Естеріңізде болса,  тəуелсіздік алған алғашқы жылдары дін мəселесін білген де, білмеген де жазатын. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардан бастап, əулие əмбиелеріміздің өмір-тіршілігіне қатысты кітаптар үсті-үстіне басылып шығып жататын. Оның дұрысы да, бұрысы да болды. Тіпті үлкен дауға айналған тұстары да жоқ емес еді. Осы тарапта аты дардай жазушымыз өз шығармасында бір жаңсақ пікір жазып қойып, кейіннен барша жамағаттан кешірім сұрағанына да куəміз.

Кейінгі кезде əлемдегі лаңкестік жағдайға байланысты Ислам дініне осқыра қараушылар бар. Өзіміз ұстанып отырған дін болғаннан кейін, мұндай жағдай бəріміздің жанымызға батты. Нəтижесінде қоғамымызда  дін жөнінде қызу пікірталас жүрді. Мемлекет басшысы да, үкімет орындары да, заң шығарушы органдар да, қоғамдық-саяси күштер де өз ұстанымдарын ашық білдірді. 

«Əлем елдері лаңкестікті бейбітшілік сүйгіш Исламмен теңестіруге жол бермеуі қажет», – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы лаңкестікті Исламмен байланыстыруды қолдамайтынын, жастарымызды мұндай əрекеттерден аулақ ұстау керек екенін ескертті.

 

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін ұйымдастырып, өткізіп жүрген ел ретінде мұндай пікір білдіруге толық құқылы екеніміз баршаға аян. 

Ал енді өз тақырыбымызға келер болсақ, кім қай жаста қандай нәрселерді білуі керек деген мәселе де алдан шығады. Әсіресе жас балаларға түрлі шарттарды таңып, қиын іске ертерек салып, уағыздан бас алдырмай тастау қалай болатыны еріксіз ойлантады. Үлкендердің өзі бір түсініп, бір түсінбей жүрген нәрселерді бас-көз жоқ төпей беру жас баланың санасына ауыр тиетінін енді біліп жатқан да жайымыз бар. Қайткенде де жас өскіннің алдымен көкірек көзі ашылып, ой-санасы біліммен толығып, оң-солын танып алғаны дұрыс деп ойлаймыз. 

Соңғы кезде әлгіндей қарқын біраз саябырсыды. Дін өкілдері жөніндегі өмірбаяндық кітаптар бірді-екілі ғана кездеседі. Басқасы басқа, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өнегелі өмірін де оқушы қауым ұмыта бастаған тәрізді. Осы орайда аудармашы Айнаш Қасым парсылық  Мохсен Хеджриден аударып, қолымызға тигізген Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың балалық шағы туралы деректі әңгімені құмартып оқыдық. Мұндағы баланың әкеге деген сүйіспеншілігі, ана мен баланың махаббаты, түрлі туыстық сезімдер бізді де тебірентпей қоймады. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ауыр да аянышты балалық шағы туралы бұл шығарма асқан ыждаһаттылықпен және ыстық ықыласпен жазылған екен. Оқып отырып, кейбір сезімге тиетін тұстарына келгенде көзімізге жас алғанымызды да жасырмаймыз. Өзіміз тұщынып оқыған дүниені жас оқырмандарымызбен бөліскенді жөн көрдік.

Есіктің алдында тұрып, алысты барлап, ернінің ұшымен маған түсініксіз бір сөздерді күбірлеп тұр. Тек құлағыма бір ғана таныс сөз естіледі: Мұхаммед…

Əмина мен жаққа бет бұрып:

«Шема! Қашан келеді деп ойлайсың?» деп сұрады.

«Ханым, алаң болмаңыз. Қазір келіп қалар. Енді бірер сағат шыдай тұрыңыз!» деймін.

Əминаның көзіне жас үйіріліп, терең тыныс алып: «Егер Абдолла тірі болғанда жағдай басқаша болар еді. Мұхаммедке сүт ана іздеген сол күндер есімнен кетпейді. Сəд əулетінің əйелдері Мұхаммедтің жетім екендігін естігенде одан бас тартпады ма!» дейді.

Əминаны жұбатып: «Бірақ, менің апам Халима оны бауырына басты ғой. Қазір неліктен өткенді еске алып, қамығасыз?» деймін.

Əмина сөзін сабақтап: «Мұхаммедті қатты сағындым. Шіркін, осы бірнеше сағат жел мен найзағайдай жылдам өте шыққанда ғой… Білесің бе, Шема? Сүйікті Мұхаммедім дүниеге келгенде бір көзіммен күліп, екінші көзіммен жылаған едім. Дүниеге сəби əкелген əр ананың бəрінен бұрын өзінің жан жарының есіктен еніп, құттықтап, перзентті өсіруде оны жалғыз тастап кетпейтінін айтып жұбатуын күтетіні белгілі емес пе?! Сен білсең ғой, Абдолланың сүйікті ұлының дүниеге келетінін күн санап, тағатсыздана күткенін! Егер бір жерге бара қалса, қиын сəтте жалғыз болмасын деп жылдам оралатын. Үнемі айтушы еді: «Əмина, аяғың ауырлаған күннен бері сенің жүзің өзгеріп кеткен. Нұрланып кеткендігің сондай, хордың қызы ма дерсің!»

Мен де назданып: «Өтірік емес қой!» дейтінмін.

Бірақ, Абдолла екеуіміздің жақсы күндеріміз ұзаққа созылмады. Абдолла сапарға кетіп, қайтып оралмады. Құрайыштың сауда керуенімен Шамға кетіп, қайтып келе жатқанда Йəсребке соғады. Анасының туыстарын көрген соң Меккеге қайтып келмек еді. Бірақ…

Əмина үнсіз калды. Оны өз ойымен оңаша қалдырып, үй жұмысын атқаруға кірістім. Мұхаммедтің оралуына дейін үйді əзірлеп қою үшін мен бірнеше күн ерте келген едім. Мүмкін бұл Əминаның қасында болатын соңғы күнім шығар. Содан кейін қайтадан үйіме қайтуым керек. Жұмыстарымды бітірген соң Əминаның қасына қайтып бардым. Бір сағат бұрын отырған жерінде бөлменің бұрышына қадала қараған күйде отыр екен. Оның көңілін ауламақ болып: «Ханым, перзентіңізге неліктен Мұхаммед деп ат қойдыңыз?» деп сұрадым.

Əмина күлімсіреп: «Бұл есімді атасы Əбділмүтəлеп қойды. Сүйіктім Мұхаммедтің дүниеге келгенінен атасы тез құлақтанып қойыпты. Үйге кірген соң менің хал-жағдайымды сұрап, Мұхаммедті өзімен алып кетті. Алдымен мені ұлымнан ажыратқалы жатыр екен деп ойладым. Өйткені, қасымда бұрынғыдай Абдолла жоқ еді. Атасы ретінде шешім қабылдайтын ерік Əбділмүтəлептің қолында болатын. Бірақ айналамдағылар: «Алаңдама, Əбділмүтəлеп балаңды Меккеге алып кетті» деп жұбатты. Сол күні Əбділмүтəлеп баламды Қағбаға апарып, сол жерде Мұхаммед деп атын қойған еді. Ол кезде мұндай есім арабтардың арасында өте сирек кездесетін. Сол себепті сəбидің атының сырын сұрағанда, ол: «Аллаға мəңгілік мадақ айтуы үшін немеремнің есімін Мұхаммед деп қойдым» дейтін. Содан кейін ол тездетіп Мұхаммедті өзіме қайтарып берді. Мұхаммедті құшағыма алған кезде барлық дертімді ұмытып кеттім.

Мұрныма Абдолланың иісі келді. Есімді жинаған кезде Əбділмүтəлеп көзі жасқа шыланып, сəбиім екеуімізге қарап тұр екен. Оның да Абдолланы сағынып жүргенін түсіндім. Сəлден соң Əбділмүтəлеп жүзі мейірімге толып: «Мұхаммедті емізуді ойлап, алаңдама. Жақын арада оған қарайтын сүт ана табамыз» деді.Кенеттен, Əмина сөзін бөліп: «Айтпақшы, Шема, анаң неліктен Мұхаммедті алмақ болып, қайтып келді?» деп сұрады.

Басымды төмен салып: «Білесіз бе, ханым… Соңғы бірнеше жылда Сəд əулеті қиын күндерді басынан өткерді. Қуаңшылық төрт тұяқ малымызды жалмап қойды. Жоқшылық, аштық əбден діңкемізді құртты. Анам: «Үйдің ер азаматының алдындағы жол жабылған кезде, сабыр мен қайрат арқылы əйел өз жолын ашады» деп айтушы еді. Сіңлім дүниеге келген кезде əкем: «Мынадай мүшкіл халде бала-шағаның қарнын қалай тойдырамыз?» деп налыды. Анам оған: «Қайғырма, бірнеше күннен кейін əулетіміздің əйелдерімен бірге Меккеге барып, асырауға бала алып қайтамыз. Мүмкін, осылайша қиындығымыздың түйінін шешерміз» деді.

Анам сол күндерді былайша еске алушы еді: «Меккеге жеткен кезде жақсы еңбек ақы алып, тұрмысымызды түзеп алармыз деген үмітпен емшектегі балалары бар үйлерге бас сұқтық. Бірге келген əйелдердің əрқайсысы бір-бір баладан алды. Бірақ, мен əлжуаз болғандықтан, ешбір ата-атаның көзіне ілінбедім. Тек Əбділмүтəлептің отбасы ғана баласын емізіп, асырауға ұсыныс жасады. Мұхаммедтің жетім екенін білгенде ішімнен: «О, Алла! Менің басымды тағы да не күйге салмақсың. Мен бұл жерге қиындықтан шығу үшін келдім. Үйдің ер-азаматы жоқ болса еңбек ақымды кімнен талап етпекпін!?» деп күйіндім.

Анам сол себепті Мұхаммедті алуға екі ойлы болып, көзі жасқа толады. Тағдырдың жазуы солай болды ма екен, Əбділмүтəлептен басқа ешкім анама сүт ана болуға ұсыныс жасамапты. Анам жағдайды байқаған соң, əкем Харестен: «Егер ауылға құралақан қайтатын болсақ, əйелдердің алдында абыройым төгілер. Мен Əбділмүтəлептің немересін асырауға келісемін. Сен не дейсің?» деп сұрайды. Əкем өз ризашылығын білдіреді. Мұхаммед біздің үйге осылайша келіп еді.

Ханым! Бірақ сіздің перзентіңіз біздің үйге келген соң қызық болды. Егер шындықты білгіңіз келсе, анам Халиманың сіздің сəбиіңізді алмас бұрын сүті тым аз еді. Сіңлім көбіне сүтке жарымай, аштықтан жылайтын. Анамның дəл сол күні Мұхаммедті емізбек болып құшағына алып, қуанып: «Құдайым-ай, мына баланың тəбеттеніп еміп жатқанын қарашы!» дегені əлі есімде. Анам Мұхаммедті емізер алдында бар болғаны бір кесе су ішкен болатын. Сол күні Мұхаммедтің қарыны тойды, одан кейін біраз уақыттан соң сіңлім де жеткілікті мөлшерде еміп, тынышталды.

Ханым! Мен сол күні анамның жанарына үйірілген жасты көрген едім. Ол Мұхаммедті сүйіп, əкеме: «Бұл бала өзімен береке əкелді. Алғаным қандай жақсы болған» деп қуанды.

Əкемнің күліп: «Омырауыңдағы сүтіңмен сенің тағы да бірнеше бала алуыңа болады» деген қалжыңына өз ойымен болған анам бір-ақ сөзбен жауап берді:

«Жоқ! Мен енді оны Меккенің ешқандай баласына ауыстырмаймын! Ол мен үшін өте қымбат!». Ханым! Шіркін, анамның Мұхаммедпен сөйлескен кезде қандай қуанып, балаға тəн дауысымен анама тіл қатқанын көрсеңіз, естісеңіз ғой! Мұхаммедтің анамның сүйіктісіне айналғаны соншама, тіпті кейбір кездерде қызғанушы едім.

Əлбетте, өзімнің де Мұхаммедті құшағыма алған кезде оның мейірімінің бойымды кернейтіні сонша, тілмен айтып жеткізе алмаймын. Сол кезде барып анамның Мұхаммедке деген сүйіспеншілігін түсінетінмін. Сіңлім Əниса екеуіміз анама көмектесетінбіз. Бірақ, Мұхаммедті құрғақтап, жуындыру көбіне маған жүктелетін. Ханым, қалай десем екен? Мұхаммедтің келуімен біздің үйіміз басқа бір күйге енді. Даладан шаршап оралатын əкемнің тамағын сумен жібіткеннен кейінгі алғашқы сұрайтын сұрағы: «Халима, біздің үйдің берекесі қайда?» болатын. Егер сол кезде Мұхаммед ұйықтап жатса: «Қымбаттым, қазір ұйықтайтын уақыт пе екен?» дейтін. Содан оятып алмас үшін, еппен қолынан сүйіп: «Неге екенін білмеймін, үйге келген кезде Мұхаммедті көрсем барлық қайғым мен қиындықтарымды ұмытып кетемін» дейтін.

Сəд əулетін қайран қалдырған нəрсе біздің қойларымызбен болған оқиға еді. Анам бір күні бізден: «Қойлардың желінінің сүтке толы екенін байқадыңдар ма? Əлде қойларды басқа жерге жайып жүрсіңдер ме?» деп сұрады. Інім Абдолла: «Бұрынғы жерге жайып жүрміз» деді.

Бізден көріп ағайындарымыз да көбірек сүт беру үшін өздерінің қойларын сол жерге апарып жаюға тырысатын. Бірақ, ешқайсының қойлары Харестің қойларына жете алмады. Қой төлдейтін уақыт жеткен кезде қойларымыз өткен жылмен салыстырғанда, көп төлдеді. Əкемнің Мұхаммедті «үйіміздің берекесі» деп жүргенінің себебі осы еді.

Анам Мұхаммедті есіне алғанда: «Мұхаммедтің көзі кірпіктерінің арасынан қараңғы түнді нұрландырып тұрған жарық жұлдыздай жарқырап тұратын» дейтін.

Мұхаммед жайлы əңгіме айтып отырып, Əминаны ұмытып кетіппін. Кенет, Əминаның бір орамалды иіскеп, күбірлеп отырғанын көрдім. Содан маған қарап: «Қарашы, Шема! Мынау – бауыр етім баламды құндақтаған алғашқы жөргек. Мұхаммедімнің иісі аңқып тұр… Қанша уақыт өтті оны көрмегеніме… Қазір қандай болды екен? Жүріп жүр ме? Сөйлей ме екен? Айтпақшы, Шема, анаң менің есімімді оған айтты ма екен? Ол мені ойлай ма екен? Шіркін-ай, осы түн көзді ашып-жұмғанша жылдам өте шықса ғой…» деді.

Ертеңінде таң шапағы қалаға нұрын шашқан кезде кенеттен анамның дауысы естілді:

«Ханым! Үйдесіз бе? Мен, Халимамын! Мұхаммедті əкелдім!»

Əмина қуаныштан есі шығып, есікке жүгірді. Мұхаммед анамның құшағында бұйығып жатыр еді. Алға ұмсынған Əмина дауысы құмығып: «Мұхаммед… Жаным… Мені таныдың ба? Маған келмейсің бе?» деп құшағын жайды.

Жиналып қалған көрші-қолаң анасын көп уақыт көрмеген бұл сəби не істер екен деп қарап тұр. Мұхаммед Əминаға сəл таңдана қарап, кенет, оның құшағына құлай кетті. Мұхаммедті иіскеп, еміренген Əмина көз жасына ырық берді. Анам оны жұбатпақ болып: «Ханым! Бала шошынып қалар, жыламаңыз! Кішкентай болғанына қарамастан, бəрін жақсы түсінетінін көрмейсіз бе?» деді.

Мұхаммед титімдей қолдарымен анасының жүзін сипай бастады. Сонсоң басын Əминаның иығына қойып, көзін жұмды.

Бір сағат өтпей, ұлдарымен Əбділмүтəлеп келіп жетті. Екі жасар бала емес, құрайыштықтардың үлкендерінің бəрі үйге келгендей болды. Бұған дейін Əбділмүтəлеп бірнеше рет сəдтықтардың ауылына барып қайтқан болатын. Сол себепті де Мұхаммед оны жақсы танитын. Есіктен енген оған Мұхаммед бал тілімен «Əке» деп қарсы жүгірді. Əбділмүтəлеп оны құшағына алып: «Жаным» деп мейірленді.

Əминаның көзі жасқа толды. Абдолланың орнының ойсырап тұрғанын ойлағанын түсіндім. Соны байқаған Əбділмүтəлеп Мұхаммедті еппен жерге түсіріп: «Неге жылайсың, келінжан? Бүгін қуанышты күн. Абдолланың ізбасары келді емес пе? Көзіне қарашы, тура Абдолланың көзіндей. Абдолламның бүгін қуанышты екенін білемін. Оның сүйікті Мұхаммеді сапардан қуанышпен оралды ғой!» деді.

Əбділмүтəлептің дауысынан толқып тұрғаны білінді. Оның Абдоллаға деген əкелік махаббаты шынында айтуға тұрарлық еді. Əбділмүтəлеп жүзін анама бұрып: «Е, Əбузуйибтің қызы, менің немереммен күн көрістерің қалай болды? Саған оны асырау қиынға соққан жоқ па?» деп сұрады.

Анам жауап берудің орнына өзіне сауал тастап: «Е, Хашеми əулетінің ақсақалы! Қандай қиындық? Керісінше, Мұхаммед үйіміздің берекесі болды» деді.

Əбділмүтəлеп күліп: «Оны алғың келмегені есіңде ме?» деді.

Анам: «Иə, райымнан қайтқаныма Аллаға шүкір деймін» деп жауап берді.

Əбділмүтəлеп: «Бір сағаттан соң маған кел, қалған ақыңды төлеп, есеп айырысайын. Біз сенің, отбасыңның бізге жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз» деді.

Анам сəл үнсіздіктен соң: «Мен Мұхаммедті өз перзентімдей жақсы көремін. Бірақ сізге шындықты айтқым келеді. Меккеде оба індетінің қаншама адамның өмірін қиғанын өзіңіз білесіз. Мұхаммедке де жұға ма деп қорқамын» деді.

Əбділмүтəлеп анамның сөзін бөліп: «Не дегің келіп тұр, Əбузуйубтің қызы? Мұхаммед науқасқа шалдықты ма?» деп сұрады.

Анам асығыс Əбділмүтəлептің сөзін бөліп: «Жо… Жоқ. Бірнеше күннен соң Мұхаммедті қайтадан өзіммен алып кетуге рұқсат сұраймын. Қалған еңбек ақым қажет емес…» деді.

Əмина анамның сөзіне араласып: «Бірақ, мен енді бұдан əрі төзе алмаймын. Абдолладан қалған жалғыз тұяқ Мұхаммедімді көзден таса ете алмаймын. Бұдан артық қалайша жалғыздық жүгін арқаламақпын?!» деді.

Анам Əминаға: «Бірақ, ханым, сіз үшін Мұхаммедтің амандығы маңызды емес пе? Жырақта болудың қандай қиын екенін түсінемін. Сізге оны Меккеге əкеліп, көрсетіп тұруға уəде беремін» деді.

Əмина əмірлі дауыспен: «Бұл жайында ойлануым керек. Мен Мұхаммедіммен енді ғана қауыштым. Қалған мəселе жайлы кейін шешім қабылдаймын» деді.

Анам Əбділмүтəлептің ойын білмек болып, оған көз тастады. Ол да біраз үнсіздіктен соң: «Меніңше, Əмина дұрыс айтады. Біз Мұхаммедті енді көріп тұрмыз. Біраз күн өтсін. Содан кейін дұрыс бір шешім қабылдармыз» деді.

Анам: «Өз еркіңіз. Рұқсат етсеңіз, Шема бірнеше күн сіздердің жаңдарыңызда қалып, Мұхаммедті қарауға анасына көмектессін» деді. Əбділмүтəлеп: «Егер келінім қарсы болмаса, мен қарсы емеспін» деді.

Мен Əминаға көз тастадым. Əмина: «Шема қалам десе, мен де қарсы емеспін» деді.

Бəрі қуанып кетті. Əсіресе, мен қатты қуандым. Өйткені, Мұхаммедтің қасында, Əминамен сөйлесіп, сырласатын боламын.

Мұхаммедтің үйге оралуымен Əмина дүниеге қайта келгендей болды. Есі шығып, Мұхаммедтің маңында көбелектей шыр айналды. Абдолланың ұлы үйдің ортасында былдыр-былдыр сөйлеп жүр. Кейбір кездерде ойынын тастап, Əминаны жана көргендей құшақтай алатын. Тағы бірде ол бізден басқа біреуді іздеп жүргендей сезілетін. Əлде əкесінің бос орынын сезе ме екен, əлде бұл бала басқа біреуді іздей ме екен?

Бір жолы Əмина: «Мұхаммедтің үнемі күліп, жайраңдап жүргенін калаймын. Неге екенін білмеймін, кейбір кездерде тып-тыныш болып қалады да, бұрышқа қарайды. Əкесінің жоқ екенін сезе ме екен?» деді.

Бірнеше күн өтті. Күн ұясына қонар кезде біреу Əбділмүтəлептің сүйікті немересін Қағбаға алып келсін деген сəлемін жеткізді. Əминаның айтысына қарағанда, Əбділмүтəлеп күнде ұлдарымен жəне хашемилік өз ағайындарымен Қағбаның маңына жиналып, əңгіме-дүкен құрады екен.

Сөйтіп, Мұхаммедтің киім-кешегі мен қажетті заттарын жинастырып, Əминамен бірге жолға шықтық. Қағбаға енген кезде Əбділмүтəлеп орнынан тұрып, бізді қарсы алды. Мұхаммедті құшағына алып, отырғандардың жанына барды. Онша қашық емес жерде тұрғандықтан, оның сүйікті немересін өзінің жанына, арнайы кілемге отырғызғанын көріп тұрдым. Осы бір кішкентай сəбиге ерекше құрмет білдіргені соншама, құрайыштықтардың үлкендерінің бəрі келді ме дерсің!..

Бірнеше күн өтті. Күн сайын Əбділмүтəлеп Мұхаммедті өзімен бірге Қағбаға апарып жүрді. Бірақ Меккеде басқа бір мəселе бар-ды. Ол оба дертінің дендей түсуі еді. Көбіне жас балалар шетінеп жатты. Көршінің баласы қайтыс болғанша Əмина таянған қатерді сезе қоймады.

Ол бұрынғысынша өз дегенінен қайтпай, Мұхаммедті қасында қалдырмақ болып, табандап тұрып алды. Бірақ көршінің баласының өлімінен кейін Əминаның есі шығып: «Шешең Халима рас айтыпты. Меккенің сүйікті Мұхаммедім үшін жақсы жер емес екенін сеземін. Бірақ алыста болғанына қалай шыдар екенмін?» деді.

Мен ештеңе демедім. Əмина бірнеше күн өзімен-өзі селқос жүрді. Тіпті, сүйікті ұлымен ойнауды да қойды. Кейбір кездерде уайымға батып, бөлменің бұрышында отырып қалатын кезде Мұхаммед қасына барып, қашан анасының жүзіне күлкі үйірілгенше ойнайтын. Бірақ қауіп бұлты сейілмеді. Əбділмүтəлеп те бұл қауіпті сезген еді. Сол себепті, ол бір күні ымырт үйіріле, Əминаның үйіне келіп, оның Мұхаммедті сəдтықтардың ауылына қайтару жайлы ойын білгісі келді. Мен ол кезде үйде емес едім. Əмина мен атасының бір-біріне не дегендерін білмеймін, бірақ тоқетері – Мұхаммед біздің отбасымызға қайтатын болды.

Бірнеше күннен соң əке-шешем келді. Кетер кезде Мұхаммед анасынан тағы да алысқа кететінін сезіп, мойнынан қапсыра құшақтап: «Тез келемін, жыламашы»… деді.

Мұхаммедтің тілінің тəттілігі сондай, тұрғандардың бəрі күлді. Тіпті, Əмина да риясыз бір күліп алды. Мұхаммед қайтадан сəдтықтардың əулетіне қайтты. Бірақ бұл жолы жан ашып, аяғандықтан емес, оны үлкен құрметпен алып кеттік. Əкем Харес пен анам Халима өздерінің тұрмыстарының түзелгендіктерін Мұхаммедтің арқасы деп білді.

Əмина менімен қоштасқанда: «Шема, осы бірнеше күн ішінде жақсы сырлас болдың. Егер мүмкіндік болса тағы да кел. Енді Мұхаммедке бас-көз бол деп тапсырмаймын» деді.

Мұхаммедті құшақтап, ата-анаммен бірге ауыл жаққа жол тарттық.

Жадымда Əминаның Абдоллаға деген махаббаты мен сүйіспеншілігі жайлы айтқан əңгімесі жаңғырып тұрды. Бəрінен бұрын осы пəк махаббаттың жемісі менің жанымда еді. Біз ауылға түйеге мініп қайттық. Түйенің шайқалған жүрісіне елтіген Мұхаммед анамның құшағында ұйықтап бара жатты.

Күн ұясына қонбай үйге жеттік. Үйдің жанында бізді күтіп тұрған сіңлім Əнисаны алыстан көзім шалды. Бізді көре салысымен ол шаттанып: «Құдайым-ау, не көріп тұрмын? Сүйікті бауырым қайтып келді!..» деп алдымыздан жүгірді.

Мұхаммед те Əнисаны көрісімен оған қарай талпынып, қолдарын созды. Осылайша, Харес отбасының жақсы күндері қайтадан басталды. Туыстардың əйелдері бір-бірлеп келіп, анаммен аман-саулық сұрасты. Сонда мен олардың көбінің: «Шіркін, сол жолы Мұхаммедті алғанымда ғой…» деп армандағанын көздерінен ұқтым. Өйткені, сəдтықтардың бəрі Абдолланың ұлы, Əбділмүтəлептің немересі – Мұхаммед Харестің отбасына береке əкелді десетін.

Күн артынан күн өтіп жатты. Біздің қонағымыз да күннен-күнге ақылды болып, ержете бастады. Үш жасқа толған кезде, ол біздің соңымыздан еріп, малға баратын. Əлбетте, кейбір кездерде шаршағанын байқасақ, оны бірден түйеге мінгізетінбіз. Ата-анамыз Мұхаммедке дұрыс қарамағанымызды біліп қойса, бізге əбден ұрсатын еді. Бізге қол ұшын беріп, мал қайыру үшін кішкентай таяқ жасап бердік. Бірақ онымен қойды ұрып-соққанын еш көрмедім. Керісінше, мал көрсе, олармен ақылы бар тіршілік иелеріндей тым мейірбан болатын.

Мұхаммед өз жасындағы балалармен салыстырғанда өте еркін сөйлейтін. Сəд əулеті арабтардың арасында шешен сөйлеу мəнерлерімен атақты болатын. Сол себепті анам Мұхаммедтің те солар сияқты еркін сөйлеуіне ерекше мəн беретін. Ол бізбен бірге мал жаюға барса, демалыс кезінде, өзімен-өзі болып, ойға шоматын. Басында ол отбасынан жырақта жүргендіктен қапаланып жүрген шығар деп ойлап, оны өзімше жұбатпақшы да болдым. Бірақ біртіндеп оның қайғыдан қапа болып жүрген адамға ұқсамайтынын байқадым. Балалармен ойнаған кезде көңілді болатыны соншама, оған қосыла бəріміз күлетінбіз.

Əкем үнемі «Мұхаммедке ауыр жұмыс жүктемеңдер» дейтін. Біз де оның айтқанын екі етпейтінбіз. Бірақ оның ешқашанда əлдебір сылтауды алдыға тартып, істен бас тартқанын көрген емеспін. Анам: «Егер біздің əулеттің барлық ер-азаматы Мұхаммедтей болғанда тұрмыстың тауқыметі қыздар мен əйелдердің иығына түспес еді» деуші еді. Анам дұрыс айтатын. Қыздары мен əйелдері ауыр жұмыс істеп жатқанда қабырғаның не ағаштың түбін саялап, бос əңгіме-дүкен құрып отыратын ер-азамат аз болмайтын. Уақыт өткен сайын Мұхаммедтің өз ісіне деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын байқайтынбыз. Біраз уақыттан соң əкемнің оған сенім артқаны соншама малға қарауды (Мұхаммедтің берекесімен Сəд əулеті ішіндегі ең үлкен отарға айналған малды) толығымен соған жүктеп қойды.

Сол уақыттың ішінде əкем Мұхаммедті анасы мен атасына көрсету үшін Меккеге бірнеше рет апарып келді. Бір жолы анамнан Мұхаммедпен бірге Меккеге мен де барып қайтайын деп өтіндім. Өйткені, Əминаны көргім келді. Бізді көрген кезде ол ерекше қуанып, Мұхаммедті құшақтап: «Қымбаттым, қалай өсіп кеткенсің? Анаңа қайтып келгің келмей ме?» деп сұрады.

Мұхаммед: «Сіз қашан кел десеңіз сол кезде қайтамын» деп жауап берді.

Əмина маған бұрылып: «Оба індеті жайлы жаман хабардың тиылғанына біраз уақыт болды. Енді мен Мұхаммедті ойлап, уайымдамаймын. Бірнеше айдан соң бес жасқа толады. Сол кезде оны Меккеге қайтарып алғым келеді» деді. Содан құлағыма ақырын сыбырлап: «Абдолланың аманаты ғой…» деді.

Əмина Абдолла дүние салған соң жалғыз-жарты күй кешті. Бір сырласы Абдолланың үй қызметшісі Имен ана еді. Сол кезде Уəһабтың сұлу қызына үйленгісі келген жігіттер аз болмады. Бірақ, бойын жары Абдолла пен перзенті Мұхаммедке деген махаббат кернеген Əмина бөтен біреу жайлы ойламайтын да.

Біраз күннен соң елімізге қайттық. Кеш батқан сайын əр күні ажырасатын уақыттың жақындап қалғанын сезетін едім. Бір күні Мұхаммед анама: «Апатай, мен сізді сондай жақсы көремін. Бірақ, анам жалғыз. Егер рұқсат етсеңіз мен Меккеге қайтамын» деді.

Анамның көңілі босап: «Өзің білесің. Бірақ, қымбаттым, біз үшін сенің орның ойсырап қалады ғой. Сағынған кезіңде бізді іздеп келіп тұр!» деді.

Сол күннің ертеңінде Мұхаммед əкеммен бірге Меккеге қайтты. Қоштасар сəтте бізге бұрылып: «Меккеге ат басын тірей қалсаңыздар, біздің үйге келіңіздер. Сіздерді қатты сағынатын боламын» деді.

Анам көзі жасқа толып, оны құшағына алды. Мұхаммед кеткен соң анам оның таяғын бөлменің бір бұрышына апарып қойған еді. Ескерткіш болсын деп сол таяқты мен өзіме алдым. Əмина бірнеше жылдан соң перзентін бауырына басып, сүйген жарынан қалған жалғыз ұлымен қайта қауышты. Біздің үйімізді бірнеше күн сағыныш пен көңілсіздік жайлады. Əйтсе де Мұхаммедтің орнын, оның мейірімін ешнəрсемен толтыру мүмкін емес еді. Анам: «Ең қызығы, бұл баланың тірлік, əрекеттері ересек адамдікіндей еді. Мейірімділігі, жауапкершілігі, əдептілігі жəне басқа қасиеттері… Құрайыштықтар мен Хашеми əулеті осындай перзенттерінің бар екендігін мақтаныш етулері керек» дейтін.

Мұхаммедсіз бір жылдан астам уақыт өтті. Одан еш хабар болмады.

Бір күні əке-шешеммен Меккеге жолға шықтық. Қалаға жеткен соң бірден Əминаның үйіне тарттық. Үйге жақындаған сəтте менің жүрегім дүрсілдеп кетті. Айтатын сөздерімді ішімнен жұптап, есікті тоқылдатқан кезде Мұхаммед ашады деп ойлап келем. Бірақ есікті Абдолланың қызметшісі ашты.

Анам: «Мен Халимамын. Əмина мен Мұхаммедті көрейін деп келдім» деді.

Анамды танитын Имен ана сөзге келместен бізді үйге кіргізді. Имен ана үйде жалғыз екен. «Қашан келеді?» деп сұрадым.

Имен ана жұмсақ үнмен:

– Кім? – деді.

Анам:

– Белгілі емес пе? Əмина мен Мұхаммедті айтып тұрмыз ғой – деді.

Имен ана жанарын бөлменің бұрышына бағыттап:

– Мұхаммед атасы Əбділмүтəлептің үйінде – деді.

Анам күліп:

– Аллаға мың да бір рахмет. Мұхаммедті ойлап, алаңдай бастап едім, деді.

Мен асығыс:

– Əмина да Мұхаммедпен бірге ме? – деп сұрадым.

Имен ана терең күрсініп:

–  Жоқ!.. Əмина… Абдолланы сағынып… одан əрі шыдай алмады. Бірнеше апта бұрын күйеуінің қабірін зиярат етпек болып Йəсребке кеткен. Бірақ… – деп, Имен ананың жүзін жас жуып кетті. Біз Əминаны енді ешқашан көрмейтінімізді түсіндік.

Құлағыма Əминаның үні естілді: «Бір түні үшеуіміз сол əдемі баққа ендік. Абдолла бақты көріп, қуанып, оның ортасына жүгірді. Содан жүре-жүре ағаштардың арасына еніп көзден таса болды. Абдолла келгенше ағаштың саясында дамылдадым. Біраздан соң қайтып келді. Содан екеуміз қол ұстасып, ағаштардың арасына бардық. Мұхаммед сол күйде, көздері жасқа толып бізге қарап отырды. Біз қайтып келсек, Мұхаммед кетіп қалыпты. Неге алаңдамағанымызды білмеймін. Күлген дауысын алыстан естігендей болдық…

– Мені естіп отырсың ба, Шема?…

Есімді жинадым. Анам: «Тұр, Əбділмүтəлептің үйіне барайық» деді.

Абдолла мен Әминасыз Мұхаммед қалай өмір сүріп жатыр деген ой мені мазалай берді. Әбдімүтәліптің үйіне жеткен кезде қараңғы түсіп кеткен болатын. Шарбақтың арасынан Мұхаммед бізді көріп қалды. Үн-түнсіз анамның құшағына енді. Оның қыстығып жылағанын бұрын көрмеп едім.

Сол түні оның қасында ұзақ отырдық. Əке-шешем Əбділмүтəлепке біздің үйіміздің есігінің Мұхаммедке ашық екендігін, егер рұқсат етсе, оны өздерімен ала кететінін айтты. Бірақ Əбділмүтəлеп: «Сіздердің Мұхаммедке сіңірген еңбектеріңізді ешқашан ұмытпаймын. Немеремнің өзіміздің жанымызда қалғаны дұрыс. Абдолла пен Əминаның жоқтығы қабырғамызды қайыстырады. Екеуінің көзі болып Мұхаммед қасымызда жүрсін» деді.

Сол күннің ертеңінде біз елімізге қайттық. Анам: «Осыншама қиындыққа душар болатындай күнəсіз сəби не жазды екен?» деп қайталай берді

Екі жылдан соң Əбділмүтəлеп дүниеден озды. Мұхаммедке бас-көз болу жауапкершілігі ағасы Əбутəлепке жүктелді. Анам жыламсырап: «Бұлбаланың көрер қиындығының шегі жоқ шығар…» деді.

Бірақ, қазір інімнің иығына түскен жүктің оны тек шыңдай түскенін байқаймын. Қағбаның Құдайы оның сабырын сынағысы келгендей. Мұхаммедтен кейін, жетім, панасыз қалғандарға оның көрген қиындығын еске алып, сабыр сақтауға шақырғандай…

«Ақ желкен» журналы, №3

Наурыз, 2017

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз