Бокс деген бекзада өнерді биік деңгейге көтерген таланттардың бірі Мұхаммед Əлидің дүниеден озғанына да бір жылдан астам уақыт болыпты. Өзі өлсе де, есімі спорт тарихында алтын əріптермен жазылып қалары анық.
Боксшы 75 жасқа қараған шағында АҚШ-тағы ауруханалардың бірінде көз жұмған болатын. Паркинсон дертімен 30 жыл күресіп, ерік-жігерін жоғалтпаған даңқты спортшы туралы жазуды жөн көрдік.
 Мұхаммед Əли 1942 жылы АҚШ-тың Кентукки штатының Луисвилл аймағында дүниеге келген. Оның балалық шағы оңай болған жоқ. Себебі, ол кезде нəсілдер арасындағы теңсіздіктер өршіп тұрған болатын. Қоғамда қара нəсілділердің дəрежесі өте төмен еді. Сондықтан болар, оны кішкентайынан қоғамдағы теңсіздік мəселесі қатты ойландырды. Ол басқалармен терезесі тең екенін дəлелдеу үшін мықты болуы қажет екенін түсініп, 12 жасында бокспен айналыса бастады. Жай ғана бокспен айналысу жеткіліксіз. Ақ адамдарға өзін мойындату үшін бокста бірінші болуға тиіс. Нəтиже де ұзақ күттірмеді. Біздің кейіпкер 18 жасында бокстан Америка құрлығы бойынша өз салмағында ешкімге дес бермейтін, №1 спортшыға айналды.
1960 жылы Италия астанасы Римдегі Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік туады. Бірақ, бапкерінің ұсынысынан Мұхаммед бас тартады. Өйткені, 18 жастағы бозбала ұшаққа отырудан қатты қорқатын. Ал Апенин түбегіне кемемен жету мүмкін емес. Жеке бапкері: «Олимпиаданы ұтсаң, елдің бəрі сенің сөзіңді тыңдайтын болады» деген соң ғана келісім береді. Оның өзінде əскери дүкеннен парашют сатып алып, арқасына байлайды.
Рим Олимпиадасында 81 келіде сынға түсіп қарсылас шақ келтірмейді. Финалға дейін Ивон Беко (Бельгия), Геннадий Шатков (КСРО), Тони Мэдиган (Аустралия) секілді боксшыларды ұтады. Ал ақтық сында өзінен 9 жас үлкен поляк Збигнев Петшиковскийді жеңіп, чемпион атанды. Марапаттау салтанатында екі жағында ақ нəсілді қарсыластарынан бір саты жоғары тұрғанына қатты қуанады.
Чемпионды Америка халқы құшақ жая қарсы алып, сый-сияпат көрсетеді. Алайда, туған қаласы Луисвилге келген кезде, ыңғайсыз жағдайға тап болады. Қаладағы мейрамханалардың бірінде тамақтанбақ болған кезде даяшылар қара нəсілділерге бұл жерге кіруге рұқсат жоқ екенін айтады. Тіпті, өзінің Олимпиада чемпионы екенін айтып, мойнындағы алтын медалін көрсетіп, кедей еместігін қанша түсіндірсе де кіргізбейді. Боксшы қатты ашуланып, Олимпиада ойындарында алған алтынын суға лақтырып жіберіпті.
Мұхаммед Олимпиада ойындарынан кейін кəсіпқой боксқа бет бұрды. Алғашқы жекпе-жегін 1960 жылы 29 қазанда өткізеді. Қарсыласы Танни Хансекер есімді боксшы болады. Оны техникалық нокаутпен ұтқан. 1964 жылы ақпанда əлем чемпионы Сони Листонды жеңгеннен кейін ислам дінін қабылдағанын мəлімдеді. Сондай-ақ, есімін де ауыстыратынын айтады (оның негізі есімі Кассиус Клей болатын).

Тілшілерге: «Кассиус Клей – құлдың аты. Менің құл болғым келмейді жəне өз атымды ауыстырамын. Енді мені Мұхаммед Əли деп атаңыздар», – дейді ол.
АҚШ-та Əлидің бұл қадамын қолдағандар көп болған жоқ. Тіпті, өзінің туған қаласы Луисвилде де оны қарғап жатты. 1967 жылы Əли Вьетнамдағы соғысқа қатысудан бас тартады. Бұл жағдай америкалықтардың ашуын келтірді. Осыдан соң АҚШ тұрғындары оны жек көре түсті. Боксшы соғыстан бас тартуын соғыстың əділетсіз жүргізіліп жатқанымен жəне өзінің мұсылман екенімен түсіндірді. Бірақ АҚШ билігі соғысқа бармаған боксшыдан оның барлық атағын тартып алады. Тіпті, шаршы алаңға да жолатпай қойды. АҚШ соты болса оны бес жылға бас бостандығынан айырады. Дегенмен, ол берілген жоқ. Даңқты боксшы билікпен соттасып, ақыры жеңіп шықты. Барлық чемпиондық атақтарын да қайтарып алды.
Мұхаммед Əли кəсіпқой бокста бірнеше кездесу өткізген. Оның Джо Фрейзермен болған кездесуі «Ғасыр жекпе-жегі» деген атпен белгілі. Жалпы, Əли мен Фрейзер шаршы алаңда үш рет жолыққан. Сондықтан олардың арасындағы тартысты жанкүйерлер «Əли мен Фрейзердің триллері» деп атайды. Екеуі 1970 жылы 30 желтоқ-санда «Мэдисон – сквер – гарденде» кездесті. Бокс тарихында алғаш рет ешқашан жеңілмеген бұрынғы чемпион мен бірде-бір рет жеңілістің дəмін татпаған қазіргі чемпион жолығады. Билеттер алдын ала сатылып кетеді. Жекпе-жек əлемнің 35 елінде тікелей эфирден көрсетілді. Триллердің алғашқы бөлімі Фрейзердің жеңісімен аяқталады. Осылайша, Əли кəсіпқой бокстағы тұңғыш жеңілісінің дəмін татты.
Арада төрт жыл өткенде екеуі қайта кездеседі. Бұл жолы Мұхаммед ұпай саны бойынша жеңіске жетеді. Таразы басы теңескен соң, келесі жылы аталған текетіреске нүкте қою қарастырылады. Жекпе-жек Филиппин астанасы Манила қаласында өтеді. Ел президенті Маркос 14 миллион доллар жүлде тігеді. Оның 9 миллионы Əлиге, қалғаны Фрейзерге бұйыратын болып келісіледі. Бұл кездесу «Маниладағы триллер» деген атау алды. Олар 14 раунд бойы жұдырықтасқан. Матч соңына қарай Джо Фрейзердің екі көзі мүлде ашылмай қалды. Сөйтіп 15-раундқа Джо шыққан жоқ. Себебі, ол да Əли сияқты бар мүмкіндігін салған болатын…
Осы үш кездесу əлі күнге дейін əлем боксының тарихында алтын əріппен жазулы тұр. Сондай-ақ, Леон Спинкс, Форманмен болған атақты жекпе-жектері де тарихтың қатпар бетінде жазылып қалары анық.
Оның бойы 192 сантиметр, салмағы 97 келі, сонысына қарамастан шаршы алаңда шапшаң қимылдай алатынына риза болмаған жан қалмады. Өз тəсілін «көбелекше ұшу, араша шағу» деп атады. 15 жыл бойы əлем чемпионы атағын ешкімге бермеді. Ол 61 жекпе-жек өткізіп, соның тек бесеуінде ғана жеңілген.
Ал жеке өміріне келсек, даңқты боксшы төрт рет үйленіп, жеті қыз бен екі ұлдың əкесі атанған. Солардың арасында үшінші əйелі – Вероника Порш Əлиден туған Лейлə есімді қызы ғана əкесінің жолын қуып, боксқа бет бұрды. Тіпті, орта салмақ дəрежесінде абсолютті əлем чемпионы да атанған. Ал 2011 жылы Лейлə Мұхаммед Əлидің басты қарсыластарының бірі болған Джо Фрэйзердің қызы Джеки Фрэйзер-Лайдпен бокстасып, жеңіске жетеді.
P.S: Мұхаммед Əли өзінің атын ауыстырған соң, Пайғамдардың есімін ұлықтаумен өтті. Голливудтағы Даңқ аллеясына Əлидің есімі жазылған жұлдызды қоймақ болғанда ол: «Менің есімім – соңғы Пайғамбардың аты. Пайғамбар есімінің табанның астында тапталуына рұқсат бермеймін», – дейді. Сол Даңқ аллеясында Мұxаммед Əлидің ғана жұлдызы қабырғаға ілінген. Ал қалған адамдардың есімі жазылған жұлдыз жерге төселген. Неткен ұлылық!
Осыдан төрт жыл бұрын да М.Əли паркинсон дертімен ауырып, ауруxанаға түскен еді. Сол кезде дəрігерлер Əлидің көп өмірі қалған жоқ деген болатын. Сонда ол бауыры Раxманға мүрдетасына Мартин Лютер Кингтің «Мен киімсізге киім беріп, аш жүргендерді тойдырғым келді» деген сөзін қашап жазуды қалайтынын айтқан екен.
Бек ТӨЛЕУОВ
«Ұлан» газеті, №42
17.10.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз