір жұмадан кейін Аққозымыз әлденіп, жүре алатын  болды. Қарны ашса, маңырап белгі беретін. Сүт дайын, біз таласа-тармаса жүгіретінбіз.

Көп ұзамай Аққозы ширап, бізбен ойнайтын халге келді. Көбінде жасырынбақ ойнаймыз. Қайбір бөлмеге барып жасырынып қалсам, иіскелеп іздейді. Жүргені қызық. Тұяқтары ағаш еденді тық-тық еткізіп таяп келе жатқаны сондай әдемі. Кейде бір орнында тұрмай, ары-бері  секіріп  кетеді. Сосын қайта бұрылып, алға ұмтылады. Саусағыңды ұсынсаң, сорпылдатып еме жөнелетінін қайтерсің! Сүтпен қоса пішәнәй, кәмпит берсек, соңымыздан қалмай еріп отыратын. Құйтақандай тілімен алақанымызды жыбырлатып жалайтын. Титімдей құйрығын жыбыр-жыбыр еткізіп, жамбасымызды түртіп-түртіп қоятын. Кейде шегініп барып бізді сүзетін. Әйтеуір ойыннан бір жалықпайтын.

Аққозы үйдегі адамдарды тегіс танып алған. Сырттан келе жатсақ,  құлдыраңдап шауып шығады. Әбден бауыр басып кетті.

Ол үйдің қой-ешкісіне қосылмайтын. Өріске шықпайтын. Жалғыз өзі бақ ішінде емін-еркін жүретін. Содан болар, тез жетіліп, қоң жинап, күннен-күнге марқая бастады.

Апам енді оған нанды сүтке жібітіп беретін болды. Содан да болар, ол апама ерекше үйір болып, әбден бауыр басып кетті. Екі елі қалмай егіс басына, қызылшаға бірге баратын. Шыжыған күн астында, апам арам шөп отап жүргенде, Аққозы арық жағасындағы көгалға жайылатын.

Бір күні үйге бір топ қонақ келді. Мал сою керек. Басқа мал өрісте, тым алыста еді. Қонақтардың көзі Аққозыға түсті. Ауылдық Кеңестің төрағасы  Шелтай әкеме:

– Бәке! Мал сойсаң, мына қозыны сой. Біз асығыспыз, еті жас, тез піседі әрі тіске жұмсақ, – деді.

Аққозы бір пәлені сезгендей жаңағы кісіге жалтақ-жалтақ қарап, маңырай  берді. Бейне оған жалбарынып, мұңын шағып тұрғандай еді.

Әкем амалсыздан Аққозыны союға ниет қылды. Апам дереу шыж-быж болып, араша түсті.

– Аққозыны сойма, басқа да мал жетіп жатыр ғой, – деді. – Балалар бауыр басып қалды, жылайды.

Бірақ әкем көнбеді.

– Болды. Үлкен кісінің көзі түскен екен, амал жоқ, – деді.

– Мал болғасын, сою керек, бұл – табиғаттың заңы, – деп қонақтар өзара кеңкілдесіп күлген болды. Күлкілері қандай тұрпайы еді десеңші! Маған бұл кісілер аш бөріге ұқсап кеткендей боп көрінді.

Ол кез бастықтардың сөзі жүріп тұрған кез болатын. Апамнан басқа, әпкелерім де, біз де өзімізді тоқтата алмай егіліп жыладық.

– Тек! Мал сойғанға бола жылай ма екен?! – деп әкем бізге ұрысып тастады. Дегенмен, өзінің де іштей қимай тұрғаны байқалды.

– Аққа жарымаған қозы мал болып жарытпайды, – деп бізді жұбатқан болды артынан.

Қонақтарға қатты ренжідім. Ренжігенім сонша, оларды күтуге де көмектеспей, үйден кетіп қалдым.

Содан бері көп уақыт өтсе де, ақ қозыны жиі еске алып, ол туралы балаларыма айтып отырамын.

Талдықорған қаласы

«Балдырған» журналы, №11
Қараша, 2018

 

 

9 ПІКІРЛЕР

  1. Ангиме оте унады. Оку барысында озим де оз балалык шагыма бир мезетке оралгандай асер алдым. Авторга шыгармашылык табыс тилеймин!!!(уялы телефонымда казакша ариптер жогына кеширим сураймын)

  2. Әңгіменің ішіне кіріп шыққандай болдым ғой.. еріксіз ауылым, балалық шағым есіме түсті) Өте әсерлі, шынайы әңгіме екен😢👍

  3. Əңгіме өте қатты ұнады.Балалық шағымдағы ақ қозы,қара қозыларым есіме түсіп, керемет əсер алып отырмын.Авторға қаламыңыз ұштала берсін демекпін.

  4. Аккозы ангимеси омирден шынайы алынган. Кылкаламыныз балаларга арналган ангимелер коп болуга тилектеспин

  5. Балалардың жүрегінен орын алатын шынайы жазылған əңгіме.Қаламың мұқалмай жақсы туындылар жазылсын.Шығармашылығың өрлей берсін

  6. Әңгіме қызық екен. Қазақылықтың иісі аңқып тұр. Әсіресе балконда өсіп жатқан қаланың балаларына оқу керек.мейірім, балалық таза көңіл қалай жаксы жазылған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз