Бізде балаларға арналған «Балапан» телеарнасы бар. Оны ары кетсе тоғыз-он жасқа дейінгі бала көреді. Басқа телеарналарда сериалдар мен ток-шоулардан көз сүрінеді. Ал ортада қалып қойған мүшел жастың ар жақ бер жағындағы жасөспірімдерге ұсынар ештеңеміз жоқ екен. Оларды елеп, ескермейді де екенбіз. Бұл буынға проза да, поэзия да, əн де жоқ. Тіпті, оларға мүшел жаста екенін айтып, бұл жастың қасиеті мен маңызын да түсіндіріп əуре болмаймыз. Ал қазақта мүшел жас қалай бағаланушы еді? Қалай тойланушы еді? Оны «Алғашқы мүшел» жобасының авторы «Тайжарыс талант» қоғамдық қоры есімізге салды.

Он үшке толып, мүшел жасқа қадам басқан ұлдарға қамшысын ұстату, қыздарға арнайы сыйлығын беру – ата-ана мен туыстың парызы. Қазақ – мүшел жасты өте көп дəріптеген халық. Бұрын бала алғашқы мүшелге келгенде əке-шешесі нағашысына жіберетін болған. Нағашысы «жиен келе жатыр» деп мал сойып, тай-құнанын мінгізген. Ол заманда мүшел жастың жөні бөлек болғаннан да «Он үште отау иесі» деген сөз қалыпты. Сонда нағашысына жігіт бəсіресін алып кетуге ғана емес, қыз қарауға да барады екен. Ұнатқан қызының басы бос болса, сырға салып қайтқан.

Өткен аптада №92 Махатма Ганди атындағы мектепте осы қордың ұйымдастыруымен «Мүшел жас» атты шара өтті. Оған Атырау мен Маңғыстау өңірінен биыл он үш жасқа қадам басқан балалар арнайы шақырылды. Олармен бірге ата-аналары да келді. Шараның мақсаты – баланың мүшел жасқа толғанын тойлау арқылы оның ержеткенін ұғындыру. Шара барысында психолог Гүлзат Телғазиева залда отырған балаларға бұл жаста өзін қалай ұстағаны жөн екеніне кеңес берді. Ал шебер Ержан Жабалғиев əр қазақтың үйінде домбыра мен қамшы тұру керектігін айта келе, қамшы өруден шеберлік сабағын өткізді. Мүшелге келген ұлдарға деп бірнеше қамшысын сыйға тартуды да ұмытпады.

Бұл – мүшел тойдың «бісміллəсі». Келер жылдың қаңтар айында республика деңгейінде мүшел жастағы балалар ата-анасымен қатысатын үлкен шара өтпек. Оған медицина мамандары, психологтар, қолөнер шеберлері, қаржыгерлер мен нумерологтар шақырылмақ. Қаржыгерлердің айтуынша, мүшел жасқа толған балаға банктен есепшот аштырып, болашағына қаржы жинай бастау керек екен. Психологтар ата-аналарға баламен əңгімеде қай нəрселердің ашық айтылып, қайсының əңгіме болмау қажеттігімен бөліседі. Ал қолөнер шеберлері ұлдарға ат əбзелдерін жасауды, қыздарға кесте тігуді үйретеді.

Бұл туралы Қазақ радиосының жүргізушісі, «Тайжарыс талант» қоғамдық қорының президенті Гүлбағыш Бостан айтып берді:

– Мүшел жасты тойлау идеясы туралы республика деңгейінде сауалнама жасап көрдік. Нəтижесінде, бəрінің ықыласы бар екенін білдік. Дəл қазір ешкім тойламаса да, мұндай бастаманы қуана қолдайды. Статистикаға сүйенсек, адамның суицид жасауы дəл мүшел жасқа келгенде жиі кездеседі екен. Нумерологтардың айтуынша, əр он екі жыл сайын ғаламдық өзгерістер орын алады. Мүшелге толған баланың айналасында, көзқарасында өзгеріс болатыны өз алдына, миындағы нейрондары да өзгеріске ұшырайды екен. Сол кезде бала бірде өзін-өзі ұстай алса, енді бірде ашуланып, күйгелектеніп, өз-өзінен тұйықталып кетеді. Баласының бірден есейіп кеткенін көрген ата-анаға да көмек керек. Кеше ғана кіп-кішкентай болып еркелеп жүрген баласының аяқ астынан қылық шығарып, мінез көрсеткеніне шыдамай, қол көтеріп, ұрсып жіберетін немесе бала назардан тыс қалып кететін жағдайлар бар. Мүшел тойдың мақсаты да ата-аналарға енді баласы жай бала емес, өзінің қолғанаты, жанашыры мен сырласы екенін ұқтыру.

Балаларға үлкен өмірге қадам басқанын түсіндіру. Бұл бастаманы жеке кəсіпкерлер қолдап отыр екен. Мүшел жас тойы жыл сайын тойланар болса, қазақтың бір дəстүрі қайта жаңғырар еді, –  деді Гүлбағыш апай.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №41
10.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз