линза

Жаһандану заманындағы жаңа технологияның кері əсерінен болар, жастардың көру қабілеті төмендеп барады. Көру қабілетін қалпына келтіру үшін біреулер арнайы көз жаттығуларын жасап, дəрумендер қабылдайды немесе көзілдіріктің көмегіне жүгінеді. Көзілдірік кигенді ұнатпайтындар да бар. Олар көзілдіріктің орнына линза пайдаланғанды дұрыс көреді. Сондай-ақ, контактілі линзаның түрлі-түсті түрлерін сəндік үшін пайдаланатындар да бар. Жалпы, осы линзаның қандай зияны бар? Пайдасы ше? Осы сауалдарға жауап алу үшін офтальмолог-маман Мадияр ҚАНАТҰЛЫНА жолықтық.

– Адамның көру қабілетінің төмендеуіне не себеп? Көру қабілетін сақтау үшін не істеу керек?

– Қазіргі таңда көру қабілетінің төмендеуіне көп жағдайда заманауи гаджеттер, яғни күнделікті өмірде жиі қолданатын компьютер, смартфондар себеп болатыны айтпаса да белгілі. Алайда, көз ауруларының тұқым қуалайтын түрлері бар екенін де естен шығармаған жөн. Көру қабілетін сақтаудың ең тиімді жолы – дəрумен. Дəрумендердің ең бай қоры – бақшада өсетін жеміс-жидектер мен көкөністерде. Жаз уақытында бұл қолжетімді жəне пайдалы. Компьютердің алдында ұзақ отырғанда көздің беткі қабаты қабынып, шаршап, қызара бастайды. Сондықтан, көзге гимнастика жасап отыру қажет.

– Көзілдірік тағу көру қабілетін қалпына келтіруге септігін тигізе ме, əлде керісінше əсер ете ме?

– Адам аяғы сынғанда құлап қалмау үшін балдақпен жүреді ғой, көзілдірік те сол сияқты, көру қабілеті нашарлағанда жақсы көру үшін киеді. Көру қабілеті төмен адам айналасындағы заттарды дұрыс көре алмай көзін сығырайтқан сайын көру қабілеті нашарлай түседі. Жастардың арасында миопия, яғни алыстан көрмеушілік жиі ұшырасады. Миопияның тұқым қуалайтын түрлерінде немесе операциядан кейін көзілдірік тағатындар көру қабілетінің төмендеп кеткенін айтып шағымданады. Бұл жерде көзілдіріктің еш əсері жоқ. Адамның ағзасы өскен сайын көру қабілеті де өзгереді. Алыстан көрмеуді оптика тілінде «минус», жақыннан көрмеуді «плюс» деп айтады. Миопияның деңгейі 25 жасқа дейін өзгеріп отырады. Ал 25 жастан 40 жасқа дейін «минустары» азайып, жасына байланысты «плюстары» көбейеді. Осы уақытта кейбіреулерде көру қабілеті біршама жақсарып, қалпына келуі мүмкін. Бірақ, бұл барлық адамдарда бірдей бола бермейді. Əр адамның ағзасы əртүрлі.

– Жастар сəндік үшін де линза тағатынын көріп жүрміз. Жалпы, линзаны қандай жағдайда тағу керек?

– Линза тағу үшін алдымен көз дəрігерінен кеңес алу керек. Себебі, кейбір адамдардың ағзасы полимерлерді қабылдамауы мүмкін. Ағза аллергия берсе немесе көзге микроб түссе, көз қабынуы туындайды. Бұл қауіпті жағдай. Контактілі линза қолданушылар аса сақтықпен, тазалықпен қарағаны дұрыс. Линзамен ұйықтап қалуға, суға түсуге болмайды. Уақытында шешіп, көзді демалдырып тұру керек. Себебі, линза көздің беткі қабатын жауып тұратындықтан, көзге оттегі бармайды. Барлық ережелерді қатаң сақтай отырып қолданса, контактілі линзаның еш зияны жоқ.

– Линзаның қандай түрлері бар?

– Мерзіміне қарай контактілі линза бір күндік, бір айлық немесе бірнеше апталық болып бөлінеді. Линзаның ауа өткізетін түрлері сұранысқа ие болып тұр. Бұлар көзге оттегін өткізетін материалдан жасалады. Сондықтан оны жиі ауыстырудың қажеті жоқ. «Жалқауларға» арналған линзалармен ұйықтай беруге де болады. Контактілі линзаның сапасыз түрлері көру қабілетін нашарлатуы мүмкін. Сондықтан, линза аларда міндетті түрде маманның  кеңесіне жүгінген жөн.

– Маман ретінде линза мен көзілдіріктің айырмашылығын айтып беріңізші.

– Контактілі линза көзілдірікке қарағанда көп қаражатты, көп күтімді қажет етеді. Бір алған көзілдірікті ұқыпты пайдалансаң, көзіңе кемінде, 1-2 жыл киесің.

Ал линзаны мерзіміне байланысты үнемі жаңадан сатып алып отыру керек. Оған қоса линзаға арналған ерітінділерге де ақша жұмсайды. Көзілдірік кию көп уақытыңды алмайды əрі көзіңді тынықтырғың келсе шешіп қоя саласың, ал линзаны тағу қолданушыларға біраз машақат тудырады. Көзге тікелей жанасатындықтан мұқият тазалықты талап етеді. Артықшылығы – линза дұрыс таңдалған əрі тазалықпен киілген болса, оның көзіңде бар-жоғы білінбейді. Күн салқында көзілдірік буланып əбден мазаңды алады, шақырайған күн сəулесі болса көз жанарын сорып тастайды. Ал линза тақсаң, күннен қорғайтын көзілдірікті киіп ал да жүре бер. Спортпен айналысқанда линза өте ыңғайлы, ал көзілдірікті шешіп қоюға тура келеді.

Дайындаған

Дана МАРАТОВА,

жас тілші

«Ақ желкен» журналы, №12

Желтоқсан, 2016

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз