Мұғалімнің оқушы алдындағы беделінің артуына тікелей ата-ана себепші болуы керек. Әр мектепке барған сайын осы ой басымызға келе береді. Үйде ата-ана: «Сабақта тыныш отыр. Мұғалімнің айтқанын тыңда. Мұғалімдікі дұрыс», – деп үнемі айтып отырса, ата-анасының сөзінен асып кете алмасы анық.

Бұл мақаланы жазуымызға бір шағын оқиға себеп болды. Бастауыш сыныпта сабақ беретін мұғалім оқушыларына әлдебір шараға дайындалу үшін үйден бір-бір зат ала келуін сұрайды. Үйіне барып, мұғалімінің тапсырмасын айтқан оқушыға анасы: «Осы сенің апайың оттамасыншы!» – деп қойып қалады. Ертесінде «қане, кім, не әкелді?» деген мұғалімге оқушы қыз: «Мамам «апайың оттамасыншы» деп айтты», – деп қарап тұрады.

Қалада мұғалім болып істейтін туысым: «Дұрыс телефон алмасам болмайтын болды. Оқушыларым мазақтайды», – деп безек қағып жүр. Кешігіп келген оқушыға «Неге кешігесің?» деп айтуға болмайды. Өйткені, бір сағаттан кейін жүрегі ауырып жатуы мүмкін. «Салпылдақ сырға тақпа, тырнақ бояма» деп мүлде айта алмайды. Өйткені «оқушының құқығы тапталып жатыр» деп жұрт шулап қоя береді. Мұның бәрі оқушының санасында мұғалім туралы теріс пікір қалыптасқанынан. Мұғалімнің ең қадірлі адам екенін түсіндірудің орнына: «Осы апайыңды қойшы, ылғи шашы май-май болып жүреді», «Соны айтқан апайыңның өзі сауатсыз», «Апайларыңның түсінігі мектептен шықпай қалған» деген сөзді жиі айтады. Мұны естіген бала мектепке келгенде апайының тырнағына, шашына, киіміне көзі түсіп, менсінбеушілікпен қарай бастайды. Өмірде киім де, қымбат телефон да емес, білім маңызды екенін ұмытады. Сосын үлкен өмірде де әркімнің түріне, дүниесіне қарап бағалайтын адам болып қалыптасуы да ғажап емес. Мұғалімнің қылығы ата-анаға жақпаса,  ешкім жоқ жерде оңашада сөйлесіп, мәселенің басын ашып алса, жетіп жатыр емес пе?! Оқушының көзінше ұрсып, тіпті жанжалдасып жатса, екі жаққа да абырой емес.

Мектепте жаңа барған балаға ата-анасы: «Мұғалімдікі дұрыс! Айтқанын тыңда, мұғалімді сыйлау керек» деп отырса, бүгінде мұғалімнің беделі туралы әңгіме болмас еді.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз