Сенегалдық Садио Мане – əлемді мойындатқан футболшы. Былғары доп шеберінің балалық шағы туралы алыпқашпа əңгіме көп. Алайда кейіпкеріміз оны жоққа шығарады. Футболсүйер қауымның сүйіктісіне айналған Садио өмір жолы мен табысты болудың құпиясын жасырмай айтады.

 Ол Сенегал Республикасына қарайтын Бамбали қыстағында үлкен әулетте дүниеге келген. Үйінде ағасының балаларымен бірге он бала өсіп-өнген. Маненің әкесі мешітте молда болғандықтан, тұрмыстық таршылық көрмеді. Бала күнінен томаға-тұйық болып өскен Садионың сүйікті ісі – доп тебу еді. Ештеңе уайымдамай, ескі допты қуалап кете беретін. Он жасқа толғанда, Сенегал ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореядағы әлем чемпионатында доп тебеді. Бұл турнир Садионың отандастары үшін керемет болды. Тек Түркиядан есе жіберіп алады. Ең алғашқы туған жерінде ұйымдастырылған балалар жарысында бақ сынайды. Ол туралы өзі былай дейді: «Достарымның арасындағы үздік ойыншы екенімді қыстақ тұрғындарының барлығы білетін. Олар үнемі мені мақтап, ұялтатын. Ол сөз ата-анамның да құлағына жетті. Алайда олар мән бермеді. Керісінше, сабақты жақсы оқып, болашақта маман болып қалыптасуымды талап етті. Аулада доп тепкізбейтін».

Ата-анасының қарсылығына шыдамай, ауылынан 800 шақырым жерде орналасқан Дакар қалашығына қашып кетеді. Мінезі тік, бірбеткей болашақ футболшы: «Ауылым астанамыздан алыста орналасқан. Адамдардың көзіне түспеу үшін осындай шешімге келдім. Бұл жақта өзімді көрсетіп, қамшыладым», – деп еске алады. Садио бір
аптаға жоғалды, бірақ оның қайда екені беймəлім еді. Анасы сасқалақтап, Маненың
достарының бəрінен сұрап шығады. Манеге қарыз берген досы Дакарға кеткенін айтады.
Ағасы келіп Садионы алып кетеді. Келесі жолы қашудың ретін таппайды. Ол кезде
əуесқой футболшының жасы 15-те еді. Мектепті аяқтаған соң ата-анасының батасымен
спортшы болуды көздейді. Ауыл тұрғындары тілеулес болып, қалаға бару үшін қаражат жинап береді. Болашағынан үміт күткен ауыл тұрғындары мен ағасы Малик Мане ғана
болды. Ел астанасында орналасқан «Generation Foot» акедемиясына ертіп апарады.
Садиоға ата-анасының достарының үйінде тұруға тура келеді. Пəтерақысын жинаған ақшасынан беріп отырды.

Академияға қабылданған күнді Садио ұмытқан емес. Жаттықтырушысының сөзі күні бүгінге дейін жадында. Артта қалған күндерді былай еске алады: «Мені көрді де жаттықтырушым ұрсып берді. «Мұнда не жоғалттың? Бұл жер сенің орның емес! Дұрыс формаң да жоқ екен. Аяғыңдағы бутсың да тозып кеткен» деп тіке айтты. Мен оған ренжімедім. Ойынымды көріп, баға беруін ғана өтіндім. Өнерімді көргеннен кейін: «Мен сені қабылдаймын. Құрамаға қош келдің!» – деді». Туысқандары баланың болашағына күмəндана бастап, Садио үйге қайтып келсе, не істейтіндерін ойластыра бастайды. Бірақ ол оралмады.

2011 жылы француздық «Метца» клубының скауттары Африкада жақсы жұмыс істеп, Манены байқайды. Францияда өнер көрсетуін өтінеді. Садио ата-анасына Еуропаға баратынын айтпайды. Келісімшартқа қол қойғанда ғана анасына хабарласады. «Анашым, мен сізге Франция елінен сəлем жолдап тұрмын!» –дегенде сенбеді. «Ол – Еуропа ма? Сендер Сенегалда жаттығып жүрген жоқсыңдар ма?» – деп таңданысын жасыра алмағанын əлі күнге дейін күліп еске алады. Анасы ұлын теледидардан көргенде
ғана сенді. Ауыл тұрғындары Садионың болашағы үшін жиналған ақша желге ұшпағанына қуанды.

Лондон олимпиадасынан кейін сенегалдық футболшы Австрияда өнер көрсетеді.
«Ред Булл Зальцбург» футбол клубында екі маусым ойнап, 31 гол салған. Неміс бапкері
Рогер Шмидт Маненың бағын ашты. Ол туралы танымал спортшы: «Австрияның ауа
райы Франциядан суық. Тіл жағынан қатты қиналдым. Өйткені неміс тілінің бір əрпін де түсінбейтінмін. Есесіне керемет бапкерден сабақ алдық. Шмидт мені əрқашан қолдап, көп нəрсе үйретті», – деп еске алады. Манены Австриядан алып кету көп клубтың арманы
болды. Мəскеулік «Спартак» клуб басшылығымен келісімге отырады. Дəл сол күні Англиядан ұсыныс түсіп, аз ақшаға қарамай өз келісімін береді. Ал Спартак басшылығынан мəдениетті түрде кешірім сұрайды. Алғаш рет Юрген Клоппен жұмыс істейді. Бірақ, Клопп
Боруссияға ауысады. Мане «Саутгемптон» клубында Рональд Куманмен қалады. 2015 жылдың мамыр айында сенегалдық футболшы «Ең жылдам хет-трик иесі» атанады. Манеге үш гол салу үшін 2 минут 56 секунд қана керек болды.

«Астон Вилла» хет-трик жасаған Манены жасыл алаңда қызыл сойқандар атанып кеткен Манчестер Юнайтед құрамасы өз қатарына қоспақ болады. Бірақ Куман сенімді түрде: «Ол сатылмайды! Садиоға біздің команда ұнайды», – деп кесіп айтты.

Келесі маусымда Манены ұстап отыру мүмкін болмады. Ливерпуль Саутгемптон командасына 37 миллион фунтты санап береді. Клоптың жұмысынан шабыт алған Садио: «Ол бізге мотивация беріп, бізді нағыз командаға айналдырды. Біз Клопп үшін ойнап, Клопп үшін жеңіске жетеміз. Ол бізді жақсы көреді, біз оны сыйлап, құрметтейміз. Бұл өте маңызды», – деп ағынан жарылды. Қазіргі таңда Мане алкогольге жақындамай, салауатты өмір салтын ұстанған. Күніне бес уақыт намазын оқиды. Сенегалда халықтың 90%-ы мұсылман да, 10%-ы – христиан. Садионың бала күнгі досы Люк христиан болған.

2016 жылы Мане əкесі жұмыс істеген мешітке жөндеу жұмыстарын жасайды. Кезінде ақша жинап берген ауылдастарына əлі күнге дейін алғыс айтумен жүр. Отанымды
қайтсем көркейтемін деген оймен өмір сүреді. Туған жерді гүлдендіруге арналған бір-екі
жобаны дайындап қойыпты. Отызға да жетпеген жігіттің Отанына деген махаббаты
көпке үлгі.
Мане ата-анасын Англияға тұруға көндіре алмаған. Тіпті, Садио əке-шешесіне Дакардан
үй алып берген. Олар туған қыстақтарын тастап кетуге қимайды екен. «Саутгемптонда
ойнаған сəтімде, анам стадионға екі минутқа ғана келген. Əрі қарай шыдамады. Жарақаттанып қалғанымды көруге жүрегі шыдамады. Содан кейін футбол алаңына ешқашан келген емес», – дейді ол.
Украинада өтетін финалда анасының ұлына жанкүйер болатыны анық.

Бейбіт ҰЗАҚБАЙ,
Толқын орта мектебінің
10-сынып оқушысы.
Толқын ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы,
Алматы облысы

«Ұлан», №24
12 маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз