Футбол командалық ойын болғанымен, ойын тағдырын көбіне жекелеген ойыншылар шешіп жатады. Сондай тума таланттардың бірі – Лионель Месси. Аладопты серік еткісі келетін қазақ балалары да Месси секілді тұлғаларға еліктеп өссе жаман болмас. Жақында футболшы 2016-17 жылғы еуромаусымның үздік сұрмергені атанғаны үшін спорттық карьерасында төртінші рет «Алтын бутсыға» ие болды. Одан бөлек Каталония клубымен келісімшартты ұзартты. Осыдан кейін Месси атақты Marca басылымына сұқбат берді. Біз сол сұқбатты қазақшаға ықшамдап аударып, ұсынып отырмыз.

– «Барселонаға» арман жəне үмітпен келген 13 жастағы Леоның есінде сол кезден не қалды?

– Арман жəне сол жолдағы ұмтылыстар. Əрине, одан бері көп уақыт өтті, футбол алаңында жəне сыртында да біраз нəрсе өзгерді ғой.

– Отбасы құруыңыз өміріңізді өзгертті ме? Жарыңыз Антонелла екеуіңіз екі бала тəрбиелеп отырған ата-анасыздар.

– Барлығы өзгерді. Қазіргі кезде көп нəрсеге басқаша қарап, шындықты мойындайтын болдым. Əке болу – өмірдегі ең үлкен бақыттың бірі. Бұл күнде Антонелла екеуміз екі бала тəрбиелеп, үшіншісін күтіп отырмыз. Ең алғаш əке атанғанымда бақыттан басым айналып, жеті қат көкте жүргендей болдым. Мұндай сəт екінші рет қайталанбайтындай көрінген. Бірақ, екінші балам дүниеге келгенде де, дəл осылай қуандым. Үшінші баламды қолыма алғанда да көңіл-күйім солай болатынына сенімдімін.

– Əдетте балалармен уақытты қалай өткізесіз? Əлеуметтік желідегі суреттердің бірінде Тьягоға кітап оқып отырғаныңызды байқадық.

– Менің күнделікті өмірім негізінен балаларыма арналған. Таңертең үлкен ұлым Тьягоны мектепке алып барамын жəне жаттығудан оралғанда қайтадан оны алып кетемін. Осыдан кейін кешкі асқа дейін Антонелла жəне Матеомен бірге болуға тырысамын. Кешке балаларымызды ұйықтатқан соң, өзге отбасындағылардай əйелім екеуміз сырласамыз.

– Балаларыңыз үйде бірге футбол ойнайық деп айта ма?

– Үнемі болмаса да, арасында аулада доп ойнап тұрамыз. Тіпті əлі кішкентай болса да, Матео да бізге қосылады. Тьяго қазіргі кезде жаттығуға барып жүр, ол футболмен айналысады.

– Матеоға пас бергеніңізде ол сізге допты қай аяғымен қайтарады?

– Оң аяғымен тебеді. Менің екі балам да оңқай.

– Үйде Антонелла жəне балалармен футбол тақырыбын қаншалықты жиі талқылайсыз?

– Біз үйде футбол тақырыбын сирек талқылаймыз. Клубта жəне құрамадағы маңызды тақырыптар жөнінде үйде емес, футболшылар отырып өзара сөйлесеміз.

– Болашақтағы жоспарыңыз қандай? Жаттықтырушы болу əлде гольф ойнап, тыныш өмір сүргенді құп көресіз бе?

– Немен айналысатынымды өзім де білмеймін. Спорттық карьерамды аяқтаған соң қандай кəсіппен шұғылданатынымды отбасымызда бірнеше рет талқыладық, бірақ нақты шешім қабылданбады. Өзімді бапкер ретінде елестете алмаймын, бұл туралы бірнеше рет айтқанмын. Бəлкім, бірнеше жылдан кейін ойым өзгерер. Алайда дəл қазір бапкерлік менің кəсібім емес екенін түсінемін. Əзірге футбол ойнай тұрғым келеді. Сондықтан сұрағыңызға нақты жауап бере алмаймын. Жасыл алаңдағы соңғы ойынымды өткізетін уақыт белгілі болғанда, барлығы анықталады.

– Осымен төртінші рет «Алтын бутсыға» ие болдыңыз. Бұл туралы не айтасыз?

– Өте керемет марапат. Бірақ мен үшін жекелей берілетін сыйлық бірінші орында болған емес. Қазіргі кездегі бар ойым «Барселонамен» бірге Чемпиондар лигасы мен Испания чемпионатын тағы бір мəрте ұтып алу.

– Аргентина құрамасы 2018 жылғы əлем чемпионатына жолдаманы соңғы сəтте ғана жеңіп алды. Енді мундиалда өзге құрамалармен бəсекелес болу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Бұл жолы іріктеу бəсекесі біз үшін өте қиынға соқты. Құраманы үш бапкер жаттықтырды. Əрқайсысының философиясы мен идеясына бейімделу оңай емес. Қазір тізгін Хорхе Сампаолидің қолында. Оның қарамағында ресми төрт ойын жəне жолдастық кездесулер өткіздік. Əлемнің əрбір түкпірінде футбол өте қатты қарқынмен дамып жатыр. Сондықтан бұрынғыдай іріктеуден оп-оңай өтіп кетемін десеңіз қателесесіз.

– 2014 жылғы əлем чемпионатында Аргентина финал- да Германиядан ұтылды. Неміс командасы Ресейде де басты фаворит болады деп санайсыз ба? Əлде Испания, Португалия секілді құрамалардың деңгейі одан жоғары ма?

– Германия басты фавориттердің бірі екені сөзсіз. Бұған дейін де солай болған. Сондай- ақ, жоғары орындардан Бразилия, Испания, Франция үмітті деп ойлаймын. Дəл қазір əлемде ең жақсы ойынды осы құрамалар көрсетіп жүр. Ресейге олар бұдан да күшейіп келетіні анық.

– 2014 жылы Бразилиядағы əлем чемпионатының жартылай финалында Голландиямен кездестіңіздер. Ал қазір Роббен секілді құрама «жұлдызының» 4 жылдықтың басты додасынан тыс қалуы сізді таңғалдырмай ма?

– Еуропа, Оңтүстік Америка болсын қазіргі кезде іріктеуден өту оңай емес екенін жоғарыда ғана айттым. Əлемде футбол қазір бірдей болып кеткен. Кез келген қарапайым құраманың өзі əжептəуір қауіп төндіре алады. Алдағы əлем чемпионатына Голландия мен Италия қатыспайды. Екі құраманың да жеткен жетістіктері өте көп. Ешкім іріктеуден өтпей қалады деп ойлаған жоқ.

– Италия құрамасының сəтсіздігі жайлы не ойлайсыз?

– Италия футболы қазіргі таңда бұрынғыдай əлеуетке ие емес екені шындық. Оның бəрі əлем чемпионатына жолдама алмай қалуға қатысты деп ойламаймын. Бірақ, Италияда футбол өзгерген. А Сериясындағы «Интер» мен «Миланды» осыдан 10 жыл бұрынғы кезбен салыстырып көріңіз. Осының бəрі ұлттық құрамаға белгілі бір деңгейде əсер етеді. Дегенмен, ерте ме, кеш пе, Италия футболы бұрынғы деңгейіне қайта көтеріледі деп ойлаймын.

– Биылғы маусымдағы Еуропадағы ең үздік команда қайсысы?

– Дəл қазір «Манчестер Сити» мен ПСЖ сенімді түрде жеңіске жетіп, жақсы ойын көрсетіп жүр. Екеуі де Чемпиондар лигасының бас жүлдесінен үміткер. Бірақ, финалға дейін əлі көп жол бар. Мен ешқашан «Реалды» есептен шығарып тастаған емеспін. Тəжірибеме сүйеніп айтар болсам, Мадрид командасы өте қауіпті. Қазір олар жұрт күткендей ойын көрсетіп жүрмесе де, түптің түбінде соңына дейін барлық жарыста үздік болуға тырысатыны анық. Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Сондай-ақ, «Баварияны» осы тізімге қосамын. Дегенмен бүгінгі таңда барлығынан «Манчестер Сити» мен ПСЖ мықты болып тұрғаны жасырын емес.

– «Барселона» неліктен осы маусымда шабуылдағы емес, қорғаныстағы рекордты жаңартып жүр?

– Неймар кеткен соң, ойын стилімізді өзгертуге мəжбүр болдық. Біз шабуыл шебіміздің бір бөлігінен айырылып қалдық. Бір жағынан команданың қорғанысы күшейді. Қазір орталық алаңда тəртіп бар, қорғанысымыздың жақсарғанын мойындаймын.

– «Алтын доптағы» басты бəсекелесіңіз бұрынғыдай Криштану Роналду ма? Əлде басқа футболшыларды айтасыз ба?

– Бүгінгі таңда əлемде керемет футболшылар өте көп. Дауыс беру кезінде олардың да жеңіске жетуге мүмкіндіктері зор. Соңғы жылдары «Алтын допты» Роналду екеуіміз ғана жеңіп жүргеніміз рас. Бірақ қазір Неймар, Суарес, Мбаппе секілді футболшылардың «Алтын допқа» алуға еңбегі сіңді деп ойлаймын.

– Роналду бір сұқбатында болашақта екеуіңіздің дос болуыңыз мүмкін екенін айтты.

– Білмеймін. Достық – жылдармен келетін байланыс, адамдар əбден бір-бірін таныған кезде дос болады. Біз екеуіміз арамызда ешқандай байланыс жоқ. Тек салтанатты шараларда ғана кездесіп, амандасамыз. Одан тыс кездесіп көрген жоқпыз.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №49
05.12.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз