Əлеуметтік желінің зияны туралы жиі айтамыз. Бірақ оның пайдасы да жоқ емес. Мəселен, соның арқасында талай таланттардың өнерімен танысып, реті келсе төрге де оздырдық. Жуырда əлеуметтік желі тағы да бұрқ етті. Қытайдағы əн байқауында Димаш орындаған əнді қаршадай бала орындаған екен. Ресейлік əнші Витастың əйгілі «Опера 2» əнін кішкентай талант дауысын əудем жерге жеткізе орындады. Оның өнеріне сүйінген жұрт бірден «Димаштың ізбасары» атап, жергілікті ақпараттық порталдар сүйіншілей хабарлап жатты. Біз де ол батырды іздедік. Тауып алдық та, əңгімеге тарттық…

Ұлан: Мəди батыр, өзіңмен толығырақ таныссақ…

Мəди: 2005 жылы 14 шілдеде өмірге келдім. Қазір Жезқазған қаласында №1 мектепте 5-сыныпта оқып жатырмын.

Ұлан: Бұл сұхбатқа себепші болып отырған интернет желісіндегі сенің əнің. Ол жаққа қалай шығып кетіп жүрсің?

Мəди: Əн айтумен қатар дзюдомен де айналысамын. Бірде жаттығудан шыққан кезде əн айтатынымды білетін бапкерім видеоға түсіріп алды да, Инстаграмға салып жіберді. Аз уақыттың ішінде 170 000 адам көріпті.

Ұлан: Əнді неше жасыңнан бері орындап жүрсің? Қандай əндерді айтқанды ұнатасың?

Мəди: Кішкентай кезімнен бастап айтып жүрмін. Нақты қай жас екені есімде жоқ. Димаштың орындаған əндерін айтқанды ұнатамын.

Ұлан: Димашпен кездесіп

пе едің?

Мəди: Жоқ, бірақ кездесем деп ойлаймын.

Ұлан: Бұл əнді бұрыннан айтып жүруші ме едің? Əлде Димаштан соң қызығып айттың ба?

Мəди: Бұрыннан айтып жүрмін. Байқауларға да қатысқанмын.

Ұлан: Кумирің кім?

Мəди: Димаш.

Ұлан: Қандай байқауларға қатыстың? Жетістіктерің қандай?

Мəди: Ең алғаш «Əнші балапанға» қатыстым. Бұрындары туыстарыма, достарыма ғана əн айтып беріп жүретінмін. 9 жасқа толғанда алдыма мақсат қойдым. Кейін «Ғұмырдария» байқауында 3 рет Гран При жеңіп алдым. Түркия елінде өткен «Art-bayterek» байқауына қатысып, онда да Гран При ұтып алдым. «Аялаған Астана-2017» бай-қауының финалисі атандым.

Ұлан: Финал қашан өтеді?

Мəди: Бұйырса, 2 сəуірде «Қазақстан» ұлттық арнасына шығамыз. Тікелей эфирде өтеді. Қазір сол байқауға қызу дайындық үстіндемін.

Ұлан: Финалда қандай əнді орындамақсың?

Мəди: «Дайдидау».

Ұлан: Бəрекелді! Сыныптағылар сені «Екінші Димаш» деп атамай ма?

Мəди: Олай да атайды. Ал негізі «Мəдөк» дейді.

Ұлан: Қандай пəндерді қызығып оқисың?

Мəди: Əдебиет.

Ұлан: Арманың қандай?

Мəди: Қазақстанға əйгілі əнші болу.

Ұлан: Қазақстанға ғана ма?

Мəди: Бір Алла біледі ғой.

Ұлан: Əй, бəрекелді! Бағың жансын! Əңгімеңе рахмет!

Әңгімелескен Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ұлан», №13

28 наурыз, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз