Алматыдағы №58 мектеп – қарапайым мектептердің бірі. Бірақ бұл мектеп «би болмаса да, би түсетін үй» дерсің. Өйткені мектеп ұжымы балалардың тəрбиесіне қатты назар аударады. Жастарға үлгі болатын адамдарды шақырып, дəрісін тыңдатып тұрады. Бұл жолы «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабековті қонаққа шақырған екен. Мұхамеджан ағаның оқушыларға айтқан əңгімесін «Гүлдəурен» айдары арқылы оқырмандарымызға ұсынуды жөн көрдік. Дəрістен гүлдəуренімізді қалай өткіземіз деген сұраққа жауап алғандай болдық.

– Кездесуге келе жатқанда, айтатын сөз көп болса да, не айтарымды ойладым. Іштей байлам жасадым. Өзім төрт қыз, бір ұл тəрбиелеп отырған əкемін. Үлкен қыз студент, қалғаны мектепте оқиды. Жалпы, соларға əке ретінде не айтып жүрмін? Соларға айтып жүрген сөзімді айтайын деп шештім. Сонда ғана шынайы əңгіме болады. Сіздер жастық шақ деп аталатын керемет кезеңде өмір сүріп жатырсыздар. Жастық шақ – ұйықтасаң ұйқыға, ішсең тамаққа, ойнасаң ойынға тоймайтын, энергияң тасып тұрған уақыт. «Жастық шақ өтіп кетеді, пайдаланып қалу керек» дегенді бəрі айтады. Бірақ кім соны қалай өткізіп жатыр, мəселенің бəрі сонда. Біреу əкемдей болайыншы десе, біреу əкемнің қателігін қайталамайыншы дейді. Енді бірі шешемнің қателігін қайталамайын дейді. Əркімнің көкейінде ешкімге айта алмайтын сыры болады. Қазір сіздердің жүздеріңізде əдемі сəуле, нұр бар. Сол сəулені ары қарай көпке шуақ шашатын жылуға айналдыру да немесе оны сөндіріп алу да өз қолдарыңызда. Қазақта «Түсі игіден түңілме» деген сөз бар. Қазір сіздерге қарап, ертеңгі күні ешкімге зиян тигізбейтін адамды көрем. Бұл ненің белгісі? Əрқайсыңызда бақытты болуға мүмкіндік бар деген сөз.

9-сыныпта менің тағдырым күрт өзгерді. Оған дейін сыныптастарым секілді біреуден ілгері, біреуден кейін жүрдім. Əкем ақын болған. Ертерек өмірден өтті. «Əкем өлең жазды ғой, мен де жазып көрейінші» деп өлең жаза бастадым. Ұйқастыра алатыным өзіме ұнай бастады. Өлең жазып жүргенімде бір күні жұмыстан келген аннам (ауылдың кітапханашысы еді) алғаш Наурыз мейрамының тойлануына байланысты айтыс жасайтынын, оған айтысатын адам таппай жатқанын айтты. «Мен шығайыншы», – дедім. «Сен айтыса алмайсың ғой», – деді. «Əуелі сахнаға шығарсаңызшы», – дедім. «Əжеңнен рұқсат сұра», – деді сонда. Əжем: «Ол күні мал кезек. Кезекті тапсыратын ешкім жоқ», – деді. Салым суға кетті. Сонда да дайындала бастадым. Үш күнде бір қойындəптердің жартысын толтырып тастадым. Велосипедім бар болатын. Соны көрші балаға күні бойы тебуге бердім де, орныма қой бақтыруға шығардым. Клубта айтыс болды. Қазыларға қарасам үш адам отыр екен, біреуі – шешем. Сол айтысқа төрт адам қатысып, бірінші орынды мен алдым. Менің бірінші орын алуыма шешем қарсы болыпты. Осы күннен кейін өмірім күрт өзгерді. Дипломымды алып үйге келгенде, əжем: «Əй, сен шынымен айтыстың ба? Мен сені жұмыстан қашып жүр екен деп ойласам», – деп батасын берді. Сол кезде Кеңес одағында жылымық болып, ыдырай бастаған. Жастық шағым сол сəтке тура келді. Ол кезде қазіргідей интернет, əлеуметтік желі жоқ. Бар білетініміз – кітап оқу, үлкендердің əңгімесін тыңдау, батасын алу. Əжемнің батасы, шешемнің дұрыс бағыттауы болмаса, өмірімнің қандай болып кететінін білмеймін. Қатарластарым шылым шеге бастаған кезде кітап оқып, жақсы-жайсаңдардың жанында жүрдім. Шынымды айтайын, өмірімде осы уақытқа дейін бір тамшы ішімдік ішіп, бір тал шылым шегіп көрмеппін. Бұл мен үшін зор мақтаныш. Қазір қарап отырсам, көп жерде жолым болған екен. Оқуда да, жар таңдауда да, бала-шағада да, айтыста да, кəсіпте де. Менің жолым неге болды десем, менде тазалық болған екен. Əжемнің тəрбиесімен бойымды да, ойымды да таза ұстаппын. Ешбір қызға қиянат жасамаппын. Əйел затынан қарғыс естімеппін. Сол кезде Құдай менің жолымды ашқан екен. Мектепте менен де жақсы оқыған, спортты серік еткен балалар болды. Бірақ тағдырлары дұрыс болмай, мен көрген нəрсенің бірін де көре алмады, ауылда қалды.

Өміріңнің маңызды он күні…

Қазір өмірлеріңіздегі ең шешуші кезеңде тұрсыздар. Бəріміз бақытты болғымыз келеді. Солай емес пе? Көктемде егін егуге қолайлы он күн бар. Күннің енді жылып, жердің қатпай тұрған кезі. Сол кезде диқандар егіндерін егіп, үлгеріп қалуға тырысады. Жер құрғап кетпей егіндерін ексе, күзде егін салады, жыл бойы тоқ болады. Ал үлгермесе, проблема. Сол сияқты сіздердің де өмірлеріңіздің он күні бар. Сол он күн бекерге өтетін болса, ары қарай тоқсанға келсең де, бақытты болуың неғайбыл. Он күн қай күн дерсіздер? Ол – 8-11-сынып аралығы. Осы кезде алданатын нəрсең көп болады. Түрлі ойындар шығады, əлеуметтік желіде сағаттап отырасың. Егер өмірде жолы болған адамдардың өмірбаянын оқысаңыздар, мектеп бітіретін соңғы төрт жылын дұрыс нəрсеге жұмсағандар екен. Қазір сіздерде əке-шешелеріңіздің мойнына артылғандай артық жүк жоқ. Олардың бала-шағаны асырау, ағайын-туыспен араласу, бір-бірінің көңілін табу деген сияқты мың сан жұмыстары бар. Сіздерде энергия тасып тұр. Осы кезде іргетастарыңыз мықты қаланса, ары қарай қарыштап кете бересіздер. Керісінше, тура осы кезде біреу шылым шеге бастайды, махаббат деген сылтаумен ар-ұятына жəй қарап қалады. Ата-ананы тыңдамай, сөз қайтару сияқты қылықтарды көрсете бастайды. Мектеп жасында түсік жасатуға да барады. Депрессияға түсіп, суицид те жасайды. Міне, осы кезде өмірде бақытты не бақытсыз болатындарыңыздың шешуші кезеңі басталады. Бүгін сіздерге бақытты ұрпақ болуға толық мүмкіндіктеріңіз бар екенін айғайлап тұрып айтқым келеді. Тек мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар. Баяғыда Қожанасыр үйінің ішінде отырып инесін жоғалтып алыпты. Үйден ары іздеп, бері іздеп, таппайды. Сосын далаға шығып, шөптің арасынан іздепті. Көршісі өтіп бара жатып не іздеп жүргенін сұрапты. «Инемді іздеп жүрмін» дегесін, іздеуге көмектесіпті.

– Қожеке, шамамен қай жерде жоғалтып едіңіз? – десе:

– Үйдің ішінде жоғалтқам, – депті.

– Үйдің ішінде жоғалтсаңыз, даладан неге іздеп жүрсіз? – дейді көршісі. Сөйтсе Қожанасыр:

– Үйдің іші қараңғы ғой, – депті.

Мұның мағынасы не? Көп адамның бақытты іздеуі Қожанасырдың ине іздегені сияқты. Бақыт – əке-шешенің ризашылығында, бақыт – жақсы оқып, жақсы маман болуда, бақыт – денсаулығыңды күтуде, бақыт – адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуда. Бірақ бақыттың қайда екенін біліп тұрсақ та, ол жақтан іздемейміз. Қожанасыр сияқты басқа жаққа уақытымызды жұмсаймыз. Ертеңгі күні тағдырымыз тығырыққа тіреліп қалса, кімнен көреміз? Тек қана өзімізден көреміз. Біріккен Ұлттар ұйымының мəліметінше, жер бетінде 700 миллион адам ертең не тамақ жейтінін білмейді екен. Қытайдың Шанхай қаласына 200 шақырым жерде судың үстінде өмір сүріп жатқан ауыл бар екен. Соған арнайы барып көрдім. Əр отбасының 17 метрлік қайығы болады. Ортасынан қақ бөлінген. Бір шетінде ұйықтайтын, тамақ ішетін жері болса, екінші жағында балық аулайтын шаруашылық заттары тұрады. Күнкөріс көзі – балық аулау. Сол жерде бала-шағалы болады. Мына қайықтағы ұл есейсе, келесі қайықтағы отбасының қызына үйлендіріп, қайық алып береді. Қайтыс болғанда, денесін суға лақтырып жібереді. Африкада пальманың астында дүниеге келіп, өмір бойы пальманың астында өмір сүріп, дүниеден өтіп жатқандар бар. Бұл қай кезде де болған, бола да береді.

Кеше өмірден өткен Шерхан Мұртаза аталарың: «Бізде балалық шақ болған жоқ. Іңгəлаған сəби болдық. Есімізді жия бергенде, жұмысқа салып жіберді. Екі ортада балалық шақ болмады. Əке-шешеге еркелеу, түске дейін ұйықтау, «мына тамақты жеймін, жемеймін», «мына киімді киемін, кимеймін» деген таңдау болған жоқ», – дейді. Шерағаңдар сол қиындықтың, сол еңбекқорлықтың арқасында Қазақстандағы ең мықты жазушы, абыз ақсақал болды.

Біз қазір қандай жақсы жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Жалдамалы пəтер болса да, сабақтан шыққан соң баратын жеріміз бар. Сабақтан кейін де жоспарлар бар: үйірмеге барасың ба, сабақ оқисың ба, аулаға шығып ойнайсың ба, өзің білесің. Айтайын дегенім, осы шешуші кезеңде мінездеріңіз қалыптасады. Қазір достарыңызбен тез тіл табыссаңыздар, 5-10 жылдан кейін ұжыммен де сыйласып жұмыс істесе алатын маман боласыздар. Қазір əлімжеттік жасап, əлсіздеу досыңды келемеждеп жүретін болсаң, үлкейген кезде де ортамен сыйыспайтын ұр да жық адам боласың. Арыңды, ұятыңды, намысыңды, жігеріңді жанитын осы кез. Абай атамыз өмірде не қызық көрмеді дейсің? «Қансонарда бүркітшы шығады аңға» деп саятшылық та құрған, «Көзімнің қарасы» деп ғашық та болған, «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» деп астына небір тұлпар да мінген. Ол кездегі тұлпар дегенің қазіргі заманның мықты джиптері ғой. Сол атамыз:

«Кеше бала едік, келдік қой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа,

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Дүниеде не қызық бар одан басқа», – деп түйіндейді өмір мəнін. Мұсылман болсын, басқа болсын, адамдардың бойындағы жақсы қасиеттерді бағалау керек. Біреуге жасаған қиянатың күн айналмай алдыңнан шығады немесе ұрпағыңның алдынан шығады.

Адамның көңіліне қарап сөйле…

9-сыныпта Берден Байқошқаров деген кісі кеңшар директоры болып келді. Ол кісі Дінмұхаммед Қонаев атамыздың жақын туысы екен. Ауыл арасында ылғи мені ертіп жүретін. Өлең құрайтын, əн айтатын өнерім бар ғой енді. Бір күні Алматыға Қонаев атамызға сəлем беруге барамыз деп ертіп алды. Атамыздың үйіне «Ассалаумағалейкүм» деп кірген кезімде: «Уағалейкүмассалам! Ел аман ба, балам? Ел қалай?» – деді Димаш ата. 9-сыныптың баласына елдің проблемасының не қатысы бар деп ойладым сол сəт. Бірақ сол сөз мені қатты өзгертті. «Ел қалай?» дегені елдің баласы бол дегені екен ғой. Сол кездесуден кейін айналама басқаша қарай бастадым. Бұрын ұлдарға тиіскім келіп, қолым қышып тұрса, қыздарға жымыңдап қарайтын болсам, осыдан кейін бауырым, қарындасым деп қарайтын болдым. Осы сəттен бастап Құдай менің дəрежемді көтерді. Мектеп бітіргенде Қазақстанның кез келген университетіне түсуге грант болды. 1991-92 жылдары бірінші рет Қазақстан шетелге студенттерді жіберіп оқытуды бастады. Мені соған да жібермекші болды. Мырзатай Жолдасбеков ағамыз ол кезде вице-премьер еді. Кабинетіне шақырып алып: «Шетелге барма, ақындығың жойылып кетеді. Елде бол. Қай университетке түсем десең де, таңдау өзіңде», – деді. Сөйтіп ҚазМУ-дің филологиясын таңдадым. Мектеп бітіргенде ҰБТ тапсырасыздар. Кейде ол туралы шектен тыс уайымдап кетесіздер. Өміріміз соған тіреліп тұрғандай көрінеді. Уайымдағанша, əрекет ету керек. Тағдырың ҰБТ-ға тіреліп тұрған жоқ. Мектепті алтын медальмен бітірген баланың біреуді өлтіріп қойғанын ақпараттан естіген боларсыздар.Бұл нені білдіреді? Əл-Фараби атамыз: «Тəрбиесіз берілген білім қауіпті», – дейді. Абай атамыз: «Қандай да бір ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сыясың», – дейді. Əлихан Бөкейханұлы атамыз: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», – дейді. Мінез деген орыс тілінде айтылатын «характер» емес. Мінез деген – ішкі байлық, тəрбие. Ата-анаңнан, мұғалімдерден алған тəрбиең ортамен тіл табысуға жарамаса, онда тəрбие көрмегенсің. «Мен бетке айтамын, орысмінездімін. Сондай болсам қайтем» дейтіндер бар. «Бетке айтамын» деп біреуді ренжітіп, досымызды дұшпанға айналдырып жатамыз. Адам əділетті болу керек, шындықты айту керек, бірақ кісінің де көңіліне қараған жөн. Абай атамыз:

«Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Біріңді бірің ғиззат, құрмет тұтқын,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып», – дейді. Əке-шешеңе, ұстазыңа, бауырларыңа, достарыңа сөйлегенде көңіліне тиіп, жанын жаралап алмауды ойласаңыздар, бақытсыз болып қалмайсыздар. «Қашанғы елдің көңіліне қараймын? Ол неге менің көңіліме қарамайды? Қашанғы мен оны түсіне беруім керек?» деп ойлаймыз кейде. Мұхтар Əуезов аталарың: «Ит сені қапса, сен итті қабасың ба? Онда аузыңда не қасиет қалады?» – дейді. Өмір бақытты жəне бақытсыз болатын адамдардан тұрады. Бақытты болғың келсе, кешіре біл. Ең бастысы, жүрегіңді кірлетпе. Сөмкеңнің ішіне қоқыс салып жүрмейсің ғой. Оның ішіне ең қажетті деген нəрселер ғана сыяды. Одан артыққа орын жоқ. Сол сияқты жүрегіңе өкпе-ренішті толтырып алсаң, оған ертең мейірім, жомарттық, түсіністік сияқты қасиеттер сыймай қалады.

Өмірде бақытты болатын адамның төрт сипаты бар:

  1. Біреуге жақсылық жасаса, оны тез ұмытуға тырысады.
  2. Біреуді ренжітіп қойса, соны ұмытпайды.
  3. Рухани нəрседе тек қана алдына қарайды. Жақсылардан үлгі алып, сондай болуға тырысады.
  4. Материалдық жағдайда артына қарайды. Мысалы, «Құдайға шүкір, менде екі костюм бар, онда бір костюм ғана» деп тəубеге келеді.

Бақытсыз болатын адамның төрт сипаты:

  1. Рухани нəрседе артына қарайды. «Анау нашақор боп кетті. Мен темекі ғана шегем ғой» деген сияқты салыстырумен жүреді.
  2. Материалдық мəселеде алдына қарайды. «Пəленшенің үйі бар, менің əлі үйім жоқ», «Анада айфон бар, менде əлі самсунг» деген сияқты жарысып өмір сүреді. Дүниені қусаң жете алмайсың.
  3. Біреуге жақсылық жасаса, өмірі ұмытпайды.
  4. Біреуге жамандық жасап қойса, соны тез ұмытып кетеді.

Ертең-ақ сіздер бойжетіп, ержетіп, басқа ортаға барасыздар. Қаншама жақсы жігіттер бар, əйелі жаман болғандықтан басы есікте жатыр. Небір алтындай қыздар болған, күйеуі жаман болғандықтан жасына жетпей қартайып кетті. Өмірде жолың болуы үшін осы төрт қасиет өте маңызды.

Мамандық таңдағанда нені ескеру керек?

Мамандық таңдаған кезде ойланыңыздар. Мысалы, журналистиканы жүргізушілік деп қарамаңыздар. Кез келген актрисаны, əншіні əдемі киіндіріп, бояндырып, эфирге шығара беруге болады. Журналистика, Шерхан Мұртаза аталарың айтқандай, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» ауыр мамандық. Əсіресе, қыздар отбасында уақытты көбірек өткізетін мамандық таңдағандарыңыз абзал дер едім. Баяғыда журфакта декан болған Т.Қожекеев деген аталарыңыз болған. Сол кісі қыздардың журналист болуына қарсы болыпты. Қыз баланың уақыты үйде көбірек өтсе, бақытты болады. Əйелдің еркіндігі – əкенің, ағаның, бауырдың, күйеудің қамқорлығында. Мамандығың жеке басыңның бақытына зиян келтірмеуі керек. Жігіттер, айналып келіп, заңға, экономикаға, журфакқа түсе беруді қою керек. Одан гөрі нақты кəсіптің иесі болыңыздар. Бастық болуды емес, қоғамға қажетті маман болуды ойлаңыздар. Шетелден көшіп келген Самғау деген жігіт бар. Астанада тұрады. Əкесінен етік тігудің екі-ақ тігісін үйренген екен. Ол соны кəсіпке айналдырды. Базарда 40 мың теңге тұратын аяқ киімді 15 мыңға тігіп сатқан. Танымал адамдарға аяқ киім тігіп, өзінің жарнамасын жасаған. Соңында Елбасына аяқ киім тігіп, ол президентке қатты ұнаған. Сөйтіп Елбасы Ақордада Самғауды қабылдайды. Қазір Астанада Самғаудың аяқ киім тігетін үлкен цехы бар. Бес жыл бұрын сол жігітті ешкім білмейтін еді. Міне, кəсіп игеру деген осы.

«Жамбылдың жастық шағы» деген фильмде ойнадым. Соны түсірген Қанымбек Қасымбеков деген режиссер мынадай əңгіме айтып еді. Ол кісі Мəскеуде ВГИК-те оқыған. Қанымбек ағаның оқуға түсуге бір балы жетпей қалыпты. Басы салбырап, не істеймін деп келе жатқанда алдынан бір танысы шығыпты. Оқудан құлағанын естігенде ректорға кіру керек екенін айтыпты. Таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін ректордың есігінің аузында қарауыл болып күтіпті. Қазір көбіміздің бұлай күтуге шыдамымыз жетпейді. Ал Қанымбек аға күткен. Ректор шыққан кезде сəлемдесіп, бар орысшасымен жағдайын түсіндірген. Ректор баланың басынан-аяғына шейін бір қарап шығыпты да, оқуға қабылдатыпты.

Бес жылдан кейін диплом алып, рақмет айтуға ректорға кіріпті. Сонда: «Не үшін мені оқуға қабылдадыңыз?» – деп сұрапты. «Бəтіңкең үшін. Сен туралы маған ешкім ештеңе демеді. Бірақ мен сенің бойыңнан жақсылық іздедім. Бастан-аяқ қарасам, аяғыңа ескі бəтіңке киіп алыпсың. Атаңның соғыстан киіп келген ескі бəтіңкесін айнадай жылтыратып қойыпсың. Сол кезде мынау құндылықтың қадірін білетін бала ғой, жоқтан бар жасай алады деп ойладым. Жауапкершілігіңді солай байқағам. Қателеспеппін», – депті. Міне, бір адамның тағдырын бəтіңкесінің тазалығы шешіп кеткен. Əрбір сөздеріңіз бен іс-қимылдарыңыз тағдырларыңызды шешеді. Аяқ киімді тазалап жүру – өзіңді сыйлау. Өзін сыйламаған адам біреуді қадірлеп жарытпайды. Біреуді əке-шешесін, мұғалімін сыйламайтын бала екен деп жатады ғой. Сол кезде оның əке-шешесін, мұғалімін емес, баланың болашағын ойлаймын. Ол өзін сыйламағандықтан өзгені де сыйлай алмайды. Проблемадан қашып құтылма, шешіп құтыл. Кез келген жерде мінезі нашар адам кездессе, онымен ұрсысып құтылма, тіл табысып құтыл. Өйткені келесі жерде тағы мінезі нашар адаммен кездескенде онымен тіл табысу оңайырақ болады. Бұл ортада мінезі нашар адам бар болса, келесі ортада мінезі нашар адам бар. Оның бəрімен ерегісіп, ат құйрығын үзісе берсең не болады?

Адамда арман мен мақсат болады. Осыны ажыратқан адам жеңіске жетеді. Арман деген отты тұтататын тамызық сияқты. Арман ешуақытта адамның өмірін жылытатын отын болмайды. Арман тек өзіңді оталдырып жіберу үшін керек. «Шіркін, анамды Лондонға қыдыртсам, бала-шағаммен Парижге барсам» деп армандауы мүмкін. Бірақ сол арманның орындалуы үшін не істеп жатыр? Оны жүзеге асыру үшін мақсат керек. Ол үшін тіл оқы. Тіл оқымасаң, шетелді қалай аралайсың?

Қыздың ары – жігіттің намысы

Қазақтың жігіттері қыздарға құмарлықпен қарамаса екен деймін. Əр нəрсенің өз орны бар. Өліп бара жатсаң үйленесің. Əр қыздың тағдырымен ойнау – өз тағдырыңды быт-шыт ету. Қыздың көз жасынан, мұңынан артық жігіттің жолын байлайтын нəрсе жоқ. Мен деген талай жігіттің жолы қыздың көз жасынан байланған. Қызға бет-жөні жоқ ұсыныс жасап, тағдырымен ойнай бермеңіздер.

Қыз балалар Инстаграмға фильтрлерді қолданып, неше түрлі суреттерді салады. «Далаға етті жайып қойып, неге мысық жеп кетті?» деп ренжіме дейді. Сол сияқты өздеріңізді жарнамалап алып, неге мен алданып қалдым деп ойламаңыздар, қыздар. Ешқандай брендтерді, трендтерді білмеген аналарымыз өмірге мыңжылдық тұлғаларды алып келді. Соның бəрі тазалықтың арқасында. Алла тағала ұрпақтың берекесін əйелдің алтын құрсағына, пəктігіне байлап қойған. Ал еркектің мықтылығы – қызға қиянат жасамауында. Еркектің намысы – қыздың арында.

Әке-шешенің батасын алмаған адам – өмірдің жотасын алмайды

Мектептің аттестатын алмас бұрын, университеттің дипломын алмас бұрын алынатын аттестат пен диплом бар. Ол – ата-ананың, үлкендердің батасы. «Əке-шешенің батасын алмаған адам өмірдің жотасын алмайды» дейді қазақ. «Ата-анам маған пəленшенің əке-шешесіндей жағдай жасамады» деп ренжулеріңіз мүмкін. Егер сен жақсы адам болсаң, ішіп кеткен əкеңді жөнге салуың мүмкін, бақытсыз шешеңді бақытты қылуың мүмкін. Елдің балалары сияқты лагерьге бармадым. «Сатурн» деген велосипедті алу үшін бес жыл кеңшардың қара жұмысын істедім. Бірақ ол үшін ата-анама ренжімеймін. Олар мені жоқтан бар жасады. Шешем омырауындағы сүтін, əкем бойындағы қуатын берді. Мойнына салып көтеріп өсірген əкеміз хабарласса, көбіміз тұтқаны көтергіміз келмейді. Өмірде көрмеген қызығы, бармаған жері жоқ бір адамнан: «Көп жерді араладыңыз. Ең керемет жер қай жер екен?» – деп сұрапты. Сонда: «Өмірде ең қауіпсіз жер – анамның құшағы, ең биік жер əкемнің желкесі екен», – депті. Ата-ананың өмірге əкелгендегі ақысын қайтара алмаймыз. Ата-анаң дінін сатып кетсе де, оны құрметтеуің керек. Құдайға шүкір, ата-анамды жылына екі рет санаторийге жіберем, екі жыл сайын астындағы мəшинесін ауыстырып берем, барам десе жыл сайын қажылыққа жіберем. Өйткені мен кəсіп істеп отырмын. Оны əке-шешеме жұмсамағанда, қайда жұмсаймын? Казиноға бармаймын, арақ-шарап ішпеймін. Құдайдың алдындағы ең қабыл болатын тілек ата-анама жақсылық жасасам деген ниет екен.

Дайындаған
Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №45
6 қараша 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз